Түп-тамыры тарихтың алтын қойнауынан бастау алған Қазақстанды алда одан да үлкен істер күтіп тұр. Әлемнің дамыған озық отыз елінің қатарына кіру үшін бар күш-жігерімізді салып еңбек етудеміз. Бұл үшін ғасыр шежіресін жалғап, алдағы бес жылда еліміздің саяси-экономикалық бағытын жүргізетін көшбасшымызды айқындап алуымыз қажет. Өйткені Қазақстанға бүгінгі таңда ең бастысы саяси-экономикалық тұрақтылық пен қоғамдық бейбітшілік керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы табысты жүзеге асары анық. Келешекте де Тұңғыш Президентіміздің салған сара жолы мен сарабдал саясаты жалғасын табады деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған мәселелер өте көп. Әрине жақын болашақта олар өз шешімін таппақ. Қазақстан егемен ел атанған күннен-ақ тізгіні дана саясатшының қолында болып, бүгінде қуатты елдің көрінісіне айналды. Азаттықтың алғашқы күнінен есептегенде бүгінге дейін елімізде тың өзгерістер орын алды. Дағдарыстың тар қыспағында талай елдің сағы сынған кезеңдерде де бай, қуатты мемлекетімізде жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға көрсетілетін жәрдем, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп отырды.
Бүгінде еліміз аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеруде. Алты құрлық таныған Қазақстанның болашақ тағдыры әлем елдерінің де назарынан тыс қалмаған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде «Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы президенттік сайлау осыған дәлел болуы керек. Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет», деген болатын. Сондықтан да бәріміз аталған сайлауға бір кісідей атсалысуымыз, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Мемелекет басшысын таңдауымыз қажет.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты