• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2010

ӨМІРІМІЗ ӨЗЕКТЕС ӨЗБЕК ЕЛІ

1037 рет
көрсетілді

– Бөрібай Биқожаұлы, бүгінгі әңгімеміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбек­стан Республикасына ресми сапары қар­са­ңын­да реті келіп отырғандығымен ерекше екені анық. Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты қатынастарының қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз? Біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтас­тық­тың одан әрі даму перспективаларын қалай елестетесіз? – Қазақстанның сыртқы саясатында зор саяси, экономикалық және адамдық ре­сурстарға ие болып отырған Өзбек­стан­мен өзара тиімді қатынастарды нығайтуға үлкен маңыз беріледі. Біздің елдеріміз қа­шанда ынтымақтаса іс-қимыл жасауға және мәмілеге келуге ұмтылып отырған, өйт­кені, бұл – берік және тұрақты қаты­настарды қамтамасыз етудің алғышарты. Қазақстан мен Өзбекстан аумағы, халқы, экономикасы мен табиғи ресурстары тұр­ғы­сынан алғанда Орталық Азиядағы же­текші мемлекеттер екендігі де екіжақты қатынастардың маңызды факторы болып табылады. Қазақстан-Өзбекстан түрлі деңгейдегі қатынастарының тәуелсіз дамуы егемен­дік­тің алғашқы күнінен бастап жоғары белсенділігімен ерекшеленсе, бұл екі мемлекет арасындағы жан-жақты өзара тиімді байланыстар үшін берік негіз қалауға мүмкіндік туғызды. Екі жақты қатынастардың шарттық-құ­қық­тық базасы іс жүзінде ынтымақ­тас­тық­тың барлық қырларын қамтиды және 100-ден аса мемлекетаралық және үкімет­ара­лық құжаттарды құрайды. Екі елдің мемлекеттік органдары бас­шыларының арасында келіссөздер мен консультациялар тұрақты түрде жүргізіледі. Терроризм мен экстремизм, есірткінің заң­сыз саудасы, трансұлттық қылмыс се­кілді жаңа қыр көрсетулер мен қатерлерге қарсы күрес салаларындағы ынтымақ­тастық табысты түрде дамуда. 2006 жылғы 19-20 наурыздағы Қа­зақстан Президентінің Өзбекстанға мем­ле­кеттік сапары және 2008 жылғы 22-23 сәуірдегі Өзбекстан Президентінің Қазақ­станға ресми сапары екіжақты қатынас­тар­дың аса маңыздылығын және өзара ба­сым­дыққа ие екендігін көрсетеді. Бұдан басқа, геосаяси тұрғыдан қара­ғанда, Қазақстан мен Өзбекстан өңірлік тұ­рақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісін­де аса маңызды рөл атқарады. Қазақстан мен Өзбекстан халқы ұлттық табиғаты мен ортақ тамыры бойынша жақын халықтар, сондықтан тарихи және рухани дамуының ортақтығына ерекше мән берген ұтымды. Екі ел арасында Мәңгілік достық ту­ра­лы шартқа қол қойылғанын атап өту қажет, бұл халықаралық тәжірибеде одақтастық қатынастардың жоғары түрі болып табылады. Тату көршілік қатынастардың дәлелі ретінде Қазақстан мен Өзбекстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шартқа қол қойды. Біз Қазақстан-Өзбекстан шекарасы достық пен ынтымақтастықтың шекарасы болып қалуы тиістігіне және болатынына сенімдіміз. Қазіргі уақытта тараптар мемлекеттік шекараны демар­ка­циялаудың соңғы кезеңіне аяқ басты. Сонымен бірге, Қазақстан мен Өз­бек­стан көпжақты ынтымақтастық шеңбе­рін­де өзара әрекет жасайды. Екі ел де ШЫҰ, АӨСШК, ТМД және ҰҚШҰ-ға қаты­су­шы­лар болып табылады. Осыған байланысты, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғанын айта кетейін. Біздің ел ЕҚЫҰ төрағасы лауазымына ТМД тарапынан ұжымдық кан­дидат ретінде ұсынылды, сондықтан Дос­тастық бойынша өз әріптестерінің ұсынымдары мен пікірлерін құрметтейтін болады, сондай-ақ осы кезеңде Өзбекстан Республикасы қолдау көрсетеді деп сенеді. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуінің негізгі басымдықтарының бірі ЕҚЫҰ Саммитін өткізу десек, Өзбекстан тарабы Қазақстанның ЕҚЫҰ Саммитін өткізу идеясын қолдайды деп сенім артады. Екі жақты қатынастардың маңызды са­ласы мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тас­тық болып табылады. Оның барынша да­муы біздің халықтарымыздың мүдделері мен мақсаттарына толық жауап бе­реді. Сондықтан екі елдің тиісті құрылым­дары мәдени-гуманитарлық ынтымақтас­тық­ты дамыту және тереңдету жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу үстінде. Осы айтылғандарды қорытындылай келе, екіжақты ынты­мақ­тастықтың даму қар­қыны жоғары және бұл үрдіс келешекте де сақталады деп санай­мын. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Өз­бек­стан арасындағы қаты­нас­тар ауқымы өте кең екені анық аңғарылады. Ал біздің басты мінде­тіміз – қазақ-өзбек ын­ты­мақтастығының бар­лық әлеуетін екі елдің стратегиялық мүдделері жолында барынша іске асыру. – Экономикалық мәселелер екіжақты қа­ты­настардың маңызды құрамдасы екені анық. Осы орайда, сауда-экономикалық байла­ныс­тарды кеңейтудің нақты тетіктері мен шаралары туралы не айтар едіңіз? Екі елдің экономикалық ынтымақтастығының жай-күйі мен оның даму келешегіне берер ба­ға­ңыз қандай? – Екі елдің экономикалық ынты­мақ­тас­тығының парадигмасы жеткілікті түрде қарқынды және тұрақты дамуда. Ғасырлар бойы Қазақстан мен Өзбекстан аумақ­та­рын­да шығыс базарлары салтанат құрса, жүз­деген жыл бойы шаңы бұрқыраған ке­руен жолдарымен түрлі тауарлар тасымал­данып, үнемі сауда айырбастары жүріп жатты. Бүгінгі таңда тараптар сауда-саттықтың шарт­тық-құқықтық базасының айтар­лық­тай қорын жасады, ол іс жүзінде экономи­ка­лық ынтымақтастықтың барлық сала­ла­рын қамтитын 60-тан астам мемлекет­ара­лық, үкіметаралық және ведомствоаралық құжатты құрайды. Тараптар негізгі құжат­тарға – 1995 жылғы 7 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Респуб­ли­касы арасында Біртұтас экономикалық ке­ңістік құру туралы шартқа, 1997 жылғы 2 ақпанда инвестицияларды қолдау және өзара қорғау туралы келісімге, 2007-2016 жыл­дарға арналған экономикалық ынты­мақ­тастық стратегиясына, 2006-2010 жыл­дарға арналған экономикалық ынтымақ­тастық бағдарламасына және өзара ин­вес­тицияларды қорғау, кеден ісі, банк және т.б. салалардағы бірқатар құжаттарға қол қойды. Қазақстан соңғы жылдары Өзбекстан­ның негізгі сауда әріптестерінің бестігіне кіреді. Жалпы, өзбек елі сауда айналы­мын­дағы еліміздің үлесі шамамен 6-10% құрайды. Сонымен бірге, әлемдік қаржы дағдарысы елдеріміз арасындағы алыс-берістің қарқы­ны мен көлеміне кері әсерін тигізді. Сауда айналымы 2009 жылы 1 млрд. 196,3 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт – 891,8 млн., импорт – 304,4 млн.) және 2008 жыл­мен салыстырғанда 33,1% төмендеді. Дей тұрғанмен, екі елдің өзара бай­ла­ныс­тары және шаруашылық субъек­ті­ле­рі­нің қатынасы жандана түсті. Мысалы, Қа­зақстанға өзбектің тікелей инвестиция­лары 3,7 млн. АҚШ долларын құрады, Қа­зақстан жағынан 134,4 млн. АҚШ долларына жетті. Өзбекстанның им­порт құ­ры­лы­мын­да, негізінен, ми­не­рал­ды отын, мұнай және оның өнімдері, азық-түлік пен оның өнім­дері, ұн, да­қыл­дар өнеркәсібінің өнімдері, рудалар, шлак пен күл, қара, түс­ті метал­дар мен олардан жасалған өнім­дер, неор­га­ни­ка­лық химия өнім­дері, азық-түлік тауарлары басым болып табылады. Қазақстанға энергия тасығыштар, атап айтқанда, табиғи газ, электр энергиясы, мақ­­та талшығы, химия өнімдері мен пласт­­масса бұйымдары, құрылыс мате­риал­­дары, тыңайтқыштар, шыны және шыны өнімдері, қара металл, электр жаб­дықтары, жеміс-жидек өнімдері экспортталады. Өзбекстанда қазақстандық инвести­ция­ның қатысуымен 163 кәсіпорын жұмыс іс­тейді. Мұнда “Қазақстанның Даму банкі” АҚ, “Қазақстан темір жолы” АҚ, Қа­зақстанның халық банкі өкілдігі – “Ха­лық Лизинг Қазақстан” және “Қазақ­па­рат” АҚ өкілдіктері жұмыс істейді. Қазақстанда өзбек капиталының қа­ты­суымен 282 кәсіпорын құрылған. Бұл кә­сіпорындар негізінен сауда және құрылыс салаларын қамтиды. Экономикалық байланыстардың да­муы­на екі ел Президенттерінің қол­дауымен құрылған Мемлекетаралық үй­лес­тіруші кеңестің қызметі игі ықпалын тигізуде. Оның шеңберінде жылына екі рет екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланады, мүдделі министрліктер мен ведомстволарға елдер арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты тапсырмалар беріледі. Мұнай-газ және көлік-коммуникация са­лаларындағы ынтымақтастық экономи­ка­лық әріптестіктің барынша маңызды аспектісіне жатады. Жыл сайын Қазақстан Ресей тарапымен “своп” операциялары бойынша елдің оңтүстік өңірлерінің мұқ­таждығы үшін 3,5 млрд. текше метр көле­мінде өзбек табиғи газын сатып алады. Бұдан басқа, тараптар Орталық Азиядан газды әлемдік рынокқа жеткізу мәселелері бойынша келісілген саясат жүргізеді. Бұл бағытта қазіргі уақытта транзиттік қуатты арттыру мақсатында біздің аймақ­тан Еуропа мен Қытай рыноктарына газ құ­бырының жаңа желілерін қайта жаң­ғыр­ту мен салу жөнінде консультациялар жүр­гізілуде. Мысалы, жақында, “Түркімен­стан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай” газ құбы­ры ашылды, бұл түркімен газын Қытайға жеткізуге мүкіндік береді. Көлік саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, мәселен, тарап­тар арасында 2006 жылы наурызда Халық­аралық автомобиль байланысы туралы келісімге қол қойылды, ол автомобиль көлігінің рұқсатсыз жүру жүйесін көздейді. Сондай-ақ, Халықаралық Е-40 көлік дәлізі құрамында “Атырау-Бейнеу-Қоңырат” және “Ақтау-Бейнеу-Қоңырат” автомо­биль жолдарын қатар салу жобасын жүзеге асы­ру туралы уағдаластыққа қол жет­кізілді. Темір жол көлігінде Алматы-Ташкент-Нүкіс бағыты бойынша жолаушылар тасу қайта жаңғырды. Қазақ тарапы жыл сайын мақта, жеміс-жидек сынды өзбек тауар­ларын Қазақстан аумағы арқылы үшінші елдерге темір жол көлігімен тасуға төмен коэффициент қояды. Әуе көлігі саласында қазіргі уақытта аптасына екі рет Ташкент-Астана-Ташкент авиарейстері ашылған, Алматы-Ташкент-Алматы авиарейстері аптасына жеті ретке дейін көбейтілді. Еркін сауда аймағын құру шеңберінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы еркін сауда режімінен алып тастауларды кезең-кезеңмен болдырмау кестесін келісу мен қабылдау жұмыстары жүр­гізілуде. Ин­вестициялық (инновациялық) жобалардың келешегі туралы тұрақты ақпарат алмасу көз­делген, инновациялық инфрақұрылым­дар (технопарктер, бизнес-инкубаторлар, венчурлық қорлар) құру саласындағы ын­тымақтастық жолға қойылып келеді. Ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ете алған ірі мемлекет ретінде Өзбекстан біз­дің еліміздің сыртқы экономикалық стра­тегиясында маңызды орын алады және солай болып қала бермек. Ташкент те екі­жақты ынтымақтасты нығайтудың өмірлік қажеттілігін лайықты қабылдайтыны біз үшін, сөз жоқ, маңызды. Анығын айтқан­да, қазақ-өзбек қарым-қатынастары – бұл Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық­тың маңызды факторы. – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық өзендердің су-энергети­ка­лық ресурстарын пайдалану мәселелері қа­лай шешілуде? Қазақстан осы ретте қандай шаралар қабылдауда? – Орталық Азияның трансшекаралық өзендерінің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері бүгінде Қа­зақ­стан үшін басты, ал өңір үшін өзекті мә­селе болып отыр. Осы мәселелердің ше­шілуіне өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі тәуелді дер едім. Барлық мемлекеттер трансшекаралық өзендердің су-энергетикалық ресурстарын келісіп пайдалануда ымыраласу өңір мемлекеттерінің түбегейлі мүдделеріне сай келетінін және трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайлар туындауының алдын алатынын жақсы түсінеді. Трансшекаралық өзендердің су-энер­гет­икалық ресурстарын тиімді пайдалану­дың негізі – Мемлекетаралық су көзде­рі­нің су ресурстарын пайдалану мен қор­ғауды бірлесіп басқару саласындағы ын­ты­мақтастық туралы 1992 жылғы келісім, Сырдария өзені бассейнінің су-энер­ге­ти­калық ресурстарын пайдалану туралы 1988 жылғы келісім сияқты көпжақты құжаттар. Қазақстан трансшекаралық суды пай­да­ла­ну мен оны реттеуді өзара келісілген негіз­де және су қоймаларын реттеу режімін үй­лестіру мен су және отын-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдаланудың жалпыға мойындалған халықаралық нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып іске асыру қажет деп санайды. Қазақстан су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеудің әмбебап тетігін жа­сауды, сондай-ақ су-энергетикалық мәселелерді реттеу бойынша өңірлік консорциум құруды жақтайды. Мұндай консорциум шаруашылық субъектілері деңгейінде су-энергетикалық ресурстарды пайдаланудан экономикалық пайда табуға мүмкіндік берер еді. Суды пайдалану туралы сөз қозғағанда, Қазақстан мен Өзбекстан Арал эколо­гиялық дағдарысының зардаптарымен байланысты мәселелерді шешуде әлемдік қоғамдастықпен ынтымақтастықты толық қостайды. Қазіргі уақытта Арал мәселелері бойынша Германиямен, Франциямен, ГЭФ, БҰҰДБ, Дүниежүзілік банк сияқты ұйымдармен ынтымақтастық жүзеге асуда. – Сіз Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың Өзбекстанға алдағы сапарына байланысты не айтар едіңіз? – Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә. Назарбаевтың Өзбекстан Рес­публикасына үстіміздегі жылдың 16-17 нау­рызында болатын ресми сапары екі­жақ­ты қарым-қатынастарды барынша жо­ғары жаңа сапалық деңгейге шығаруға мол мүмкіндік, тың серпін береді деп үміт­те­не­міз. Қазақстан үшін Өзбекстанмен өзара іс-қимылдарды жандандыра түсуге қол жеткізу, халықаралық аренада екі елдің бас­тамаларын жан-жақты қолдау аса маңызды. Ынтымақтастықтың тағы бір үлкен бө­лігі сауда-экономикалық бағыт болып та­былады, ол қазіргі күнде жаңа талаптар мен көзқарасты қажет етеді. Осы орайда өзара сауда мен инвестицияларды жан­дан­дыру мәселелері Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің жіті назарындағы тақы­рып болмақ. Сапар барысында Қазақстан Рес­пуб­ли­касы мен Өзбекстан Республикасы Пре­зи­денттерінің Бірлескен мәлімдемесіне, дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын са­луға жер учаскесін өзара бөлу туралы үкі­метаралық келісімге және Сыртқы сая­сат ведомстволары арасындағы ынтымақ­тас­тықтың 2010-2011 жылдарға арналған бағ­дарламасы мен басқа да бірқатар ма­ңыз­ды құжаттарға қол қойылады деп жос­парлануда. – Әңгімеміздің соңында елшіліктің таяудағы жоспарлары жөнінде айта кетсеңіз. – Елшіліктің негізгі жұмысы Қазақ­станның Өзбекстанға, оның ішінде өңірге қатысты сыртқы саясатындағы басты ба­сым­дықтарын қамтамасыз ету болып та­бы­лады. Осыған байланысты қол жеткен уағ­даластықтар және біздің лидерлеріміз бен елдеріміз арасындағы тұрақты конс­трук­тивті саяси үнқатысу мемлекеттік би­лік­тің функционалды міндеттерін анық­тайды және олардың нақты орындалуын талап етеді. Сондай-ақ елшілік екі елдің Пре­зиденттері, үкіметтік органдары мен бас­қа да институттары арасында қабыл­дан­ған шешімдер мен қол жеткізілген уағ­даластықтарды іске асыру бойынша жұ­мыстарды жалғастырады. Бұл тұрғыда алға қойылған міндеттерді табысты түрде шешу үшін көптеген түрлі іс-шаралар жоспар­лан­ған. Солардың ішінде шекара маңын­дағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және инвестиция саласындағы ықпалдас­тықты тереңдетуге бағытталған іс-шара­ларды ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, бизнес-құрылымдардың қатысуымен Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралық облыстары басшыларының кездесуін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы парламентаралық ын­тымақтастықты және түрлі қоғамдық, сая­си институттар арасындағы екіжақты бай­ланыстарды, солардың қатарында діни аспектідегі қатынастарды жандандырамыз ғой деп үміттенеміз. Жалпы алғанда, елшіліктің 2010 жылға жоспарлаған жұмыс көлемі ауқымды.