Партияластар алдында сөз алған Nur Otan партиясы Біржан сал аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ермек Нұғыманов өз өңірінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, тарқатып айтып берді. Оның айтуына қарағанда, ауданда «Бастау-бизнес» бағыты бойынша соңғы үш жылда 88 адам 310 миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Несие алушылардың басым көпшілігі жер жағдайына байланысты мал шаруашылығымен айналысуда. Бүгінгі заман талабына сай ауыл тұрғындары 21 өндірістік кооператив құрып, шаруашылық саласын жаңа деңгейге көтеруде. Ауылдағы әлеуметтік саланы мамандармен қамтамасыз ету барысында «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ауданның елді мекендеріне 38 жас маман келіп, олардың барлығы мемлекеттік қолдауға ие болды.
Мемлекеттік маңызы бар төрт партиялық жобаның бірі – «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл жоба бойынша Шортанды ауданында атқарылып жатқан ауқымды істер жайын партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмедия Қожамсейітов баяндап берді. Мақсатты әлеуметтік көмек алуға 11 отбасы өтініш білдірген. Оларға 1 миллион 893 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Партияның қоғамдық қабылдауына әлеуметтік мәселелер бойынша 18 көп балалы анадан 23 өтініш түсіп, оның 9-ы оң шешімін тапқан.
– Партия ұйымдастырған «Наурыз Challenge» акциясы аясында облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесіп 251 отбасына 2,3 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, – деді өз сөзінде Ахмедия Қожамсейітов.
Ал Жақсы ауданында «Құтты мекен» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында 27 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып қойған. Бұл пәтерлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына беріледі. Сондай-ақ 2020 жылы тағы да бірнеше тұрғын үйлердің құрылысы басталмақшы.
Жиын соңында партия ардагері, меценат, Есіл ауданының құрметті азаматы Уәлихан Әріпов сөз алып, алдағы сайлауда әр адам өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, маңызды науқаннан тыс қалмауға шақырды. Конференция қорытындысы бойынша Nur Otan партиясының кезектен тыс өтетін съезіне делегаттар сайланды.
Ақмола облысы