– Ұлттық Банктің негізгі функциялары мен міндеттері өзгере ме?
– Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету Ұлттық Банктің негізгі мақсаты болып қалады. Бұл келісім шеңберінде инфляция бойынша нысаналы бағдар нақтыланады. 2021 жылға дейін 4-6% дәлізді сақтау, ал 2022 жылдан бастап оны 3-5%-ға дейін төмендету және ұзақ мерзімді болашақта ұстап тұру ұсынылады.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын жүргізуде өз тәуелсіздігін сақтап қалады. Ұлттық Банктің функцияларын Үкіметке беру көзделмейді.Бұдан басқа, келісімде Ұлттық Банктің, егер бұл оның негізгі функцияларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмейтін болса, өзінің қызметінде Үкіметтің ағымдағы экономикалық саясатын есепке алатыны көзделген.
– Ұлттық Банк бұдан әрі ақша-кредит саясатын жүргізген кезде ең алдымен қандай факторларды ескереді?
– Бұл келісім шеңберінде Ұлттық Банк 2021 жылдың соңына дейін 4-6% нысаналы дәлізді сақтайды. Орта мерзімді кезеңде инфляция бойынша мақсатты сақтау экономиканың өсімін ұстап тұруға бағытталған.
Бұл ретте Ұлттық Банктің өзінің кейінгі саясатында ескеретін факторлары тұтастай алғанда өзгермейді. Сыртқы факторлар ішінде мұнайдың, азық-түлік тауарларының әлемдік нарығындағы бағаның өзгеруі, сондай-ақ негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция серпіні негізгі факторлар болып табылады. Ішкі факторлардың ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарықтарында бағаның өсуіне ықпал ететін сұраныс пен ұсыныс тарапынан факторларға айрықша көңіл бөлінеді. Сонымен бірге жүргізілетін ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін инфляциялық күтулерді одан әрі тұрақтандыру маңызды бағыт болады.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының ағымдағы режіміне сәйкес теңге бағамының шамадан тыс өзгеруін болдырмау үшін өктемдіктер жүргізу құқығын өзіне қалдыра отырып, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады. Ұлттық Банк валюталық саясат жүргізу кезінде ашықтықты қамтамасыз етеді және коммуникация арнасын жетілдіруді жалғастырады.
– Қазақстандағы инфляцияның монетарлық емес сипатта екені белгілі. Сіздің ойыңызша Үкімет, жергілікті атқарушы органдар тарапынан баға деңгейін бақылау үшін қандай шаралар қолданылуға тиіс?
– Инфляцияға қарсы саясатта Үкіметтің бағаның өсу құбылмалылығының көтерілуіне алып келетін тұтас бірқатар фактордың ықпал етуін азайту жөніндегі шаралар қамтылады. Монополияға қарсы реттеуді жетілдіру, инфрақұрылымды және бәсекелестік ортаны жақсарту, нарықтарды тауарлармен толықтыру, шығасыларды төмендету, жеткізу желілерін оңтайландыру, алыпсатарлық іс-әрекеттерге жол бермеу және басқа іс-шаралар кіретін шаралар кешені инфляцияның деңгейін және сол сияқты құбылмалылығын төмендетуге ықпал етеді. Осылайша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданатын шаралар Ұлттық Банк жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатымен әсер ете алмайтын ұсыныстар тарапынан факторлардың әсер етуін төмендетуге мүмкіндік жасайды.Сондай-ақ Ұлттық Банк ұсынған келісім шеңберінде инфляцияны неғұрлым тиімді бақылау және іс-қимылдың келісілуін жақсарту мақсатында Ұлттық Банктің Үкіметпен бірлескен жұмысын кеңейту көзделді.
– Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтарын (ХӘОТ) қолдау жөніндегі әлеуметтік саясатқа көп назар аударылады. Ұлттық Банк сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, проблемалық қарыз алушылардың мәселелерін шешу бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Қазіргі кезде осы бағыт бойынша қандай істер атқарылуда?
– Ұлттық Банк соңғы бес жылда қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендетуге бағытталған 40-тан астам заңнамалық түзету қабылдады. Атап айтқанда:
- шетел валютасындағы табысын растай алмайтын азаматтарға шетел валютасымен ипотекалық қарыз беруге;
- банктер үшін қарыз алушы қатарынан 180 күн мерзімін өткізгеннен кейін есептелген ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сыйақылар мен тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге тыйым салынды.
Қарыз алушының ақшасын ағымдағы шотта бар және түскен соманың 50%-ынан аспайтын мөлшерде өндіріп алуға шектеу белгіленді, сондай-ақ азаматтарды кредиттеу кезінде банктер алуы мүмкін комиссиялар мен өзге төлемдердің тізбесі бекітілді.Берешекті сотқа дейін өндіріп алу бойынша ашық құқықтық алаң құру мақсатында 2017 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының «Коллекторлық қызмет туралы» заңы қолданысқа енгізілді.
Елдің заңнамасына енгізілген айрықша маңызды норма банктер мен проблемалық қарыз алушылар арасындағы істер бойынша талап қоюдың бес жылдық ескіру мерзімін енгізу болды. Бұрын осындай істер бойынша ескіру мерзімі болған жоқ.
2018 жылғы шілдеде жеке тұлғалардың ипотекалық қарыз шарттары бойынша банктер алатын комиссиялардың саны қысқарды, ипотекалық қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін комиссия, сондай-ақ қарызды банктік шотқа есепке алу үшін комиссия белгілеуге және алуға тыйым салынды. 2019 жылғы наурыздан бастап осы тыйым салу жеке тұлғалардың барлық банктік қарыз шарттарына қолданылады.
Үстіміздегі жылы Ұлттық Банк банктерге жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздары бойынша күнтізбелік 180 күн мерзімінің аяқталуы бойынша есептелген сыйақы төлеуді талап етуге тыйым салды. Осы норма ол қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Сондай-ақ банктердің кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырау үшін қарыз алушылар алатын алименттердің берешегін өтеу есебіне алуға тыйым белгіленді.
Ипотекалық қарыз алушыларды мемлекеттік қолдау шеңберінде Мемлекет басшының тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап Ипотекалық қарыз алушыларды қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. 2015 жылы Ұлттық Банк бөлген 130 млрд теңге банктер 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталды.
2019 жылғы 1 наурызда банктер бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 162,5 млрд теңге сомаға 26,2 мың қарызды мақұлдады, оның ішінде 142,8 млрд теңге сомаға 24,5 мың қарыз қайта қаржыландырылды, қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша 47,3 млрд теңге сомаға берешегі кешірілді.Бағдарламаның осы бөлігін толық іске асыруға және бөлінген қаражатты игеруге байланысты қарыздарды қайта қаржыландыру қазіргі кезде қайтарымды қаражат есебінен жүзеге асырылады. Ақшаны игерудің револьверлік тетігі ескеріле отырып қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болады.
2018 жылғы 27 наурыздан бастап бағдарламада жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру көзделеді. Қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылды.
Бағамдық айырманың сомасы (шамамен 156 млрд теңге) Ұлттық Банктің қаражаты есебінен өтеледі. Мемлекеттік жеке әріптестік шеңберінде банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша 136 млрд теңге сомаға берешегін кешіреді.
2019 жылғы 1 наурызда банктер 56,4 млрд теңге сомаға валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 6,7 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 42,2 млрд теңге сомаға 5,3 мың қарыз қайта қаржыландырылды.
Сонымен бірге бағдарламаны жүйелік талдау ХӘОТ-ке жататын қарыз алушылардың, сондай-ақ жалғыз мүлкі қарыз бойынша міндеттемелерді орындау есебінен банктің балансына өткен қарыз алушылардың қосымша мемлекеттік қолдауға мұқтаж екенін растайды.
ХӘОТ санатындағы қарыз алушылардың көпшілігі үшін кірістердің негізгі түрінің бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдер және жәрдемақылар, оның ішінде Қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары бойынша қарыздарға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейтін атаулы әлеуметтік көмек болып табылатынын атап өту қажет.
ХӘОТ қарыз алушыларды қосымша қолдаудың талаптарын әзірлеу және банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушылардың меншігіне қайтару үшін Ұлттық Банкте жұмыс тобы құрылды, оған мүдделі мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдері, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері және қоғамдық бірлестіктердің басшылары енгізілді.
Жұмыс тобы азаматтардың осы санаттарына көмек берудің негізгі талаптарын әзірлегеннен кейін бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіледі.