Бейсенбі, 9 тамыз 2012 5:27
Редакциямызға Алматы қаласындағы Жетісу ауданына қарасты «Жұмысшы ауылы» тұрғындары жолдаған хат келіп түсті. Хатта тұрғындар қала ортасында отырып дербес қазақ мектебіне зәру екендіктерін жеткізеді.
Бейсенбі, 9 тамыз 2012 5:27
Редакциямызға Алматы қаласындағы Жетісу ауданына қарасты «Жұмысшы ауылы» тұрғындары жолдаған хат келіп түсті. Хатта тұрғындар қала ортасында отырып дербес қазақ мектебіне зәру екендіктерін жеткізеді.
Ауыл тұрғындары өз аймақтарына жақын орналасқан №109 орта мектептің екі тілде тәлім беретін аралас мектеп екендігін айта келіп, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында толықтай жөндеуден өткізіліп жатқан осы оқу орнын қазақ тілінде білім беретін гимназия етіп жаңаласа нұр үстіне нұр болар еді дейді.Тұрғындар мұңға толы хатында өздері тұратын елді мекенде мемлекеттік тілде оқытатын мектептің жоқтығын, қаланың өзге аудандарындағы қазақ мектептеріне қатынау үшін балаларының Райымбек даңғылына дейін бір жарым шақырым жаяулап жететіндігін айтуда. Бұл әсіресе, екінші ауысымда оқитын оқушылар үшін үлкен қиындықтар туғызуда. Өйткені, олар қысты күндері сабақтан өте кеш шығады.Ел аузында «Жұмысшы ауылы» атанып кеткен бұл мекен қаланың күре тамыры Райымбек даңғылына жақын орналасқан. Дегенмен де, тұрғындарының негізі қазақ отбасылары бола тұрса да күні бүгінге дейін мемлекеттік тілде бала тәрбиелейтін киелі шаңыраққа қол жеткізе алмай келеді. Бауыр еті баласы қазақ тілінде білім алса екен дейтін ата-ана бұл күнде қаланың басқа аудандарында тіркелуге мәжбүр. Өз отбасынан жырақтағы мектепке қатынаумен ата-ана да, оқушы да қажыған.«Ел экономикасына үлес қосуда Алматы қаласының алар орны айрықша екендігі белгілі» деп жазады хат иелері, «мектептер мен ауруханаларға, бала тәрбиесі мен мемлекеттік тілге қамқорлық жасалып отырған мына заманда аралас тілде бала тәрбиелеп отырған №109 орта мектепті таза қазақ тіліндегі гимназия етіп қайта жасақтауды сұраймыз».Қалай болғанда да, қала ортасында отырып, қазақ мектебіне қолы жетпеу деген көңілге кірбің ұялатар іс. Талай тағдырды оң жолға салған мемлекеттік бағдарламалар аясында бәлкім, осы «Жұмысшы ауылының» мәселесі де оң шешімін тауып қалар деген үміттеміз.Қанат ЕСКЕНДІР,«Егемен Қазақстан».Алматы.