Жұма, 31 тамыз 2012 7:40
Ел тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған реформалар жүргізіліп, болашақтың іргесін бекемдейтін қадамдар одан әрі жалғасын табуда. Ұлық мұраттағы мемлекеттігімізді, қолданыстағы құқықтық құндылықтарымызды нығайту, қоғам мен оның мүшелерінің толыққанды дамуын қамтамасыз ететін ашық та тиімді тетіктерді жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру айрықша назарда ұсталуда. Сот жүйесіндегі сан тарап өзгерістер де көз алдымызда. Ол конституциялық міндеттемелер деңгейінен шығып отыр ма? Қалыптасқан құқықтық негіздің қарым-қуаты өмір мәнін нәрлендіретін қайнарлардан арна тарта алды ма?
Жұма, 31 тамыз 2012 7:40
Ел тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған реформалар жүргізіліп, болашақтың іргесін бекемдейтін қадамдар одан әрі жалғасын табуда. Ұлық мұраттағы мемлекеттігімізді, қолданыстағы құқықтық құндылықтарымызды нығайту, қоғам мен оның мүшелерінің толыққанды дамуын қамтамасыз ететін ашық та тиімді тетіктерді жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру айрықша назарда ұсталуда. Сот жүйесіндегі сан тарап өзгерістер де көз алдымызда. Ол конституциялық міндеттемелер деңгейінен шығып отыр ма? Қалыптасқан құқықтық негіздің қарым-қуаты өмір мәнін нәрлендіретін қайнарлардан арна тарта алды ма?
Біз Ақмола облыстық сотының төрағасы Ақжан ЕШТАЙДЫ осындай сұрақтар төңірегінде пікір алмасуға шақырған едік.
– Дербес те тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихында тұңғышрет құқықтық реформа бағдарламасы түзіліп, Мемлекет басшысыныңЖарлығымен 1994 жылы бекітілді. Оның басты қорытындысы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституция болды. Ата Заң мемлекет тарапынан кепілдік берілетін адамдардың құқығы мен бостандығына негізделген қоғамдық құндылықтар жүйесін қалыптастырды. Қолданыстағы құқықтық база мемлекеттік даму үрдісіне қаншалықты әсер етуде?
– Қоғам мүшелерінің бейбіт те бақуатты өмірін қамтамасыз ету – конституциялық талап. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның басты құндылығы – адам. 1993 жылы қабылданған тұңғыш Конституциямыз алғаш рет мемлекеттің емес, адам құқығының басымдықтарын бекітіп, жеке меншік құқықтары мойындалды. Конституцияның соңғы бөлімі азаматтардың құқықтары мен бостандығына сот кепілдігі берілетініне арналды. Әйткенмен, мемлекеттік даму үрдісіндегі қызмет үнемі қозғалыста болуға тиіс. Қазақстанның мемлекеттік мүддесінің ауқымы кеңи түсті. Уақыт ел дербестігі мен халықаралық ауқымдағы ықпалды күшейту арқылы демократиялық реформаларды орнықтыруды міндеттеді. Міне, осы жайлар 1995 жылғы жаңа Конституцияның қабылдануына жол ашты. Оны қалыптастыру барысында халықаралық конституциялық-құқықтық тәжірибе екшеліп, дамыған демократиялық мемлекеттер конституциясының құқықтық нормалары талданды. 1998 жылдың 7 қазанында, 2007 жылдың 21 мамырында, 2011 жылдың 2 ақпанында «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Ал 2000 жылы Ата Заң негізінде «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заң қолданысқа енгізілді. Сөйтіп, елімізде сот органдарының негіздері мен құрылымдарын, өкілеттігін реттейтін толыққанды нормативті-құқықтық база қалыптасты.
– Қазақ мемлекеттігінің саяси тарихындағы эволюциялық дамуға көз жүгіртсек, мемлекеттік мүдде мен сот жүйесінің өзара мызғымас байланысын байқаймыз. Сонда, дәстүр сабақтастығы нені көздейді?
– Мақсат – елдік бірлік пен мемлекеттік тұтқаларды нығайту. Қазақ мемлекетінің ХV-XVIII ғасырлардағы ішкі саяси мүддесінде әлеуметтік тұрақтылықты, қоғамдық жүйедегі дәстүр құндылықтарын сақтау және халықты басқарудың әділ қағидаттарын қамтамасыз етуге ерекше маңыз берілді. Олардың негізгі міндеті кикілжің тараптарды өзара түсіністік пен келісім негізінде қоғамдық тұтастықты сақтау болды. Теріс билік құрып, жекенің жетегінде кету ауыр айып саналды. Көшпелі қазақ тұрмысындағы билер сотының беделі, қазы пікіріне құрмет, шешімнің ешқандай қысымсыз орындалу міндеттілігі бүгінгі күніміздің үлгісіне жарайды.
Қазақ хандығының Ресейге қосылуымен сот өндірісінің сан ғасырлық дәстүрлері біртіндеп бұзылды. Билер сотымен қатар жалпыимпериялық сот билігі жүргізіліп, шынтуайтында, соңғысының өкілеттігі басымдық алды. Сот жүйесі толық саясиландырылды. Оның салдарлары мен зардаптарын жұртшылық жақсы біледі. Бұл да сабақ.
Қай заманда да мемлекеттік мүдденің биіктігі, заңдық негіздердің қуаттылығы қоғамды тоқыраудан қорғап, үдемелі қозғалысқа түсіреді. Тәуелсіздік жылдары Республика Президенті институты күшті бағыттаушы және үйлестіруші орталыққа айналды. Конституция талаптары мен Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық даму арналарындағы қос палаталы Парламент, республика Үкіметі, өкілетті және атқарушы, жергілікті өзін-өзі басқару органдары жемісті жұмыс істеп келеді. Қоғам мен азаматтардың билік істеріне қатысуы, саяси партиялардың белсенділігі артуы, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырылуы нәтижесінде мемлекеттік істерге араласуының құқықтық негіздері қалыптасуы азаматтық қоғамның абыройын асыруда. Қоғамдық құрылыстың жиырма жылдық тарихы, қиын да қуанышты жеңісті жол, ағымдағы және болашаққа бағытталған толымды жоспар-жобаларға сүйеніп, тәуелсіз Қазақстан дамуы әлемдік практикадағы демократиялық принциптерге сай келеді деген қорытынды жасай аламыз.
– Қазылық қажырлы еңбекті талап етеді. Өйткені, ол конституциялық ұстанымдарымыздың ту көтерушісі десек, артық кеткендік болмас. Сөйте тұра, қазақстандық сот жүйесінің құрылымын жетілдіру туралы жаңа пікір-пайымдар баршылық. Сіз бұл тұрғыда қандай ой қосар едіңіз?
– Қоғамдық құрылыс уақыттың ырғағында дамиды. Сот жүйесінің ұстанымы да осында. Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесін реформалауға бағытталған елеулі шаралар қабылданды. Елбасының республика судьяларының V съезіндегі тапсырмаларын орындау мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға және «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде «Сот төрелігіне сенімділік деңгейін жоғарылату және қолжетімділікті қамтамасыз ету, істерді апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібінде қарау мәселелерін жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң күшіне енді.
Соттарды әрі қарай мамандандыру жұмыстары жалғасуда. Биылғы 1 шілдеден бастап Ақмола облысында жасөспірімдер істері бойынша мамандандырылған сот міндетіне кірісті. Мұндай қадам 2007 жылы Алматы және Астана қалаларында тәжірибе ретінде жасалған болатын.
– Қандай да болмасын шешімнің бұзылуы мен өзгертілуі қоғамдық жаңғырық туғызуға, әртүрлі сатыларға шағымдардың жазылуына себепші болып жатады. Бұған қалай қарайсыз?
– Әрине, сотта қызмет атқару мәртебелі болуымен қатар, аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің қызметіміздің басты көрсеткіші – шешімдердің заңдылығы, негізділігі. Жылдан-жылға істерді қарау сапасы жақсарып келеді. Оған дәлел шешімдердің тұрақтылығы.
1 шілдеден бастап апелляциялық алқада бірінші сатыдағы соттардың шығарған шешімдерін бұзып, қайта сот қарауына жолдау деген жоқ. Апелляциялық алқасы егер сот шешімін заңсыз деп тапса, оны бұзып, түпкілікті қарап, шешім шығаруға міндетті. Сот актілеріне шағым беру тәртібі нақты реттелген, сот актілерінің заңды күшіне ену мерзімдері қысқартылған. Ал, апелляциялық сатыдағы сот актілері жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап алты ай ішінде кассациялық шағым беруге болады. Жоғарғы Сотқа жүгінбес бұрын кассациялық сатыға арыздану міндетті шарт болып табылады. Заңды күшіне енген, бірақ кассациялық тәртіпте қаралмаған сот актілері қадағалау тәртібімен тексерілуге жатпайды. Конституциялық кеңістікте өмір сүріп жатқан қоғам мұны қатаң ұстануға міндетті.
Әңгімелескен
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».