• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2019

Қостанайда 19-шы рет «Меценаттар клубының» сыйлығы тапсырылды

851 рет
көрсетілді

Жыл сайынғы дәстүрлі «Меценаттар клубы» сыйлығын тапсыру салтанаты биыл «Жастар сарайы» жаңа ғимаратында өтті. Ішінің де, сыртының көркі келіскен ғимаратқа қостанайлықтар алғаш рет облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың өткен жылдың қорытындысы туралы облыс тұрғындары алдында берген есебіне жиналған болатын. Атшаптырым концерт залында мың қаралы адам «Меценаттар клубының» сыйлығын тапсыру салтанатын және концертті тамашалады.

Қостанай өңірінің Атымтай-жомарттарынан құралған осы ұйым құрылған 19 жылдан бері 248 миллион теңгені құраған 477 сыйлық белгіленіп, оны облыс өңіріндегі өнер, мәдениет, ғылым, журналистика, тағы басқа әлеуметтік салалардағы 498 таланттар мен үздік еңбек иелері және 41 ұжым алыпты. Ол сыйлықты алғандардың арасында көзінің тірісінде белгілі сатирик жазушы, энограф Сейіт Кенжеахметов бар еді. Сонымен қатар айтыскер ақын Әсия Беркенова, тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлы, ақын Ақылбек Шаяхмет, өлкетанушы Шөптібай Байбілдин , композитор Қалибек Дербсалдин, суретшілер Гергий Соков, Николай Торшин, тағы басқалар болды.

«Меценаттар клубының» қызметі бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы «Туған жер» жобасының аясында терең мазмұнмен байи түсті. Осы беделді салтанатты шара өткізіліп отырған Жастар сарайы да Атымтай-жомарттар – демеушілердің арқасында салынған болатын. Меценаттар қаншама әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасыларына, жетім балаларға көмектесті, биылдың өзінде бернеше көп балалы отбасыларына баспана алып берді. Қысқасы, «Меценаттар клубы» қазір Қостанай облысының атын асқақтататын айдарлы істерінің біріне айналды» деді Архимед Бегежанұлы.

Биыл «Меценаттар клубының» «Қазына» мен жастарға арналған «Шабыт» сыйлығы 13 аталым бойынша иелерін тапты. Оның ішінде «Театр», «Әдебиет», «Ғылым», «Вокал», «Музыка», «Хореография», «Живопись», «Ауыл жанашыры», «Журналистика» сияқты аталымдар бар. Мысалы, биыл «Әдебиет» аталымы бойынша «Қазына» сыйлығын ақын Нағашыбай Мұқатов, аудармашы Әбдірахман Досовпен қатар, еліміздегі саусақпен санарлықтай сатирик әйелдердің бірі Күләш Байдалы да алды. Күләш бұл сыйлыққа әдебиет пен журналистикада еткен көп жылғы еңбегінің сыртында, жақында ғана жарық көрген «Ұры ой» атты кітабы үшін ие болды.

«Меценаттарға рахмет! Шығармашылықпен айналысқан адамдардың қалтасы ешқашан қалың болған емес. Әлеуметтік жағынан қолдауды керек ететініміз рас. Менің қолыма тиетінқомақты қаржыға мен болашақ кітабымды шағарамын, денсаулығымды түзеймін. Жақсы емес пе?» дейді Күләш қуанышын жасыра алмай. Сонымен қатар қуаныш иелерінің қатарында жас ғалым Индира Бейішева , театр режиссері Әлия Садықова, қобызшы Назгүл Молжахметова, педагог-хореограф Юлия  Пинженина, «Мәдени мұра» аталымы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Даценко, алдынан талай музыкант түлеп ұшқан педагог Еркін Қожахметов, жас журналист-қаламгерлер Қуаныш Есқабылов, Асылан Қанғжоин тағы басқалар бар.

Міне, осындай сыйлықтар қырыққа жуық үздіктерге тапсырылды. Салтанатты шараның соңы үлкен концертке ұласты.