Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:21
Кеңестік дәуірде ірі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстанның ғылымы небір жарқын тұлғаларынан айырылды. Осылай Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихшыларының алғашқы буынының, атап айтқанда, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, Ғ.Тоғжанов, П.Г.Галузо және т.б. атылды. Бұлардың ішінде Карлагта жүріп кездейсоқ аман қалғаны – П.Г.Галузо ғана еді. Олардың орнына екінші буын – Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Одесса, Воронеж, Алматы және т.б. Кеңес Одағының ірі қалаларында жоғары тарихи білім алған кәсіби маман жастар келе бастады.
Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:21
Кеңестік дәуірде ірі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстанның ғылымы небір жарқын тұлғаларынан айырылды. Осылай Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихшыларының алғашқы буынының, атап айтқанда, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, Ғ.Тоғжанов, П.Г.Галузо және т.б. атылды. Бұлардың ішінде Карлагта жүріп кездейсоқ аман қалғаны – П.Г.Галузо ғана еді. Олардың орнына екінші буын – Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Одесса, Воронеж, Алматы және т.б. Кеңес Одағының ірі қалаларында жоғары тарихи білім алған кәсіби маман жастар келе бастады. Олар: екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдерде Қазақстан тарихы ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан Ә.Х.Марғұлан, А.Н.Нүсіпбеков, Е.Б.Бекмаханов, Х.М.Әділгереев, Т.Е.Елеуов, Ә.Б.Тұрсынбаев, Г.Ф. Дахшлейгер еді. Осы Кеңес дәуірі кезеңіндегі Қазақстанның екінші буын ішіндегі ірі тарихшыларының бірі – Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ХVIII-ХХ ғ.ғ. Қазақстан тарихының көрнекті зерттеушісі Бегежан Сүлейменов болатын.
Бегежан Сүлейменов тарих ғылымы саласына 1930 жылдардың аяғында Карл Либкнехт атындағы, кейіннен Ленин есімін алған Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін үздік аяқтағаннан кейін келді. Ол В.В.Струве, С.Ф. Ольденбург, С.В. Тарле, Б.Д. Греков, С.В. Бахрушин, А.М. Панкратова, Н.М.Дружинин секілді атақты және білгір, тәжірибесі мол ғалымдардан дәріс алды.Бегежан Сүлейменов 1912 жылдың 12 желтоқсанында Торғай облысы Ақтөбе уезі Шалқар болысының №13 ауылында дүниеге келген. Осы арада айта кететін бір жайт, оның жақын туысы, Шымкент педагогикалық институтының бұрынғы ректоры Байзақ Ермекбаев 1982 жылы (ол уақытта өзі 75 жаста болатын), Б.Сүлейменовтің 70 жылдығына орай, маған: «Біз құрдас едік, Бекең, итжеккеннен кейін, байқауымша, 5 жылға жасарып кетіпті ғой», – дегені бар. Бегежан Сүлейменовтің бес жасында әкеден жетім қалғанын айтсақ, балалық шағының жеңіл болмағанын аңғарамыз. Әкесі би Нияздың баласы еді. Нияз Кіші жүз қазақтарының ішіндегі беделді кісі болған, ол Хиуа хандығының Арал маңындағы қазақ жерлерін жаулап алуына қарсылық көрсеткен, Орынбор генерал-губернаторлығымен тығыз байланыс жасаған. Бұл жайды атақты қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов анықтаған. Бегежан ағаның өзі де шекті руындағы көтерілістерді басқарған Көтібар батырдың туысқаны – жиені (анасы жағынан) екенін мақтанышпен айтып отыратын. Сүлеймен мен зайыбы Нәбираның тоғыз баласы болған. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін туыстары Нәбира Жиенқұлқызын әмеңгерлік жолмен басқа адамға қоспақ болады. Бірақ, жесір қалған әйел оған көнбейді. Сол үшін жауыздар оны 1920 жылы тоғыз баласының көз алдында асау аттың құйрығына байлап өлтіреді. Бегежанның қайсар болып өсуіне, бірбеткей, өжет, мәмілеге келуі қиын, адуын болып қалыптасуына осындай жағдайлар әсер еткен шығар, ол өзіне өте сенімді, қандай да болмасын әділетсіздікке шыдай алмайтын, кейбіреудің шен-шекпеніне қарамай, атылып қарсы шыға келетін еді.Бегежан анасы қайтыс болғаннан кейін ауылынан кетіп, жақын жердегі өз ортасында білімді саналатын мұғалім – Мүбарак Низамуддиновтің бастауыш мектебіне түседі. Содан кейін Шалқар ауданы орталығындағы жетіжылдық мектепте оқиды, оны бітірген соң, 1929 жылы Алматыға келіп, Орталық еңбек институтының құрылыс кешенінде ұста, аға жұмысшы, өндіріс меңгерушісі, Құрылыс кооперациясы өлкелік кеңесі ұйымдастырушылық бюросы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Осылай жұмыстан қол үзбей жүріп, жұмысшылар факультетінің кешкі бөлімінде, техникумның дайындау тобында, ЖОО дайындау курстарында оқиды. Сөйтіп, өзінің табандылығының арқасында білімін жетілдіріп, 1937 жылы Кеңес Одағына әйгілі Либкнехт атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі.Осында белгілі тарихшы-профессорлардың дәрістерін тыңдап, семинар сабақтарына қатысып, Ленин атындағы кітапханада жабылғанша отыратын, ресейлік ғалымдардың Қазақстан мен Орта Азия бойынша тарихи, географиялық және этнографиялық еңбектерін мұқият оқитын. Ол, әсіресе, Ресей империясы езгісіндегі халықтардың ортағасырлық дәуірі мен отарлық шағын, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуын, шаруашылық өмірін, тұрмысын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін зерттеуге көп көңіл бөлді. Профессор Фаворский өзінің шәкірті Бегежан Сүлейменовке берген мінездемесінде: оның ХІХ ғасырдағы халықтардың тарихнамасы бойынша терең білімдерін, тарихи оқиғаларды жан-жақты және объективті түрде талдай білетіндігін айрықша атап, оны аспирантураға ұсынды.Бегежан аға өзінің ғылыми-педагогикалық қызметін 1938 жылы Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында аға оқытушылықтан бастайды. Мұнда ол Мәскеуден Ресей Федерациясы мен Қазақ КСР-нің Білім беру министрліктерінің жолдамасымен келген еді. Оны бірден институттың ғылыми кеңесінің мүшелігіне сайлады. Ол осылайша ұстаздық және қоғамдық жұмыстарға бірден белсене араласып кетті. Әлкей Хақанұлы Марғұлан зерттеу жүргізетін ғылыми бағыттарды, әсіресе, оның партиялық тарихшылардың негізсіз және біржақты сынына ұшыраған «Едіге тарих пен аңыздарда» (1944 ж.) кітабын қызу қолдады.Бегежан аға Абай атындағы ҚазПИ-дің доценті бола жүріп, 1942-1943 жылдары 1941 жылы ашылған Шетел тілдері институтының директоры қызметін де атқарды. Қысқа уақыт ішінде институттың материалдық-техникалық негізінің, профессорлық-оқытушылық құрамының өсуі мен нығаюына, оқу үрдісінің жақсаруына, жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарына жетіспей жатқан болашақ шетел тілдері оқытушыларын тәрбиелеуге көп күш-жігер жұмсады. Жаңа кафедралар, оның ішінде француз тілі кафедрасы ашылды, шетел тілдері оқытушыларының саны, соның ішінде француз тілі бойынша екі есе өсті, шетел тілдерін оқыту әдістемесі бойынша жаңа кабинеттер жасақталды. Әсіресе, қазақ жастарын қабылдау мен оқытуға көп көңіл бөлді.1943 жылдың қараша айында Бегежан ағаны жақсы білетін КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының басшысы Қ.И.Сәтбаев оны Тіл, әдебиет және тарих институтына директордың орынбасары қызметіне шақырады. Бұл жерде ол 1945 жылға дейін, институт екі ғылыми мекемеге: Тіл және әдебиет институты және Тарих, археология және этнография институты болып бөлінгенге дейін жұмыс істеді. Жаңа құрылған институтта Бегежан аға революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімін басқарды. Біраз уақыт Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғалым-хатшысы болды.Бегежан аға 1945 жылдың сәуір айында «Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформалар» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Оны тарих ғылымдарының докторы Д.Пакуль, кандидаттар А.Попов, Ә.Х.Марғұлан, Е.Бекмахановтар қолдады. 1954 жылы Сібірден қамаудан босап келгеннен кейін Бегежан аға өмірінің соңына дейін Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтында істеді, негізінен революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімін басқарды.Осы арада сәл шегініс жасап, 1940 жылдың басында – Мәскеу мен Қазақстанда, тарихшылар мен әдебиетшілер арасында орын алған айтыс-тартысқа тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Осы пікірталасқа 1943 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ ССР тарихы. Ерте заманнан осы күнге дейін» деген еңбек май құйғандай болды. Бұл еңбекті соғыс жылдарында Мәскеу мен Ленинградтан келген тарихшылар (А.М.Панкратова, М.П.Вяткин, Н.М.Дружинин, Я.Я.Зутис, А.П.Кучкин және т.б.) мен қазақ оқымыстылары дайындаған-ды. Еңбек Сталиндік сыйлыққа ұсынылған кезде, дау-дамай шығып, пікірталас кеңи түсті. КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.И. Яковлев, докторлар А.В.Ефимов, С.К.Бушуев және тағы басқа орыс тарихшылары осы еңбектің Ермұхан Бекмаханов жазған «Кенесары Қасымов басқарған ұлт азаттық көтерілісі (1837-1947 ж.ж.)» бөлімін негізсіз сынға алды. Олар Ресей империясының Орта Азия мен Қазақстандағы отарлау саясатын ақтап, оны қорғану, заңды және прогрессивті түрде жүрген деп санады. «Қазақ ССР тарихы» авторларын Ресей империясының саясатына ғана емес, орыс халқына да қарсы, деп кінәлады.Осы айтыс-тартыстан Бегежан Сүлейменов те шет қалған жоқ. Ол Е. Бекмахановтың «Казахстан в 20-40-годы ХІХ века» кітабы бойынша, Қазақ КСР Ғылым академиясында 1948 жылғы шілде айында өткізілген пікірталаста ұзақ сөз сөйледі.Біз Б.Сүлейменовті Е.Бекмахановтың кітабын «топас және ұятсыз қаралаған» Т.Шойынбаев, Х.Г.Айдарова, М.В. Жизневский, А.Нұрқанов, М.Б. Ақынжанов және т.б. тобына жатқызуға болмайды деп есептейміз. Дара тұлға – Бегежан Сүлейменов бұл мәселеде де айрықша тұрды, өзінің ерекше орны болды. Сонымен қатар, Бегежан Сүлейменов жоғарыда көрсетілген ғалымдардың көпшілігімен дүрдараз, тіпті дұшпандық қарым-қатынаста болатын. Осыған байланысты, «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыда қарастыру үшін» мақаласынан кейін (Правда, 1950 ж. 26 желтоқсан), сонымен қоса буржуазиялық ұлтшылдарды «әшкерелеу» науқаны Қазақстанда кеңінен етек алған соң, Бегежан Сүлейменов аса күрделі және ауыр жағдайларға душар болды. Кенесары Қасымұлы қозғалысы бойынша 1940 жылдардан созылып келе жатқан пікір-таластардың қаншалықты қатаң қуғын-сүргіндер әкелуі мүмкін екенін сезген ол өз ұстанымдарын өзгерте бастайды. Қазақ КСР Жоғарғы соты коллегиясы 1952 жылғы 17 шілдедегі қаулысында: «Егер 1948 жылы (Бегежан Сүлейменов) Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық көтерілісін ұлтшылдық түрінде бағаласа, 1951-1952 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясындағы ғылыми талқылаулар барысында ашық түрде қарама-қарсы көзқарасты қабылдады», – деп көрсетілген. Бұдан бөлек ол қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовті, ірі абайтанушылар Ә.М.Жиреншин мен Қ.М. Мұхамедхановты белсенді түрде қорғады. Атап айтқанда, 1951 жылғы 7 сәуірде Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институты мен Тіл және әдебиет институтының Біріккен Ғылыми кеңесінде, Қ.Жұмалиевтің М.Әуезовке жасаған айыптауларына жауап ретінде, ол: «Абайтану мәселелерінде Мұхтар Әуезов жаңалық енгізуші болып табылады және өзінің соңғы туындыларында маркстік ұстанымда тұр. М.Әуезовтің үлкен еңбегі сол, ол берік позицияға көтерілді және біз ол туралы соңғы жұмыстары бойынша шешім шығаруымыз қажет», деп атап өтті.Айрықша атап өтетін бір мәселе, 1940 жылдың соңы 1950 жылдың басындағы Қазақстан ғалымдарын қудалау оқшау құбылыс болған жоқ. Бұл Кеңес Одағы Компартиясының өзгерген ұлттық саясатының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл кезде пролетарлық интернационализм идеялары орнына ұлыдержавалық-шовинистік көзқарастар келді, орыс халқы мадақталып, ол «Ұлы Руське», Кеңес Одағының басқа тең халықтары арасында басты халыққа айналды, Иван Грозный, Петр І, Екатерина ІІ, басқа да орыс патшалары, сонымен қатар, Александр Невский, Дмитрий Донской, Александр Суворов, Михаил Кутузов және Ресейдің басқа да қолбасшылары мен әскербасылары дәріптелді. Кавказ, Татарстан, Башқұртстан және басқа да жаулап алынған және езгіге түскен халықтардың царизмге, оның отарлық саясатына және самодержавиені жақтаған жергілікті қанаушыларға қарсы ұлт-азаттық сипаттағы бас көтерулері қайта қаралды, ал осы бағыттағы ғалымдар қудалауға ұшырады: Сталиндік сыйлық алған Шәміл туралы монографияның авторы – әзербайжан тарихшысы Гейдар Гусейнов асылып өлді, ал татар және башқұрт ғалымдары Едіге үшін жапа шекті. 1952 жылдың жазында саяси репрессиялардың аяусыз тетігі іске қосылып, оған тек тарихшылар Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов және басқалары ғана емес, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев, жазушы-ғалымдар М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмаилов, Қ.Жұмалиев және басқалары да душар болды. 1952 жылғы 17 шілдеде ҰҚК Б.Сүлейменовті, ал 5 қыркүйекте Е.Бекмахановты тұтқындады.Сібір лагерлерінде қазақтың аса ірі екі тарихшысы, бір-бірін қолдап жүрді. Ерік күші мықты Бегежан ағаға өзінің адал жары – Лидия Александровна Ваганованың қайғылы қазасына (ғалымның жары этаппен Новосибирскіден өтіп бара жатқан күйеуімен тілдесуге күзетшілер рұқсат бермегені үшін, пойыз астына түсіп қаза тапқан еді) қарамастан, жұмсақ мінезді әрі өкпе дімкәсі бар Ермахан Бекмахановты өз қамқорлығына алуына тура келді. Осы туралы олар босанып шыққаннан соң да көпке дейін айтып жүрді. Кейіннен, бостандықта олар ғылыми салада мүдделес болды, жиі кездесіп тұрды. Е.Бекмаханов Б.Сүлейменовтің докторлық диссертациясы оппоненттерінің бірі болды.Бегежан ағаның көпжылдық жемісті ғылыми қызметі ХVІІІ-ХХ ғ.ғ. басындағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеумен тікелей байланысты болды. Оның еңбектері бүгінгі таңда да өзінің ғылыми құндылығын жойған жоқ. Қазірдің өзінде жас ғалымдар мен студенттер оның еңбектерін қызығып оқып, зерттеуде.Әрине, бір партиялы жүйе мен идеологиялық кіріптарлық ортасында өмір сүрген, саяси цензура шеңберінен шыға алмаған Б.Сүлейменов революцияға дейінгі Қазақстан тарихының көптеген мәселелерін ашып айта алған жоқ. Дегенмен де, оның еңбектерінде «Казақстанның Ресейге қосылуының прогрессивтілігі» деп аталатын пікірге қатысты батыл көзқарастары және ұстанымдары кездеседі. Сонымен қатар, бұл мәселе Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі, Санкт-Петербург университеті заң факультетінің түлегі Жақып мырза Ақбаев, белгілі шығыстанушы Әбубәкір Диваевтар жайында сол кезде зерттеу жазу қауіпті де еді.Революцияға дейінгі Қазақстан тарихының белгілі зерттеушісі Бегежан аға оқиғаларға толы бұл дәуірдің аса ірі деректанушы және тарихнамашыларының бірі ретінде танылды. Ол Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және Кеңес Одағының басқа да ірі мұрағаттары мен кітапханаларында аталмыш кезең бойынша жаңа деректерді тауып, өз басшылығымен «Восстание 1916 года в Казахстане». – Алма-Ата, 1947. – 213 б., «Революция 1905-1907 г.г. в Казахстане». – Алма-Ата, 1949. – 252 б., «Рабочее и аграрное движение в Казахстане (1907-1914 г.г.)». – Алма-Ата, 1957. – 566 б. атты және т.б. материалдар мен құжаттар негізінде ғылыми мәні зор жинақтар жариялады.Бегежан аға бес томдық «Қазақ КСР тарихы. Көне заманнан бүгінгі күнге дейін» атты үлкен еңбектің Бас редколлегиясының мүшесі болды, оның үшінші томының жартысына жуығын жеке өзі жазды. Бұл еңбек заңды түрде Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Бір өкініштісі, әртүрлі пендешілік (субъективтік) себептермен Бегежан аға сыйлық иегерлері арасында болмады.Тағдырдың осындай және басқадай талай тәлкегін көріп, шыңдалған Бегежан аға бұл кезде ХIХ-ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихы бойынша ірі ғалым, кәсіби маман болған еді, оны Қазақстан түгіл, бүкіл Орта Азия, Кеңес Одағының басқа ұлт республикалары да, Мәскеу мен Ленинград та мойындаған, беделі күшті оқымысты тарихшы болатын. Ол жаңа отбасын құрды, бір ұл (Жәнібек – атына көңіл аударыңыз) мен екі қыз (Ақжанна мен Жанар) сүйді. Қазір Бек ағамыздың зайыбы – Қазима Жағыфарқызы ғалымның қара шаңырағының түтінін түзу шығарып, немерелерін тәрбиелеп отыр.Сөз соңында айтарымыз, біз Бегежан Сүлейменұлының Қазақстан тарих ғылымына қосқан зор үлесін жоғары бағалаймыз, жарқын бейнесі – аруағы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Егемен Қазақстанда тарих ғылымының дамуына кең мүмкіндіктер ашылғанын пайдаланып, Бегежан Сүлейменұлы зерттеген ғылыми бағыттарды одан әрі қарай тереңдетіп дамуға күш саламыз.
Мәлікайдар АСЫЛБЕК, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.