• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2019

Елордалық iKomek 109 орталығымен енді лифтіден шықпай-ақ байланысуға болады

803 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында «SAFELIFT» жобасын іске асыру бойынша өзара әріптестік және ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Келісім қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, қалалық iKomek 109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығы және «Media Service 2010» ЖШС арасында жасалды. Меморандумның мақсаты – елорда аумағындағы лифт кабиналарына мониторинг жасайтын «SAFELIFT» жобасы мен iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығын интеграциялау.

«Енді лифт апаттық жағдайда тоқтап қалса, тұрғындар бөлек арнайы түйменің көмегімен iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шала алады. Тұрғыннан қоңырау (немесе түтін белгісі) келіп түскенде, iKomek 109 орталығы операторының мониторында келесі деректер көрінеді: аудан, тұрғын үй кешенінің атауы, көше (даңғыл, тұйық), үйдің нөмірі, кіреберіс нөмірі, қызмет көрсетуші лифт шаруашылықтарының деректері», – делінген қалалық мониторинг және жеде әрекет ету орталығының баспасөз қызметінің хабарламасында. 

IKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы қаланың барлық коммуналдық және авариялық қызметтерінің нөмірлерін біріктіреді, сондай-ақ лифт шаруашылығы қауымдастығымен тығыз байланыста екенін естеріңізге саламыз. Лифт жұмысының мәселелері бойынша 2018 жылы орталық 2 055 өтінішті, 2019 жылдың басынан 1 006 өтінішті қабылдады. Еске салайық, лифтідегі апатты жағдайға әрекет ету регламенті 40 минутты құрайды.