Жуырда Қазақстан Жазушылар одағы Секретариат мәжілісінің шешімімен 2017-2018 жылдар үшін бірқатар қаламгерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.
Алаш арысы Міржақып Дулатұлы ақталғаннан бергі отыз жыл бойы осы қайталанбас тұлға туралы зерттеу мақалалар мен эсселер, деректі әңгімелер жазған әріптесіміз, оның мүрдесін қиырдағы Карелиядан әкеліп, туған Торғайына мәңгі табыстауда зор еңбек сіңірді. Міне, Қ.Әлімнің алашшыл жүрек иесі Міржақып мұрасын насихаттаудағы ерен ізденісі осылайша «Алаш» сыйлығымен орынды аталып өткені өзі ширек ғасыр жемісті еңбек еткен газет ұжымын, оқырмандарын зор қанағат сезіміне бөлейді.
Осы жолы Халықаралық «Алаш» сыйлығы он тоғыз қаламгерге берілгенін айта кеткеніміз жөн. Олардың ішінде есімдері елге елеулі Зейнолла Тілеужанов, Ғұсман Жандыбаев, Сайлаубай Жұбатырұлы, Байбота Қошым-Ноғай, Серікбай Оспанов, Мира Шүйіншәлиева, Мырзан Кенжебай, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты шығармашыл жандар бар.