• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Сәуір, 2019

Депутаттар әзірлеген заң жобасы мақұлданды

896 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­тулиннің төрағалығымен өткен палатаның кезекті жалпы отырысы төрт мәселені қарады.
Соның ішінде Мәжіліс де­пу­таттарының бастамасымен әзір­ленген «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық акті­леріне мемлекеттік қызметтер көр­сету мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірін­ші оқылымда қаралып, ұзақ тал­қы­ланды. Заң жобасы бойын­ша баяндаманы депутат Май­ра Айсина жасады. Ол өзі­нің сөзінде заң жобасы Елба­сының Қазақстан халқына Жол­дауларында айтылған мемле­кет­тік қызметтерді «бір терезе» қағидатынан «бір өтініш» қағи­датына көшіру және оларды электронды форматқа ауыс­тыруды биыл 80 пайызға, ал келесі жылы тағы да 10 пайызға көтеру, сондай-ақ «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңды жаңарту қажеттігі ту­ралы тапсырмаларын іске асы­ру мақсатында әзірленгенін жет­кізді. Өзгерістердің нені қамти­тынына тоқталғанда баянда­ма­шы: «Біріншіден, бүгінгі таңда, адамдар тіркелген жеріне бай­лан­ғаннан кейін кейбір қыз­меттерді өзіне ыңғайлы болатындай етіп пайдалана алмайды. Осыған байланысты азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық 7 түрі бойынша қызмет көрсетудің экс-аумақтық қағидатын енгізу бойынша түзетулер енгізіліп отыр». Бұл азаматтардың өті­ніш­ті Қазақстанның кез келген ау­мағында бере алуына мүм­кін­дік беріп, бала тууды, қай­тыс болуды, некені қию мен бұ­­зу­ды, атын, әкесінің атын, тегін өзгертуді және т.б. тіркеу­лерді қамтиды. Екіншіден, «Бір тере­­зе» қағидатының орнына «бір өтініш» қағидаты немесе қыз­­меттер көрсетудің компо­зит­тік тәсілі енгізіледі. Композит – адамның бір өтініш арқылы бір­неше өзара байланысты қыз­мет­терді алуына мүмкіндік береді. Мысалы, бұрын азамат зейнетақы төлемдерін алуға арналған екі түрлі өтінішті «Халыққа қызмет көрсету орталығына» беруге тиіс болатын. Олар базалық зей­нетақы, жеке және ортақ зейнетақы бойынша бөлек-бөлек еді. Бұған қоса «Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорына» тағы бір өтініш беруі қажет болатын. Композиттік тәсіл осы қыз­мет­терді тек «Халыққа қызмет көр­сету орталығы» арқылы бір өті­нішпен алуға мүмкіндік береді.

Баяндамашы заң жобасы бар­лығы 55 қызметті біріктіретін осын­дай 21 композиттік тәсілді енгі­зуді көздеп отырғанын жет­кізді. Бұл, әсіресе мүмкіндігі шек­теулі балалары бар отбасылар үшін ыңғайлы болмақ. Сонымен бір­ге ол сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін болғызбау және биз­неске қолайлы жағдай жасау мақ­сатында орта және ірі кәсіп­керлік субъектілерін тіркеу­ді толығымен электронды фор­матқа көшіру және құжаттар тіз­бе­сін оңтайландыруды көздей­ді. Нәтижесінде жеке кәсіпкер­лікті тіркеу электронды өтініш бе­рілген кезден бастап қазіргідей бір күн емес, бір сағаттың ішін­де жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ заң жобасы әке болу мен асырап алуды мемле­кет­тік тіркеуден алып тастайды, өйт­кені бұл туралы сот өз шеші­мін тіркеуші органға электрон­ды нұсқамен жібереді. Бұл қағаз құжат айналымын едәуір қысқартып, бланкіге жұмсалатын шығындарды, адамдардың әр­түрлі есікке баруын азайтады. 

Қазір ел азаматтары тарапынан мемлекеттік органдардың шешімдері салдарынан мекенжай мен жылжымайтын мүліктің деректерін өзгерту наразылық туғызып жатады. Мысалы, мем­ле­кеттік органдардың шешімі бо­йынша көшенің атауы немесе үйлердің нөмірі өзгерсе, тұр­ғындардың да өз құжаттарына өзге­рістер енгізуіне тура келген, өйткені үйдің мұндай құ­жат­­тарын банк те, нотариус та қа­­былдамайды. Ал мына заң жо­­басында мемлекеттік орган­­дар­дың шешімімен елді мекендердің, көшелердің атау­лары, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нө­мірі өзгерген кезде жыл­жы­май­­тын мүліктің сәйкес­тен­діру сипаттамаларына өзге­ріс­терді тіркеудің автоматты түрде жүзеге асырылуы көздел­ген. Түзетулер шеңберінде «мем­ле­кеттік қызметтер көрсету сала­сындағы қанатқақты жоба» деген ұғымды енгізу де жоспарланған. Бұл көрсетілетін қызметті же­тіл­дірген кезде процестерді алдын ала сынақтан өткізуге, тәуе­кел­дерді анықтауға, қызметтерді көр­сету кезеңдерін түзетуге және ең бастысы, әлеуметтік маңыз­ды мәселелер бойынша тәуе­келдерді азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге М.Айси­на заң жобасының 200-ден ас­там мемлекеттік қызметті оңтай­лан­дыратынын және т.б. атап өтті. 

Депутаттар баяндамашыға және заң жобасына қатысы бар ми­нистрліктер мен ведомство­лардың қатысып отырған өкіл­деріне көптеген сұрақтар берді. Берілген жауаптар барысында түрлі министрліктердің электронды қызмет көрсетулері көбінесе үйлеспейтіндігі белгілі болды. Мәселен, цифрландыруға аса зор көлемде, соның ішінде биыл 92 млрд теңге қаражат бөлініп жатқанымен жұмыс нәтижесі төмен екендігіне Мәжіліс Төр­ағасы Н.Нығматулин назар аударып, жетістік төмен болса, бөлінген ақшаны толық игердік деп мақтануға болмайтынын қадап айтты. Сонымен бірге ол депутаттар ұсынған түзетулердің маңыздылығына тоқталып, олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіруді 2020 жылы 90 пайызға жеткізу міндетін орындауға қызмет ететініне назар аударды. «Қазақстанымыздағы әрбір аза­маттың өмірдегі барлық қажеттілігі мемлекеттік қызмет көрсету бойынша реттеледі. Сон­дықтан мемлекеттік қызмет көрсету әрқашанда заман талабына сай жаңарып отыру керек. Сонымен қатар қолжетімді және сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс» – деді ол.

Осындай қызу талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқы­лым­да мақұлданды. Ол 40 заң мен 10 кодекске өзгертулер мен то­лықтырулар енгізеді. Нәти­же­сінде мемлекеттік қызметті алу бойынша 100 млн құжат қыс­қартылатыны болжануда. Ал жұмыс тобына депутаттар мен ко­митеттерден барлығы 578 ұсы­ныс түсіп, мүдделі министр­ліктер, ведомстволар және қоғамдық ұйымдар өкілдері­нің қатысуымен бес отырыс бол­ғандығы белгілі болды. 

Сонымен бірге жалпы отырыста «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екін­ші тараптан Қытай Халық Рес­пуб­ликасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобасы ма­құл­данды. Заң жобасы 2018 жыл­ғы 17 мамырда Астана қа­ла­­сында жасалған Келісімді рати­фикациялауға бағытталған. Ол Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара сауданы жақ­сарту үшін жағдайлар жасауға не­гізделген. Келісім сауданы рет­теу мен ынтымақтастықты арт­тыруды көздей отырып, іш­кі нарықты қорғау шарала­ры, саудадағы техникалық ке­дер­гілер, санитарлық және фито­санитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, зияткер­лік меншік, бәсекелестік, мем­л­е­кет­тік сатып алу саласындағы ын­ты­мақтастық, салалық ынтымақ­тастық, электронды сауда сияқ­ты салалардың кең ауқымын қамтыған.

Сонымен бірге жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік ин­вестициялық банктің Қазақстан Рес­публикасындағы қызметін рет­тейтін негіздемелік келісімді рати­фикациялау туралы» заң жобасы мен «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Еуро­палық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) ара­сындағы ғылыми-техникалық ынты­мақ­тастыққа қатысты халық­аралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдері белгіленді.