Жаздың соңғы айы, тамыздың тамылжыған күндерінің бірі. Сәрсен күндегі әдетінше ерте тұрып, қой кезегіне бармаққа ауылдан жоғары беткейде арқандаулы тұрған атына қарай беттеді. Бозбала аздап аялдап, айналасына күн сала қарап, өзінің алаңсыз балалығы өтіп жатқан ауылының көрінісіне сүйсіне көз тастады. Жас арудай күлімдеп, көзге шағылыса шығып келе жатқан алтын күн, биіктігіне тәкаппарланған асқар-асқар таулар, гүрілдеп аққан Ұзындара суының дауысы, құстың жұмыртқасындай тізілген аппақ киіз үйлер бәрі-бәрі көз алдына тізбектеле қалды. Кейбір пысық келіні бар үйлердің ақ түтіні сиыр сілекейіндей сыздықтап, тұнық аспанды бетке ала шұбатылады. Ерте тұрған Сәрсен сергек көңілмен етектегі өз үйіне көз тастады. Атадан балаға жалғасып келе жатқан торқалы той, топырақты өлім атқарған қарашаңырақ тағы Әлия жеңгесі де түңлікті ашқан екен. «Сырқатым меңдеп жүр, мен де үлкен немеремнің қызығын көргім келеді», – деп атасы өзі бас болып, осы жазда отау көтеріп берген Қосбүркіт есімді ағасының үйінен әлі тұра қойған ешкім жоқ.
Биыл оныншы сыныпты бітірген Сәрсеннің көз алдына басындағы ақжаулығы мен өткен өмірінің айғағы іспеттес әжесінің әжім торлаған, мейірімге толы бейнесі келді. Кішкентайынан әжесінің тәрбиесінде өскен бозбала әке-шешесіндей емес, әжесіне бүйрегі бұрып, әр кез сол кісіні іздеп тұратын еді. Май тұздарда бір қасық сары майды немересінің алақанына салып беріп, оның тинәмдай майды екі алақанына кезек-кезек салып, қызықтап жалағанына сүйсіне қарайтын немесе өреге құрт жаярда қылдай нәзік жіппен бөлген құрттан қалған ұнтақтардан неше түрлі пішінде тез кебетіндей ұсақ құрттар жасап беретін әжесінің өмірден өткеніне де биыл үш жыл болыпты. Бір сәт әжесі есіне түсіп, көзінің жасын бір мөлт еткізіп сығып алды да, атына таман жүрді.
Әлгіндегі таңғы тыныштық сәл де болса бұзылғандай. Өрген мал, өкірген сиыр, сиыр саууға үйден шыққан әйелдер шелегінің дыбысынан бүкіл ауыл тіршілігі оянғандай. Сәрсен арқандаулы тұрған жерінен атының қазығын суырып, жайдақ мініп келіп, үй сыртындағы мама ағашқа байлай салды. Күн де көкжиектен құрық бойы көтеріліп қалған екен. Бүгінгі қой кезегіне өзі баратын болған соң, өріске беттеген отардың соңынан бір қарады да, киіз үйдің іргесінде сылдырап ағып жатқан бұлақтың салқын суына беті-қолын жуып, бір рахаттанып алды да үйге бас сұқты.
Ауылдың үлкен ақсақалы болған соң, елдің бәрі «Атайың» атап кеткен атасы – Тағай ақсақал таңғы асын ішуге енді отырған екен. Дастарқан басында немересіне ақыл-кеңес, қызықты да ғибратты әңгімелер көп айтатын көне көз қарттың немересіне бүгінгі айтары басқа еді. Сәрсен оң тізесін баса келіп отырған соң атасы:
– Ее, балам, шөпшілер кетіп, құлын жібергелі біраз күн болыпты, әлгі құла биеңнің де құлындайтын уақыты болған шығар, бүгін сол жылқыға барып қайтсаң қалай? – деді атасы, жылда кенжелеп құлындап, құлынын өлтіріп қоятын құла биені есіне алып. Сәрсен дүниеге келгенде қазақы салт бойынша Жалғасбек ағасының жас сәбиге атаған «құла құлыны» бүгін де тұқымы құрымай әлі жалғасып келе жатыр. Құла бие солардың бірі.
– Ата, мен жылқыға кетсем, қойға кім барады? – деді Сәрсен.
– Бүгінге амалдап Әлия жеңгең жуас аттардың біріне мініп, қайырып келер, шырағым.
Бала Сәрсеннің қуанышында шек жоқ, атасына «әрине» деген сөзді неше қайталап айтып жіберді.
Ауылдағы барлық жасы үлкен тартпа ұстайтын ер-азамат, шөп жинап, шөмеле салуға жарайтын жас жігіт түгелімен шөпке кеткен. Ауылда тек қуаты қайтқан қазыналы қарттар мен қойға ие болып қалған осы Сәрсен сияқты бір-екі бозбала ғана бар.
Атасынан қалай бару, қалай жүру керек екенін сұрап алған зерек немересі атағашта байлаулы тұрған Бозтөбел атты ерттеп мінді де, жылқыны айдап келуге жолға шықты. Қойдан басқа жанқинар мініс көрмей, әбден ерігіп алған арғымағын Сәрсен бір жіберіп, бір тартып келе жатқан бойда қорым тастардың алаңқысында тұрған бір құла, бір баран жылқыны көзі шалып қалды. Жақындап келсе, өзінің құла биесі және бір торы жылқы үйірден бөлініп қалыпты. Ойға алып келе жатқан құла биені бірден таныды. Жайшылықта адам көрсе, қашатын құла бие қорым тастарға өрлей жөнелді. Сонда ғана жанында шалғынға көміле ұйықтап жатқан құла құлын атып тұрып, енесінің артынан құлдыраңдай жөнелді. Сәрсен мына қойтастардың арасымен атының жүре алмасын біліп, төменге байлады да, өзі жылқының алдын орап шықты. Енесінің бауырына тығыла шапқылаған, кішкентайлығы болмаса, енесінен айнымайтын, әжесі айтпақшы: «Дәл аузынан түсіп қалғандай» құла құлын бейнесі Сәрсенге жас сәбидей кінәсіз, сондай бір сүйкімді көрінді. Бұл үш саяқтың мына тұрыстарына бағдарлай қараған Сәрсен екі жағдайды анық байқады. Әрі жылқы малының мұнша ақылдылығына таңғалды. Жылда дәл осы кезде желіндеп жүріп, неге екені белгісіз құлынсыз қалатын құла биенің сыры бүгін ашылғандай. Ішінен шыққан құлынын жанбіткеннен қызғанып, қиянатшылдықпен қорым тастарға салып өлтіретін мейірімсіз құла биесіне ренжи қарады. Алайда мына бір оқиға оның жүзіне қуаныш ұялатты. Ол – мінер жақ мойнында алақандай қалы болған соң, «Қалдыторы» аталып кеткен Жалғасбек ағасының есік пен төрдей торы аты еді. Атасынан естуіне қарағанда, осы Қалдыторы мал да болса, құла биемен енесі жағынан туысады екен. Сол Қалдыторы жас туған құлындарды өзге жылқылардан қызғанып, шайнап тастайтын қатыгез қоңыр айғырдан құла биені құлынымен бөлек қайырып, қорғап жүрген түрі екен.
Сәрсен Қалдыторы атқа риза болды. Қазіргі уақытта туысқанын танымай кеткен қатыгез адамдармен салыстырып қарағанда, бұл тұлпардікі көзсіз ерлік еді. Үш жылқыны Сәрсен сонда қалдырып, айғыр үйірі тұрған Ақбұлаққа тартты.
Бұл жердің табиғатын сөзбен сипаттай алмайсыз, екі таудың ортасында еркелей ағып жатқан Ақбұлақ суы, жатқан құлын көрінбес балауса, соны шөптердің жұпар иісі, үйір-үйірімен топтасып күн шуақтап тұрған ауыл жылқылары бірінің ажарын, бірі аша түскендей. Жаздай желіде тұрған жылқылар сіргежиярдан кейін-ақ сақа, кәрі биелер бастап осында келетін. Сәрсен жылқысын қайта-қайта санап еді, жуан торы биенің бірі жоқ болып шықты. Айналасын болжап қараса, анадай жерде бірі қонақтап, бірі неше түрлі дыбыстар шығара ұшып жүрген қарақұс, тазқара, кезқұйрық сияқты құстарды көріп, жүрегі бір жамандықты сезді. Астындағы Бозтөбел де әлденені білгендей тыпырши үркуде.
Торы бие мына өлекшіндерге жем болған екен. Шамасы қасқыр жарып кеткенге ұқсайды. Ішек-қарыны ақтарылған, тек бір ғана танылар белгі «Атайың» ауылы жылқыларына басатын балға «Т» таңбасы бар мінер жақ артқы саны ғана қалыпты.
Жас жігіт үйірлі жылқысын айдап, жолдағы үш тұяққа қосқаны сол-ақ еді, қыршаңқы қоңыр айғыр құла биені жылқыға қосып алды да, Қалдыторыны үйірден қуып шықты. Мал да болса, Қалдыторы еш қарсылық білдірмей, тек «енді саған аманат» деген сыңай танытқандай, бойдақ жылқыларға қосылды. Көптен бері ащыға түспей, әбден ащылаған жылқылар ауыл желкесіндегі қыраттан ойнақтаған күйі науаға келіп тоқтады. Атасы бір-екі немересін ертіп, өзі ағаштан ойып жасаған екі науаға ащы салып жүр екен. Қырағы қарт жылқыға көз жүгіртті де, бір жылқы жоғын аңғара қойды. Сұраулы жүзбен немересіне қарағанда, Сәрсен бүгінгі көрген-білгенін түгел баяндады.
Сонда атасы:
– Ее, балам, есіңде болсын! Бір құлын туып, бір бие өлгені сияқты адам баласының да, бірі күліп келіп, бірі күңіреніп өмірден өтіп жатады, – деп, сөзінің соңын сәл баяулатып, дірілдете жеткізді. Немересі атасын тамағынан ұстаған аурудың жанына батып, жүдетіп жүргенін сонда ғана аңғарды. Арғы шетте көңілді, кінәсіз сәбилер құла құлынды тамашалай қызықтап, «менікі-менікі» десіп күлісіп, шуылдасып жүр.
Желімдей жабысқан созылмалы ауруы айықпай, осы жылдың қысында атасы өмірден өтті. Сағымдай құбыла, сабындай бұзыла Сәрсеннің өмірі де, енесінің артынан ере шапқан құлындай зымырап өтіп жатты. Құлын үлкейіп тай болатыны сияқты бала Сәрсен де ержетіп, қалаға оқуға түсті. Жылуы жоқ, сұлуы көп тас қаладан жалыққан студент жазғы демалысында туып-өскен, кіндік кескен туған жеріне қысыр құштарлық емес, шынайы сағыныш сезіммен келді. Ауыл бәз-баяғы қалпында. Өредегі құрттай тізілген сол киіз үйлер, мейірлене кісінеген биелер мен шұрқыраған құлындар барлығы да жас жігіттің көз алдына атасының қасында жүрген «құлын ғұмыр» бейнесінде елестеді.
Екінті сауын уақыты, биелерді сауғызуға Сәрсен өзі желі басына келді. Сарықарын биелерді кезегімен сауғызып, соңғысына келгенде, кеше көз алдында туған құла құлынның бүгін де өзі мама бие болғанына куә болды. Сонда ғана Сәрсен, өзінің алаңсыз балғын балалық шағының қалай тез, қалай тәтті өтіп кеткенін бір сәт есіне алып, «ее, қайта айнала шапқылап келермісің қайран, құлын ғұмыр, құлын ғұмыр?», деп еріксіз бірнеше рет қайталаған бойда, желі басында терең ойдан арыла алмай, ұзақ тұрды...
Ауғанбай САНАҚҰЛЫ