• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2019

Қостанай облысында 24 елді мекен ауыз суды тазаланбаған ашық су айдындарынан пайдаланады

1059 рет
көрсетілді

Бұл ауылдарда 6 мыңға жуық адам тұрады. Ал 12,5 мың тұрғыны бар 30 елді мекенге су тасылып береді.

Ауыз судың азабын шегіп отырған мұндай ауылдар негізінен Амангелді, Жангелдин, Қарасу, Қарабалық, Қостанай, Меңдіқара, Сарыкөл, Ұзынкөл, Федоров аудандарында орналасқан. Облыс әкімінің аппарат мәжілісінде Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшы Алмат Исенбаев 2020-2021 жылдары сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын осындай өзен-көлдерден және оны тасып ішіп отырған ауылдардан бастауды ұсынды. Олардың қатарынан 37 елді мекен іріктеліп алынды. Ондағы тарату желілерін қоспағанда өндірістік-сметалық құжаттарын дайындау мен құрылыс жұмыстарына 6 миллиард теңгедей қаржы кетеді.

2019 жылы ауылдық жерлерде ауыз сумен қамтамасыз ету үшін  22 жобаға республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге қаржы бөлінді.

«Ауыз суды алдымен ірі елді мекендерге, яғни аудан орталықтарына және төртінші бюджетке көшірілген, әрқайсысында кемінде 2 мың адам тұрып жатқан  45 ауылдық округтерге апару керек. Әрине, бұл бөлінген қаржының аздық ететінін Үкіметпен, тиісті орындармен  сөйлесеміз» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Жыл аяғына дейін облыстағы ауылдық жерлерде 34 мыңнан аса тұрғыны бар 8 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін 11 құрылғы іске қосылуы  тиіс.