• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2012

Талғам мен таным табиғаты

2467 рет
көрсетілді

Талғам мен таным табиғаты

Жұма, 19 қазан 2012 7:33

Қазақ прозасына алпысыншы жылдардың бел ортасында шоғыр-шоғыр боп талантты жастар келе бастады. Өртеңге шыққан құрақ қамыстай олар бірінен соң бірі дүр­мек-дүрмек боп кеп, бір-бірі­мен жарыса жазып, қазақ оқыр­ман­дарының кітапханасын жаңа шығармалармен байыта түсті. Ол шығармалар алдыңғы аға буын­ның шығармаларынан бөлекше тыныстағы, көп сөзділік пен ша­шы­раңқы оқиғалардан арылған, жаңа ой мен жаңа идеяны образ табиғатына сіңіре білген, керексіз, жанама детальдардан тазарған, қа­зақ әдебиетінің көркемдік дең­гейін жаңа биікке көтерген шын мәніндегі жаңа шығармалар болды.

Жұма, 19 қазан 2012 7:33

Қазақ прозасына алпысыншы жылдардың бел ортасында шоғыр-шоғыр боп талантты жастар келе бастады. Өртеңге шыққан құрақ қамыстай олар бірінен соң бірі дүр­мек-дүрмек боп кеп, бір-бірі­мен жарыса жазып, қазақ оқыр­ман­дарының кітапханасын жаңа шығармалармен байыта түсті. Ол шығармалар алдыңғы аға буын­ның шығармаларынан бөлекше тыныстағы, көп сөзділік пен ша­шы­раңқы оқиғалардан арылған, жаңа ой мен жаңа идеяны образ табиғатына сіңіре білген, керексіз, жанама детальдардан тазарған, қа­зақ әдебиетінің көркемдік дең­гейін жаңа биікке көтерген шын мәніндегі жаңа шығармалар болды.

Бұл ұрпақ әдебиетке алдыңғы ағаларындай рабфак немесе мұға­лімдік семинарияны үзіп-жұлқып жүріп бітірген, М.Әуезовтен бас­қа­сы негізінен орташа білім қо­ры­мен шығарма жазуға кіріскен ұр­пақ емес, көне дәуір әдебиетінен бастап, сол кездегі Кеңес Одағы жазушыларының озық үлгілері боп саналатын барлық шығар­ма­лар мен орыс классикасын та­уы­са оқыған, ол оқығандарына ішкі та­лап-тілектері қанағат тұтпай, осы­ған дейін темір қақпасы тарс жабулы тұрған батыс әдебиетінің бұрын-соңды естіп-білмеген жазушыларын қомағайлана оқыған, оқи отырып: «біз қайдамыз?» деп әрқайсысы күрделі де қиын сұ­раққа жауап іздеген ұрпақ еді. Осы сұрақ оларды ескіні қастерлей оты­рып жаңаша жазуға итерме­леді. Тіпті, мәжбүр етті. Осындай сұрақтарға жауап іздеп, көркемдік деңгей болмаса идеялар идея күйінше қалып қоя беретінін, онымен оқушы жүрегіне жол тап­қан­мен оны жаулап алуға болмайтынын, барлық идеялар мен көркем­дік критерийлер ұлттық болмыс арқылы жүзеге асуы тиіс екенін, олай болмаған жағдайда ондай шығарманы өзге ұлт түгілі өз ұл­тың да қабылдай алмайтынын, Брехтше айтқанда, «нағыз ұлттық шығармалар ғана ұлтаралық өнер бола алатынын» бүкіл болмыс-бітімімен түсініп, өз өнерімізді әлемдік өнер биігімен салыстыра қарап, жанталаса іздеудің жаңа жо­лын таңдаған әлгі айтқан шо­ғыр-шоғыр таланттардың ішінде жазушы Төлен Әбдіков те бар еді. Ол басқа замандастары секілді бұрқыратып көп те жазбады, қа­лың-қалың романдарға да бара қой­мады. Өзіне қатал талап қоя білетін, артық-ауыс бір деталь, тіп­ті, орнын таппаған бір сөз үшін өзін-өзі кешіре алмайтын шын суреткер ретінде ол аз болса да саз жа­з­уға, шығармашылық толғақ әбден меңдеп, жазбауға мүмкіндік қалмаған жағдайда ғана қолына қа­лам алуды өмірлік принципке айналдырды. Жазар алдында ол ақсүйек боп ойланып, жазу үс­тінде өзін құлдай қинады. Барлық жаңа идеялар мен жаңа пайымдаулар, өмірдің ащы-тұщы шын­дық­тары еленіп, екшеліп, мейлінше сұрыпталып, қол диірменге тартар алдындағы тәлімі бидайдай әр қыпығына дейін тазаланып, патша мен паңның асындай сан рет тек­серіліп, барша адам атаулыны тол­ғантып жүрген ізгілік пен жауыз­дық, махаббат пен зұлымдық, адал­­дық пен аярлық, қиянат пен қайырымдылық, кісәпірлік пен мүсәпірлік, найсаптық пен кісілік, озбырлық пен момындық, қойшы, әйтеуір, баршаға ортақ қайғы мен қуаныштың мағұрып пен ма­шы­рықтай алыс аралығын қиялмен шарлап, адами ойлар мен адами топшылауларды қазақи санаға ер­кін сыйдырып, олардың бәріне қа­зақи реңк, қазақи бояу сіңіріп, шетелдік үрдіске ғана жарасымды деп танылып келген оқыс әрекет­тердің өзін қазақ ұғымына сай адаптациядан өткізіп, ұлттық ой-сананың бүгінгі көрінісіндей етіп оқушыға ұсына білу Төлен сияқты жазушыларға емес, тек Төленнің өзіне ғана тән ерекшелік. Сондық­тан да оның шығармалары санмен емес, сапамен өлшенеді, сондық­тан да оның бір шығармасының салмағы өзгелердің қос қоржын кітаптарынан ауыр. Төленнің әр шығармасы баз біреулердің шы­ғар­малары секілді баспа жүзінде жарияланбайды, оның шығармасы дүниеге келеді. Ал дүниеге келе­тін шығармалар қашанда аз болатыны белгілі. Егер Төлен көлем қуған жазушы болса, «Әке» пове­сін қалың романға айналдыруына әбден болатын еді. Бір ұрпақ – бір дәуірдің басынан өткен қайғылы оқиғалар мен қилы-қилы тағдыр­лар тізбегі Төленнің көсіле де, шешіле жазуына мол мүмкіндік беріп тұрғандай-ақ еді. Бірақ, Тө­лен оған барудан саналы түрде бас тартты. Бас тартқызған – оның өз ішінде туа бітті жайғасқан қатаң талап, өзін-өзі аямасқа бекінген ішкі «көркемдік» цензура, қалға­ны әлемдік әдебиетті шарлап оқып, шаршамай ізденіп, бүгінгі прозаға қойылар талапты еркін игере білгендігінің нәтижесі.

Бір қарағанда өмір деген есік­тің ашылып жабылғанындай тым қысқа, енді бір қарасаң шілдедегі оразаның күніндей тым ұзақ. Бала туылады, есейеді, ер жетеді, ұш­қан ұясын тастап алысқа қанат қағады. Артта баласын сарғая кү­тіп әке мен шеше қалады. Енді ғана басталған өмірдің сан-сапа­лақ қызығы мен шыжығына алаң­сыз араласып кеткен жас жігіт сарғая күткен ата-анасын да ұмы­та бастайды. Ата-ананың балаға деген сағынышы, жұмыс, карьера деп жүріп туған үйіне оралуды ұмытқан бала жайлы қазақ әде­бие­тінде шығарма аз емес. Төлен­нің бұл шығармасы несімен құн­ды? Әке мен бала жайлы толып жатқан шығармалардан мұның айырмашылығы не? И.Тургеневтің әкелер мен балалар жайлы жазған әйгілі романының айтар ойына бұл шығарма не қоспақ және оқушыны несімен баурамақ?

Қаладағы қарбалас өмір бір басқа, ауыл әлемі бір басқа. Толып жатқан ағайын-туыстан жалғыз қалған әкенің жалғыз ұлдан көп немере сүйсем деген арманы, бір арманы орындалып, келін түсірген кездегі бүкіл ауылдың дүрлігіп той жасауы, алғашқы немересін тартып алғандай әке-шешесінің бір жасқа толар-толмаста елге алып кетуі, келесі жылы ауылға кел­генде ол баланың бұларды танымауы, хал үстінде жатқан әке­нің арыздасып-қоштасуы, ел ішін­де өлімге деген соншалықты сабырлы көзқарас, тіпті, дәл осылай қоштасып қойған Досмағамбет деген біреудің аяқ астынан сауығып кетіп өзінің де, әйел, бала-шаға­сының да алдында «ыңғайсыз» жағдайда қалуы, бәрі-бәрі: қайғы­сы да, қуанышы да мамыражай, бей­ғам, алаңсыз, аңғал қазақ ауы­лының қара сөзбен салынған шынайы суреті дерсің. Ең арысы: «өскенде әке-шешеңді бағасың ба?» деген сұраққа «бақпаймын» деп шорт кескен жас баланың жауабына шейін нағыз суреткер жазушы ғана байқауға тиіс шындық жатыр.

Бүкіл бір рулы елден ашар­шы­лық кезде ғайыптан-тайып жал­ғыз өзі аман қалған әкеде ұрпа­­ғының көп болуынан басқа қандай арман болушы еді? Келінінің үш құрсақ көтергенінің өзін азырқанып, тіпті, Алматыға емделуге, тойға, жина­лысқа келген адамдардың бәріне баласының мекенжайын жа­зып беріп, «келіннің ішін бай­қап кел» деп жасырын тапсырма беріп жататын әке-шешенің немереге деген «тойымсыздығының» түбінде қа­зақ даласын қынадай қырған ашар­шылық пен толып жатқан зоба­лаңдардың әлі басыла қоймаған қайғы табын сезіп оты­расың.

Сонымен, әке көз жұмды. Артында қалып бара жатқан баласы мен үш немересі қараңғы көрге кірер алдында үміт сәулесін сеуіп, ішінде сем боп қатқан қатпар-қатпар қайғы шерімен о дүниеге аттанды. Тәйірі, бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген, «…Кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер» деп ар жағында Абай күрсінсе, «В этой жизни умирать не ново, но и жить конечно не новей» деп бер жа­ғын­да орыс жігіті С.Есенин күңі­ренді, ал күні кеше арамызда жүрген Асқар Сүлейменов болса: «Келу – парыз, кету – міндет» деп шорт кескен. Тіпті, ол кісілер ештеңе де­месе де «өзекті жанда өлім бар», туған адам өліп, адам біткен алма-кезек орын ауыстырып жатады емес пе? Қалың романға жүк болатын бұл повестегі кесек-кесек оқиғалар мен сан қилы ситуациялар тек есте қалар ірілігімен, жү­рекке жылы тиер шынайы­лығы­мен ғана емес, осылардың бәрінің қазақы болмыс, қазақы психология, қазақы таным арқылы бері­луінде. Әке мен баланың арасын­дағы қарым-қатынас жалпыға ор­тақ тақырып болғанмен, ол тақы­рып әр ұлтта әр басқа қабылда­нып, әр басқа шешімін тауып жататыны ақиқат. Барша адамзатқа ортақ боп саналатын осы тақырып қазақ топырағына Төлен қаламы арқылы қоныс аударғанда, формасы да, мазмұны да таза ұлттық шығарма боп туған. Бұл шығар­маны «оқып шығу үшін» ғана қа­рап шыққан адамға оның «пәлен­дей алып бара жатқан ештеңесі жоқ» боп көрінуі мүмкін. Бұлай бағалау ешнәрсені мойындағысы келмейтін, мойындағысы келсе де ішкі қызғанышын жеңе алмайтын рухани тоғышарларға немесе шы­ғармашылық дальтониктерге тән.

Шығарма бітті.

«…Әкемді жөнелтіп болған соң, келесі күні мен ауданға баратын совхоз директорының машинасына ілесіп жүріп кеттім. Қайғы жүгі жеңілдеп, бойым сергіп қал­ған секілді. Өлікті қадір тұтқан осынау қыруар өлім жоралғы­сы­ның ғасырлар бойы халық арасында сақталып келуінің сырын жаңа түсінгендеймін. «Япыр-ау, – дей­мін ішімнен таң қалып, – неге жұрт ел ортасында өлгісі келеді? Неге өмір бойы басқа жерде ғұ­мыр кешіп, өлу үшін туған елге оралады? Неге?

Әлдеқалай көңілім босап, кө­зіме жас тірелді. Бірақ, әкемнің қазасына жылағам жоқ. Басқа бірдеңеге. Басқа…»

Ол қандай «басқа бірдеңе?» Шы­ғарманың ең соңындағы осы бір екі ауыз сөз қазақтың бүкіл тір­шілігі мен болмысын, өзіне ғана тән өмір салтын, өмірлік философиясын анықтап тұрған жоқ па? Бұдан біраз бұрын ауру айналдырып алған әке-шешесін Алма­тыға көшіріп алмақ болғанда жоқ-барды сылтау етіп әкесінің көнбей қойғанының сырын баласы енді ұғынды. Өлер алдында сүйегін туған елге қарай сүйрейтін қазақи болмысты Төлен Әбдіков шынайы да шымыр шы­ғармасында осылай суреттеп беріп­ті. Суреткердің шын­шылдығы мен шынайылығы сол, шығар­мадағы бол­мысы таңғы шықтай таза, се­зімдері жаңа сау­ған сүттей аппақ адамдарды көре қалсаң ет жақын бауырыңды кез­дестіргендей құшақ­тай кеткің ке­леді. Өйткені, біз ол адамдармен Төлен арқылы етене жақын таныс­тық, олардың басынан өткен қай­ғыларына ортақ болдық, олармен бірге өмір сүрдік.

Көркем шығарманың басты мақсаты да осы болса керек.

Төлен Әбдіков 60-жылдары жа­рық көрген «Бас сүйек» атты алғашқы әңгімесінде мүсінші Хамиттің Жаубөрі батырдың бас сүйегі арқылы оның мүсінін жасау жолындағы жан азабын суреттеу арқылы шынайы өнерге өзін ар­наған адам ешқашан рахат өмір сүре алмайтынын, ізденуде шек жоқ екенін, жаужүрек батырлар жайлы қатып қалған стереотипті жеңу оңайға соқпайтынын, қолын­да аз ғана билігі бар адамдардың өзі ұлты үшін жан қиған ұлы тұлғалардан гөрі өз туыстарына ескерткіш орнатып, ұлтқа үлкен қиянат жасап отырғанын ойлайтын тоғышарларды алғашқы әң­гімесінде-ақ сынап еді. Совхоздың жай ғана бухгалтері былтыр өлген әкесіне төбесі көк тіреген ес­керткіш қойып жатқанда, қол созым жердегі Қалмаққырғанда елі үшін мерт болған Жаубөрінің моласы жермен-жексен боп, үстін шөп басып жатқанын қаперіне де алмады. Бұл – ұлттық сананың мешеулігі. Төлен осыған күйінді.

Әділет жолындағы оның жа­н­айқайы содан бері бір бәсеңсіген емес. Оның келесі шығармалары – «Ақиқат» пен «Парасат майданында», «Біз үшеу едік» атты тұңғыш драмалық шығармасында, «Қа­йыр­сыз жұма», «Оң қол», «Жат перзент» секілді ішкі драмаға толы әңгімелерінде ақиқат пен қиянаттың ашық майданға шық­қанын көреміз. Әсіресе, жанрлық жағынан таза көркем шығармадан гөрі философиялық-полемикалық эссе боп табылатын «Парасат майданы» атты повесть жүйкелері тозып, әбден қажыған, өмірде мән-мағына іздеп саналары сарсаңға түскен, тіпті, үмітсіздік ауруына шалдығып, мына өмірден өз ерік­терімен кетудің философиясын жасап алған жандардың жан арпалысы мен сабырлы күйзе­лістері өздері қараңғы түнек деп есеп­тейтін мына тіршіліктен қырық жамау жүрекке дауа іздеп, оны таба алмай, таба қалған күнде сол бозамық сәуленің артында тағы да қараңғы түнек тұрғанын көріп, мы­на өмірдің алғышарттарын адам­зат өз қолымен өздері бая­ғыда асқан шеберлікпен бұзып тын­ғанын, табиғат гармониясы адам қолымен күннен-күнге сеті­неп бара жатқанын, енді оның жалғануы мүмкіннен гөрі мүмкін еместігі мол екенін, адамзатты парасат қараңғылығынан алып шы­ғар Тесей жібінің қайта жалғана қоюы неғайбыл екенін екі адам­ның бір-біріне жазған ойға толы хаттарынан өмір деген не, қайғы мен бақытты қалай түсінеміз дегендей телегей-теңіз сұрақтар мен сауалдардың ақ боранының астында қалған оқырман да бір мезгіл өзі де үмітсіздік иіріміне тартылып барып, әрең дегенде мал­ты­ғып жүріп «үйреншікті өз жағала­уына» шығып, әлгі сауалдардың жауабын іздестіре бастайды. Қо­сыл­майтын екі ұғымның ешқашан бірікпейтінін сезеді. Оксюморон, яғни әділдік пен қиянат сияқты кереғарлықтар қақтығысы қағида­сын Төлен өз шығармасында анық жазған да екен. Назар салыңыз: «Егер бір аттың түсі әрі көк, әрі қара болса, оны ала деп атайды. Бірақ ол ақ пен қара деп аталатын екі түстің бар екенін жоққа шығара ала ма? Жоқ! Тек, екі түс бір аттың бойына сыйысып тұр. Ендеше, ізгілік пен қиянатты бір бойына сыйдырған қанша құбы­лыс болса да, ол екеуі бір ұғымға айнала алмайды. («Парасат майданы», 20-бет). Төлен бұл шығар­ма­сын жазған кезде, әрине, әлдеқа­шан ұмытылып кеткен көне грек философиясын жаңғыртқалы жаз­ған жоқ, бұл – ой қуған адамның басынан өтпей қоймайтын заңды құбылыс. Ұлы формалист В.Шклов­­ский: «әлемге әйгілі шығарма­ларда кейіпкердің бақытты сәтін суреттеу бір-екі беттен аспайды екен, ал қалған беттердің бәрі сергелдеңге толы болады екен, – деп жазған еді. Төленнің «Парасаты…» сергелдеңге толы. Оның кез-келген бетін ашып оқи қалсаңыз өзіңізді мазалап жүрген ішкі ар­палысыңыздың қағаз бетіне қалай түсіп қалғанына таң қалғандай боласыз. «Адамдар ең көп азапты қарапайым ақиқатты елемегеннен шегеді» деген Ф.Ницшенің анық­тамасынан бастау алатын фило­софиялық ой-тұжырымдар тізбегі барған сайын тереңдеп, бүтін бір ой аралына түсіп кеткеніңді бай­қамай қаласың. Адам өмірге рахат үшін емес, азап үшін, бақыт үшін емес сергелдең үшін келетінін, Абайшылап айтқанда, «ойлы адам­­­­­­ға қызық жоқ бұ жалғанда» болса, Мағжаншылап қайырғанда, «сұм өмір абақты ғой саналыға» екенін «Парасат…» повесі жоғары сана мен таным биіктігі тұрғысынан талдап, таратып, Төленнің өмір­де­гі өзі сияқты кейде дауласып, дә­лелдеп айтқанына көзіңді жет­кізбей тынбайды. Мәселен, оның мынадай ойларына қалай дау айта аласың? «Бостандық – адамның өзінің ішінде, санасында. Тумысында қорқақ, жағымпаз жанға қанша бостандық бергенмен ол бостан бола алмайды. Шектен тыс өзімшіл, шенқұмар, нәпсіқұмар, ашқарақ адамдар ешқашан да бос­тан бола алмайды. Өйткені, олар өздерінің әлгі ниеттері мен пиғыл­дарының құлақ кесті құлдары.

«Бостандық деген не? Ол – ар-ұяттың тазалығы» деген біздің дәуірімізден жеті ғасырдай бұрын өмір сүрген жеті дананың бірі – Периандр Коринфский. Ғажап емес пе! Яғни, шын бостандыққа рухани кемелдену арқылы ғана жетуге болады» («Парасат майданы», 30-бет). «Өмір деген ұлы ойынның ережесі баяғыда жасал­ған. Әдетте ережені төменгі дәре­жедегі ойыншылардың жиі бұза­тынын және олар үшін ереже қашан да ауыр жүк екенін есі­ңізге салғым келеді» (31-бет)

Иә, ой тізбектері осылай жал­ға­сып кете береді. Байқадыңыз ба, ара-арасында ондай үмітсіз тұң­ғиықтан шығудың да жолдары бар екен. Ол – рухани кемелдену, ға­сыр­лар бойы қалыптасқан өмір деген ұлы ойынның ережесін бұз­бау?! Бірақ, қалай? Рухани кемелдену идеясын ұлы ойшыл Л.Толс­той өле-өлгенше айтып та, жазып та өтті, адам өз бойындағы қана­ғатсыздық пен мансапқұмарлықты жеңбей, әділ қоғам орната алмайтынын барлық гуманист-жазушылар мен ақындар, ғалым-фило­софтар таусыла жазып өтті. Бірақ, адам­заттың, дәлірек айтқанда, би­леуші топтың «ереже» бұзу дәс­түрі өр­шімесе, бәсеңдеген жоқ. Демек, шеңбер тұйықталды. Әділдік еш­қашан әділетсіздікті жеңе алмайды. Бірақ, біржола жеңілмейді де.

Оксюморон жалғаса береді. Адамзат өзін-өзі құртып біткенге дейін.

Төлен Әбдіков қаламынан ту­ған «Ақиқат» повесі, «Біз үшеу едік» драмасы да табиғаты жағы­нан бір-бірімен үндес, мазмұндас жатқан шығармалар. Мұнда кейіп­керлерден гөрі ой қақтығыстары жекпе-жекке жиі шығып, ой образ­ға айналып жатады. Ұлы Гомер айтқандай, «Мысль у людей земнародных бывает такою, какую им в этот день посылает родитель бессмертных и смертных». Демек, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ақиқат жолындағы айқас Төленге де дәл сол шығарма жазу үстінде жоғарыдан құйылып жеткен болар. Бірақ, ол ой «жауындарын» жұрттың бәрі емес, ой аң­дыған адам ғана ұстай алатын болуы керек. Өмірден талай физик өтті, алайда, найзағайды Резерфорд қана ұстаған жоқ па? Төлен де адам санасында күн сайын жарқ-жұрқ етіп мазаны алып қой­майтын ой найзағайларын ұстап алып, бәрін қазақы көгенге тізіп, оқушысын таным дүниесінің ерік­ті тұтқынына айналдырып жібе­реді. Парапсихолог пен телепат, криминалды полиция арасындағы байланыс, телепаттың ұрыларды ойша көру қасиеті, осы қасиетті кездейсоқтық емес, адам бойына біткен көріпкелдік жүйе ретінде қарастыратын ғылыми жүйе жаса­мақ болған профессордың еңбегі еш кетіп, повесть телепат Ро­берттің өлімімен бітті. Мұнда да билік өз үстемдігін жүргізбей қоймайды екен. Полиция үшін ғылыми негіз жасаудан гөрі ганг­стерлерді ұстау әлдеқайда қымбат. Бір қарағанда шытырман фантас­тикалық жанрда жазылған шығар­ма боп көрінгенмен өмірдің мәні мен тарихи оқиғалардың сол тарихтан алар орны жайлы толға­ныс­тарға толы. Телепат Роберт көріпкел ғана емес, көріпкелдігі арқылы адам болмысын әбден зерттеп болған, адамдардың жаппай пендешілігінен, ұсақтығынан, меркантильдігінен, жеке бастың пайдасы үшін жауыздықтың еш­қандай түрінен бас тартпайтын өзім­шілдік мінездерінен әбден жеріген, «бұл бес күннің орны жоқ аптығарға» деген адамзат ауасын кезіп жүрген ойды қағып алып бізге жеткізген Абай секілді, Роберт те мынадай «аптыққан», мәнсіз тіршілікке қызыға қоймай­ды. Ол үшін өмір сүрудің, профессор күнде құлағына құятын «мәңгі тарихта қалатын болдың» деген маңызды ұсыныстың ол үшін бұ­дан былай көк тиын да құны жоқ. Өйткені, ол «мәңгілік» деген ой­дың өзіне күле қарайды. «Ұлы­лық», «Талант» деген ұғымдардың өзі Вольтер айтқандай құдайдан келетін нәрсе деп есептейді Роберт. Айталық, соқыр инстинкпен құстар қалай ұя салады, талантты шығарма деген де солай. Ал, та­рихқа келетін болсақ, – деп жал­ғас­­тырады ойын сол телепат. – Тарихта ешқандай мән жоқ. Өйткені, тарихта ылғи кездейсоқ тұлғалар мен керексіз оқиғалар қалады». «Құндыздың даңқын шығарған – оның түгі болғанмен, сол түктер құндыздың өзі үшін қымбат зат емес. Ол тіпті өзі үшін аса мәнді боп есептелмейтін заттың қалай­ша өзінің даңқын шығарып жүр­геніне таң қалған болар еді. Тарих та сол. Оған адамдардың ізгі арманы, мәнді мақсаты, махабаттары қажет емес… Қайдағы бір жаңсақ мақсаттармен салынған әуре пирамидалар тарихта қалады да, толып жатқан адамдардың көз жасы мен қайғы-қасіреті ұмыт қалады. Тарихшылар сыртқы көріністер мен хронологияны ғана есепке алады».

Төлен шығармалары осындай ойларға толы. Тіпті, өмір мен өлім жайлы көп айтылатын ойлар бар­лық пенде шошитын, «өлім» деген суық сөздің өзін үрейлі мәнінен айырып, жолаушының келуі мен кетуі сияқты қарапайым ұғымға айналдырады. Әлемдік ой мен қа­ғидалар талантты жазушының шы­ғармаларында еркін жымдасып, қазақы қалп алып, ұлттық философиялық категориялармен мидай араласып кеткенін көреміз. «Кто знает, это жизнь не есть ли смерть, И смерть не есть ли то, что жизнь для смертных» деп біз­дің дәуірімізден әлдеқашан бұрын анықтамасын беріп кеткен Еври­пидтің ойлары «Ақиқат», «Парасат майданы», одан әлдеқашан бұ­рын жазылған «Тозақ оттары жы­мыңдайды» деген повестерде, әсі­ресе, «Әке» повесінде қайта жаң­ғырып, ұлттық мән-мағынаға ие болады.

Төлен Әбдіковтің «Өркениет» журналында жарияланып, әлі кі­тап боп шығып үлгермеген, 2010 жылы дүниеге келген тағы бір үлкен шығармасы бар. Оның аты «Тұғыр мен ғұмыр». Бұл повесть деп атасаң да, кең ауқымды роман деп атасың да көнетін, «не салсаң да тартатын», болмысы бөлек дүние. Оқиғасы – бүгінгі күн, пішіні – баяндау сти­лінде, мазмұ­ны – Томас Манның «Будденброкки» деп аталатын көле­мі жарты қарыс романына сай, кейіпкер­ле­рінің ішкі әлемі – князь Мышкин мен Нехлюдовты еске түсіретін, идеясы – Э.М. Ремарктің «Батыс майданда өзгеріс жоқ» атты романымен үндес туынды. Барлық талантты шығарма секілді бұл шы­ғар­маның да «алып бара жатқан ештеңесі жоқ», қазақ әдебиетінде талай жазылған тақырып. Батыр­дың әкесі халық жауы боп ұстал­ды, артынан әйелі де тұтқын­дал­ды, 11-12 жасар Батыр мен 4 жасар қарын­дасы жетім қалды, ха­лық жауының балаларына көмек қолын созған адам да жазаланатын кез, яғни, екі баланың көр­меген азабы жоқ, ақырында екеуі­нің екі ажырауы, кішкене қарын­дасының ауырып шетінеп кетуі, балалар үйі, төбелес, соғысқа сұ­ранып кету, Батырдың әскери газетке автомат ұстап тұрып түскен суреті, жау қоршауында қалу, тұтқында болу, АҚШ әскер­лерінің азат етуі, жаза күтіп тұрғанын білсе де «тәуекел» деп елге оралу, советтік лагерь, Борис деген атқа ие болу, Штрафзона, Колыма, азаттық алу, Сібірде үйленіп, үй-жай боп тұрып қалу, қартайған шағында туған жерге оралу, адам танымастай өзгерген туған ауылы…

Бұл оқиғаларды ерінбей тізіп отырған себебім – «көрдіңіздер ме, «алып бара жатқан ештеңесі жоқ, бәрі таныс-бейтаныс оқиға­лар» деген ойды дәлелдей түсу үшін кел­тірдім. Ал, осы оқиғалар тізбектен босатылып, әрбір көрі­ніс, әрбір эпизод, әрбір деталь көркем шығармаға айналғанда Заман, Адам, Тағдыр деген үш ұғымның арасында тұңғиық ойға кетесің. Шығармада жиі айтылатын: «Адамның басы – Алланың (Аллахтың емес) добы» екеніне, осындағы бір адамның басынан өткен, барша қазақтың төбесінен төнген қасіретті қара жер қалай кө­терген, қазақ қалай үгітіліп құ­рып кетпеген деп жағаңды ұстауға ғана шамаң жетеді. Бір басына төнген мың қасірет-қайғыдан арылып, өлер алдында сүйегін туған жерде қал­дыру үшін еліне келген Батыр ауыл­дағы кішкене саябақ ортасында өзіне қойылған ескерт­кіштің бар еке­нін тірі қалған жалғыз қария, бұрын­ғы химия пә­ні­нің мұғалімі, қушиған шүйкедей шал Сәлімгерейден естіп, мұның басы айналып кетеді. Бәрі рас екен. Ертең – Тоғызыншы май. Бүкіл ауыл ескерткіш маңына жиылып горн тартқан пионерлер гүл шоқ­тарын қойып, кішкентай ауылдан шыққан ержүрек батыр жайлы жалынды сөздер айтылмақ. Бұны жұрт Мәскеу түбінде ерлікпен қаза болды деп, майдан газетіне баяғыда шық­қан мұның қайсар бейнесін мүсінге айналдырған екен.

Енді бұған тірі жүрудің жөні де қалмапты.

Сол күні ол талма ауруы асқы­нып, қаза болды да, «ауылға қы­дырып келген бір жолаушы табан астында қайтыс болды» деп, бел­гісіз біреу ретінде жер қойнына тапсырады.

Міне шындық, міне аңыз, міне ақиқат! Бір кездері өздері өмір сүрген, сыйлы болған, бір қауым елмен ет жақын бауырлардай біте қайнасып, ағайын-туыс боп кеткен елдің бүгінгі ұрпағы бұларды ұмыт­қан. Тіпті, «Шәйкеннің ұлы талай азап пен сергелдеңді бастан кешіріп, қартайған шағында туған еліне аман-есен келіпті» десе де оған ешкімнің сенгісі жоқ. Оларға бұлыңғыр сағым ішінен ертегінің қаһарманындай аман оралған Батырдан гөрі аңыздағы батыр қым­бат. Егер оның тірі екені дәлел­денсе осы ауылды ауыл етіп ұстап тұрған ескерткіштің күл-талқаны шықпақ, яғни, ауыл тарап кетпек.

Төлен осы шығармасымен бү­гінгі қазақ прозасының деңгейін тағы бір сатыға биіктетіп, ең таңдаулы әлемдік прозашылардың қатарына қосылып отыр. «Шын­дықты жазатын жазушының алдында тұрған бес қиындық» деген Брехт теориясының бәрі – батыл­дық, ақыл, біліктілік, қабілеті жә­не айла – осы шығармадан айқын көрінеді. Мұндай шығарманы жазу үшін бұрынғыны қайталауға соқтырмайтын асқан білімдарлық қажет екені айтпаса да түсінікті.

Бұл мақалада біз Төленнің қыз­мет саласы, еңбек жолы, әр жыл­дары шыққан кітаптары мен күйшілігі, жақсы көрген еркектері мен еркек еместері, оның шығар­масы бойынша түсірілген көркем фильм мен сах­надағы қойылым­дары жайлы кеңі­рек сөз етуден гөрі оның шығар­машылық жолын­дағы ең басты аза­маттық кредосы – ақиқат жанын­дағы жан айғайына көбірек үңілуді жөн санадық. Ол мақсатымыз қалай орын­далды – ол жағынаоқырман қауым өз төрелігін айта жатар.

Дулат ИСАБЕКОВ.