• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2012

Азамат ажары

472 рет
көрсетілді

Азамат ажары

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:33

Адам үшін денсаулықтан артық не бар? Ауру патшадан дені сау құл артық дейді. Сондықтан да дені саудың жаны сау, әуелгі байлық – денсаулық, деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Мұны басы ауырып, балтыры сыздағандар жақсы біледі. Ал сол біреудің денсаулығы үшін күніне бірнеше ота жасайтын, ота болғанда да медицинаның ең бір күрделі де, жауапты нейрохирургия саласы бойынша ажалмен арпалысып, өмірді қайта өрілтіп жүрген жаны жомарт жандар жайында не білеміз?

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:33

Адам үшін денсаулықтан артық не бар? Ауру патшадан дені сау құл артық дейді. Сондықтан да дені саудың жаны сау, әуелгі байлық – денсаулық, деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Мұны басы ауырып, балтыры сыздағандар жақсы біледі. Ал сол біреудің денсаулығы үшін күніне бірнеше ота жасайтын, ота болғанда да медицинаның ең бір күрделі де, жауапты нейрохирургия саласы бойынша ажалмен арпалысып, өмірді қайта өрілтіп жүрген жаны жомарт жандар жайында не білеміз? Сондай жанның жылына үш жүздей адамға қайта өмір сыйлайтынын, бұл орайда алдына жан салмай үнемі жастардан аса шалт қимылдағанын көрдіңіз бе? Көрмесеңіз айтайық, нейрохирург, профессор Серік Ақшолақов осындай адам.

Ол таңдаған мамандық терең білім мен толысқан тәжірибені қоспағанда, өте ептілікті, дәлдікті, асқан шыдамдылықты қажет етеді.

Оны қашан көрсеңіз де сергек, ширақ күйінде кезіктіресіз. Шапшаң қозғалып, тез тез сөйлеп, айтар ойын нақты жеткізеді. Үнемі кезек күттір­мейтін шаруалармен айналысып жүр­гені, шаршауға мұршасы жоқ секілді.

Ол Ақтөбе облысының Шалқар қа­ласында дүниеге келген. Оның өмірлік тарихына көз жүгірте отырып, қалып­тасқан тағдырында бір үйлесімділік бар екенін байқайсыз. Әрине, кез келген адам туған ұясын мақтан ететіні сөзсіз. Бірақ адамның болашағына үндейтін, мақсатына бағыттайтын, келелі істерін ұштастыратын ұшар ұяның өз алымы болады. Бұл орайда Серік те елге белгілі, сыйлы да құрметті отбасында дүниеге келгенін мақтаныш етеді. Оның әкесі Қуандық осы елде туып, өскендіктен, жастық шағын ауылдың шаруасына арнаған. Ұлы Отан соғысы басталғанда, өзі сұранып қан майданға аттанды. Туған елді, жерді қорғау керек деген қасиетті түсінікпен соғысқа кір­ген жас жігіт алғашқы сұрапыл шайқас­та-ақ, өзінің Отан үшін отқа түсуге әзір екенін дәлелдеді. Оның осындай қа­сиет­терін аңғарған полк командирі Қуандықты сол кездегі талап бойынша ұрыста ұйымдастырушылық, ер жүрек­тілік танытқан жастардың қата­рында болашақ офицерлерді даярлау орталы­ғына жіберді. Мұнда Қуандық бірден әскери ұшқыштар училищесіне алынды. Әуелі Грозный, онан соң Мәскеу қаласында әскери оқу мен жаттығу­лардан өткен ол көп ұзамай бомбала­ғыш ұшағының штурманы ретінде майданға оралды.

Соғыс аяқталған соң, Мәскеуде, Куйбышев әскери округінде әрі қарай ұшқыштық міндетін біраз уақыт жал­ғас­тырып, тек өткен ғасырдың елуінші жылдарына таман елге қайтты. Ауылға оралған майдангерге үлкен сенім біл­дірген басшылар оны бірден ұжым­шардың төрағасы етіп тағайындады. Осында ол болашақ жары Сағынаймен танысып, отау құрады. Сағынай ол кезде ауыл­дың ең жас мұғалімдерінің бірі болатын. Көп ұзамай олардың шаңыра­ғын­да Жұмагүл, Серікбай және кенже­лері Серік дүниеге келді. Бұлардың жас кезінде аталары дүниеден озды. Ал әжесі Айбибі немерелерін керемет ерке­­­лететін. Шіркін, сол кездегі ардақ­ты әжесінің аялы алақаны Серіктің әлі есінде. Қалай ұмытсын, әжесінің бірі­нен-бірі өткен сүйкімді немерелерін алдына алып, бар әлемді құшағына сый­ғызғандай маңғазданып масайрайтыны әлі күнге көз алдында.

­Серік нағашы атасын да көрді, тәр­биесін алды. Ол әрі балгер, әрі сынық­шы болатын. Тіпті сол кезде қазіргі эпи­лепсия деп аталатын ауруды да емдеуші еді. Нағыз емшілік қасиетті арқалағандықтан ба, о кісіні Шалқар жұрты барынша құрметтеді. Нағашы­сының тағы бір қасиеті өнер десе ішер асын жерге қойып, әсіресе, жыр-дас­тандарды таң атқанша тыңдайтын. Күн­де кешкісін Серік оның қасына отырып алып батырлар жыры ма, ақындардың айтыстары ма түгін қалдырмай бірнеше сағат бойына мәнерлеп оқитын. Наға­шысы анда-санда көзін ашып-жұмып қойып «па, шіркін!» деп тамсанысын жасырмай риза кейіппен басын шұл­ғиды. Нағашысының риза болғанына бала Серік те қуанушы еді.

Ақыры мұндай үйлесімділік нәти­же­сін берді. Ақшолақовтар отбасында әуелі Серіктің туған апасы Жұмагүл дәрігерлік жолды таңдап, медбике атанды. Артынша Серік те ақ халаттылар қатарына қосылды. Шалқар орта мек­тебін аяқтаған соң, ол Ақтөбе мемле­кеттік медицина институтына оқуға түсті. Серік институтта бар күш-жіге­рін оқуға салды. Дәрігерлік тек науқас­тарды емдеу емес екенін жақсы түсінді. Дәрігердің өзі, алдымен, денсаулығы мықты адам болуы керек. Сондықтан да дене шынықтыруға, спортқа көп кө­ңіл бөлді. Әсіресе, күрес дегенде ішер асын жерге қоятын. Ал ер жігітке күш­­ті­лік қашанда жарасатыны белгілі. Осы­­­­лай жалындап жүрген жас жігіт қазіргі қосағы, ол кездегі айдай ару Баян сұлуға кездесті. Артынша көп ұзамай-ақ студент кездерінде екеуі отау құрды.

Студенттік кездегі жиған күш-жігер, алған білім текке кетпеді. Әсіресе, Ақтөбе мемлекеттік медицина институ­тының профессорлары Эдурад Шайро, Юрий Бирючковтардың тәлім-тәрбиесі арқасында біраз ілімнен сусындап үл­герді. Олар да тепсе темір үзетін білім­ді жас жігіттің алғырлығын бірден бай­қап, институттың травмотология, кейін нейрохирургия бөлімдерінде қызмет етуіне қолұшын берді. Осылайша өзгелердің өмірін ажалдан арашалауға арналған жастық жалын атқан күндер лапылдап өтіп жатты. Бірақ, бір күні Серік пен Баянның отбасына тағдыр тосын сый әкелді. Ол 1977 жылдың жайма шуақ күзінде жолы түсіп Ақтө­беге келген Мәскеудің Бурденко атын­дағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры Александр Коноваловпен кездесті. Бұл кез атал­ған инс­ти­туттың аты әлемге әйгіленіп тұрған шағы және оның директоры А.Коно­валовтың Кеңес одағындағы ең бір білікті нейрохирург ретінде таныл­ған сәті.

Міне, осы кездесулерден кейін Се­рік­тің нейрохирургияға деген ынтасы тіптен арта түсті. Енді ол медицина­дағы ең бір қиын да, күрделі және жауапты саланы бастан-аяқ игеруге ден қойды. Бірақ оған бірден білек түріп кірісіп кетуге ол өзінің әлі де толық дайын еместігін іштей сезетін. Сон­дықтан үш жыл қатарынан еңбек демалысын алған кезінде Мәскеуге жол тартып, нейрохирургия институтына барып, бір немесе екі ай тәжірибеден өтіп тұрған. Қазақтың жас жігітінің аяқ алысын байқаған А.Коновалов Серіктің инс­титуттан мол тәлім алуына жан-жақты жағдай да жасады.

Содан бір күні Серікке осы инсти­тут­тың аспирантурасына жолдама бері­леді. Қуанышы қойнына сыймай жеткен Серікке Коновалов: Сен аспирантура емес, екі жылдық ординатураға тү­су­ге тиіссің, дейді. Бұған енді болашағым зор деп үміттенген жас жігіттің өзі де танданысын жасырмайды. Сөйтсе, Серіктің өткені мен болашағын таразылап үлгерген көп білетін білікті басшы оған қажетті кемелдену баспалдағын ұсыныпты.

Профессордың ақылын құп алған Серік ординатураға емтихан тапсырды. Оған түсуге де Коноваловтың көмегі болғанын жасырмайды. Өзі кей­ін есіне алып айтатындай, Серікті үнемі алдынан жұрттың жұлдызына айналған тұлғалар күтіп тұратындай көрінеді екен. Соның растығындай, нейрохирургия институтында әлемге әйгілі ғалым, тіпті кезінде академик Ландауға ота жасаған профессор Сергей Федоров деген алыптың қарамағына алынады. Не керек, сол адамның тікелей бақылауы­мен ота жасауға кіріседі. Оның қара­мағына сынақтан өтіп түскен кез келген шәкірт түптің түбінде отаны жасауға толық кепілдік алып шығады екен. Федоровтың сонда көздеген негізгі екі мақсаты болыпты: ең әуелі шәкір­тте­ріне ота жасауды үйрету, сосын барып оларды ғылыммен шұғылдандыру. Ал ординатурада адам тек таңдаған маман­дығы бойынша нақты тәжірибемен ғана айналысады. Ол күні-түні науқас жан­дар­дың ауруымен күресу деген сөз. Сондықтан нейрохирургиялық білімді тәжірибе жүзінде бойға сіңіру әлде­қай­да тиімді. Содан соң ғана аспирантура есігін ашу керектігін Серік те түсініп, кейін өз шәкірттеріне ғылымды алдымен ординатурадан бастау қажет екенін ескертетін болды. Осылайша сатылап өсу арқылы өз мамандығын жете мең­гер­ген дәрігер нейрохирургия дария­сында еркін жүзуге мүмкіндік алады.

Әрине, институтты бітірген соң бір­ден аспирантураға түсіп, оны аяқта­ғанда ғылым кандидаты атанып шығып жатқандар да бар екені рас. Бірақ білімді тәжірибе жүзінде іске асыра алмаған соң одан не пайда? Міне, білім мен тәжірибені ұштастыра жүргізудің құдіреті оқығаныңды өрнектеп, үлбіре­ген ілімді үзіп алмай одан әрі тоқи бі­луіңде. Демек, кейін Серік Ақшолақов­тың елдегі бірден-бір білікті де білгір, ал әлемде дүние жүзіне мәшhүр А.Коновалов секілді нейрохирургтермен тең дәрежеге жетуі кезіндегі ақыл, кеңесті тыңдай біліп, пайдалана алуында жатса керек. Ординатурадан кейін Серік аспирантураны да ойдағыдай тәмамдап, ғылыми орталыққа жұмысқа қалды. Ол аспирантурада ғылым кандидаттығына диссертациялық қорды үш жылда емес, екі жылда жиып, қорғауға дайын болғанын айтады. Бірақ, бұл жолы енді Сергей Николаевич оған кандидат­ты­ғын тағы бір жыл жұмыс істеп, сосын барып қорғауға кеңес берді. Бір жыл бойына ол күні-түні операция бөлме­сінен шықпай науқас жандарға тынбай ота жасады. Оның жасаған отасы сан жағынан да сапа жағынан да барлы­ғы­нан асып түсті. Осындай нақты дайын­дық пен әзірліктерден кейін ғана ол ғылым кандидаттығын, докторлығын жоғары жетістікпен қорғады.

Серік аталған институтта кіші қызметкер болып жұмысын бастағанда жолдасы Баян аспирантурада еді. Одан ол да сонда қалды. Бұл өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін ұласты. Санавиация арқылы одақтың түкпір-түкпірін аралап шықты. Сөйтіп жүргенде бірде Алматының нейрохирургтері, оның ішінде марқұм И. Көжеков Мәскеудің академик Н.Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтына келіп, Қазақстанның білікті ма­ман­дарға зәру екенін, әсіресе, нейрохирургия тұралап жатқандығын, сондық­тан бұл саланы көтеретін адамның қажеттігін, осыған орай бұған елге оралуға ұсыныс жасайды. Оның үстіне бұл кезде бұ­рынғы Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап жатқан кез еді. Расында білікті мамандар кез келген салада жетіспей жатты. Елдің жағдайын тез оңалту үшін Елбасы шетте жүрген білікті де тәжі­рибелі мамандарды егемендігіміздің ең­сесін көтеру­ге, тәуелсіздігіміздің туын желбірете түсуге шақырды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеудің академик Н.Н.Бур­ден­ко атындағы ғы­лы­ми-зерттеу институтына келіп, аралап көрді. Ғалымдардың алдында сөй­леген сөзін­де Елбасы Қазақстанда тап осындай орталықтың бой көтеретінін және онда қызмет істей алатын мамандардың қажеттігін айтты. Серік те Елбасының ет жүрегі езіліп тұралаған Қазақстанды қирандыдан қайтіп тұрғызсақ деген ние­тін түсініп, көп жылғы өзі жиған орасан зор білімін енді ел игілігіне арнауға бет бұрды. Оның арманы да осы еді.

Алматыға келісімен Серік дәрігер­лер­ді жетілдіру институтына орналас­ты. Мәскеуде жүргенде оянған үміт оты ұшқындап, шіркін өзіміздің ұлттық нейрохирургия орталығы тезірек салынса деген арманы қайта жанданды. Сонан ол Қазақстанда нейрохирургия орталығы қажет деп айта жүре, институт бітірген білімді жастарды ордина­тураға оқуға жинады. Олардың бәрін аспирантураға түсіріп, әрбіреуіне ғы­лы­ми-зерттеу тақырыптарын бөлді. Сөйтіп, арадағы он жыл ішінде 25 ғылым кандидатын дайындап шығарды. Артынан төрт ғылым докторы шықты. Болашаққа негіз қалауға керек деген оймен 2004 жылы «Қазақстанның нейрохирургиясы және неврологиясы» атты журнал шығарыла бастады. С.Асфандияров атындағы медицина универ­ситетінің неврология кафедрасымен және Қырғызстанның нейрохирургте­рі­мен бірігіп, диссертациялық кеңес құ­рылды. Сөйтіп, кейінгі жастар ғылыми еңбектерін Алматыда қорғай бастады.

Сол кездері бірінші рет Мәскеудің академик Н.Н.Бурденко атындағы ғы­лы­ми-зерттеу институтынан профессор Л.Б. Лихтерман бастаған бір топ профессорлар шақыртылып, Алматы қала­сында ғылыми конференция ұйымдас­ты­рыл­ды. Ол кезде, міне деп мақтана көрсе­тетіндей оңды ғимарат та, онда ота жасайтын арнайы бөлмелер де жоқ еді, тәжірибе де жетіспей тұрған. Дегенмен, Серік бастаған топ артта қалу­шылық пен кедергінің кісенін бұзып, өрке­ниет­тің озығына, ғылым мен білімнің шы­ңына шығуға талпынды. Бұдан кейін Германиядан нейрохирургтер шақыры­лып тағы да танымдық халықаралық конференция өткізілді. Сөйтіп жүр­ген­де, ақыры қазіргі нейрохирургия орта­лығы ашылады деген хабар да жетті. Сол-ақ екен, Серіктің Астанаға сапары жиілей түсті. Құлан­дыдан, қирандыдан ғажайып қала тұр­ғызыла бастады. Болашақ ғылыми орталықтың қандай болуы керектігін ерте ойлаған ол талай шетелдік нейрохирургия орталық­тары­ның сызбаларын ортаға салды. Ақыры асқақ Астанадағы арман еткен арайлы ғимараттың іргесін қалау Ақшолақовқа бұйырды.

Ол кезде мұнда темір жол ауруханасында ғана нейрохирургия бөлімшесі болатын. Құрылыстан қолы босамай жүрсе де сол бөлімшеде-ақ Серік нау­қастарға ота жасауын жалғастыра бер­ді. Екі-үш ай осында келешектің қамы­мен жүріп, бір қолы қалт еткенде Ал­матыға қайта оралады. Өйткені, онда да оны сол екі-үш айда жиналып қалған, яғни өмір сүруден үміт етіп, көздері құтқарушысын жаутаңдап іздеген сансыз науқастар күтіп отыратын. Міне, бір апта бойы соларды ажалдан арашалап алып, дамылдамастан қайта аста­на­ға аттанады. Келе сала құрылыс фир­ма­сының құрылысшыларымен біте қайна­сады. Бұл кезде аталған орталықтың ашылатын уақыты да таяп қалды. Сонда бірнеше жыл бойы көз майын тауысып сызбасын сызып, күні-түні дамыл таппай кірпішін қаласып жүріп, көкей­дегі күткен керемет кешен кемеліне келгенде қызметін бірден бастап кетпесе, не болмақ деген сауал Серіктің со­ңынан көлеңкедей көлбеңдеп қалмады. Сондықтан да ол бұрыннан алдын ала дайындап, даралап алған мамандарын Денсаулық сақтау министрлігінің тіке­лей қолдауымен қайта жинап, шет елге бірнеше айға оқуға аттандырды. Бір емес, екі мәрте жас мамандарды яғни ертең орталықта жұмыс істейді деген дарабоз дарындарды медицинасы озық елдердің бірі Израйлге жіберіп, дәріс алдыртты.

Сөйтіп, көптен күткен 2008 жылдың 1 шілдесі де жетті. Тарихта тұңғыш рет Қазақстанда теңдессіз, Орталық Азияда жоқ, ТМД елдерінде екінші орынды ала­тын нейрохирургия ғылыми орталы­ғы ашылды. Мұнда медицинаның соң­ғы жетістіктерімен жасалған су жаңа аппараттар, техникалық құрал-сайман­дар, небір көз көріп, құлақ естімеген емдік құрылғылар орнатылды. Сол бүгінгі талаптарға сай алынған құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын әбден ысылып дайын тұрған сақадай сай мамандар білек түре іске кірісті. Ашылған алғашқы күннен бастап-ақ орталықта ота жасау басталды.

Елбасының тікелей қамқорлығымен құрылған «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ бүгінде барлық талап деңгейінен шығып отыр. Президент орталықтың ашылу салтанаты кезінде: «Менің ойымша, Респуб­ли­калық нейрохирургия орталығы Қазақ­стандағы, мүмкін әлемдегі ең үздік орталықтардың бірі болады», деп үлкен сенім білдірген еді. Аса көрегенді­лік­пен айтылған бұл сөз айналдырған аз уақыттың ішінде шындыққа ұласты. Қазіргі күні мұнда Орталық Азияда болмаған отыздан астам жаңа техно­логияға негізделген ота жасау түрлері енгізілді. Ол мидың қан тамырлары аурулары, омыртқадағы жұлынды қайта қалпына келтіру, эндоскопиялық ауруларды емдеу, балаларға, нәрестелерге жасалатын оталарды игеру жүзеге асты. Үстіміздегі жылы эпилепсияға қарсы ота жасау басталды. Адамдарды қажы­тып салға айналдыратын ауруларды емдеу, аяқ-қолдарды жандандыру қолға алынды.

Қазақ нейрохирургиясының қауым­дастығы құрылды. Ол дүниежүзілік нейрохирургия ассоциациясына толық мүше болып енді. Сондай-ақ, қауым­дастық Еуропалық нейрохирургтерінің ассоциациясына да толық мүше болып қабылданды. Оған қоса Азия нейро­хи­рургтерінің конгресіне де қосылды. Аз уақыттың ішіндегі орасан жетістік­тер­дің арқасында осылайша әлемге танылып, қазақстандық ғылыми-зерттеу ней­рохирургия орталығы суырылып алға шықты. Бірнеше мәрте жетістіктер туралы шетелдерде баяндамалар жасалды. Шетелдің озық мамандары орта­лық­қа келіп, қазақстандық нейрохи­рург­теріне шеберлік сыныптары көрсе­тілді. 2009 жылы Қазақстан нейрохи­рургтерінің тұңғыш сьезі өткізілді. Бір жылдан соң халықаралық конференция ұйымдастырылды. 2011 жылы Дүние­жүзілік нейрохирургтер ассоциация­сы­ның білім беру курсы өтті. Оған әлем­нің 22 елінен – АҚШ, Жапония, Ұлы­британия, Германия, Ресей, Қытай, Үндістан және т.б. мемлекеттердің мамандары қатысып, қазақстандық нейро­хи­рург­­терге дәріс жүргізіп, соның қоры­тын­дысына сай дүниежүзі нейро­хи­рург­­терінің сертификаты табыс етіл­ді. Жан-жақты тәжірибе алмасу болды. Мұның бәрі біздің жігіттерге жаңа серпін берді. Дамуға қолдау болды.

Енді халқымыздың маңдайына біт­кен Республикалық нейрохирургия ғы­лыми орталығы қай жағынан алсақ та, мақтауға тұрарлық. Іші мұнтаздай таза, озық медициналық құрал-жабдығына маманы сай, науқас үшін барлық жағ­дай қарастырылған. Әркім осында ем алуға құштар. Тіпті, республикамыздан тысқары жерлерден де келушілер бар. Сондықтан бұл орталық бүгінгісі мен келешегі зор дәрігерлік мекемелердің қатарында, яғни заманына сәйкес диаг­ностикалық құрал-жабдықтармен – ком­пьютерлік және магниттік-резо­нанс­тық томографтар, Siemens фирма­сының ангиографтары, NiҺon Koden фирмасының электроэнцефалографы мен электромиографы және басқа да құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.

Жақында Қазақстан нейрохирург­терінің ІІ съезін өткіздік. Оған көптеген халық­аралық нейрохирург мамандар қатыс­ты. Еуропа нейрохирургтері ассо­циа­ция­сының президенті және т.б. батыс, шығыс елдерінің белгілі мамандары келді. Одан әрі 2013 жылы Астанада Еуропа нейрохиругтері ассоциациясы­ның білімді жетілдіру курсы жүргі­зі­леді. Ал 2014 жылы Азия нейрохирург­терінің оныншы конгресі Қазақстанда өтпек. Мұның конкурсына әлемнің ірі тоғыз мемлекеті қатысып, азуы алты қарыс елдердің арасында жеңіс бізге тиді. Жасыратыны жоқ, бұл жеңіс Елбасының халықаралық деңгейдегі абыройының арқасында Қазақстанға бұйырды. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақ­станда жасалып жатқан жағымды жаңа­лықтар, оңды істер, тиімді шаралар шетелдіктерді қатты қызықтырады. Сон­­­дық­тан олар да мұндағы жетістік­терді өз көздерімен көргілері келетіні анық, дейді С. Қуандықұлы.

Бүгінде орталықта жыл сайын 4,5 мыңдай науқас ем-дом қабылдайды, олардың 2,5 мыңына ота жасалады. Соның 300 ден аса аурулары ең ауырларын, күрделісін профессор Ақшолақов өзі таңдап алып қолынан өткізеді. Ол Мемлекет басшысы Жолдауында айт­қан­дай, әрбір адам саламатты өмір салтын ұстануға жетік көңіл бөлгенін қа­лайды. Елбасының тапсырмасына сай Үкімет ірі қалалардағы нейрохирургия орталықтарына қажетті құралдарды алып берді. Енді дәрігерлердің білімін одан әрі жетілдіре беру және әр адам өз денсаулығына жауапты қарауы тиіс, дейді. Болашағы зор Қазақстан мемле­кеті үшін оның нағыз патриоттары болатындай дені сау, жаны таза жандар ауадай қажет. Ал ол үшін жастар бұған қазірден бастап тәрбиеленуі тиіс. Жас­тардың өз денсаулығына атүсті қарай­тыны жанды ауыртады. Өйткені, жасыратыны жоқ соңғы кездері ана мен баланың өлімі аз болмады. Демек, жалпы ұлттың денсаулығын сақтауда әр адам, әр мекеме бірлесе әрекет етуі керек. Сау генофон сақталып қалуы тиіс. Соңғы кездегі халықтың әл-ауқатының жақсарып, тұрмысының түзелгеніне сай қазақстандықтардың өмір сүру дең­гейі де артып яғни өмір жасы ұзарды. Алыс, жақын елдерге қарағанда, дәл біздің мемлекеттей денсаулық саласына, медицинаны дамытуға қаражат бө­ліп жатқан ел өте аз. Бұл біздің Елба­сымыздың арқасында қол жеткізген жағдай. Соңғы кездері қаншама ауруханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары, дәрігерлік пункттер республика бойынша жаппай ашылып жатыр. Дегенмен, енді қазақстандық медицинаны дамыту үшін өңірлік дәрігерлердің білімін, шеберлігін жетілдіру керек. АҚШ-тың Жапонияға қарағанда, ІЖӨ көрсеткіші әлдеқайда жоғары, бірақ Жапонияның жұмыс істеу қарымы АҚШ-тан жоғары. Ендеше, медицинада ақшаның да шамасы жетпейтін тұстар болады. Міне, сондықтан әрбір дәрігердің қызмет көрсету тиімділігі, жауапкершілігі, білі­мі, біліктілік сапасы артпаса, ілгерілеу болмайды. Демек, аймақтардағы дәрі­гер­лік бөлімдердің қызмет сапасы арт­қаны жөн. Әйтпесе, олар етектен тартып тұрғанда республикалық ғылыми-зерттеу нейрохирургия орталығының көтерілуі де оңай емес. Егер аймақ­тардағы нейрохирургия бөлімшелері өз міндеттерін талапқа сай атқарып жатса, біздің де одан әрі дамуымызға мүмкін­дік туады. Жоғарыда шетелдік мамандарды шақыртып дәрігерлерді оқытып, үйретіп жатқандағы негізгі мақсаты­мыз, орталықтағы дәрігерлерді емес, негізінен сол аймақтардағы нейрохи­рург­тердің білімін көтеру болып табылады. Өйткені, іргетас мықты болса, үйді қалай беруге болады, дейді профессор С.Ақшолақов.

Ал Мәскеудегі академик Н.Н. Бурденко атындағы нейрохирургия ғылы­ми-зерт­теу институтының директоры, академик Александр Коновалов Қазақ­стан­ның нейрохирургиясы туралы таң­даны­сын жасырмай айтады. «Қазақ­стан­дық нейрохирургтердің жетістігіне шетел­дік әріптестер қызыға да қызғана да қараймыз. Түк жоқ жерден бастау алған қазақстандық нейрохирургия бір­ден жоғары дамудың жолына түсті. Жаңа технологиялар игеріліп, халық­ара­лық байланыс нығайтылды. Жалпы, біздің осыдан отыз жыл бұрын кездес­кеніміз Серік екеумізге де тиімді болды. Онда менің әріптестерім кенеттен Қазақ­стан­ға барып, қайтуға ұсыныс жасады. Сөйтіп, жергілікті табиғатты тамашалап, дала сұлулығына тамсану үшін Қарабұтаққа атбасын тіредік. Сонда мен Серікпен таныстым. Онда Серіктің зайыбы Баянның ата-анасы­ның үйінде болдық. Ол кезде Баянның әкесі Төлеу Алдияров аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы еді. Серік кейін біздің институтқа келіп, бірден ұжыммен сіңісіп кетті. Ординатураны бітірді, кандидаттық және докторлық диссертация қорғады. Қазір, міне, өзде­ріңіз көргендей, өте жоғары білікті маман», дейді қуанышын жасырмай.

Жастар демекші, Серік Қуандықұ­лының отбасында екі ұлы бар. Екеуі де құқық саласын таңдаған. Келіні дәрі­гер. Үш немересі Райымбек, Алдияр және Айбибі өсіп келеді. Осы үшеудің үлкені Райымбек, ортаншысы Алдияр атасымен бірге талай ірі нейрохирург­тердің жиынына қатысты. Осының әсері ме, енді Алдияр болашақта атасындай нейрохирург мамандығын игеруге талпынып отыр.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің жұба­йы Баян Ақшолақова күйеуінің ізімен жүріп келе жатқандай. «Әрине, мен қы­рық жыл бойы отасып отырған отағасы туралы көп нәрсе және таза шындықты айта алатыным анық. Оның ең басты қасиеті өмір сүйгіштігі, ашықтығы, шын­шылдығы, өзгелерге деген ерекше қамқорлығы дер едім. Ол күн сайын өлім мен өмір арпалысқан сәттердің нақ ортасында жүргендіктен, өмірдің құнын бағалай біледі. Ол барлық адам­ға бірдей қамқорлық жасауға тырысады. Қашанда кез келген мәселеде қолұшын беруге даяр тұрады. Сондық­тан оған көп адам түрлі жағдайлармен келіп жатады. Әрине, тума-туысқан­да­рын да ұмытпайды. Соның арқасында оның анасы қазір 86 жасқа жетсе де денсаулығы жақсы күйде өмір сүруде. Балаларына, немерелеріне деген қам­қор­лығы мүлде бөлек. Ол өзінің маман­дығын шексіз сүйеді. Жас нейрохирург шәкірттерін тек мамандықтарына ғана үйретіп қоймай, өмірдің барлық мәсе­лелерінде олардың сүрінбеуіне дағды­лан­дыруда. Олар оның балалары секіл­ді ғой, сондықтан барын аямайды. Оның үстіне ол тек бәрін жал­ғыз өзі ғана біліп қоймай, іс тетігін өзі ғана игеріп қоймай, сол өзінің білгенін, тәжірибесін басқаларға түгел үйретіп, білікті жастарды жаппай үйретуді үлкен мектепке айналдырғысы келеді. Оның бар өмірі менің көз алдымда өтуде. Өткен апта бойы ол күніне екі, үш отадан жасады. Оның үстіне ол үнемі ғылыми жұмыспен айналысады. Салмақ ауыр. Сондықтан спортпен айналысқанды жақсы көреді. Спорт барлық қиындықты еңсеруге және оған қызметін шаршамай, шалдықпай сапалы жалғастыра беруіне көмектесетінін түсінеді. Оның достары да өте көп, солардың бәрі оның қарапайымды­лы­ғын, адалдығын, көпшілдігін, ашықты­ғын, қамқорлығын сезіне білген жандар», дейді ол ағынан жарылып.

Бүгінде «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ басқар­ма төрағасы ретінде жемісті қызмет атқарып жүрген Серік Ақшолақов: «Мем­лекет басшысының сындарлы сая­сатының арқасында қасиетті де қас­терлі тәуелсіздігіміз өміріміздің барлық саласынан қазір айқын аңғарылады, дейді. – Соның бірі де бірегейі кезінде армандап жүрген замануи технологиялар арқасында бұрын шетелдерде ғана қолжетімді болатын емдеу тәсілдері енгізілген ерекше медициналық орта­лық­тар бой көтерді. Осыдан он жыл бұрын ойға да кіріп, шықпайтын Ұлт­тық медициналық холдинг клиникалары, білім мен ғылым және тәжірибені ұштастырған жаңа Назарбаев Универ­си­теті жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға орасан тың серпін берді».

Ендеше, біз де бұл жетістіктерге тамсана отырып, мақаламыздың соңын осы істің басы-қасында жүріп жүзеге асыруға беріле атсалысқан тұлға туралы ойымызды қазақтың айтулы ақын­дарының бірі Фариза Оңғарсынованың: «Талай үлкен-кіші лауазымды дәрігер­лерді кездестіріп жүрміз. Көбінің сыр­қат адамға деген қарым-қатынасын көр­генде, жүректерінің орнында пластмассадан жасалған зат па деп қаласың. Ал Серік Ақшолақовты біраздан бері бі­лемін. Өте білімді, сезімтал, ішкі, сырт­қы мәдениеті жоғары азамат. Се­ріктің кішіпейілділігі, кімге болса да көмек­тес­кісі келіп тұратын қарапайым болмысы, қиналған жандарға деген жан­ашырлығы, қолұшын беруге әзір тұра­тындығы адамның жүрегін елжіретеді.

Әрине, нейрохирургия – медицина­ның аса күрделі саласы екені белгілі. Серік – осы саланың аса білгір маманы, оның есімі медицинасы аса дамы­ған Германияда және басқа шетелдерде жақсы таныс. Кез келгенді мойындай бермейтін неміс дәрігерле­рінің арасында үлкен беделге ие болуы Се­ріктің қандай деңгейдегі маман екенін көрсетеді.

Біз басқа елден біреу келсе, құлап-жығылып бас ұратын ұлт болып алдық. Өзіміздің алтынымызды көзімізге іл­мей, басқаның мысы мен жезін мадақ­тауға әзір тұрамыз. Ал Серіктей алтын азаматтарды айтып, қалай мақтансақ та, артық емес» деген ойлы сөзімен түйіндейміз.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».