Елімізде осыншама жыл бойы алқа билердің қатысуымен өтетін сот қызмет етіп келсе де, оның өмірде бар екендігі дәстүрлі сотымыздай жете сезіле қоймағандығы белгілі. Тіпті алқа билер соты бар ма, жоқ па, оны анық білмейтіндер де кездеседі.
Қалай десек те, алқа билердің қатысуымен өтетін соттың пәрменді үні көп естіле қоймайтындығына ешкімнің таласы жоқ. Өйткені оның сот ісін қарау аясы тарылып кеткен. Әйтпесе, аяғын шалыс басып немесе басы дауға қалып, шарасыздықтан әділдік таба алмай жүрген жан көп. Дәстүрлі сот шешімдеріне де риза болмай жүргендер қаншама. Солардың басын қосса, алқа билердің қатысуымен өтетін сотқа кезек те ұзарар еді. Алайда олай болмай тұр.
Әрине, алқа билерді қатыстырумен іс қараудың тиімділігі бар. Былтырғы жылы Павлодар облысының Майқайың ауылында 76 жастағы қарт пен 78 жастағы әжейдің азаптап өлтірілгені жұртқа мәлім. Оларға 66 жерден пышақ сұғылған екен. Содан полиция бұл қылмысты жасаған 27 жастағы Д.Дүйсенов деп, оны ұстайды. Оның ісін алқа билердің қатысуымен Павлодардың мамандандырылған ауданаралық соты қарайды. Тергеушілердің дәлелдеп берген ісіне сәйкес, прокурор айыпталушыны 21 жылға бас бостандығынан айыруды сұрайды. Бірақ істі талқылай келгенде Д.Дүйсеновтің бұл қылмысқа еш қатысы болмағандығы анықталды. Бар болғаны ол марқұмдардың банктік картасын тауып алған. Сосын онда ақша бар ма, жоқ па деп банкоматқа барған. Болды. Ал қылмысты мойындату үшін полиция қызметкерлері оны ұрып-соққан. Басына полиэтилен пакет кигізіп тұншықтырған, әбден азаптаған. Содан ол шыдай алмай, «өлтірген мен» деп мойындауға мәжбүр болған. Бірақ алқа билер мұның бәрі жалған екеніне нақты көз жеткізіп, оны ақтаған.
Міне, осылайша алқа билердің қатысуымен өтетін сотты енгізуге алдымен қандай себеп болғандығы да жасырын болмай отыр. Өйткені ақ пен қараны айыруға халық өкілдері қатысуының мәні зор. Сондықтан халық арасынан таңдап алынған он екі адам кез келген ауыр істің шешімін өздері айтуға тиіс болды. Өйткені олар, халық көзімен қарар болсақ, тек әділдікті ғана айтады. Бірақ алқа билер заңгер болмағандықтан, оларға көбіне қаралатын істің заңдылық жағынан бағыт беретін, көрсететін бір кәсіптік судья болатындығы да мәлім. Ал оның алқа билерге өз ұстанымын ұсынатындығы да белгілі. Мәселен, кезінде БАҚ-та жазылғандай, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді айыптаған қарағандылық істің шуы көп болды. Онда кеңесу бөлмесінде кәсіптік судья алқа билерге жасөспірімді айыпты деп тануды талап еткен. Бірақ шындықты өз құлағымен естіп отырған алқа билер сотталушыны кінәлі деп танудан бас тартқан. Ал судья айтқанынан танбай, алқа билерді таратып жіберген де, жаңасын жасақтауға қаулы шығарған. Тіпті жабық сот отырысындағы мәліметтердің таралуына кінәлі деп алқа билер мүшелеріне айып салынған. Мұндай үрдіс тек бір судьяға емес, тұтас жүйеге кір келтіретіні белгілі.
Ендеше ең алдымен, алқа билер қатысуымен өтетін сотқа халықтың сенімі нығаюы керек. Қоғам шынайылықты, әділдікті талап етеді. Сондықтан да кез келген соттың шешімі әділ болуға тиіс. Сонда халық өздерінің үнемі наразылығын тудыратын сыбайлас жемқорлық көрінісі сот шешіміне көлеңкесін түсірді демейді. Бұл орайда кәсіптік сот төрелігі жүйесін реформалаудан өзге, халық өкілдерінің сот төрелігін тікелей орнатуға атсалысуына жол ашу керек. 10-12 адамнан құралатын алқа билердің бәріне бірдей пара беріп, сатып алу мүмкін емес. Бұл қатардағы азаматтардың сот әділдігіне көздерін жеткізеді. Тіпті айыпталушы сотталса да тең құқылы сотпен сотталғанына сенімді болады. Алайда көптеген істер алқа билердің қатысуымен қаралатын сотқа түспей қалады.
Сондықтан ба, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов айтқандай, «алқа билердің қатысуымен өтетін сот ауқымы тарылып барады». Тек 2018 жылы олардың қатысуымен бар болғаны 44 қылмыстық іс қаралған екен. Бұл неліктен деп жұрт аң-таң. Сөйтсек оның себебін бас судья: «Бұл алдымен заңдылық жағдайына қатысты себептерге байланысты болып отыр. Қазір алқа билер 13 құрам бойынша іс қарайды. Ал Ұлттық жоспардың 21-қадамына сәйкес міндет – алқа билер қарайтын аяны кеңейту. Осыған орай біз, аса ауыр қылмыстардың көбін алқа билер қарауына беруді көздейміз. Қазір біз 27 құрамды ұсынып отырмыз, сонда іс қарау бірден үш есеге өспек», деп түсіндіреді.
Кейбір сарапшылар елімізде алқа билер соты жоқ екендігін, тек алқа билер қатысушы болып табылатын сот бар екенін айтады. Олай болса, онда біздегі алқа билер соты классикалық үлгісі емес. Өйткені біздің еліміздегі алқа билер қатысуымен жүргізілетін сот үлгісі кәсіптік судья мен халық өкілдерінен құралған аралас алқа болып табылады. Ал классикалық алқа билер сотында олар кәсіптік судьяның қатысуынсыз кеңесу бөлмесінде өздері ғана дұрыс деп тапқан шешімді шығарады. Кәсіптік судья алқа билер заңды жетік білмейді деген пайыммен, сотталушы туралы оларға теріс түсінік те беруі мүмкін. Сондықтан заңгерлердің көбі «судья алқа билермен бірге кеңесу бөлмесінде бірге болмауы керек» немесе «кінәлі не кінәсіздік туралы шешімді алқа билердің өздері шығаруы тиіс» дейді. Сол сияқты мұндай пікірді адвокаттардың бірқатары қолдайды екен. Ал неліктен мұндай мәселе орын алады десек, кәсіптік соттарға қарағанда, алқа билердің қатысуымен қаралған істе ақтау үкімі басым түседі. Сондықтан біздің сот төрелігінде «Қылмыстық іс қозғалған болса – айып бар» деген қалыптасып қалған қағида басым тұратын секілді. Алайда мұндай проблемалар алқа бидің классикалық моделі қалыптасқан Ұлыбритания, АҚШ немесе біздің көршіміз Ресейдің өзінде кездеспейді. АҚШ-тың көптеген штаттарында алқа билер шығарған шешімді қайта жою мүмкін емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Массачусетс штатына қарасты Вустер қаласының алқа билер соты америкалық Мэйоттар отбасының асырап алған қазақстандық балаларға зорлық әрекет жасағанын анықтаған болатын. Қазақстандық балаларды бауырына басқан Мэйоттар отбасына қатысты сот үкімі де шықты. 50 жастағы Джозеф Мэйоттқа «асырап алған 17 жастағы қазақстандық қызды зорлады, ұрып-соқты, балаларға теріс әсер қалдыратын фильмдер таратты» деген айып тағылса, оның әйелі 49 жастағы Линда Мэйотт «асыранды ұлын зорлап, ұрып-соққаны үшін» кінәлі деп танылды. Демек, өзін сүттен ақ, судан тазамын деп есептеген тараптардың алқа билердің қатысуымен өтетін сотқа көбірек ұмтылуы үшін, аралас соттан арылудың да артықшылығы бар ма дейміз. Әйтпесе, елімізде жылына орта есеппен он мыңдаған қылмыстық істер қаралып жатқанда, алқа билер қатысуымен 40-45 іс қаралуы теңізге тамған тамшыдай ғана.
Ал Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі Құқықтық тұжырымдама саясаты алқа билердің қатысуымен өтетін соттарда қаралатын қылмыстық істер санатын кеңейтуді көздейді. Сөйтіп алдағы кезеңде алқа билер қарауына аса ауыр қылмыстардың көбі беріліп, қазіргі қаралатын 11құрамның орнына, барлығы 45 құрамға жетпек. Дегенмен, алқа билер соты нақты заңдылық қағидаларға негізделуі керек. Өйткені бұл қылмыстық сот өндірісінің демократиялық негізін, сот төрелігінің ашықтығын арттырып, қоғамның сотқа деген сенімін нығайтуға және одан әрі оларды дамытуға аса қажет. Алайда қазір алқа билердің қатысуымен Қылмыстық кодекстің аса ауыр қылмыстық 99 құрамы бойынша 13 құрам ғана қаралады. Сондықтан Жоғарғы соттың жанынан құралған жұмыс тобының талқылауы бойынша, аса ауыр қылмыстардың 32 құрамын алқа билер қарауына ұсынбақ. Сөйтіп әзірге алқа билердің қатысуымен өтетін сот қарауы 19 құрамға ғана кеңеймек.