Сәрсенбі, 16 мамыр 2012 8:45
Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған республикалық Заңгерлер съезінде қаралатын мәселелер және осы салада кейбір қордаланып қалған түйткілді жәйттер төңірегінде Қазақстан Республикасы заң шығару институтының директоры Асылбек СМАҒҰЛОВПЕН тілдескен едік…
– Асылбек Айжарықұы, Заңгерлер съезінде қандай мәселелер қаралмақшы?
Сәрсенбі, 16 мамыр 2012 8:45
Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған республикалық Заңгерлер съезінде қаралатын мәселелер және осы салада кейбір қордаланып қалған түйткілді жәйттер төңірегінде Қазақстан Республикасы заң шығару институтының директоры Асылбек СМАҒҰЛОВПЕН тілдескен едік…
– Асылбек Айжарықұы, Заңгерлер съезінде қандай мәселелер қаралмақшы?
– Заңгерлердiң съезiнде, біріншіден, мемлекетіміздің жиырма жылдық құқықтық дамуы бойынша қорытындылар, ауқымды мәселелер талқыланса, екіншіден, құқықтың насихатталуына және азаматтардың құқықтық мәдениет деңгейiн жоғарылатуына мүмкiндiк туғызу жолдары қарастырылмақ. Сондай-ақ, құрамына республикамыздың құқық қорғау қызметкерлерi және сот жүйесiнiң белгiлi ғалымдары, құқық зерттеушiлері және құқық саласының ардагерлері енетін Қазақстан Республикасы заңгерлер одағын құру мәселесі де талқыланбақшы. Басқосу қорытындылары бойынша, концептуалды жағдайда мемлекетіміздің құқықтық дамуына негiз болатын нысандағы құжаттар қабылданады.
– Сіз басқарып отырған институттың осы саладағы атқарып жатқан негізгі жұмыстары жайынан хабардар етсеңіз.
– Біздің тәуелсіз Қазақстанда жиырма жыл ішінде барлық реформалар құқық көмегімен жүзеге асырылып келеді. Солардың ішінде 1994 жылы Президент қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттiк бағдарламасын атауға болады. Сол бағдарламаны орындаудың басты нәтижесi қоғам мен мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берген, адам мен азаматтың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекеттiк институттардың жаңа жүйесiн бекiткен, мемлекетімізде Елбасы Н.Назарбаевтың бастауымен 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған ел Конституциясы болды.
Құқықтық мемлекетті құру жолындағы келесі жетістігіміз 2002 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы болып табылады. Құқықтық саясаттың негізгі мәселелері болып құқық жүйесiн дамытудың негiзгi бағыттарын, арқаулық тетiктерiн мемлекеттiк тұрғыда әзірлеу және құқық қолдану практикасы шараларын 2010 жылға дейін жетiлдiру көзделген.
– Бізде құқықтық мемлекет құру жолында қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– Мемлекеттің мақсаты өз азаматтарының құқықтарын қорғау деп айтуға болады.
Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында өз көрінісін тапты. Құқықтық саясат тұжырымдамасы ережелерін іске асыру құқықтық мемлекет құрудың жаңа кезеңінде Конституцияның негізгі идеялары мен қағидаларын іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді.
Тұжырымдамада белгіленген мемлекеттің құқықтық саясатының негiзгi бағыттарына сәйкес қазақстандық заңнаманың кешендi дамуы мен оның тиiмдi қолданылуы заңдылық режімнің одан әрі күшеюiне, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, елдiң тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттіліктің күшеюiне мүмкiндiк туғызады. Сонымен бірге, мемлекеттік билік институттарының тиімді қызмет етуі, биліктің заң шығару және атқару салаларының сындарлы және серпінді өзара іс-қимылын жүзеге асыруы тек қана еліміздің заңдары арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл республикамыздың құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына және нығаюына жол ашады.
– Өзіңізді осы салада толғандырып жүрген өзге де мәселелер туралы айтып өтсеңіз?
– Қазіргі кезде мені де, қазақстандық қоғамды да ойландырып жүрген күрделі мәселенің бірі – заңдардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкессіздігі. Қоғамда қалыптасқан пікір бойынша ол – аудармашылар тарапынан жіберіліп жатқан қателер. Менің ойымша, бұл мәселенің себебі мен түйіні кешенді сипатта. Барлық мәселені аудармашыларға артып қоюға болмайды. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда аудармашылардың тиісті білімі мен көпжылдық қызметтік өтілі бар. Оның үстіне аударма жасаудың теориялық және әдістемелік негіздері де жасалған. Осы тұрғыдан заң жобасы мәтіндерінің тең түпнұсқалылығын қамтамасыз ету оңай іс сияқты болып көрінеді. Бірақ ол үшін заң жобасы мәтініне ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, мұның әлі түбегейлі тұрғыда шешілмей келе жатқаны да шындық.
Заңды қоғамдық қатынастарды құқықтық реттейтін құрал десек, бұл құралдың мінсіз болуының басты факторының бірі оның лексикасының дұрыстығына, анықтығына, дәлдігіне келіп саяды. Осы ретте лингвистикалық сараптаманы сауатты жүргізуге қойылатын талап өте жоғары болуы шарт. Бұл арада көп нәрсе филолог маманның да, заңгер маманның да біліктілік санатына байланысты.
Заң терминологиясын жетілдіру проблемасы да күн тәртібіндегі өткір мәселелердің бірі. Сондықтан Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысын одан әрі жетілдіру қажет деп пайымдаймыз.
Жалпы, заңгерлеріміз бар, лингвист, филолог мамандарымыз бар, көтерілген мәселелер төңірегінде ойласып, бірлесіп атқарар жұмысты түбегейлі жолға қоя білсек, ұлттық заңнаманың сапасын жақсартуға болады деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».