Еркін Медетовтің дәрігерлік еңбек жолы 10 жылдан астам уақытты құрайды. Соған қарамастан Ұлттық нейрохирургия орталығында 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл дәрігері» атанды. Жапония, Италия, Франция, Германия сынды елдерде тәжірибе алмасып, өзі еңбек ететін орталықта алғашында 4 жыл резидентурада оқыса, енді докторантураны тәмамдағалы отыр. Орталықтың тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің маңдайалды білікті маманы. – Әкем эпидемиолог дәрігер болғандықтан, сол жолмен мамандығымды таңдадым. Бірақ бағытым, көріп отырғаныңыздай нейрохирургия мұхитының тереңіне бойлап, осы арқылы пациенттеріме көмектессем дедім, – деген жас дәрігер мамандығын терең игеруде жол көрсеткен ұстаздары Серік Ақшолақов пен Талғат Пазылбековке деген ілтипатын да жеткізді.
Әдетте дәрігерлер қауымы ана тілімізге келгенде тапырақтап, саржелісінен жаңылып қала береді. Мұны қажетті әдебиеттердің орыс тілінде болғандығымен түсіндіреді. Ал Еркін Жұмағұлұлының қазақшасы кәсіби медицина тақырыбында да су төгілмес жорғадай қамшы салдырмайды екен.
– Біздің қазіргі жұмысымыз әлемде санаулы мемлекеттерде Жапония, Финляндия, Голландияда ғана басталған зерттеудің жаңа түріне бағытталып отыр. Бұл аневризмаларға генетикалық тұрғыдан бейімділікті анықтау. Жалпы аневризма дегеніміз – тамыр қабырғасында қапшық тәрізді кеңіген жердің пайда болуы. Дүниежүзілік статистика деректеріне қарағанда, бұл барлық адамға тән емес, тек 2-3 пайызында кездеседі. Осылайша есептегенде елімізде 500 мыңға жуық адамда аневризма бар, бірақ оны адамдар білмейді. Біздің мақсатымыз – осы аневризмадан отандастарымызды құтқарып, инсультке жеткізбеу. Шын мәнінде, бұл өте маңызды мақсат. Көздеген нәтижемізге жетсек деген арманымыз бар. Егер аневризманы анықтап, кеңіген жерлерді кіші инвазивті тәсілмен немесе кәдімгі операция жасау арқылы инсультке жеткізбей отап отырсақ, пациенттерге пайдамыз тиіп, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосамыз. Бұл – қосымша қаражат үнемдеу, адамдардың еңбекке қабілеттілігін жоғалтпауына үлес қосу, өмірлерінің ұзаруы деген сөз. Қазір инсультке нағыз еңбек етер жастағы тепсе темір үзетін адамдар шалдығып жатыр. Кеше ғана ойнақтап жүрген жан, бір сәтте орнынан қозғала алмай, кіріптарлыққа ұшырайды, одан құлантаза жазылып, сырқаты ізсіз кететін жайт аздау. Зерттеулер арқылы қазақ популяциясында қаншалықты ми-қан айналымы аневризмаларының генетикалық тұрғыдан тұқым қуалаушылығы барлығын анықтауды мақсат еттік. Біраз нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, кәсіби тілде бір нуклеотидті полиморфизмдер деген бар. Біз оның бейімдеушілігін анықтап, қан қысымы, аневризмалардың орналасқан жері, көлемі, пациенттің жас мөлшері сынды маңызды өлшемдерді саралау, зерттеу арқылы науқастардан қазақтарға тән 13 полиморфизмді жіктеп алдық, – дейді ол. Бұл инсульттің алдын алудың бірден-бір жолы. Дәрігердің айтуынша, қазір бұл зерттеуді жаппай қолдану мүмкін емес. Өйткені генетикалық анализ жасаудың құны жоғары. Бірақ ғылым даму үстінде. Келешекте анализдерді тапсырып, зерттеуден өту тіпті де қымбатқа түспеуі мүмкін. Скрининг арқылы аневризмаға ұшырауы ықтимал пациентті анықтауға қол жететініне сенімді Еркін Жұмағұлұлы келешекте бұл зерттеулердің инсульттің алдын алуға жол ашатынын айтады.
Е.Медетов осындай іргелі ізденістермен бірге былтыр 130-дан астам операция жасап, арасында аймақтардан келген мамандарға дәріс беруге де уақыт табатын, тәуліктің әр сәтін пайдалы өткізгісі келетін жан. «Бірде облыста аяғы ауыр келіншектің инсульт алғаны туралы хабар жетті. Ал бір жарылған аневризма сонымен тоқтап қалмай қайта жарылуы да мүмкін. Мұндай кезде комаға түсіп кететіндіктен адамның тірі қалуы екіталай. Сондықтан әйелге операция жасадық. Ана мен бала орталығынан гинекологтарды шақырдық. Өйткені ота барысында түрлі жағдай болуы мүмкін. Олар операция кезінде келіншектің құрсағындағы баласына және жүктілігіне кері әсер болмауын қадағалап тұрды. Осындай кешенді шараның нәтижесінде анасы да, баласы да дін аман қалды. Отбасы да, дәрігерлер де қуанышқа бөленді. Біздің орталықта жағдайы дұрысталып, үйіне оралған келіншек толғағы жеткенде табиғи жолмен босанды», деді Еркін Жұмағұлұлы.
– Дәрігер үшін әрбір пациенттің «Рахмет сізге, дәрігер!» деген сөзін естуден артық қуаныш жоқ. Сондай сәтте көңіл күйім ерекше толқиды, тіпті пациенттен де, оның жақындарынан да артық қуанамын. Олар да шексіз алғысын білдіріп, құшақтап, сүйіп, батасын береді», – дейді ол.