Талай заман, талай кезеңнің куәсі қарт Ертістің жағасындағы Бесқарағай ауданының Жетіжар ауылының маңынан табылған, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын көне шаһардың орны жайында былтыр керекулік археолог, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің археологиялық зерттеулер орталығының директоры Виктор Мерцтен естігенде «бұған дейін қалайша білмей келгенбіз?!» деп таңданған едік. Сөйтсек, археолог өзі «Кривин-Семияр ескерткіштері» деп атау берген археологиялық ауданды 2000 жылдың басынан бері жүйелі түрде зерттеп келеді екен. Бесқарағай өңірінде зерттеу жұмыстарын бастауына 1998 жылы Жетіжар ауылының тұрғыны Тимур Шідербаевтың қола дәуіріне тиесілі еңбек құралын (жәдігер Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы) әкеп беруі себеп болыпты. В.Мерц осы уақытқа дейін тек Жетіжар қонысының өзінен 500-ден астам қыш, тас, сүйек және қола бұйымдарды тауыпты. Ал Жетіжар ауылына жақын Қараоба жерлеу кешенінен 50 мыңға жуық қыш сынықтарын кездестіріпті. Бесқарағай жерінен табылған құнды жәдігерлердің барлығы қазір Павлодардағы жоғарыда аталған оқу орнының археологиялық зерттеулер орталығында сақтаулы тұрған көрінеді.
Ірі орталық болған деген болжам бар
Жиырма жылға жуық уақыттан бері осы іспен жанын сала шұғылданып жүрген ғалымның сөзіне сенсек, шамамен біздің эрамызға дейінгі XIII-XIV ғасырларда тұрғызылған, кейінгі қола дәуіріне тиесілі ежелгі протоқалашық Қазақстан ғана емес, Оңтүстік-Батыс Сібір аймағындағы осындай үлгідегі ескерткіштер арасындағы ең ірі қоныс саналады. «Жетіжар қонысының тек ескерткіштері бүлінген аймақтарынан, сондай-ақ жердің жоғарғы қабатынан ғана материалдар зерттеуге алынды. Неге десеңіз, бұл нысан бірегейлігімен ерекше. Осы аумақты мұқият зерттеу үшін шетелден серіктес іздеп, бірнеше мәрте келіссөз жүргіздім. 2018 жылы Бесқарағайға Англияның Кембридж университетінен Дэниел Лоуренс есімді әріптесіміз келіп, Жетіжар қонысына геофизикалық зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде, археологиялық аумақтың нақты өлшемін анықтадық. Сөйтіп, ескерткіштің 100 гектардан астам жерді алып жатқанына көз жеткіздік. Әрине бұл жұмыс оңайға түскен жоқ. Өйткені қоныстың шығыс бөлігіне тиесілі жер кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында жыртылып кеткен. Кейіннен, өткен ғасырдың 70-жылдарында Кривинка ауылына дейін жол салынған. Жол салынған кезде ондаған ескерткіштер бұзылып, қираған. Қоныстың көп бөлігінің бұзылып кетуі бұл жерде нақты қанша тұрғын жай болғанын және қанша халық тұрғандығын анықтауға қиындық тудырып отыр. Бізді қуантқаны, ескерткіштің батыс жағының бүтін күйінде сақталғандығы. Есте жоқ ескі замандағы шағын қалашықтың осынша аумақты алып жатқанына, ғимараттардың санына, өзгеше сәулетіне қарап, бұл жерде ірі саяси-әкімшілік, экономикалық, өндірістік, діни және қолөнер орталығы болған деген болжам жасап отырмын. Бұл аумақта сол кезеңнің астанасы орналасуы да ғажап емес», дейді археолог.
Ғалымның «Жоғарғы Ертіс өңіріндегі протоқала мәдениетін қалыптастыру мәселесі контексіндегі қола дәуірінің Семияр қонысы» деген мақаласын оқып шыққанымызда Жетіжар қонысының ғарыштан түсірілген суреті назарымызды ерекше аударды. Бұл суреттен бір үлкен ғимараттың оқшауланып бөлек тұрғанын, көлемі бұдан кішірек өзге нысандардың сәл иіле қаз-қатар тізіле орналасқанын анық көруге болады.
«Жеке-дара орын тепкен ғимарат көне ғибадат орны болуы мүмкін. Бұл – менің және британиялық әріптестерімнің пікірі. Өзге ғимараттардан бөлек тұрғанына қарағанда, өз уақытында аса маңызды рөл атқарғанын аңғару қиын емес. Нысанның ұзындығы 60 ені 50 метр шамасында. Кіретін есігі батыс жағында болған секілді. Тағы бір байқаған дүнием, бөлек ғимарат пен оның арт жағындағы нысандардың ортасында үлкен алаң орналасқан. Жалпы, бұл жерде 100-ден астам тұрғынжайлар, шеберханалар мен шаруашылық орындары болған сияқты. Ескерткіштің бұзылмай сақталған батыс жағынан 50 ғимараттың сұлбасын анық көруге болады, ал жыртылған жерде шамамен 100-ге тақау ғимарат болғанын байқаймыз», дейді В.Мерц.
Қола дәуірінде қазақ жерінде жазба мәдениеті болған ба?
Жоғарыда Жетіжар қонысынан 500-ден астам жәдігер табылғанын айттық. Ол қандай жәдігерлер? Әрине бәрінің атын атап, түсін түстеп жіпке тізіп шығу мүмкін емес. Археологтың айтуынша, бұл аумақтан қыш, қола, сүйек және тастан жасалған (бетінде стрелкаға ұқсас таңбасы бар орақ тәрізді пышақ, тас жұмыртқалар, жебе ұштары, қола ара мен қола пышақтың сабының сынығы, металл балқытқан кезде қолданатын ыдыстың қалдығы, тоқыма барысында пайдаланылатын сүйек біздер, қола жүзік, қорғасын және қола құймалары) әртүрлі бұйымдар табылған. Бір қызығы, зерттеуші сүйектен жасалған дүниелер бұған дейін еліміздегі бірде-бір ескерткіште кездеспегенін, мұндай заттар Батыс Еуропаның жерлеу орындарынан көп табылғанын айтады. Ерекше атап өтерлігі, ғалым табылған бұйымдардан әртүрлі таңбалар мен белгілерді, түсініксіз жазуларды аңғарған. «Бұл сонау қола дәуірінде қазақ жерінде жазба мәдениетінің қалыптаса бастағандығын көрсетпей ме? Демек, сол кезеңдегі тайпалар жазу мәдениетін толық болмаса да, біршама меңгергенін байқаймыз. Біз көбіне өркениет сақ дәуірінде басталғанын айтамыз. Сақтар аспаннан түскен жоқ шығар. Олар қола дәуірінде өзіндік өркениет, өзіндік мәдениет қалыптастырған тайпалардың жалғасы емес пе?» деген археолог Жетіжар қонысы толық зерттеліп, зерделенгеннен кейін қола дәуіріндегі ескерткіштерге, жалпы сол заманға деген көзқарасты мүлде басқа арнаға бұратынына сенімді.
Керекулік зерттеуші Жетіжар мен осы ауылға көршілес Кривинка елді мекендерінің маңынан күйдірілген кірпіштен қаланған бірнеше элиталық жерлеу орындарын тауыпты. Қараоба және Чемар деген атау алған ежелгі қорымдар екі ауылдың ортасында орын тепкен. Археолог екі елді мекенде неолит тұрақтарынан бастап кейінгі қола дәуірінің ірі қоныстарына дейін түрлі дәуірлердің ондаған нысандары шоғырланғанын және Жетіжар қонысы мен Қараоба, Чемар қорымдарын өз алдына жеке-жеке қарастырған жөн деп санайды. Виктор Мерцтің пайымынша, Қараоба және Чемар қорымдарында жерленген адамдар Жетіжар қонысын мекендеген тайпалардың өкілдері болуы да әбден мүмкін. Өйткені Жетіжар қонысы мен жоғарыда аталған екі үлкен қорым да күйдірілген кірпіштен салыныпты. Демек, бір технология. Екіншіден, қоныс пен қорымның арақашықтықтары да тым алшақ емес. Ғалымның сөзінше, әзірге Чемар қорымына қазба жұмыстары жүргізілмеген. Алайда археолог бұл қорымда 100-ге жуық жерлеу орны бар екендігіне сенімді. Ал Қараоба қорымына қазба жұмыстары жүргізіліп, 50 мыңға жуық қыш сынықтары табылғанын жоғарыда айттық.
Ескерткіштің көп бөлігі топырақ астында жатыр
Бір қызығы, қызығы емес-ау, өкініштісі десек те болатын шығар, Жетіжар ауылының тұрғындары елді мекеннің дәл іргесінде құпия-сыры әлі толық ашылмаған, 3-3,5 мың жыл бұрынғы өте ежелгі қала барын бұған дейін білмей келгендігі. Одан гөрі 300 жыл бұрын салынған, отарлық таңбасындай Жетіжар форпосты (бекінісі) жайында жергілікті жұрттың көбірек естігенін тұрғындардың өздері де жоққа шығармайды. «Рас, ауыл тұрғындары мұндай керемет ескерткіштің елді мекеннің дәл іргесінде тұрғандығын білген жоқ. Керекулік ғалымның зерттеуінен кейін ғана естіп, біліп, таңданып жатырмыз. Өзім осы ауылдың тумасымын. Ауылдағы өзім құралпы замандастарымның аузынан ара-тұра: «бала кезімізде әртүрлі садақ оқтарын тауып алып, ойнайтынбыз» деген сөздерді естіп қалатынмын. Жетіжардың іргесіндегі қабақта бейіт бар. Әкем «қабірді қазғанда әртүрлі заттар шығатын. Осы жерде бірдеме бар ғой деймін» деп отыратын. Оның бәріне бұрын мән бермеппіз ғой», дейді Жетіжар ауылының тұрғыны, осындағы Семияр орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Альмира Күтерова.
Осы жерде ерекше ескерте кетер бір дүние, қазіргі уақытта Жетіжар қонысының көп бөлігінің топырақ астында жатқаны. Археологтар немесе осы саланың мамандары болмаса қарапайым адамдардың аңғармауы да мүмкін. Ашық жатқаны – Қараоба қорымы мен Жетіжар қонысының кезінде жыртылып кеткен шығыс бөлігі. Жетіжар мен Кривинка ауылдары маңынан табылған аса құнды, тіпті сенсация деуге тұрарлық ескерткіштерге аудан, облыс тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп жатқандығын білейік деп Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Баталовқа хабарласқанымызда «Қазір су тасқынына дайындық қамымен жүрміз. Жер кепсін. Сосын осы ескерткішті зерттеп жүрген археолог Виктор Мерцпен жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Осында шақырып, не болмаса өзіміз барып ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті шешім қабылдаймыз» деп жауап берді.
Ал осы ескерткішті бірнеше жылдан бері ерінбей-жалықпай, өз күшімен, өз ынта-жігерімен зерттеп жүрген керекулік археолог Виктор Мерцтің ендігі ойы, жоба-жоспары мынадай. «Бұл жердегі қоныстарды, қорымдарды басқа қорғандарды зерттегендей жай ғана зерттеуге, бірден қазба жұмыстарын бастап кетуге болмайды. Үлкен жұмысты ежелгі қаланың орны табылған Жетіжар қонысынан бастау керек. Ең әуелі осы қоныстағы жоғарыда айтып өткен жеке-дара тұрған ғимаратты зерттеуден бастағанымыз жөн. Мұны тез арада музейлендіру қажет. Бұл ғимарат қазақстандық археологияның брендіне айналуы мүмкін. Мұндай өзгеше ескерткіш елімізде жоқ. Зерттеуді бастамас бұрын осы нысанның үстіне ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген Түркияның Чатал-Хююк және Сербияның Лепенск-Вир ескерткіштері секілді үлкен шатыр орнатылса жақсы болар еді. Сол кезде қазба жұмыстарын кез келген уақытта алаңсыз жүргізе беруге болады. Ескерткіш те бұзылмайды. Туристерге де көрсетуге болады. Қазір қалған нысандарға тиісудің қажеті жоқ. Құр қазғаннан ештеңе өнбейді. Бұзып аламыз. Ең үлкен міндет – ескерткішті сақтау. Ескерткішті сақтай алсақ қана ежелгі өркениетті күллі әлемге паш ете аламыз», деген археолог зерттеу жұмыстарын шетелдік әріптестерімен бірлесе жалғастыра беретінін, дегенмен облыс басшылығы тарапынан қолдау күтетінін де жасырмады.
Түйін
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отырғанына тоқталып: «Біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды» деген еді. 3 мың жылдан астам тарихы бар Жетіжар қонысы да осыны айғақтап тұрған жоқ па? Өңірімізде облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Шығыс Қазақстанда археологияны дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бағдарламаның елеулі нәтижесі ретінде Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауынан табылған Алтын адамды айтсақ да жеткілікті шығар. Ендеше, сол Алтын адамнан да мың жыл бұрын өмір сүрген көне қалашық – Жетіжар қонысы осы бағдарламаға енгізіліп, ауқымды зерттеу жұмыстары басталады деп сенеміз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы,
Жетіжар ауылы
Суреттерде: археолог Виктор Мерц, Жетіжар қонысының ғарыштан түсірілген суреттері, табылған жәдігерлер мен бұйымдар, Сербиядағы Лепенск-Вир ескерткіші.