Сенбі, 10 қараша 2012 7:02
Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау.Ж-Ж.Руссо.
Қазақтың аса көрнекті ғалымы, математик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Серікбай Әбдіғалиұлы Айсағалиев ағамыздың өмір жолы Қостанай облысы Жангелдин ауданы, Шұбалаң ауылынан бастау алады. Қара сирақ, бөкен бас, бұйра шаш қазақ баласы ауыл мектебін ойдағыдай бітіріп, Ресейдің Челябі қаласындағы политехникалық институттың физика-техникалық факультетіне оқуға түседі.
Сенбі, 10 қараша 2012 7:02
Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау.Ж-Ж.Руссо.
Қазақтың аса көрнекті ғалымы, математик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Серікбай Әбдіғалиұлы Айсағалиев ағамыздың өмір жолы Қостанай облысы Жангелдин ауданы, Шұбалаң ауылынан бастау алады. Қара сирақ, бөкен бас, бұйра шаш қазақ баласы ауыл мектебін ойдағыдай бітіріп, Ресейдің Челябі қаласындағы политехникалық институттың физика-техникалық факультетіне оқуға түседі. Оны үздік бітірген Серікбай ағамыз алған білімін тереңдете және кеңейте түсу мақсатында РСФСР-дегі А.Горький атындағы Орал мемлекеттік университетінің математика факультетінде оқуын жалғастырып, оны да табысты аяқтайды. Бұл 1966 жыл болатын.
Ол бұдан кейін өзі білім алған Орал мемлекеттік университетінде қызмет етті. Университеттің «Ұшу аппараттарын автоматты басқару жүйелері», «Жоғары математика» кафедраларында кіші ғылыми қызметкер, аға инженер, аға оқытушы лауазымында жүріп, жоғары оқу жүйесін, оқыту, білім алу әдістемесін, ғылыми жұмыстарды атқару принциптерін жетік меңгерді. Ресейдің осындай өзіндік тарихы бар беделді ғылым ордасында шыңдалып, алдағы үлкен ғылыми-педагогикалық істерге қажетті тәжірибе жинақтады. Әуел бастан сәтті басталған еңбек жолын одан әрі жалғастыра беруге болар еді, бірақ бойға сіңген отансүйгіштік қасиет, ұлтқа қызмет етуге деген құлшыныс елге оралуға себеп болды. Отанына үлкен білім олжасымен оралған Серікбай Әбдіғалиұлы 1972 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне қызметке орналасады. Сол уақыттан бүгінге дейін бір жерде үздіксіз еңбек етіп келеді. Өзі негізін қалаған «Басқару теориясы» кафедрасында 1972 жылдан бастап 35 жыл, одан беріде «Дифференциал теңдеулер және басқару теориясы» кафедрасында еңбек жолы жалғасуда. Кафедраны 35 жыл басқарғанда жыл сайын жаңа ғылым кандидаттарын дайындады. Бүгінде олардың 12-сі ғылым докторы дәрежесіне жетіп отыр.Серікбай Әбдіғалиұлы кандидаттық диссертациясын «Бейсызық басқару жүйелерін талдаудың кейбір әдістері» деген тақырыпта 1970 жылы Алматыға келгенге дейін қорғаса, 1978 жылы «Автоматты басқару бейсызық жүйелерін талдау және талғау әдістері» тақырыбында докторлық диссертацияны сәтті қорғады. Бұл диссертациялар Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу ТЖУ ғылыми кеңесінде дәйектенді. Демек, Серікбай Әбдіғалиұлы Одақ көлемінде ғылым әлеміндегі танымал тұлға болды десек жарасады. Танымал ғалымның Қазақстан ғылымын өркендетуге қосқан сүбелі үлесі мемлекет тарапынан ескеріліп, оған 1992 жылы «Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағы берілді. Әрине бұл атақ ғалымдардың бәріне беріле бермейді. Үздіктер ғана алатын мемлекеттік белгі. «Ұстаздан шәкірт озар» қағидасына сүйсенсек, сондай шәкірттерінің бірі һәм бірегейі – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұвашырхан Жиенәлиев дер едік. Ол бірнеше жыл ҚР ҰҒА Математика институты директорының орынбасары, директор, оған қоса зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарып келеді.Ұстаз шәкірттерінің жетістіктеріне шын жүректен қуанады, оған одан да зор табыстар тілейді. Олардың өскендігін өз мәртебесінің көтерілгеніндей көреді. Бұл ірілік белгісі, мұндай қасиет тек үлкен адамдарға ғана тән қасиет болса керек.Математикалық зерттеу әдістерін жетік меңгеру арқылы ғалым Қазақстанда, Қазақстан ғылымында тұңғыш рет жаңа ғылыми зерттеу бағытын ұсынды. Ол тиімді басқару теориясы һәм практикасы, техникалық білімнің математикалық білімге сұранысынан туындаған ғылыми бағыт еді. Екі ғылым саласын ұштастыра білген, оларды өзара сабақтастықта зерттеп-зерделеген оқымысты жаңа ғылыми бағыттың орнығып одан әрі дамып өркендеп-өсуіне үлкен күш жұмсап, қайрат-жігерін сарп етті. Бүгінде соның жемісін көріп отыр. Тиімді басқару кафедралары, зертханалары, тіпті институт ашылып, бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары зор қарқынмен алға қарыштап қадам басуда.1995 жылы ұстазымыз Серікбай Әбдіғалиұлы халықаралық Ақпараттандыру академиясының толық мүшесі болса, ал 1996 жылы Қазақстан Жоғары мектебі ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды. Мінеки, бұл ғұлама ғалымның жан-жақты ерен еңбегінің жанғандығының, танылғандығының, мойындалғандығының көрінісі. Академия ең жоғары дәрежелі ғылыми мекеме болса, оның толық мүшелігіне алыну – ғылымға деген зор құрмет, оның еңбегінің жоғары бағалануы болып табылады. Сонымен, ұстазымыз информатика және педагогика саласында жетекші ғылым сапында.Ал енді Серікбай Әбдіғалиұлының ғылым жолын, ғылымдағы іздерін, яғни ғылыми бағыттарын тарқатып айтар болсақ, ол – динамикалық жүйелердің басқарымдық теориясы; тиімді басқару шеттік есептерінің конструктивтік теориясы; жөндемді жүйелердің абсолютті орнықтылығы, басқарылымдығы және оларды тиімді басқару; фаза кеңістігі цилиндрлі динамикалық жүйелердің ауқымды абсолют орнықтылығы, басқарылымдығы және оларды тиімді басқару; бірінші текті Фредгольм интеграл теңдеуі және оның жылу һәм диффузиялық үдерістерді басқарудағы қолданыстары. Біз мұнда негізгі бағыттарды ғана атадық. Аталған салалардың әрқайсысынан қомақты да терең мазмұнды теориялық һәм тәжірибелік нәтижелер алынды. Математикалық зерттеу әдістерінің қолданыс аясы кеңейе түсті, жаңа оңтайлы да ықшам әдістер дүниеге келді. Қолданбалы математика нысандары арта түсті. Осы бағыттардың қалыптасып, одан әрі дамуына ғалым шәкірттерінің де қосқан үлесі мол.Профессор С.Айсағалиев 200-ден астам ғылыми еңбегін жариялады. Оның 30-дан астамы импакт-факторы бар журналдарда жарияланған. Бұған қоса 11 монография мен 6 оқулық (төртеуі орыс тілінде, біреуі қазақ, біреуі ағылшын тілінде) авторы. Халқының дарынды ұлы Серікбай Әбдіғалиұлының осындай үлкен еңбектері мен кітаптары бұл күнде ұрпақ қазынасына айналып отыр.Профессор С.Айсағалиевтің ғылыми һәм қоғамдық жұмыстары «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, КСРО Жоғары және орта білім беру министрлігінің «Жоғары білім үздігі» төсбелгісімен аталып өтті. 1996 жылы Сорос-Қазақстан халықаралық сыйлығы берілді. Сонымен қатар, ол ғылым саласындағы Қ.Сәтбаев атындағы (1998ж), білім берудің қазіргі қалыбына сай келетін жаңа буын оқулықтар жазу ісіндегі жемісті еңбегі үшін А.Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың лауреаты (2000 ж), «ЖОО үздік оқытушысы » мемлекеттік грантының иегері (2005 ж).Ал енді марқасқа математик Серікбай Әбдіғалиұлының адами қалпына келер болсақ ол өзінен кейінгі жастардың тәжірибелі ұстазы, жары Нағима Ғұмарқызы екеуі ұл-қызының ардақты әкесі, аяулы анасы, немерелерінің құрметті атасы, сүйікті әжесі. Қызы София физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қаржы министрлігінде жұмыс істейді. Немересі, Айсағалиев Жәнібек – университет студенті. Міне, бақыт деген осы.Мақсат ҚАЛИМОЛДАЕВ,физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,Әсем ҚАБИДОЛДАНОВА,физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент.