• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2012

Конституция – еркін адамдардың ерікті таңдауы

392 рет
көрсетілді

Конституция – еркін адамдардың ерікті таңдауы

Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:38

Егемен еліміздің 21 жылда жүріп өткен қысқа да болса нұсқа жолын ой елегінен өткізіп, бүгінгі күнін бағалап, ертеңгі күнін болжағанда ең бірінші ойға оралатын, көңіл толқытатын оқиғалар – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы декларацияның және ел Конституциясының қабылдануы екені сөзсіз.

 

Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:38

Егемен еліміздің 21 жылда жүріп өткен қысқа да болса нұсқа жолын ой елегінен өткізіп, бүгінгі күнін бағалап, ертеңгі күнін болжағанда ең бірінші ойға оралатын, көңіл толқытатын оқиғалар – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы декларацияның және ел Конституциясының қабылдануы екені сөзсіз.

Қазақстан халқы бірлігінің, ұлттар мен ұлыстар үндестігінің мерекесіне айналған осы ұлықты күндері әр ойлы жанды біз кім­біз, бабаларымыздың тарихы қайдан басталады деген терең ішкі сезім толқытып, толған­дырып,  өзінің Отаны – Тәуелсіз Қазақстанның тарихына терең үңілдіреді деп ойлаймын.

Абылай бабамыз: «Қазақтың қайран даласын жағасы жайлау ел етсем, мерейін биік, бағын зор, ыры­сын шалқар көл етсем» деп армандаған екен. Бостандық, ер­кіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Сол асыл арманға қазақ елінің қо­лы 1991 жылы 16 желтоқсанда жетті.

Тәуелсіз елдің ендігі қадамы – егемендігінің заңнамалық тұ­ғырын жасап, құқықтық қазығын қағу болды. Сондықтан да 1995 жыл­­­ғы 29 маусымда өткен Қазақ­стан ха­лықтары ассамблеясының II сес­сиясында Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев негізгі заңның жобасы жайында сөз етіп, оның келешегі туралы ке­лелі ойларын ортаға салды. Ассамблея бірауыз­дан қолдаған заң жобасы қоғамның талқылауына ұсынылды. Нәтиже­сінде 1995 жылы 30 тамызда, Қа­зақстан халқы өзінің тарихи таң­дауын жасап, жаңа Конституцияға дауыс берді.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қа­зақстан жолы» кітабында елі­міздің Ата Заңының мәні мен маңызын түсініп, рухын сезінгісі келген әр адам оның дүниеге келу тарихын білгені жөн екенін атап көрсетті. Ал расында, адамның құқықтары мен бостандығының, ар-ожданы мен адамдық қадір-қасиетінің қорғалуы­ның кепілі, заңдық тұғыры болып табылатын Конституциямыз қалай дүниеге келді?

Қоғамның саяси, экономика­лық, әлеуметтік және мәдени да­муының басты бағыттарын ай­қын­дайтын Конституция жобасын дайындау өте күрделі де жауапты міндет болғанын заңгерлер қауым­дастығы әбден біледі. Өйт­кені, сол кездегі қызу пікірта­лас­тар есімізде. Заң жобасын әзір­леуге ең білікті де білімдар заңгерлер, экономистер, тіпті философтар қатысты. Олар күллі әлем елдерінің қолданыстағы және күшін жойған конституцияларын зерттеді, зерделеді. Өз­генің тәжірибесінен үйренген­мен, қайта­лауға ұрынбау оңай емес. Сон­дықтан да Қазақстан Конституция­сының жобасын жа­саушылардың еңбегі ересен. Конс­титуцияның дү­ниеге келуіне өлшеусіз үлес қос­қандардың қатарында демокра­тия­­лық конс­титуция идеясын жүзеге асыруды бар жан-тәнімен қолдаған көр­некті ғалым, мемлекеттік қай­рат­кер Н.А.Шайкенов, аға буын аға­лар, белгілі заңгер-ғалымдар Ғ.С.Сапарғалиев, М.­К.Сүлей­ме­нов, Ю.Г.Басиндер болуы, сарапшылар тобын заңгерлердің ұла­ғатты ұс­тазы, академик С.Зиманов басқа­руы көп жайды аң­ғартады.

Осындай ұшан-теңіз еңбектің, ізденістің нәтижесінде дүниеге кел­­­ген Конституцияның өз өмірі­міздегі орнын білеміз бе, қадірін түсінеміз бе?

Ең әуелі Негізгі Заң ел дамуы­ның болашақ бағытын айқындап берді. Қазақстан халқы Консти­ту­цияға дауыс беру арқылы прези­денттік басқару нысанын қол­дады. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Ол биліктің әртүрлі тар­мақтары ара­сындағы алауыз­дық­қа, ауытқушы­лықтарға жол бер­мейтін қуатты топтасқан билік жүйесінің қажет­тілігінен туындады. Президенттік басқару нысаны мемлекеттік би­ліктің заң шы­ғарушылық, атқару­шылық және сот билігі тармақ­тарының ара жігін ажыратудың конс­титу­циялық міндетін икемді шешіп бер­ді. Бір жағынан билік тармақтарының өзара тығыз ын­тымақтастығы қамтамасыз етіл­се, екінші жағынан олардың Конституция мен заңдарда белгі­лен­ген өза­ра тежеу және бір-бірінің өкі­леттігіне араласпау тетігі жасалды.

Сондай-ақ Конституция жа­ңа­дан құрылған жас мемлекет үшін тегеурінді істер мен терең өзге­рістердің бастауы болды. Арада өткен он жеті жылда Негізгі Заң тек құқықтық жү­йенің өзегі, заң­дық құжат қана емес, еліміздің бағытын анық­тайтын, табысын екшейтін та­разыға айналды.

Әрине, күллі кезеңдер мен қилы елдердің мүддесіне бірдей жарамды әмбебап конститу­ция­ның үлгісі болмайтыны белгілі. Әр елдің саяси-әлеуметтік және эконо­микалық ерекшеліктері, әдет-ғұрпы мен рухани мәдениеті конс­титуцияға өз бедерін салары хақ. Қоғамдағы түрлі саяси және әлеу­меттік күштердің өзара күре­сі­нің сипаты, олардың мүдде­ле­рінің те­пе-теңдігін сақтау қажет­тігі, ұлт­тық келісім мен азамат­тық бейбіт­шілік өлшемдері көп жағдайда бас­ты заңның мәні мен мазмұнын айқындайды. Қоғам­ның басым бө­лігі саяси жүйенің жаңаруын, әлеуметтік, экономи­калық, мәдени және рухани өмір­дегі жаңа тен­денциялардың заң­намада айқын көрініс табуын күткен кезеңде мұндай нақты, шынайы қатынастар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілді. Сөйтіп, Негізгі заң өз күшіне енгеннен кейін өркениетті мемлекеттерде ба­ға­ла­­натын құндылықтар мен саяси-әлеуметтік, экономикалық даму­лар­­дың қазақ елінде орнығуына жол ашты. Сонымен қатар, туыс­қан­дық пен теңдік сезімдері терең, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ жерінде құрыл­ған жаңа Қазақстанның өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді.

Конституцияны құқықтық ре­сімдеу – өтпелі кезеңдегі қазақ­стандық қоғамның күрделі де сер­пін­ді, біртұтас күш ретінде етек-жеңін жиып, жедел эко­но­микалық өсуге, мәдени және рухани өрлеуге, демо­кратиялық реформаларды те­реңде­туге ұмты­луын қамтамасыз етті.

Осы жылдар ішінде Конституциямыз қоғамдық қатынас­тард­ы бүкіл әлемдік үрдістерге сәйкес қорғау мен дамыту мақ­сатында қа­жетті арналарға ба­ғыттайтын қа­лыптастырушылық қызмет атқа­рып келеді. Тоқ ете­рін айтқанда, ел Конституциясы адам­ның құқық­тары мен бостан­дықтарының ба­сымдығын бе­кітіп, заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің бүкіл қызметі адамның құқықтары мен бос­­тан­дықтарын қорғауға бағыт­тал­ғанын нақтылы айқындап берді. Оның 98-бабының үштен бір бөлігі адамның құқы мен бос­тан­ығын қорғауға арналған. Және олар декларативті түрде емес, шын мәнінде пәрменді жұмыс істейді. Атап айтқанда, Конс­ти­туцияның 13-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әр қазақстандық өз құ­қықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқылы.

Азаматтардан соттарға толассыз түсіп жатқан өтініштер саны­ның артуы халықтың сот жү­йесіне деген сенімін, олардың өз мүд­делерін қорғау үшін сотқа арқа сүйейтінін көрсетеді.

Президент Н.Ә.Назарбаев судья­­лардың 5-съезінде атап көр­сеткендей, азаматтардың өз құ­қық­тары бұзылған кезде қор­ғаныш іздеп жүгіне алатын се­німді органы – соттар болып отыр. Конс­титу­циялық реформа жүргізудің нәти­жесінде қазақ­стандық сот төрелігі жүйесі адам құқықтарын тиімді қорғайтын қуатты жаңа тетіктерге ие болды.

Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың өтінішпен сот­қа тікелей жүгінуі арта түскен сайын соттардың қызметіне де қо­сымша салмақ түсіп отыр­ғанын айтпай кетуге болмайды. Сон­дықтан сот ісін жүргізуді жетілдіру мәселесін біз шындап қолға алдық. Көп кеңесу мен ізденістің нәти­жесінде, сот ісін оңтайландыру мақсатында 2012 жылғы 16 ақ­панда «Қазақстан Республика­сы­ның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституция­лық заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Осыған орай, биылғы жылғы 1 шілдеден бастап соттар сот ісін жүргізуде жаңа заңды қолданатын болды. Енді облыстық соттардағы апел­ляциялық және кассациялық сот алқаларының то­лыққанды жұмыс істеуіне мүмкін­дік берілді. Об­лыс­тық соттардың құзыреті кеңейді, олар бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енген сот актілерін тексеріп, жаңа шешім шығара алады. Облыстық соттың кассациялық сот алқа­сында істердің түбегейлі ше­шімін табуы халыққа қолайлы болмақ. Кез келген іс бойынша сот актілерінің заң­дылығын тексеру үшін алыстан ат арылтып Жоғарғы Сотқа келу адам­­дарға материалдық және мо­ральдық жағынан да оңай емес. Тек кассациялық алқаның шеші­мімен келіспеген жағдайда ғана Жоғар­ғы Сотқа жүгінуге болады. Жо­ғарғы Сот өтініштің уәждерін орынды деп тапса, істі қадағалау тәртібімен қарайды.

Сот ісін жүргізудегі осы оң өзгерістердің нәтижесінде Жо­ғар­ғы Сот заңда көзделген тәртіппен жер­гілікті соттардың қызметiн кеңінен қадағалауға, заң нормаларын сот практикасында қолдану мәселелері бойынша түсiнiкте­мелер беруге, сот ісін жүргізуді жетілдірумен, судья кадрларын сапалы іріктеумен шұ­ғылдануға, республика соттарында біркелкі сот практикасын қалып­тастыру бағыт­тарында жұ­мыс істеуге мүмкіндік алып отыр.

Тұтастай алғанда, консти­туция­лық реформадан бастау ал­ған сот реформасының жетістігі – қоғам­дық қатынастарды құқық­тық рет­теудің әлемдік, демо­кратиялық стан­­дарттарына жа­қындай түсуіміз болып табылады. Бұл ретте шетел­дік тәуелсіз талдаушылардың ке­ңес заманынан кейінгі кеңістікте сот-құ­қықтық реформалар бойынша Қазақстанның алдыңғы орын­дарға шыққанын мойындап, қа­зақстан­дық сот төрелігінің тиім­ділігін жоғары бағалап отыр­ғанын айтуымыз қажет.

Иә, жүз жылдық тарихы бар еуропалық конституциялардың қа­сын­да біздің Ата Заңымыз жас, алайда, өткен ғасырлардың дана­лы­­ғынан сабақ алған, қазіргі за­манның жаңалықтарынан қуат алған, әр бабы байыпты, әр сөзі салмақты. Өйткені, ол еліміздің қысқа ғана мерзімдегі толағай та­быстарының заңдық тұғыры болды және болашағымыздың құқ­ық­­­тық бағдары болмақ.

Елбасының: «Халық – билік­тің қайнар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі» деген тол­ғамды сөзі бар. Киелі сөздің қадірін түсінген халықтың аспанын бұлт шалмайды. Ендеше, Конституция бойынша өмір сүру қажеттілік қана емес, қасиетті борышымыз. Бұл – өз құқығы мен бостандығын сыйлаумен қа­тар, өзгелердің де құ­қық­тарын мойындайтын еркін адам­дардың ерікті таңдауы болуға тиіс. Тек сонда ғана біз жеке азаматтар емес, тұтас бір халықпыз.

Бектас БЕКНАЗАРОВ,

Жоғарғы Сот Төрағасы.