Бұл күні вице-премьер бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралады. Атап айтқанда, Г.Әбдіқалықова М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттермен кездесу өткізді, онда мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары, сондай-ақ Жастар жылы аясындағы іс-шаралардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Г. Әбдіқалықованың келесі бағыты «Оңтүстік» АЭА болды, онда ол жаңа технологиялар бойынша өндіру шұлық, кілем бұйымдарын және аяқ киім өнімдерін шығаратын «Әлем БТ» ЖШС, «LuxShoes» БК, «Бал текстиль» өндірістік кәсіпорындарының жұмысымен танысты. 1 сәуірдегі жағдай бойынша АЭА аумағында жалпы сомасы 29,5 млрд.теңгеге 13 жоба іске асырылып, 1396 жұмыс орны ашылды, оның ішінде 1227 көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін.
Одан кейін вице-премьер «Қайнар» бизнес орталығында аудан әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік жауапкершілікті дамыту мәселелері бойынша жиын өткізді.
Іс-шарада Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының сөзінен еліміздің әлеуметтік-бағдарлы мемлекет ретінде дамуы басымдыққа ие екенін атап өтті. Әлеуметтік масылдыққа жол беруге болмайды. Ол бизнес-қоғамдастықтарды аз қамтылған қызметкерлерге белсенді көмек көрсетуге, жергілікті жерде олардың өзекті мәселелерін шешуге шақырды.
Сапар аясында Премьер-Министрдің орынбасары қалалық аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мұнда қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін, олардың әлеуметтенуін, қоршаған ортаға бейімделуін ескере отырып, рухани-танымдық, емдеу-түзету жұмыстарын жүргізу арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жыл сайын 300 адам оңалту қызметін алады.
Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова «Самғау сенім» орталығында болды, онда қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар мен отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына көмек көрсетіледі. Бүгінгі таңда, бұл жерден 227 адам арнайы әлеуметтік қызмет алды.
Вице-премьер қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексерді. Жыл басынан мекеме 5810 азаматқа қызмет көрсеткен. Тұрақты жұмысқа 2437 адам орналастырылған. Бүгінгі күні 5430 бос жұмыс орны бар.
Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары аз қамтамасыз етілген отбасына барып, олардың өмір сүру жағдайымен танысып, оларды қызықтыратын әлеуметтік сипаттағы сұрақтарға жауап берді.
Жұмыс сапарының соңғы шарасы Гүлшара Әбдіқалықова өткізген азаматтарды жеке қабылдау болды. Атап айтқанда, 5 жас баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана Әзиза Маманазарованың тұрғын үй мәселесі шешілді. Мамыр айында ол көптен күткен пәтерге ие болады.
Күн соңында үкіметтік делегация Жамбыл облысына жолға шықты.