• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2010

ПАЙДАЛАН, ҚАЖЕТІҢЕ ЖАРАСА, АЛАШ!

930 рет
көрсетілді

Суға кеткен біреу тал қармап, өлдім-талдым дегенде бір аралдан жағаға шықса, алдынан: “Бұл жер­дің қожайыны мен. Осында кел­сең алдымен менен рұқсат алуың керек!” деген жазу шығыпты. Оң-солына қараса ешкім жоқ. Аралды кезеді, онда да біреуді кезіктіре алмайды. Басына үйшік тұрғызып, тіршілік ете бастайды. “Сен қай­дан келдің?” деген ешкім жоқ. Бір­ақ, әлгі адам өмір бойы: “Арал­дың иесі қашан келер екен?” деген ойдан арыла алмапты... Cондықтан заң мәселесінде әрбір азамат өзін әлгі аралға шы­ғып қалған жандай сергек те се­зім­тал ұстаса игі еді деген ойға қа­ласың. Еуропада болған бір та­ны­сым осы ойды әрі қарай қоз­ғай­тындай мынадай бір есте қалар­лық­тай әңгіме айтқан еді. Фран­цияның Marly Le Roі қаласына сапарлай барғанда жолдың қиы­лы­сындағы бағдаршамға тоқтайтын жерге “Сенде ерекше құқық жоқ” деген жазу ілулі тұрыпты. Жол­се­рік француздың айтуынша, бұл бел­гі кез келген адамның сана­сын­да француз конституциясының түпкі мән-мағынасын жаңғыртып, қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етеді. Ешкімнің де заңнан аттап кетуіне болмайды. Сонда ғана қо­ғам ұзақ уақыт орнықты дамиды. Біз де құқықтық мемлекет құ­ру­ды алдымызға мақсат тұтқан елміз және бұл бағытта жасалып жатқан шаруалар да баршылық. Мәселен, біздер ТМД мемле­кет­тері арасында алғашқылардың бірі болып “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” арнайы Заң қа­былдадық. Экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес агенттігі мен Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар, елі­мізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік бағдарлама жү­зе­ге асуда. Астана қаласында Сы­байлас жемқорлыққа қарсы фо­румның, сондай-ақ бұл тақырып бойынша халықаралық деңгейдегі конференцияның өткені белгілі. Сыбайлас жемқорлыққа байла­ныс­ты жұмыстан босатылған адам­дарға өмір бойы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қызмет істеуіне қатаң тыйым салынған. Елдің жаңа бір есею жолын бел­гілеген “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” атты Елбасының биылғы халыққа Жол­дауында да ұйымдасқан қылмысты және өзге қылмыстарды ауыздық­тайтын, демократиялық мемле­кет­тегі құқық қорғау қызметінің жо­ғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесін құруды көздейтін рефор­ма­ларды жүргізу міндеттері ай­қын­далған. Сайып келгенде, қо­ғамдағы кез келген заң бұзушы­лыққа қарсы тұру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі ретінде мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығына ие болып отыр. Дейтұрғанмен, күнделікті өмі­рімізде заңға қайшы келетін әре­кет­тердің бой алып отырғаны жа­сырын емес. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдары айтып та, жа­зып та, көрсетіп те жүр. Өзгені айтпағанда, соңғы кезде көптеген жоғары лауазымды адамдардың қылмысқа бой беріп, істі болып жатқаны көп жәйді аңғартатыны анық. Алаяқтықпен айналысып талай адамның обалына қалғандар, атқа мінгеніне желігіп, заңды белінен басып, желден озбақ бо­лып жүргендер, тамыр-таныс­тық­пен майлы жілікке ие болып, өз күй-жайларын күйттеумен айна­лы­сатындар, істі нақты шешудің орнына сөзбұйдаға салып, жұртты әуре-сарсаңға түсіретіндер қатары сиремей тұр. Әрине, бұл тұста көп мәселе әрбір адамның жеке сана-сезімінің, ішкі жан-дүниесінің, ар-ұятының тазалығына байланысты екендігі құпия емес. Ұят ізгіліктің ұясы, ал ізгілікке ұмтылу, жауыз­дықтан безіну адамның жаратылыс пайымында бар құндылық десек, мәселенің мәнісі тәрбиеге келіп тірелері анық. Тәрбиенің қуаты ту­ралы кезінде Жүсіпбек Аймауытов “Тәрбие” деген еңбегінде өте жақ­сы айтады: “Рум халқын атақты, күш­ті қылған кім? Тәрбие. Ескен­дірді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Се­не­каның қате тәрбиесі. Неміс жұр­тының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Адамды бұ­­затын да, түзейтін де тәрбие”. Ен­деше, тәрбиеге отбасы, ошақ қасы­нан бастап қоғам дамуының барлық сатыларында әр адам те­рең әрі түбегейлі мән беруі керек. Сондай-ақ, қоғамда кез келген келеңсіз кө­ріністерге төзбеушілік ахуалын қа­лыптастыратын тетіктер ойласты­рыл­са құба-құп болар еді. Айталық, көрнекі құралдар ар­қы­лы заң бұзу­шылыққа жол бер­ген­дер туралы, заңды елемеушіліктің түбі неге әке­ліп соғатыны жәйлі ашып көрсе­те­тін нақты мәліметтер беріліп отырса... Яғни, бәріміз жұмыла кіріссек, еңсерілмейтін нәрсе жоқ. Сон­дықтан, әр адам қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін толық сезінгені жөн. Өкінішке қарай, әлі де болса, “үкімет өлтірмейді” де­ген масылдық пиғылдан толықтай арыла алмай жүрген жәйіміз бар. Бұл жөнінде осыдан екі жылдай бұрын “Ана тілі” газетінде (12 шілде, 2007 жыл) сол кездегі Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Гүлжан Қарағұсова мына мәліметтерді келтірген болатын: “Біз елімізде он бес жыл бойы жұмыс істемеген 180 мың адамның бар екенін анықтадық. Бұл – статистикалық мәлімет емес. Министрлік арнайы зерттеу жүргізіп, Қазақстанның әлеуметтік картасын жасады. Бүгінде жұмыс­сыздар халқымыздың 8 пайызын құрайды. Бірақ, үш жылдан бері жыл сайын 21 мың еңбек орны бос қалады. Ақиқатын айтсақ, елі­мізде әлеуметтік көмектер арқылы ғана өмір сүретін адамдардың тобы қалыптасты”. Ал, әлеуметтік көмектер халықты енжарлыққа тәрбиелейтіні, адамның жұмыс істеуге деген ынтасын өшіретіні бел­гілі. Мәселен, АҚШ-та бір ғасыр бойы ата-бабасынан бері әлеуметтік жәрдемақылар арқылы күн көріп жүрген 2 миллион адам бар. Клинтон мемлекет басына келе салысымен сол әлеуметтік жәрдемақыларды қысқартпақ болған. Онысынан түк те шыққан жоқ. Ол күшті қарсылыққа тап болды. Және де мұны кездейсоқ деп айта алмайсың. Өйткені, та­лай­лардың көкірегіне сан жылдар бұрын қадалған шірік шегені шығару әсте оңай шаруа емес. Ол үшін ар-ождан түбегейлі тазару қажет. Жаратылыс мақсатына қа­рай бет бұрмай, адам өзінің бол­мысын сақтай алмайтынын әрбір азамат жете түсіну керек. Иә, мәнді де мағыналы өмір сүру қажырлы еңбекті, салауатты сана мен барынша ерік-жігерді та­лап ететіні рас. Бірақ, ұрпағының жарқын болашағын ойлаған, туған елінің қуатты да табысты мемле­кет­ке айналуына мүдделі кез кел­ген адамға бұл талап алынбайтын қамал, бағынбайтын асу емес. Әсі­ресе, еліміздің алдағы онжылдық­тағы экономикалық өрлеуін қам­тамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мақсаты күн тәртібінің басты мәселесі болып отырған сәтте. Мәселен, 2010 жылы “Жол картасы” шеңберінде жоспар­ла­на­тын іс-шаралардың негізгі мақ­сат­тарының бірі халықты жұмыспен қамтудың қол жеткен деңгейін одан әрі қолдау болып отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттер тарапынан инвестициялық бағыттарды қоса қаржыландыру 43,1 миллиард теңге шегінде болады деп күтілуде. “Жол картасының” барлық бағыттары бойынша ағымдағы жылы 3000 жобаны іске асыру кезінде шамамен 130 мың жұмыс орны құрылатын болады. Әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірбиесі бағдар­ла­ма­лары шеңберінде 53 мың уақытша жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Осынау мақсаттарға 6,3 мил­лиард теңге бағытталмақ. Мем­лекеттік бюджеттен бір қыз­меткерге айына бөлінетін аудар­ма­ның көлемі 20 000 теңгеге дейін көбейтілді. Мұның сыртында, Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, Жедел индустрия­лық-инновациялық дамудың мем­лекеттік бағдарламасы бойынша таяудағы үш жылда 200 000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға толық мүмкіндік бар. Соны­мен қатар, “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автокөлік жолын салу барысында, оның қазақстандық бөлігінде 25 000-нан астам біздің азаматтардың жұмысқа тартылуы көзделуде. Сондай-ақ, алдағы бес жылда қуатты газ-химия кешенін, минералдық тыңайтқыштар өн­діре­тін зауыттарды, бірқатар ірі электр-энергетикалық стансаларды – Балқаш ЖЭС-ін, Мойнақ ГЭС-ін, Екібастұз 2-ші ГРЭС-інің жаңа блогын және көптеген басқа кә­сіпорындар пайдалануға берілеті­нін ескерсек, адами ресурстардың өте қажет екенін аңғарамыз. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеймін деген адамға тиісті жағдай жасалып жатыр. Ендігі жерде әрбір іскер қазақстандық осы мүм­кіндіктерді ұтымды пайдалана оты­рып, инновациялық экономи­кадағы өз орнын табуға ұмтылуы қажет. “Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып” бірлесе еңбек етудің аса бір қажеттілігін Мір­жа­қып Дулатовтың мына өлең шу­мақтарымен түйіндегім келіп отыр: Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш, Емеспін жемісі көп тамаша ағаш. Жарты жаңқам қалғанша мен сендікпін, Пайдалан, қажетіңе жараса, Алаш! Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы.