• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2019

Университетте жаңа орталықтар ашылды

1133 рет
көрсетілді

Қырық жылдық тарихы бар Yessenov University Маңғыстау өңірінің жедел дамып отырған әлеуметтік-экономикалық салаларына мыңдаған мамандар даярлап, экономикалық-шаруашылық, мұнай-газ, құқық, оқу-ағарту, құрылыс, т.б. салаларының өркендеуіне қомақты үлес қосып келеді.
Бүгінде Yessenov University – жоғары материалдық-тех­ни­ка­лық база­мен жабдықталған, студент­тер­дің интеллектуалдық және шығар­ма­шылық дамуы­на жан-жақты мүмкіндік бере­тін, аймақ­тың дәстүрлі және иннова­ция­лық кластерлері үшін мамандар даярлауды жүзеге асыруға икемді тұ­тас ғылыми-техникалық инфра­құ­­рылым болып табылады. Биылғы оқу жылында университет студенттерінің саны үш есеге артты. Олардың арасында мыңнан аса шетелден келген білім алушылар қабылданды.

– Оқу орны алдына тың жобалар мен бастамаларды қойып отыр. Мақсат – жастарға жаңа­ша білім беріп, заман тала­бы­на сай бәсекеге қабілетті ма­ман­дар даяр­лауға қол жет­кі­зу. Бұл бағыт­та университет басшы­лы­ғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» бағдар­ла­малық мақаласын басты бағдар етіп, оны жүзеге асыру жолында жұмыс жасауда. Сондай-ақ Елбасы 2019 жылғы Жастар жылын­да жастарға көңіл бөліп, қолдау көрсету қажеттігін тапсырды. Дамып келе жатқан елiмiз­дiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, ар­ман-мұратына байланыс­ты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құн­дылықтарымызды, тарихи дәстүр­лерiмiздi жаңғыртып, қата­рына үлгі болуы міндетті, дей­ді университет ректоры Б.Ахметов. 

Өткен жылдан бері өңір жас­тары бірнеше стартап жобаларға қатысу арқылы кәсіпкерлігін бас­тап, табыс әкелуде. Соның бірі – «Менің арманым» ұлттық стартап жобалар байқауы. Университетте ұйым­дастырылған іріктеу ке­зеңін­де 200-ден астам идеялар тіркелді, үздік 42 жоба жергілікті кәсіп­керлерге өз жобаларын қорғап, 30 жоба ширек финалға, соның ішінде 8 жоба жартылай финалға қатысып, 5 жоба финалға өтті. Жуырда өңірде өткен жас­тар форумында универси­тет студент­те­рі таныстырған «Ақылды таяқша» жобасы қазіргі таң­да өте керекті әлеуметтік жоба­­лардың бірі ретінде баға­ла­нуда. 

Елбасының 5 әлеуметтік бас­тамасын жүзеге асыру және жастарды әлеуметтік қолдау мақсатында университет биылғы жылы 500 орындық студенттік жатақхана, келесі жылы тағы бір 500 орындық студенттік жатақхана салуды жоспарлап отыр. 

Алдына биік жоспарларды қойып отырған университетте Амал мерекесі қарсаңында тың жаңа­лықтардың тұсауы кесілді. «Ру­хани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында кәсіпкерлік білім беру бағытында Каспий өңірі жастарының, жаңа бас­таушы кәсіпкерлердің және оқытушылар құрамы арасында инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, келешекте стартап идеяларды табысты бизнеске айналдыру мақсатында «Каспий» кәсіпкерлік орталығы ашылды. Бұл орталықта университетке оқуға келген студент өз мамандығы бойынша білім алып қоймай, өз бизнесін дамытуына мүмкіндік алады. Сондай-ақ халық шежірешісі, қазақ халқының, оның ішінде Маңғыстау қазақтары бастан кешірген тарихи оқиғалардың ізін зерделеген өлкетанушы, Адайдың рулық генеалогиясын, шежіресін қағаз бетіне түсірген алғашқы автордың бірі Алшын Мендалиев атындағы және қоғам қайраткері, көп жылдар ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарған, «Парасат» қозғалысының же­тек­­шісі, «Халықтық келісім» ҚБ бірінші төрағасы болған Жаздырхан Сейдалиев атындағы ауди­ториялар студенттер игі­лі­гі­не ұсынылды. 

Бәсекеге қабілетті, жан-жақты білімді жастарды қалыптастыру үшін олардың тіл үйренуі де бас­ты назарда. Сондықтан универ­ситет­те оңтүстіккореялық Тон­мен Университеті мен Yessenov University арасындағы ынты­­мақтастықты нығайту жұ­мыс­­­тарының жалғасы ретінде, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік мемлекеттік университеті жанын­дағы «Корей тілі орта­лы­ғының» директоры Сон Си Мьеннің қолдауымен «Корея Республикасының мәдениеті мен тарихын танымал ету және корей тілін үйренуге қолдау көрсету» мақсатында корей тілі орталығы, сондай-ақ латын тілі, ағылшын тілі орталықтары ашылды. Енді студенттер аталған орталықтарда тіл үйреніп, кәсіпкерлікті қолдау орта­лығында өз жобаларын жүзе­ге асыруға қанаттанатын болады.  Маңғыстау облысы