Өз сөзінде атап өткендей, Президенттің Үкімет, Парламент және партия басшыларымен ақылдаса отырып қабылдаған бұл шешімі елдегі тыныштықты, саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында қабылданып отыр деп есептейміз. Демократиялық қоғамда ретімен, тәртібімен болатын кезекті сайлау Қазақстан үшін сындарлы жаңа кезеңнің бастауы болмақ.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Тұңғыш Президентіміздің қасында сенімді серігі әрі ізбасар көмекшісі болып көп жылдар қызмет атқарып келгені мәлім. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, қазіргі замандағы әлемде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси өзгерістер бізге де көптеген талап қойып отыр. Сол себепті ел басқару ісінде мол тәжірибе жинап, ел ішіндегі мәселелерге қанық болып жүрген Президентіміздің игі бастамаларына халық болып қолдау білдіруіміз керек деп есептеймін.
Ел бірлігі мен бейбітшілігі – басты құндылығымыз! Халқымыздың негізгі мақсат-мұраты осы екені баршаға аян. Бейбіт, тоқшылық заман болмай, өнер-білім, мәдениеттің де дамуы екіталай. Сондықтан республикамыздағы тұрақтылықтың кепілі болып отырған қазіргі ұстанған бағытымыз жалғасын табады деп ойлаймын. Бұл сайлау – елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, әлеуметтік-саяси жаңғыруға, әлемнің озық елдері қатарына қосылу жолында жаңа демократиялық еркін болашақты құруға мүмкіндік бермек.
Арман ЖҮДЕБАЕВ,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры