Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:15
Құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау шарасы науқандық сипат алмағаны жөн. Ал тиімді нәтижеге жету үшін мұндай тексерістерді үнемі әрі жүйелі түрде жүргізіп, сонымен қатар жетілдіріп отыру қажет. Әрине, бір жылдың ішінде барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің денсаулық дайындығы мен кәсіби білім деңгейін анықтап алармыз, бірақ әр маманның адамгершілік, жеке тұлғалық қабілеттерін кім тексереді, адамның осындай қоғам үшін маңызды қырлары ескерілмей қалмай ма деген сұрақ мені мазалайды.
Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:15
Құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау шарасы науқандық сипат алмағаны жөн. Ал тиімді нәтижеге жету үшін мұндай тексерістерді үнемі әрі жүйелі түрде жүргізіп, сонымен қатар жетілдіріп отыру қажет. Әрине, бір жылдың ішінде барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің денсаулық дайындығы мен кәсіби білім деңгейін анықтап алармыз, бірақ әр маманның адамгершілік, жеке тұлғалық қабілеттерін кім тексереді, адамның осындай қоғам үшін маңызды қырлары ескерілмей қалмай ма деген сұрақ мені мазалайды.
Мен кезінде Бас прокурордың кадр мәселесі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым, содан көңілге түйген біраз жәйттерді айтып өтейін. Құқық қорғау салаларында мықты жүйеленген мамандар даярлау қызметі жұмыс істеу керек, олар әр маманның өзінің бейімділігі мен біліктілігіне қарай қызмет баспалдағымен көтерілуін қатаң қадағалап отырулары керек. Яғни, қарапайым қызметкерлер адал қызмет ету барысында үлкен биіктіктерге қол жеткізетіндеріне сенімді болулары қажет, ал басшылық әділдік пен тура сөздің адамы ретінде қоластындағыларға үлгі болғандары жөн. Бір сөзбен айтқанда, әр қызметкер өзінің басшысына сенуі қажет.
Бұл орайда тағы бір атап айтар жәйт, құқық саласында қызмет атқаратын адамдарды жоо-да кәсіби білім алып жүрген кездерінен танып білу керек және сол кездерден бастап Отан үшін, халық үшін адал қызмет етуге тәрбиелеген дұрыс.
Қазіргі кезде құқық қорғау органдары мамандарын аттестаттау қалай өтіп жатқандығы туралы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатыр. Соның ішінде мені таңғалдырғаны – мамандардың артық салмағы болмауы керек деген талап. Бұл дегеніміз артық талап, өйткені әр адамның дене күшінің өзіндік ерекшелігі болады, оны ескеру керек, ең басты ескерілетін жәйт ол адамның кәсіби деңгейі мен біліктілігі талапқа сай болуы қажет деп есептеймін. Артық салмағың бар деп жоғары кәсіби білімі бар, өз ісінің шебері атанған маманды аттестаттаудан өткізбеу әбестік емес пе. Егер маман денсаулығына, адалдығына байланысты қойылатын талаптардан өте алмаса, онда әңгіме басқа. Менің ойымша, әр маманға мұқият назар аудару қажет, өйткені әр адамның артында оған үміт артқан оның отбасы тұрады, соны бірінші кезекте ескеруіміз керек.
Тағы бір алаңдататын жәйт, ол – қоластында қызмет атқаратын қызметкерлерінің жауапсыздығы үшін үлкен шендегі бастықтарды жұмыстан шығару үрдісінің белең алуы. Бұл іске бір жақты қарауға болмайды, ең бірінші басшы қызметкерлердің жиі қызмет орнын ауыстыратынын ескере отырып, заңсыздыққа жол берген маманды сол басшының қызметке алған немесе алмағанын тексеру қажет, егер шын мәнінде басшының сондай біліксіз адамды жұмысқа алғаны анықталса ғана жауапқа тарту керек деп есептеймін. Яғни заңсыздық жасаған адамды кім жұмысқа алды, кім қолдап отыр, неге жауапсыздыққа жол берді деген мәселелер жан-жақты тексерілуі қажет. Ал өмір бойы елі үшін адал еңбек етіп, шынайы іскерлігімен, кәсіби біліктілігімен көзге түсіп үлкен мансапқа қол жеткізген басшыны қоластындағы қызметкердің ақымақтығы үшін жауапқа тартып, бір сәтте жоғарғы мансабынан айыру шартымен келісе алмаймын.
Құқық қорғау органдары тарапынан да көптеген заңсыздықтардың орын алғанын жасырудың қажеті жоқ, бұл сала мамандарының шектен шыққан әрекеттері мен жауапсыздықтары қоғамда үлкен дау-дамай тудырды. Қазіргі кезде олардың өз қызметтерін асыра пайдаланып, жеңұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың бас көтеруіне себепші болып отырғандары көпшілікке мәлім. Әсіресе, қоғамда орасан кең етек жайған осы жемқорлықтың бой бермей бара жатқандығын ашық айтпасқа болмайды, бұл – заң бұзушылықтың ең қауіпті түрі, ол мемлекеттік бюджеттің және жекеменшік мүліктің тоналуына жол ашады, елімізге келетін инвесторлардың жолын жауып, олардың бізге деген сенімін жояды. Жемқорлықтан ең үлкен зиян шегетін, демократиялық стандарттар бойынша тұрмыс деңгейі орташа деп есептелетін тұрғындардың негізгі бөлігін құрайтын шағын және орта бизнес саласы, қазіргі кезде осы аталған салалар құқық қорғау органдарының жүйесіз тексерістерінен бас көтере алмай отыр.
Сондықтан да жемқорлықпен күрес мәселесінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін ең басты өлшем – ар тазалығы болуы керек, яғни олар ешқандай ақшаға сатылмайтын жандар болуы тиіс. Әрине, құқық қорғау органдары жемқорлықпен жалғыз өздері күресе алмайды, бұл бағытта мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыстар атқаруы керек. Ең бірінші кезекте атқарылатын шара – жемқорлық жайлаған мекемелер, олардың кесірінен қоғам мен мемлекетке келтірілген шығындар және т.б. зардаптар көлемі жайлы ақпараттарды еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары үнемі таратып отырулары қажет.
Қайрат ЖҮСІПОВ,
3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.