• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2010

АЛТЫН САНДЫҚ ҮСТІНДЕГІ АДАМ

1017 рет
көрсетілді

Қазақ тіл білімінің тамаша зерттеушісі, академик Шора Сарыбаевты жақсы білетіндер оны “алтын сандықтың үстінде отырған адам” дейді. Ғалымның “алтын сандығы” – халыққа кейін керек-ау деп жеті бағытта жинаған білім жауһарлары. Шора Шамғалиұлының ұлттық мұражайдың бір пұшпағы секілді қара шаңырағында отырып-ақ, ғылым кандидаты атағын, тіпті талмай ізденсең докторлықты қорғап шығуға болады. Ағамыздың басқа тірлігін айтпағанның өзінде, ол кісі соңғы 65 жылда қазақ тіл біліміне байланысты қандай еңбектер жарық көрді, міне соның бәрін “көзінен көгендеп” жүріп жинаған. Барлық нәрсе библиографиядан басталады деп есептейтін Шора Шамғалиұлы ғылым жолына түскен адам соның бастауын білмесе, кейін жұрттың айтып қойғанын қайталап, плагиаттыққа ұрынатындығын алға тартады. Тамаша тағдыр иесі тағы бір мерейтойлы жасқа жеткенде аста-төк той жасамай, тілеулес елді Алматыдағы Абай атындағы   академиялық опера және балет театрында болатын М.Төлебаевтың “Біржан-Сара” операсына шақырып отыр. Қойылымның демеушісі де, үндеушісі де – өзі. Ал келетіндер – театрға бір баруды көксеп жүрген замандастары, студенттер, мектеп оқушылары мен балалар үйінің жеткіншектері. Бұл ұлттық өнерді қолдаудың басқаларға жұғысты, жалғасты болғай деп тілерлік тамаша бастамасы. – Шора аға, сіз “Ешқашан қарттық бізге сән бермейді. Біз өзіміз қарттыққа сән бермесек...” дейтін Қадыр ақынның өлеңін қайталағанды жақсы көретін болыпсыз. 85 деген жасты қажыр-қайрат, атақ-бедел, қаражат та жете тұрып, мәдени түрде атап өтуге бел байлаған екенсіз? Бастама оң болсын! – Банкет – сән азығы, өнер – жан азығы. Осылай шешім қабылдап, “Біржан-Са­раға” ауыстырдым. Кезінде Қаныш Сәт­баев сынды ғұлама ға­лым­дар­дың өзі мерейтойлары кезінде шашы­лып-төгіліп той жа­сап, даң­ғаза ет­пейтін. Қазір де Әбді­жәміл Нұр­пейісов сынды қа­зақ­тың бір­қатар дарындары мерей­той­ла­ры­ның біреуін атап өтпейді. Сол дұ­рыс. Өйткені ырду-дырду той­да­ғы  қателіктерді қазір түсініп отыр­мыз. Мың­даған доллар шығын шы­ға­рып, мейрам­ха­на­лар­ды жалға ал­ып, туған күн тойлап жатамыз. Осы­­ның қоғамға бір түйір пайдасы жоқ. Балаларым қоймаған соң, 80 жылдығымды атап өткенмін. Жұрт­тың бәрі келіп тұрып мақтайды. Асыра дәріптегенде кірерге жер таппай, денең қышып кетеді екен. Күлме, дәл сондай ыңғайсыз күйді бастан кешірдім, қарағым. Содан елге бір септігі тиер ме екен деп, осы істі қолға алдым. Бүгінгі қала баласы қазақ мектебіне барса да орысша сөйлейді, өз немерелерімді ана тілінде оқытсам да орысша сайрайды. Қазір үш тілді, үш тұғырлы болуымыз керек деп жатырмыз ғой. Ана тілін алдымен балабақшадан дарыту керек деп айтудай айтып жүрміз. Нәтижесі өте баяу. Жалпы деймін де... Баланы ауылға апарып тастау қажет. Мен Қайрат деген баламды кезінде сөйттім емес пе. – Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед жақында студенттермен кездескенде: “Қала баласының құлағына мақта тығып қойсаң да орысша біліп шығады”, деген уәж айтты. Белгілі дерт, белгілі жағдай. Қазір елдің елдігіне жарап жүрген Қайрат балаңыз дүниеге келгенде оған жора-жолдастарыңыз Локо­мотив деген ат қоймақшы болған екен?.. – Мен өмір бойы “Қайрат” командасы, ұлттық футбол тарихы туралы деректер жинадым. Кол­лек­цияларымның бастауы да солар. Ал жаңағы ұлым туғанда Орталық стадионның директоры Сай­лаубек Есімбеков, Тимур Сегіз­баев бас­таған 5-6 футболшы өздері ат таңдаған еді. Қуанышқа қызың­қырап алған жігіттер “Қайрат” ко­ма­ндасының аты бұрын “Локо­мотив” болған, ендеше баланың атын неге солай қоймаймыз”, – деп таласты. Содан келесі біреулер тарапынан орыстар баласының атын Спартак қояды, “Динамо” деп ат қойғанын естімеппіз”, – деген уәж айтылды. Ақыры Қайратқа тоқтадық қой. Сөйткен Қайратым ана тілін ардақтаған, оған қоса бес тіл меңгерген, еліне еңбек етіп жүрген адал азаматқа айналды. – Әне бір жылдары Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 қазақ орта мектебінде өзіңіз Шоқан туралы жинаған 50 шақты папкіден тұратын деректер негізінде мұражай ашуға ұйтқы болып едіңіз. Қолы­ңызда қазір Ыбырай Алтынсарин туралы да мәліметтер жетеді. Алматыдағы осы ұлы ағартушы атындағы №159 мектепте мұражай ашу туралы ұсынысыңыздан не хабар бар? – Шоқанның мұражайын сол кездегі мектеп директоры Рафиқа Нұртазина екеуміз ешкімге айтпай, журналистермен бірге қолымызға қайшымен лента қиып, ашқан едік. Әрбір мектептің ұлтжандылыққа үгіт­тейтін музейі болуы керек. №159 мектептің бұрығы дирек­то­рына өзімде Ы.Алтынсарин туралы көптеген деректер бар екендігін айтқанмын, қазіргі директорына да бірнеше рет құлаққағыс еттім. Ұлттық Ғылым академиясы мен кітапханасына да хат жазып, музей ашуға көмектескім келетінімді білдіргенмін. Қазірге дейін қимыл-қозғалыс жоқ. – Алматыдағы Орталық ста­дионды салдыруға сеп болға­ныңыз­ды көп ешкім білмейді. Бүгінгілер біле жүрсін, соны айтыңызшы... – “Қайрат” ойнағанда Мұхтар Әуезов қалмай келетін. Сөйтсем ол кісі Семейде татар жаттық­ты­ру­шысы ашқан “Ярыш” (“Жарыс”) командасының бір кездегі белді шабуылшысы болған екен ғой. Сол команданың бірқатар ойыншылары кейін мықты оқымысты болып шықты. Сонымен, сол кездегі футбол матчтары қазіргі Алма­ты­ның Орталық демалыс сая­бағын­дағы шағын стадионда өтетін. Орындық аз, табло жоқ, алаң да нашар. Ұмытпасам бұл 1957 жыл болу керек. Ойлана келе Қазақ­стан­ның астанасы Алматыда стадион жоқ екендігін Орталық Ко­митетке жаздым. Хаттың көшірмесі “Советский спорт” га­зетіне шықты. Менің ұсынысымды қарау туралы Д.А.Қонаевқа да нұсқау келіпті. Нәтижесінде Министрлер Кеңе­сі­нің Қаулысы шығып, Орталық стадион бір жыл ішінде бітті. Жоғары жақтан келген жауап хат менде әлі күнге дейін сақтаулы. – Сіз туралы бұрын айтылмаған қызық дерек бар. Кеңес өкіметі тұсында перрондық билет деген болған екен. Соны Одақ көлемінде жоюға тікелей ықпал еткеніңіз рас па? – Бұл 1950-1960 жылдары болса керек. Сол кезде жолау­шыларды шығарып салушылар темір жолға 10 қадам жақындағаны үшін перрондық билет сатып алуы тиіс болатын. Бірде жолдас жігітімізді 30 адам болып жабылып шығарып салдық. 30 адамға перрондық билет сатып алып едік, әжептеуір ақша болды. Осының ешқандай қисынға келмейтіндігіне қынжылып, жоғары жаққа жазған едім. Көп ұзамай: “Ваше письмо расмотрено”, – деген жауап келді. Мәскеудегі Орталық Комитет бұл мәселені реттеу үшін сол кездегі Жол қатынастары министрлігіне нұсқау беріпті. Сөйтіп, Одақ көлемінде осы билет сатып алу тәртібі жойылды. – Жұрт сіздің коллекцияла­ры­ңыздың жеті бағытта екендігін айтып та, жазып та жүр ғой. Тек дүние жүзі халық медицинасына қатысты жинаған ма­те­риал­да­ры­ңыздың өзі 1 000 альбом болыпты. Осы білім-жәдігерлеріңіздің келешегі қандай болады? – Нумизматикадан да біраз байлығым бар. Жалпы, жеке кол­лек­ционерлер өздерінің жә­ді­гер­лерін ұқыпты ұстайды. Менің жинағандарымның бәрі толық емес. Оны толықтыруға тырысқан да жоқпын. Мақсатым – осыны мек­тептерге апарып, көрме жасап, кейінгі ұрпақққа шама-шарқымша насихаттау. Әлгі сіз айтып отырған 1 000 альбомды С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік ме­ди­цина университетіндегі мұ­ра­жайға сұратқан. Сол музей былтыр өртеніп кетті. Өткізгенім де ішінде менің тірнектеп жиған дүниел­е­рімнің қазір күлі ғана қалар еді. Қазақтың тұңғыш коллек­ционері Шоқан Уәлиханов қой. Оның жинаған жәдігерлерінің бірі та­былса бірі табылмай кетті емес пе... Қазір осы істі жалғастыруға балаларымды үгіттеп жүрмін. Бұл іске берілу керек. Коллекционерлік адамның өз кәсібімен қосыла өрілсе, онда құба-құп. Мысалы, бауырым Болат Сарыбаев та менің ақылыммен 30 жыл бойы халық аспаптарын жинаумен айналысты. Сол аспаптар арқылы докторлық диссертация қорғап, өз үйінде халық аспаптары музейін жа­сақ­тады. Нәтижесі кейін айтарлықтай болды. Соның қызығын қазір ел көріп жүр емес пе. – Әкеңіз Шамғали Харесұлы бастаған коллекция жинау әуестігі әулеттен әулетке жалғасып келеді екен! Осы дәстүр баянды болсын, аға! Әңгімеңізге рахмет! Авторы: Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.