Бейсенбі, 16 ақпан 2012 8:10
Қиын тағдырлы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының үлкен жүрегі тоқтағалы бір жыл өтті. Алматыда аруаққа ас беріліп, Құран бағышталды.
Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңші. Тағы бір үлкен жүректің тоқтағанына жыл толыпты. «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, Біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», деп Қасым ақын дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев мақала жазып еді. Ұлы Мұхаңның қайтқанына жыл толғанда газеттер осынау өлең жолын бас тақырыпқа шығарыпты. Сол сөздер бүгін тағы қайталанды. Солай болатын жөні бар. Өйткені, Қажығұмар Шабданұлы да нақ солардай ат басындай алтын жүректі арыс жазушымыз еді, қазақтың қайсар рухының қапысыз көрінісі еді, ұлт қасиетінің қормалды қара сабасы болатын.
Бейсенбі, 16 ақпан 2012 8:10
Қиын тағдырлы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының үлкен жүрегі тоқтағалы бір жыл өтті. Алматыда аруаққа ас беріліп, Құран бағышталды.
Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңші. Тағы бір үлкен жүректің тоқтағанына жыл толыпты. «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, Біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», деп Қасым ақын дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев мақала жазып еді. Ұлы Мұхаңның қайтқанына жыл толғанда газеттер осынау өлең жолын бас тақырыпқа шығарыпты. Сол сөздер бүгін тағы қайталанды. Солай болатын жөні бар. Өйткені, Қажығұмар Шабданұлы да нақ солардай ат басындай алтын жүректі арыс жазушымыз еді, қазақтың қайсар рухының қапысыз көрінісі еді, ұлт қасиетінің қормалды қара сабасы болатын. Мұны оның не көрсе де халқымен бірге көрген азапты тағдыры, 42 жыл қытай түрмесінде саяси тұтқын ретінде қамалып, тартқан тақсырет-тауқыметі, сол тозақтарда жасымаған да жеңілмеген ерік-жігері, сөйтіп жүріп жазып, Алаш жұртына аманаттап қалдырған алты томдық әйгілі «Қылмыс» романы айғақтаса керек-ті.Осы жайларды «Егемен» бұрын да жазған. 80-нен асқан шағында сеңгір ерлік жасаған Қажекеңнің 6 томдық «Қылмыс» романының тұсауы кесілгенде жалпақ жұртымызға жар сала сүйіншілеп бірге қуанғанбыз. Ал өткен жылы Шыңжандағы қазақ әдебиетінің классигі өмірден өткен нақ осы ақпанның азалы күндерінде және де елмен бірге қайғырғанбыз, қаралы хабарды халыққа жеткізгенбіз. Сол нөмірде Қажекеңнің көзін көрген қабырғалы қаламгерлер Уақап Қыдырханұлы мен Жәркен Бөдештің асыл ағамен қоштасу сөздерін жеделдете жариялағанбыз.Міне, содан бері бір жыл өте шығыпты деп таңданып отырмыз. Ал Қажекеңнің қытай түрмесіндегі азапты 42 жылы қалай өтті десеңізші! Сол жылдардың әрбір күні, әрбір сағаты ерлік, еңбек, қажыр мен қайрат, табандылық пен қайсар рух емес пе?Қажығұмар Шабданұлы Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында дүниеге келіп, Қытайға ашаршылық нәубеті кезінде 7 жастағы бала шағында өткен екен. Содан өмірбақи елге қайтуды армандаған. Елге оралу пешенесіне бұйырмаса да, Қажекең қазақ елінің тәуелсіздік алғанына алыста жатып қуанды. Елге өзі жетпесе де шығармалары жетті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай айтқандай, Қ.Шабданұлы «Қылмыс» романы арқылы қазақ саясатында, мәдениетінде, руханиятында өшпес із қалдырды. Бұл шығарманың қазақ руханиятына қосқан үлесі аса молдығын айтушылар жетіп артылады. Жазушыға «Ұлттық рух» халықтық сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының берілуі оның шығармашылық биік тұғыры өз елінде мойындалуының айғағы деп білуіміз керек.Ұлт рухының ұлы суреткері ретінде танылған қаламгердің дүниеден қайтқанына жыл толуына орай болған еске алу шарасында жазушы Қабдеш Жұмаділов өзі ұстаз тұтқан Қажекең жайында тебіреністі сөз толғады. Оның қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, «Алматыға, Қабдеш Жұмаділовке» деген сәлеммен ғана шекарадан небір машақатпен өтіп келіп жеткен қолжазбаларының кітап болып шығу жағдайларын баяндады. Ол осы ретте қолдау көрсеткен ұлтжанды азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедке, қолжазбаны дайындауға көмектескен басқа да азаматтарға алғыс-рахметін айтпай қалмады. Қажекеңмен Такламакан айдауында бірге болған Жұмабек Өсерұлы, Үрімші түрмесінде дәрігерлік қызметті басқарған Сағидолла Әлиұлы, тәржімашы Ибрагим Файзолла әз аға жайында естеліктер айтса, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, саясаттанушы Айдос Сарым, тарихшы Зардыхан Қинаят, жазушы Қажытай Ілиясұлы қазақ елі тұрғанда қайсар рухты жазушының жасай беретініне кәміл сенімді екендіктерін білдірді. Жасалаштық журналист Ерік Рахым 2009 жылы Қытайға кәсіпкер ретінде тіркеліп өтіп, мырзақамақтағы шерлі жазушыға туған елінде баспадан шыққан кітабын жеткізіп, одан соңғы сұхбатты алып, маңдайынан иіскетіп, абыздың ақ батасына ие болған екен.Қ.Шабданұлы қорын құру, мұрасын жинақтау, одан әрі өз кітаптары мен естеліктер жинақтарын, «Қажығұмар» атты атаулы журнал шығару жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге көрнекті жазушының шығармашылығын оқулықтарға енгізу, оның шығармаларын шет тілдерге аудару, солардың негізінде кино түсіру жөніндегі пікірлер де назар аударуға тұрарлық деп ойлаймыз.Аяулы Қажекеңнің қызы Жайнар мен күйеу баласы Тілек, кішкентай жиен немересі Еларыс әке рухының, ата рухының жалғаса желбіреген туындай көрінді. «Қайсарлық жайлы өлеңді қанжармен тасқа қашадым. Өлеңнің атын мен енді «Қажығұмар» деп атадым», деп ақын Алмас Ахметбекұлы айтқандай, Қажығұмар есімі қазақ руханиятының тарихына алтын әріптермен жазылып қалатынына біз де сенімді едік.Қорғанбек АМАНЖОЛ,Алматы.