• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Сәуір, 2019

Ташкентке барған тарих

1126 рет
көрсетілді

Өзбекстандағы Қазақ­стан жылының ашылуы­на орай, елордадағы Ұлттық музей Ташкент қаласында «Ұлы дала: тарих және мәде­ниет» атты көрме ұйым­дас­тырды.

Көрмеге Ұлттық музей қорынан барлығы 127 жә­ді­гер таңдалып алынса, оның дені еліміздің ежелгі жә­не ор­тағасырлық тарихи жау­һар­лары. Сондай-ақ сөреге «Ұлы даланың жеті қырында» атап көрсетілген әрбір сала бойынша құнды жәдігерлер де қойылды. Сонымен қа­тар көрме төрінен Батыс Қазақ­стан облысы жерінен табылған «Тақсай», Қарағанды облы­сының «Талды-2», Шы­ғыс Қазақстан облысының «Бе­­­рел» қорымдарынан та­был­­­ған археологиялық біре­гей ол­жалар да көрсетілді.

Шараның ашылу салтана­тына Өзбекстандағы Қазақ­станның Төтенше жә­не өкі­летті елшісі Дархан Са­ты­бал­ды, Өзбекстан елінің Мәдениет вице-министрі Камол Акилова, Ұлттық музей директоры Алмаз Нұразхан, Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Файзиева және басқалар т.б. қатысты.

Алғашқы болып сөз сөй­­леген Қазақстан елшісі Дар­хан Сатыбалды мұндағы бас­ты экспонат «Алтын адам» Ұлы дала мәдениетінің өшпес мұрасы екеніне тоқталып, аталмыш жәдігер бұған дейін Оңтүстік Корея, Польша, Ре­сей, Беларусь, Қытай қа­тар­лы мем­­лекеттерде болып, әлем музейлеріне шеру тартқанын айтты.

Осылай сәтімен басталған екі ел аралық рухани достас­тық байланыстың маңызына тоқ­талып өткен Ұлттық музей ди­ректоры Алмаз Нұразхан, өздерін ыстық ықыласпен қа­былдаған әріптестеріне, сондай-ақ қақ төрінен орын берген Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің ұжымына алғыс білдірді.