
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, қызмет көрсету мерзімін қысқарту, жемқорлық тәуекелдерін жою және қолайлы жағдай жасау үшін құрылған Көші-қон қызметі орталықтарында еңбек мигранттарына рұқсатнама беру бойынша қызмет «бір терезе» қағидасымен жүзеге асады. Себебі заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктер үшін отандық миграциялық полиция қырғидай тиетіні белгілі. Біреудің үйін салып, кафесінде шай тасығандарды уақытша темір торға тоғытатыны бар. Ондайда әлгі мигранттарды шақырған Қазақстан азаматтары полицейлердің «көңілін тауып», босатып алады. Осындай жемқорлық фактілері азаю үшін еңбек етуге рұқсат алу кезінде адам факторы да кемуі керек.
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, бұрын мигранттар рұқсатнаманы рәсімдеу үшін апта бойы әртүрлі мекемелерді (Мемлекеттік кірістер департаментінде ЖСН жасау, медициналық анықтама алу, полиция бөлімдерінде фотосуретке түсу және дактилоскопиядан өту, мемлекеттік баж салығын төлеу, аударма және нотариалдық қызметтер) аралап жүретін. Ал қазір Көші-қон қызметі орталығында мұндай рұқсатнаманы бірнеше сағаттың ішінде рәсімдеуге болады.
Мұндай орталықтарды құрудағы басты мақсат – елімізге келген шетелдіктерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, жемқорлыққа итермелейтін жағдайларды жою, қызмет көрсету мерзімін қысқарту.
– Көші-қон қызметі орталығында шетелдік төлқұжат пен көші-қон карточкасын ұсыну арқылы медициналық тексеруден, дактиласкопиялаудан өтеді, сақтандыруды рәсімдеп, мемлекеттік баж салығын төлейді, содан соң оған жұмыс жасауға рұқсатнама рәсімделеді. «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ-мен бірге Көші-қон қызметі орталықтары еліміздің 14 өңірінде ашылды, – деп мәлімдеді Мұрат Қабденов.
Жоғарыда айтқанымыздай, Орталық Азиядағы көршілерімізден Қазақстанға екі қолға бір күрек іздеп келетін жандар аз емес. Мәселен, жыл сайын орта есеппен тек Өзбекстаннан 140 мың кісі келеді. Қырғыз Республикасынан 80 мың. Әрине, еңбек миграциясы кез келген мемлекет үшін екіұдай мәселе. Бір жағынан арзан еңбек күші, нарықтағы шағын кәсіпкерлер үшін таптырмас жұмысшылар. Алайда олардың арасында да қылмыс жасайтындары, жұмыссыз қазақстандықтарға қызмет орны үшін бәсекелес болатындары да жетерлік. Бас прокуратураның мәліметінше, 2017 жылы мигранттар Қазақстандағы барлық қылмыстың 2,8% жасаған, көп емес. Бірақ жат жерліктің бір қылмыс жасауының өзі алаңдатарлық мәселе.
Өткен жылы ІІМ тұрғындарға 19,5 млн мемлекеттік қызмет көрсетіпті, соның ішінде көші-қон бағытындағысы 16,5 млн. Тұрғындар арасында мекенжай анықтамасы, автокөлікті тіркеу, Қазақстан азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу, төлқұжаттар мен жеке куәліктер беру, елімізге уақытша келген шетелдіктерді тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру сияқты қызметтер көп сұранысқа ие.