Елбасының Жолдауы – әр қазақстандық үшін ең маңызды әрі мазмұнды құжат. Биыл аталмыш Жолдау “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталды. Жаңа Жолдау – жаңа кезеңнің бастауы. Өткенді сараптап, бүгінгі жетістігімізді бағалап, алдағы ел болып атқаратын келелі істерге көз жіберуге мүмкіндік береді. Биылғы жылдың ең басты жетістігі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету. Міне, қазақ халқы алдағы жаңа онжылдықты әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастап отыр. Сонымен қатар, биылғы жыл Кеден одағына мүше болумен басталды. Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағына бірігіп, бірыңғай экономикалық аймақты құруды көздеп отыр. Бұл Елбасының сауатты сауда саясаты, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесін көздеп отырғанының көрсеткіші болмақ.
Кеден одағы еліміздің экономикасын дамытуға өрлеу бола алады. 2009 жылы кеден органдарының күші Кеден одағының нормативтік-құқықтық қорын қалыптастыруға, кеден тәртібін оңайлатуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталды. Брюссельде 1999 жылғы 26 маусымда қабылданған Кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру туралы халықаралық конвенцияға қосылды. Кеден одағының Кеден кодексі қабылданды. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт қабылданды. Оны күшіне енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша 16 Халықаралық келісімді және 17 КОК (кеден одағының комиссиясы) шешімін әзірлеу көзделіп отыр. Кеден одағының Кеден кодексіне қатысушы мемлекеттердің заңнамасына 182 сілтемелік норма көзделген. Осыған байланысты, қолданыстағы ұлттық кедендік заңнаманы ретке келтіру талап етіледі. Бұдан басқа, ұлттық кодексті қабылдау, салықпен реттеу, жеке кәсіпкерлік, көлік, ветеринария, денсаулық сақтау, қылмыстық және әкімшілік қудалау саласындағы заңнамаларды біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты еліміздің жаңа Кеден кодексін әзірлеу қажет, онда ұлтаралық заңнамамен реттелмеген құқықтық қатынастарды реттеу қажет. Әкімшілік кедергілерді жою және Қазақстанның кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді оңайлату мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті бірқатар шараларды жүзеге асырды.
Біріншіден, кеден органдарында автомобиль өткізу пункттерінде бақылау функцияларын (көлік, фитосанитарлық, ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау) беруді көздейтін заң қабылданды. Сондай-ақ, бұл заңда кеден органы беретін құжаттардың санын 3-тен 1-ге дейін қысқарту көзделіп отыр.
Екіншіден, зияткерлік меншік нысанына құқықты қорғау кезінде, кеден органдарының өкілеттігін кеңейтуді және кедендік құнды анықтау кезінде қолданылатын ақпараттық анықтамаларды жоюды көздейтін заң қабылданды.
Үшіншіден, шекараның Қазақстан-Ресей, Қытай, Қырғызстан учаскесінде бірлескен бақылау рәсімі енгізілді. Қазақстан мен ҚХР арасындағы “айналық” статистикада көрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізілді. Соңғы жылдары кеден статистикасы деректерінің алшақтығы 2006 жылы 1 млрд. 94 млн. АҚШ долларынан 76 млн. АҚШ долларына дейін төмендеді.
Төртіншіден, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайларды жасау және “Doіng Вusіness” халықаралық рейтингінің көрсеткіштерін жақсарту мақсатында автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесі әзірленді және енгізілді.
Бесіншіден, “Web-декларант” электронды декларациялау кешені жұмыс істейді. Кедендік ресімдеу үшін СЭҚ-қа қатысушының құжаттар пакетін алыс жерден қалыптастыруға мүмкіндігі бар.
Алтыншы, “Бірыңғай электронды терезені” жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Бизнес-процестер анықталды және осы ақпараттық жүйені жасау тұжырымдамасының жобасы дайындалды. “Бірыңғай терезені” жасау барлық мемлекеттік органдар күштерін шоғырландыруды талап етеді. Мүдделі министрліктер мен ведомстволар санын қысқарта отырып рұқсат беретін құжаттарды беру және бақылау механизмін қайта қарау қажет. Осыған байланысты Үкіметке тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жолданды.
Жоғарыда көрсетілген шаралар бизнестің операциялық шығындарын қысқартуға және кеден рәсімін оңайлатуға жағдай жасайды. Нәтижесінде, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған бизнес-ахуалды жақсарту бойынша тапсырмалары жүзеге асырылады.
Кеден одағын құру, әсіресе, экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекеттердегі экономикалық әлеуетті ескере отырып, Қазақстан, Ресей және Беларусь республикалары арасында бірлескен өндірістерді құру және өзара инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету интеграциялау қажеттілігінен туындаған дүние. Қазіргі уақытта Қазақстанда индустриялық-инновациялық дамудың жеделдетілген бағдарламасы іске асып келетіндігін атап өту керек. Осы мақсатта металлургиялық, фармацевтикалық, химиялық, құрылыс материалдары басымдықты салалардың бірі болып табылатынын ескеру қажет. Осы міндетті шешу үшін отандық кәсіпкерлерге технологиялық жағынан жаңа алдыңғы қатарлы жабдықтарды және арзан шикізатты кеден баждарын төлеусіз алу мүмкіндігін сақтап қалу маңызды.
Біз шетел өнімдері басып кетеді деген үрейден аулақ болуымыз керек. Өйткені, барлық елге де бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары, бағасы қымбат емес, алған өніміне лайықты тауарлар қажет. Ендеше басқа елдердің тауарларымен сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге түсу біздің тауар өндірушілерді өсіп-жетілуге жетелейді. Біздің отандық өндірушілеріміз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бір нәрсені ұғынғанымыз жөн, кедендік одақ мәселесі бір күнде іске асқан жоба емес, осы одаққа кіру үшін барлық жақтан терең талдау жасалынған. Әрине, ешкім Кедендік одақ іске асқан күннен бастап елімізге толағай табыстар келіп, басқа елдермен сыртқы сауда айналымы артады деп айтқан жоқ. Кедендік одақтан Қазақ елі үлкен үміт күтеді. Әрине, әу-бастан кейбір қиыншылықтарға тап боламыз. Мүмкін біздің өндірушілеріміз табыс көздерін азайтар. Демек, осы Кедендік одақ арқылы көп табысқа жететінімізге сенім білдіремін.
Кеден органдарының қызметі еліміздің дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Мәселен, 2009 жылы кеден органдары кедендік төлемдер мен салықтардың бюджетке 575,4 млрд.теңге түсуін қамтамасыз етті. Болжамды тапсырманың орындалуы 105,5% құрады. Пост кедендік бақылаудың нәтижелері бойынша 95,8 млрд. теңге қосымша есептелінді, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 6,3 есеге көп, 50 млрд. теңге өндіріп алынды. Құқық қорғау саласында да көптеген жетістіктерге жете білдік. Өткен жылы 969 қылмыстық және 10607 әкімшілік іс қозғалды. Олар бойынша шығындарды өтеу сомасы 5,9 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3 есеге көп. Есірткі құралдары контрабандасы бойынша 173 факті анықталды. Алынған есірткілердің салмағы 755,8 кг. құрады, соның ішінде героин – 117,9 кг. “Бақылауға алынған жеткізілім” әдісі бойынша 14 жедел іздестіру шаралары өткізілді. Қолданылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар нәтижелерінде кеден органдары өз күшімен 56% қылмыстық іс қозғады және 79% сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталды.
Елбасы Жолдауы жария етілді, оның басты бағыттары мен міндеттері айқындалды. Елбасымыз жүктеген тапсырмаларды орындау баршамыздың міндетіміз. Өйткені, халық болып жұмыла көтеретін жүгіміздің арқауы – осы Жолдау болмақ. Бұл еліміздің дамуындағы нақты істердің жүзеге асуына алып келетін бірден-бір жол екені анық.