Сенбі, 11 ақпан 2012 8:21
Жақсы адам көпке ортақ. Көрмесең сағынасың. Жайдары жанның жарығы күн секілді жан-жағына түгел түседі. Оның болмысы барша пендеге тән реніш, өкпе, налу секілді әдеттен ада. Тіршілікте талайсызға танытқан реніші – жай ғана кейіс, налуы наз боп сезіледі. Өйткені, адамға ат қойғанда Алланың аяны мен қойылған есімі егіз болмысты қоса біріктіріп, бітімі бөлек жан туады. Ардақты азамат Құсымжанов Мырзекен де аты мен заты, қазынасы мен салты тең жаралған көшелі кісі еді. Адамның арманы таусылған ба. Бірақ, амал қанша, өмірден өзі кетсе де көзі қалды, артында өнегелі ісі мен өшпес ізі қалды.
Сенбі, 11 ақпан 2012 8:21
Жақсы адам көпке ортақ. Көрмесең сағынасың. Жайдары жанның жарығы күн секілді жан-жағына түгел түседі. Оның болмысы барша пендеге тән реніш, өкпе, налу секілді әдеттен ада. Тіршілікте талайсызға танытқан реніші – жай ғана кейіс, налуы наз боп сезіледі. Өйткені, адамға ат қойғанда Алланың аяны мен қойылған есімі егіз болмысты қоса біріктіріп, бітімі бөлек жан туады. Ардақты азамат Құсымжанов Мырзекен де аты мен заты, қазынасы мен салты тең жаралған көшелі кісі еді. Адамның арманы таусылған ба. Бірақ, амал қанша, өмірден өзі кетсе де көзі қалды, артында өнегелі ісі мен өшпес ізі қалды.
Дарынды хирург дәрігер, білікті басшы, асыл азамат – Мырзекен Құсымжанұлы бүгінде көзі тірі болса 80 жасқа толар еді. Саналы ғұмырын, алған білімін туған елінің тұғырын биіктетуге, сәулелі болашақтың, кемелді келешектің көшін түзеуге арнап өтті. Сол үшін оны халқы шексіз жақсы көрді…Дана халқымызда «жігітті талап жетелеп, арман өсіреді» деген сөз бар. Мырзекен Құсымжанұлы да болашағына бағдарын бала күнінен дұрыс жасай білгендігін байқаймыз. Бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданына қарасты Қайнар ауылынан қанаттанып өскен ол арман қуып, Алматы қаласына келіп, медицина институтына оқуға түседі. Оның бақытына институт қабырғасында Маккам Төленов, Әндижан Ізмұханов, Бенеш Жарбосынов сынды ұстаздар жолықты. Олар өз мамандығына құштар жас шәкіртті емдеу саласының бүге-шігесін, қыр-сырын жалықпай үйретіп, кәсіби білім алуына бар ықыластарын салып, жәрдемдесті. Өзі де осындай ардақты азаматтардың саясында жүріп, өмір мектебінің үлкен сындарынан өтті. Адамгершілік пен адалдықты, кішіпейілдік пен қарапайымдылықты құстың қос қанатындай тең ұстауды үйренді.«Құнары жоқ қырқаға, көктеп өсіп гүл бітпес. Ер жігіттің тағдыры, туған елмен кіндіктес» дегендей, жақсы жер, жайлы қонысты аңсамайтын жас жоқ шығар. Бірақ, Мырзекен Құсымжанұлы оқуын бітіре сала кейбір замандастары секілді қалып қоймай, әсем қала Алматыны саналы түрде артқа тастап, туған жеріне асықты. Полигоннан зардап шеккен халқына қолұшын беруді өзінің азаматтық борышы деп ұғынды. Семей өңірінің сол кездегі тарихына үңілсек, Мырзекен Құсымжанұлы Абай елінен шыққан тұңғыш жоғары білім алған кәсіби дәрігер екендігіне көз жеткіземіз. Ол жан аяп қалмай, түн қатып, түс қашып жүріп барды бағалап, жоқты табуға тырысты. Оны еңбек жолының бағаналы сатылары біртіндеп жоғарыға қарай жетелей берді. Бірақ ол мансап үшін бір сәт те қисық қадам жасаған жоқ. Егер майлы қызмет, жайлы тақ іздесе, министрдің өзі Атырау облысының денсаулық сақтау бөліміне басшылық қызметті ұсынған кезде бас тартпас еді. Ол кісі үшін бір ғана міндет болды. Туған халқының дертін жазып, демін ұзарту. Азаматтық борышын өтеу.Мырзекен Құсымжанұлының өмір жолына қысқаша шолу жасасақ, 1955-1961 жылдары ол Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында аурухананың іргетасын қалап, бас дәрігер боп қызмет атқарған. 1961-1969 жылдары Аягөз ауданының бас дәрігері болады. Өзінің ісіне шын берілгендігінің дәлелі сол, Мырзекен Құсымжанұлы 1972 жылы бұрыннан бері жинақталған білімі мен білігін уақыт оздырмай «Семей қаласы тұрғындарының демографиялық мағлұматы жөнінде» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1970-1973 жылдары Семей қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар диспансерінің бастығы, 1973-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру секторының меңгерушісі қызметтерін атқарады. «Қарапайымдылық – ұлылықтың белгісі» деген анықтама Мырзекен Құсымжанұлы секілді азаматқа қаратып айтылған болса керек. Ол сол жайдары мінезі, тиянақты іскерлігі арқылы халқымыздың ардақты ұлы Д.Қонаевтың көзіне түсті. Қабылдауында болды. Емен-жарқын ой бөлісті. Сырлы сұхбат, сындарлы пікірлерін тыңдаған ел басшысы оны Қазақ ССР Әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары қызметіне тағайындады. Ерен еңбек терең сенімге жетелейді екен. Оған Мырзекен Құсымжанұлының өмір өткелдері нақты дәлел болады.Қазақ елі тәуелсіздік алып, ары қарай дамитын жолдарын, бағдарларын айқындап жатқан тұста Мырзекен Құсымжанұлы мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыру саясатын құру ісіне тікелей атсалысты. ҚР «Мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы» заңы, «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» заң күші бар ҚР Президентінің Жарлығы жобаларын әзірледі. Еліміздің зейнетақы жүйесін реформалаудың бастапқы жылдарында өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, қалың әлеуметтің жағдайын жақсартудың жолдарын ойлады.Халық құрметіне бөленген айтулы азамат 1996 жылы тәуелсіз еліміздің жаңадан сайланған екі палаталы Парламент Мәжілісінің аппаратында комитеттердің жұмысын үйлестіру секторының бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл салада да туған елінің болашағына қажетті медицина, мәдениет, тіл және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салалары бойынша заң жобаларын дайындау ісімен айналысты. Ел ордасы Астана қаласына ауысуына байланысты 1998 жылдан ақтық демі біткенше дәрі-дәрмектердің сапасын тексеру жөніндегі «Тексеру» фирмасының директоры қызметін атқарды.Құсымжановтар әулетінің шамшырағындай аяулы жары Шәмшия Нығметқызы екеуі ұялмайтын ұл өсіріп, қысылмайтын қыз тәрбиелеген ардақты жандар. «Ұлың – ізің, қызың – көзің» болса, одан асқан бақыт бар ма! Ұяда көрген тәрбие ұшқанда балаларға қанат болады. Бұл отбасында әке жолын ар тұтқан, абыройын шалқытқан дәрігерлер династиясын жалғастырған әулет. Ұлы Құсымжанов Суният медицина ғылымдарының докторы, профессор. Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми-зерттеу институтында бөлім жетекшісі болып қызмет етеді. Қызы Жанар Мырзекенқызы – медицина ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медицина орталығында кардиология бөлімінің меңгерушісі. Оларда өмірден өз орындарын тапқан жандар. Бір сөзбен айтқанда, ата-ананы арманға жеткізген үлгіге бай, ағайынға жай жандар. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» дегендей, Шәмшия анамыз екеуі қасиетті шаңырақ, құтты ошақтарының нұрымен ұрпақ шуағына бөленді.Мырзекен Құсымжанұлының өзгелерден ерекше тағы да бір қыры – мамандығының аясында ғана қалып қоймай, өнер мен әдебиетті терең білуінде. Өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің нақыл-өсиетке толы дидактикалық өлең, жырларын, Арқаның әншілік, ақындық мектептерінің репертуарларын жақсы меңгерген оның сұхбаттарында, әңгіме арасында кездесетін мысалдарында мағыналы бата тілектердің молынан ұшырасуы – бұл сөзіміздің бір айғағы. ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің бойында ұшырасатын мұндай көп қырлы қасиеттер Мырзекен Құсымжанұлының да бойынан ұшқын атуы заңды құбылыс. Оның танымайтын кісімен, білмейтін елмен етене араласып, шүйіркелесіп кетуінің астарында осы қасиеттері жатқаны сөзсіз.Ағамыздың өмірден озғанына бүгінде 7 жылдың жүзі болыпты. Асау уақыт, зымыраған күндер өз қалыбынан танар емес. Бірақ ақын Төлеген Айбергенов: «Ақ жауындар тоздырған тауларға ұқсап, мен қаламын өзімнің биігімде», деп жырлағанындай, Мырзекен Құсымжанұлы да өз заманында екінің бірі ала алмас өз биігін бағындырған азамат.Антқа адалдық – халыққа адалдық деген сөздің баламасы. Ғасырлар көшіп, заманалар ауысса да жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді. Халық қамқоры, ел ардағы атанған азамат Мырзекен Құсымжанұлы туралы сөз қозғап, әңгіме еткенде осындай жайлар ойға оралады.Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.