• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Сәуір, 2019

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

843 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Ке­ңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Қа­зақстан Респуб­ликасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасының бас­пасөз қызметі.

Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелер қаралды.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қо­ғамдастықтың еліміздегі саяси оқиғаларға зор қызығушылық біл­діргенін айтты.

– Мен тарихымыздың осы бір бет­бұрысты кезеңінде қазақ­стан­дықтардың парасаттылық және береке-бірлік танытқанына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы күндері менің атыма мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, еліміздің еңбек ұжымдарынан көптеген хат пен жеделхат келіп түсуде. Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың басшылары телефон арқылы хабарласып, қолдау білдіріп жатыр, – деді Елбасы.    

Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің өсіп-өркендеуіне және орнықты дамуына бағытталған бағ­дардан мемлекетіміз айнымайтынына сенім білдірді.

– Біз барлық сынақтан абыроймен өтіп, табысты мемлекет құра білдік. Оны бүкіл әлем біледі әрі құрметтейді. Мен қазіргі Қазақстанның негізін қалағандықтан мемлекетіміздің бо­лашағына және азаматтарымыздың әл-ауқатына баса мән беремін. Менің барлық іс-әрекетім және қадамым осыған арналған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қазақстан халқының мүддесі үшін стратегиялық бағдарламаларды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

– Бағдарламаларды жүйелі іске­ асы­ру – дамуымыздың басты талабы. Біз азаматтарды тұр­ғын үймен, жұ­мыспен, сапалы ме­дициналық кө­мекпен және білім­мен қамтамасыз етіп, мұқтаж адам­дарға қолдау көр­се­ту үшін тиісті жұмыс­тарды жал­ғас­тыра береміз. Мұның бәрі – жарқын бо­лашаққа деген инвестиция, – деді Елбасы.        

Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел экономикасын одан әрі дамыту және жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін жақсы мүмкіндіктер бар екенін айтты.     

Басқосуда, Премьер-Ми­нис­трдің бірінші орынбасары Ә.Смайы­лов және Энергетика ми­­нис­трі Қ.Бо­зым­баев баяндама жаса­ды.

Елбасы өңірлердегі экологиялық жағдайды тиісті бақылауда ұстау және осы саладағы заңнаманың бұзылуына жол бермеу қажеттігіне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шаралар, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкім­деріне нақты тапсырмалар беріл­ді.