• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2019

Диқандар қырдағы қызу еңбекке аттанады

1218 рет
көрсетілді

Арқада қыр төсі дүбірлейтін уақыт алыс емес. Алтынкүрек жел жердің ақ көрпесін түгел түріп, топырақ қызды дегенше, қырдағы еңбек майданына аттаныс басталады. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген аталар нақылын қостанайлық диқандар да қаперінен шығармайды.

Жалпы диқандар үшін жыл­дың төрт мезгілі қарбалас жұмыс деуге болады. Оның сыртында өңір­дің агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудың 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламасы тұжы­рымының үдесінен шығу да осы саладағы тынымсыз ізденістер мен ілкімді істерден тұратыны аян. Өт­кен жылға салауат, диқан­ның кеусені бос болған жоқ. Облыс бойынша 4,7 млн тонна астық, 355 мың тонна майлы дақылдар, 188 мың тонна картоп, 75 мың тонна көкөніс жиналып, сатуға да, ішкі сұраныстарға жаратуға да жетіп артылды.

Өткен жылдың астық нары­ғына да өкпе жоқ, қызыл дәннің тоннасы 70 мың теңгеден айналды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қар­­жылай жағдайларын сер­піл­тіп тастады. Өңірдегі ауыл ша­­руашылығы саласының әле­уеті арта түсті. Оған ауыл ша­руа­шылығы өнімін 502 млн АҚШ доллары көлемінде экспорт­тау­дың өзі жақсы дәлел екеніне сөз жоқ. Ауыл шаруашылығы қыз­меткерлерінің жыл сайын көк­темгі дала жұмыстарының алдында өтетін дәстүрлі кеңесінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов салаға мемлекеттің көрсетіп отырған көмегі аз емесін, көп шаруа сол арқылы бітетінін айтты.

– Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілері 26,2 млрд теңге суб­сидия алды. Кредиттік қаржылардың қолжетімділігі жеңілдеді. Мысалы, өткен жылы көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терінді өткізуге 12,8 млрд теңге жеңілдетілген кредит берілді, – деді Архимед Бегежанұлы.

Ғалым Иван Мичурин айт­қандай, «табиғаттың бермегенін тартып алмаса да», Қазақстанның солтүстік аймағында ауыл шаруа­шылығының табысы ауа райының қолайлы болуымен қатар, озық технологияға, қуатты техникаға, тыңайтқыш пен зиянкестерден қорғайтын химиялық дәрі-дәр­мекке және соның барлығын үй­лестіретін шаруашылық же­тек­шілеріне тығыз байланысты. Биыл қостанайлық диқандар 5,3 млн гектарға дән сіңіргелі отыр. Оның 4,7 млн гектары дәнді да­қылдардың үлесіне тиеді. Егін алқабын әртараптандыру биыл да жалғасын табады, майлы дақылдар алқабы 46 мың гек­тарға кеңейіп, 476 мың гектарды құрап отыр. Сұранысы да, табысы да мол дақылдың өні­мі негізінен экспортқа шыға­рылады. Егер 5 жыл бұрын облыстағы өңдеу кәсіпорындары 39 мың тонна өсімдік майын өндірсе, бүгінде бұл көрсеткіш 151 мың тоннаға жетіп, 4 есе артты. Осыған сәйкес өсімдік майын сыртқа шығару да 4 есеге көбейді. Өңдеу кәсіпорындарын шиткізатпен қамтамасыз ету 13 па­йызға өсті. Облыс әкімі А.Мұхамбетов мұның өзі әлі де уақыт талабына сай емесін, бұл дақылдың алқабын әлде де ұлғайту керектігін айтты.

– Алқапты әртараптандыру ауыл шаруашылығындағы табыс­қа жетудің бір жолы болып саналады. Майлы дақылдар алқабы жыл сайын көбейіп келеді, бірақ бұл аз. Қазір 476 мың гектарға жетті, бұл 700-750 мың гектар бо­луы тиіс. Майлы дақылдар негі­зінен Қарабалық, Федоров, Мең­діқара. Алтынсарин аудан­дарында себіледі. Ал неге Ұзын­көл, Сарыкөл, Қостанай аудан­да­рындағы диқандар нарық сұра­­нымындағы дақылды өсі­руді қолға алмай отыр? Бұл ауда­н­дардағы топырақ құнары да, ылғал түсуі де дақылдың осы түрін өндіруге қолайлы еке­­­ні белгілі. Бұрын облыс­та күнбағысты өңдейтін кәсіп­орындар болмайтын. Енді жоба құ­ны 300 миллион доллар тұра­тын инвестициялық өңдеу кеше­нінің құрылысы алдағы жылы аяқталады. Бұл жылына 150 мың тонна өсімдік майын өндірсе шикізатты қайдан алуы керек? – деген Архимед Бегежанұлы аудан әкімдеріне майлы дақылдар алқабын көбейтуге талап қойды.

Егін шаруашылығында тұқым мен техниканы дайындау жыл сайын басты назарда болады. Жер­ге дән сіңіріліп, қамбаға түс­кенге дейін астық күтіміне көп нәр­се керек, бірақ бұл екеуінсіз егін бол­майды. Облыс алқаптарға толық жететін 545,2 мың тонна би­дай тұқымымен қамтамасыз етілді. Лабораторияларға сапасын тексеруге қамбаға құйып алған тұқымның 368 мың тоннасы жеткізілген. Барлығының дер­лік сапасы жарамды екені анықталды.

Қуатты техникасыз бүгінде егін шаруашылығын елестету мүм­кін емес. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, облыстағы 24 мың трактордың 70 пайызының пайдалану мерзімі он жылдан асып кеткен. Өткен жылы техника паркінің тек 2,3 пайызы ғана жаңартылды. Әрине, мұндай шабындықпен техникалардың пайдалану мерзімін қысқартудың мүмкіндігі аз екені де белгілі. Облыста жыл сайын техника жаңа­лайтын шаруашылықтар да бар. Мысалы, өткен жылы Қара­су ауданындағы «Ақ ниет», «Астана Гранд Трейнд», Қамыс­ты ауданындағы «Алтын­са­рино», «Қайрат» секілді шаруа­шы­­лықтардың әрқайсысы 6-дан 17 бірлікке дейін ауыл шаруа­шылығы техникаларын алған.

Сәуір айының басында облыс ор­талығында екі рет ауыл ша­руашылығы көр­ме­сі ұйым­дастырылды. Онда Қостанайдың «АгромашХолдинг» машина жасау зауытында құрастырылып жат­қан тракторлары да ұсы­ныл­ды.

– Жалпы, облыста машина құрастыру кластері қалып­та­сып келеді. Әсіресе, ауыл шаруа­шылығы техникаларын алуға мол мүмкіндік бар. «Есіл» комбайндарын алыңыз. Субсидия бар, шетелдік техникаларға қарағанда арзан, қосалқы бөлшектері тез табылады. Тракторлар, астық таситын жүк машиналары да солай, өзімізде құрастырылып жатыр, – деді облыс әкімі.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жыл сайы­н өтетін дәстүрлі кеңесінде егін шаруашылығына қатысты барлық мәселе айтылады. Осы жолы да минералдық тыңайт­қыштар, арам шөпке қарсы қолданылатын химиялық заттар, көкөніске қатысты суармалы жерлер технологиялары жөнінде мәселелер қамтылды. Көптеген шаруашылықтар ми­нералдық тыңайтқыштарды уақтылы, тиімді қолданбайды. Соның салдарынан күзде гектар айналымының нашарлауы өз алдына, қамбаға түскен дәннің сапасы төмендейді. Мысалы, 2014 жылы диқандар астық қабылдау кәсіпорындарына өткізген ас­тықтың 10 пайызы 4 класқа жат­қызылса, 2018 жылы осы көр­сет­кіш екі есеге көбейген.

Дегенмен, ауыл шаруашы­лығында цифрландыру жұмыс­тары біртіндеп қарқын алып ке­леді. Тұқым дайындау ісі де бұ­рынғыдан жақсарды. Ең бас­тысы, диқандар қырдағы қызу ең­бекке аттануға тас түйін дайын.

ҚОСТАНАЙ