• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2012

Жүректегі иман

736 рет
көрсетілді

Жүректегі иман

Жұма, 21 желтоқсан 2012 7:19

Жүректегі иманы жүзінен де көрініп, жүріп өткен өмірінің жолынан да шынайы байқалып тұратын адамдар болады. Жан тазалығын, ар саралығын бойтұмар еткен осындай сирек ағалардың бірі Уақап Қыдырханұлы деп пайымдаймын. Өзінің ұстазы, баршамызға қадірменді Әзілхан Нұршайықов Уақаң хақында: «Бірге істеген кезімде мен одан екі айрықша сипат аңғардым. Бірі – ешқашан құбылмайтын жібектей майда мінезі.

 

Жұма, 21 желтоқсан 2012 7:19

 

Жүректегі иманы жүзінен де көрініп, жүріп өткен өмірінің жолынан да шынайы байқалып тұратын адамдар болады. Жан тазалығын, ар саралығын бойтұмар еткен осындай сирек ағалардың бірі Уақап Қыдырханұлы деп пайымдаймын. Өзінің ұстазы, баршамызға қадірменді Әзілхан Нұршайықов Уақаң хақында: «Бірге істеген кезімде мен одан екі айрықша сипат аңғардым. Бірі – ешқашан құбылмайтын жібектей майда мінезі. Екінші – сөз шеберлігі», деген екен. Осы риясыз пікір біздің пайымды да растайтындай һәм қоштайтындай. Ал енді бақандай 20 жыл «Социалистік Қазақстанның» отымен кіріп, күлімен шыққан Уақаңның сөз шеберлігі, тілінен май тамызар майда мақам-әуезесі өз алдына бір әдемі әлем. Әуелі ақындықтан бастап, содан түн қатып, түс қашқан журналистік жанталаста жүріп жазушылықпен айналысып, «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай», «Әттең, Алтай-Марқакөл», «Сағыныш саздары», әлі бояуы кеппеген «Өз елім – өзегім» сияқты прозалық кітаптар тудырған қаламгердің тағдырлы тұлға екендігін аңдар едіңіз.

Жөргегінде жатып жер ауып кеткен оның кеудесіне атажұрт пен Алтайға деген мәңгілік сағыныш ұя салады. 23 жылдан кейін туған ел-жерімен қайта қауышқан Уақап Қыдырханұлы қазақ баспасөзінде қадау-қадау көрнекті із қалдырды. Шетелдерден қандастарымызға арналған еларалық «Шалқарды» шарықтатып шығарған да осы кісіңіз. Өстіп жер жүзі қазағының тарихи Отанмен тілек табыстыруына қызмет етті. Ал енді исламтанушы ретінде туған халқы алдындағы ең үлкен еңбегі, тартқан ең үлкен кәделі сыйы Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімасын жасап, Хақтың сөзін қазаққа өз ана тілімізде жеткізуі болатын.

Олай болса, еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, сексеннің сеңгіріндегі сергек ағамыздың әңгімесін тыңдау да бір ғанибет.

– Уақап аға, сіздің шығарма­лары­ңыздың өзегіне бір сырлы сағыныштар­­­тылғандай. Туған ел мен жерге, аға­йын-туысқа сағыныш, дүниедегі дү­йім қазақ­қа деген бауырмалдық ыстық се­зім. Осы аңсардың қайнарықайда жатыр?

– Ол ұзақ әңгіме ғой. Беріден қа­йырсам, маған туған жердің тал-бесігінде тербелу бұйырмапты. Туғаныма төрт ай толар-толмастан шешемнің қолтығында арғы бетке асыппын.

Оның мәнісі былай. Әкем Қыдырхан Зайсандағы алғашқы оқыған, сауатты адамдардың бірі болған. Осында 1904 жылы Бекмұхаммед деген указной молда ашқан мектепте Міржақып Дулатовтан білім алған. Одан кейін Зайсанның мед­ресесін бітірген. Кеңес келгенде жаңа өкіметті қолдайды. Зайсанда құрылған алғашқы «Күншығыс» деген ұжымды басқарып жүргенде кәмпеске келеді, байлармен алысу басталады. Біздің ата-бабаларымыз дәулетті болған екен де, аға-іні, ағайындарының бәрін айдап-соттап шат-шәлекейін шығарады. Бір мәрте өзін де түрмеге жабады. Бұл екі арада 32-нің ашаршылығы келіп, жұрт босып, Қытайға өтіп жатқан кез.

Міне, осы кезде: «Сен адамдарды әдейі қашырып жатырсың», деп әкемді екінші рет ұстайды. Зайсанға айдап әкетіп бара жатып жолшыбай Бақасу дейтін жерде түнемелге тоқтамай ма. Сонда соңынан аңдып келе жатқан 16 жастағы Мақсұт деген ағам әкемізді атқораға қамап қойған жерінен ұрлап алып шығып, сол беттерін­де шекарадан асып кетеді. Ол уақытта мен іштегі шаранамын. Ері мен баласы қашып кеткен соң шешеме де маза-тыныштық бермейді. Әурелей берген соң шешем мені үйде де емес, жасырынып барып Алпар дейтін жердегі қамыс ішіндегі қойшының үйінде дүниеге келтірген екен. Аяқ-бауы­рын жиғасын арғы бетпен ұзынқұ­лақтан хабар алысып жүріп анам да бір түнде барып отбасына қосылған ғой.

– Қытайда өткен 23 жыл өміріңіздің де өзінше бір тағылымы бар болар?

– Неге болмасын. Есім кірген шақтан білетінім, ол уақытта мектеп жоқ, бес жас­тан бастап әкем қасына отырғызып қойып өзі оқытты. Қадымша да, жәдидше де хат танытты. Кейін келе-келе латынша мен кириллицаны білгізіп шықты. Әлі күнге дейін есімде, 6-7 жаста болармын, осы жақта шыққан газеттер келіп тұрады. Сонда қарасаң, бір мақаласы араб әрпімен, енді бірі латынша, үшіншісі кириллицамен жүреді. Әкем соның бәрін біледі. Сауатымды әуелі араб әрпімен, Құран жазуымен ашты. Әкем қайтқаннан кейін екі жыл, Құнапия деген ірі молда болған, сол кісіден оқып, Құранды бірнеше мәрте аударып оқып та шыққан болатынбыз. Бірақ, шыны керек, имансыздық қамшысы басымызға үйіріліп тұрған сол заман иманға ұюға мұрша келтірмеді.

Әке-шешем өліп қалған. Жоқшылық, таршылықтың да тақсыретін тарттым. Әйтеуір, құдай берген талаптың арқасында үкімет жұмысына ілігіп кеттік. 1947 жылы Құлжада «Білім жұрты» деген Шығыс Түркістанның ең үлкен мектебі ашылған. Сол гимназияға түсіп бітіріп алған соң Үрімжіде партия мектебінде оқыдым. Содан соң қызметім басталды. Әуелі мұғалім болдым. Сосын «Шыңжаң» газетінде істедім. Үрімжіде Шыңжаң радиосынан қазақ бөлімі ашылғанда сол істің басы-қасында жүріп, алғашқы дикторы да, редакторы да өзім болып едім. Бірақ аңсаулы жүрек аттың басын атажұртқа тарта берді.

Бұл жақтан барғаннан кейін ол жаққа бәрібір кірмесің, кіріптар күй кешесің. Осылайша Отаны жоқтың отына ең алғаш күйгендердің біріміз. Сонда аңсайтыны­мыз туған ел, нор Зайсан, өр Алтай, масаты Марқакөл. Алтай біздің тумалардың таусылмас сағынышы болуының сондай сыры бар. Елге оралудың ең бірінші қылт еткен мүмкіндігін құры жібермедім. Шәкә­рім айтатын өршіл 23 жасым. Бүкіл 23 жасым арғы бетте, ана жақта аласапырандар мен армандардың арасында қалды. Ол уа­­­қытта елге қайту талабымыз бен ынтамыз, бұл жаққа деген сағынышымыз керемет енді.

Елде өскен ерке шетте жүрген шермен­денің шерін ұғар ма, туған жердің қадірін дәл сондай білер ме. Сонда біздің ауылдың адамдары қыста соғымдарын сойып алады да, күнде бір үйге жиналып, таң атқанша Алтай-Зайсанды әңгіме қылады, ананы-мынаны айтады, ескі қиссаларды жырлайды, аңыздарды барлайды. Соның бәрі алаулаған аңсар, дертіп тұрған сағыныш болатын. Сөйтіп, сағынып жүріп ең бірін­ші болып Алтай аймағында Қазақстан шекарасын аттап өткендердің бірі мен едім. Өмірі ұмытылмайтын 1955 жылдың 23 мамыры. 23 жасымда.

– Арғы бет, қанша айтқанмен, бала дәуреніңіз қалған, жастық жалыныңызжалаулаған жер ғой. Кейін барғаны­ңыз­да қимастық сезім туды ма, көзіңізге ыстық көріністер кезікті ме?

– 1999 жылы барып әке-шешемнің зиратына зиярат еттім. 1940 жылы көтерген биік дуалдан тізеге жетер-жетпес таған қалыпты. Қыстаулардың жұртында болар-болмас таңбалы тап байқалады. Сондай белгілерді іздеп жүргенде ғажайып бір құ­былысқа тап болдым. Қара Ертістің жаға­сында, қара жардың үстінде бала кезде ішіне түсіп, қуыс-қатпарларында жасы­рын­бақ ойнап жүретін ұра-жыралар болушы еді. Сол ұзын-ұзын орлардың едәуір терең сұлба-сораптары әлі жатыр. Ол біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың ел­де­гі кеңестік қызыл сүргін сойқанынан ал­ғаш қашып-пысып барғанда қазып, пана­лаған жеркепелері еді. Сол індерге суырша сүңгіп, сүйретіліп шығып жүріп ел қата­рына қосылып кетіпті, ұрпағын жеткізіпті. Бүгінгі немеремізді осындай өмір болға­нына нандыра алармыз ба. Таңғалдым. Тә­ңірдің маған сақтаған табиғи мұрағатын­дай, өзің айтқан бала дәуренді мен сонда қара жердің осы қатпар-қыртысынан қайта көргендей сезімде болғанымды несін жасырайын.

– Әкеңізді айдап әкетіп бара жатқан­да құтқарып қалған Мақсұт деген аға­ңыз бар еді ғой. Соның жайы не болды?

– Қайран Мақсұт ағам нағыз даңғыл көкірек, нұрлы жүректің өзі еді. Біздің әулет түгел нәубетке ұшырап, әкеміз екін­ші рет ұсталғанда қайрат қылып, бәрімізді аман-есен Қытайға асырған жас жеткін­шек сол ағам екен. Шекарадан тым алыс­тамай, Ертіс жағасынан жеркепе қазып, мекен етіпті. Ілгері-кейін өткендер сол тө­ңі­рекке жинала берген. Содан күдік ұя­латты ма, 1939 жылы шекарашы орыстар келіп Мақсұтты алып кеткен-ді. Мүлдем хабар-ошар болмағасын біз оны өлдіге санап, жылда құран-хатым түсіріп жүре­тін­біз. Сөйткен жалғыз ағамды Алматыдан тауып алдым. Зайсандағы ағайындар бі­ле­ді екен. Өлмепті! Ол бейбақты кеңес жағы үш жылға соттап, Сібірдің тайгасына жі­беріпті. Мерзімі біткенде соғыс басталып, ұшы-қиырсыз сүргінге қалдырады. Ақы­ры, Мақсұт бұл қорлыққа шыдағанша деп, өзекті жанға бір өлім, өзі тіленіп майданға аттанады. Омырауы орден-медальға толып соғысып жүргенде оқ тиіп жараланып, тұтқынға түседі. Онда да көрмеген азабы жоқ. «Түркістан» легионында болады. Содан қайтып келген соң да тыныш қоймай, тергеу-тексерісте жүреді екен. «Найман шежіресін» жырлағанда осы халін өзі былай деп айтушы еді:

Адамды тағдыр қуса тоқтасын ба,

Қытайдың кидім басқа ноқтасын да.

Орыстың қайта түсіп қақпанына,

Тайганың таттым сан жыл ботқасын да.

Тіленіп жауға шаптым, майдан бардым.

(Ісіне құдіреттің қайран қалдым).

Тайгада тұншыққанша соғыста өлу –

Хақ жолы, сүннәті ғой пайғамбардың.

Жатады жүздеп-мыңдап жан қиылып,

Бейне бір атқандай-ақ аңды иіріп,

Сұмдығын сұм соғыстың ойлағанда

Кетеді көкірекке қан құйылып.

Қансоқта, жараланып жауға түстім,

Тағы бір тәңір құрған ауға түстім.

Тұтқында тартқан азап аз болғандай,

Ғазиз бас арылмайтын дауға түсті…

Мақсұт ағамның өмірінің шындығы, кеңестік жүйеден көрген сұмдығы осы. Әкем марқұм қайтыс боларында өлеңмен жазған өз өсиетін қосып: «Көрісетін күн болса, Мақсұтқа беріңдер», деп шешеме бір буда қағаз қалдырған еді. Сол буманы қолына мен тапсырдым. Жарғақтың тері­­сін сонда жылап отырып сөгіп, әке өсие­тін, ертеде өзі көшірген «Батыр Баян», «Сәт­бек батыр», «Оян, қазақ», «Салиқа-Сәмен» қисса-жырларын алып кеудесіне басып еді. Мақсұт осыларды және «Түр­кістан» легионында болған миллетшіл ақын Мәжит Айтбаевтың «Киік зары», «Абылай» дастандарын ағайындарға оқып та беріп, зарлатып жатқа жырлап та айтатын. Мәжит Айтбаевтың қасында «Милли әде­­биет» журналын шығарысқан пікірлесі, Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасын аударған ақын Хамза Абдуллинмен көбірек кездесіп, сөй­лесіп отыратын… Артында қалған ұрпағы осы Алматыда. Аруағы риза болсын.

– Енді «Социалистік Қазақстанда» істеген жылдарды жадыңызда бір жаң­ғыртып өтсеңіз?

– «СҚ»-ға дейін біраз журналистік тәжірибе жинақтадым ғой. Әуелі Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде оқи жүріп күнкөріске сеп болсын деп көркем әдебиет баспасында корректор болып істе­гем. Одан бесінші курста «Лениншіл жас­қа» жұмысқа тұрдым. Орталық партия ко­ми­теті Өске­мен­нің облыстық газетіне бір жарым жылдай «десант» етіп таста­ға­ны және бар. Одан шақырумен Алматыға қай­та келіп Қазақ радиосында бас редак­тор­дың орынбасары, әдеби-драмалық ре­дак­цияның меңгерушісі болған кезімде әлі күн­ге дейін эфирден түспей келе жатқан «Шалқар» әдеби-музы­калық радиожурналын алғаш ашып, атын қойған да біз едік. Бұл кезге дейін «Жырға сапар» жинағында топтама өлеңдерім де шығып, алғашқы әңгіме-хикаяттарым да жарияланып үлгер­ген-тін.

Мен үшін нағыз журналистік және өмірлік мектеп «Социалистік Қазақстан» газетінде істеген жылдарым болды. 1966 жылы ә дегеннен Әзағаңның – Әзілхан Нұршайықовтың қолына түстім. «Партия тұрмысы» деген газеттің жетекші бөлімі. «Жас коммунистер тәрбиесі» деген айдармен мектеп ашуға тура келді. Беташарында Бауыржан Момышұлы мен Ыбырай Жақаевқа сөз бердік. Осы айдарды бір жыл бойы жүргізіп, соңын Сәбит Мұқанов қорытты. Осы үлкен кісілердің үшеуінен де алғыс алғаныма қарағанда, ашқан мек­тебіміз жаман жұмыс істемеген сияқты.

Ұзақ Бағаев редактор болып келгесін мені мал шаруашылығы бөлімінің меңге­ру­шісі етіп қойды. Он жыл бойы Қазақ­стан­дағы қой  санын 50 миллионға жеткізу науқанын насихаттадық. Талай очерк, ма­қалалар, поэмалар да жазылды. Үндеу­лер тасталды, ұрандар да айтылды. Ғалым­дармен мәслихаттар, конференциялар өт­кіз­дік. Озат шопандардың әңгімесі мен тә­жірибесін апта сайын айқарма бетпен 3-4 мәрте беріп жүрдік. Кейін қанша күстә­на­ласақ та, ырыс-берекені молайтуға, игілік­ке шақырған сол ұран жаман емес еді. Мен кейде сондай үмітті ұранды іздеймін.

Сол кезеңнен жүрекке жылы тиетін жарқын естелік 1973 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің көшпелі редакциясымен Теміртауда болуымыз. Сонда біз болашақ тәуелсіз еліміздің болашақ тұң­ғыш Президентінің нұрлы дидарын алғаш көрген болатынбыз. Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың парасаты мен тапқыр­лығына тәнті болып, сөзіне сүйсініп, әні­мен қанаттанып қайтқанбыз. Сол жақсы­лықтарды жарым ырысқа балап жазған да едік. Үмітіміз бізді алдамағанын өмір өзі көрсетіп отыр.

– Қазақ радиосының құснихаты се­­кіл­ді бір «Шалқарды» өмірге келтіріп еді­ңіз, дүниеге тарыдай шашылған дү­йім қазақтың атажұртқа деген сағы­ныш мауқын басып, мұңын мұңдайтын тағы бір «Шалқарды» кең айдынға шы­­ғару да сіздің пешенеңізге бұйырыпты-ау…

– «Біздің Отан» газетінің редакторы Мұса Дінішев 70-тен асып, зейнетке шық­қан екен, 1986 жылы ерікке қоймастан қол­қалап жүріп шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының төрағасы Шәңгерей Жәнібеков сол орынға мені апарды. Қазақтың қазақты іздеуге шамасы келгенінің өзі 70-ші жылдардан кейін ғой. Мына газет шеттегі қазақтарға тарайды. Редактор болып бар­ған кезде Горбачев қайта құру, жария­лы­лық деген нәрселерді желпілдетіп жатты. Осыны өз әлімізше жақсы пайдаландық. Газет екі-ақ бет болып шығатын еді, форматын өзгерттік, бетін көбейттік. Басқа басылымдар әлде де болса әліптің артын ба­ғып жүргенде біз жаңағы «жария­лы­лық­ты» жамылып, «ақтаңдақтарды» ақта­ра бастадық. Төледен Төбетке дейінгі би­лер­ді, Қабанбайдан Ханкелдіге дейінгі батырларды, Абылай бастатқан хандарды сү­йін­шілеп жазып тастадық. Жұрт қиын-қыстау кездерде көз жазып қалған ағайын, туысты біздің газет арқылы іздеп табатын болды. Тіпті, сонау 40-шы жылдары ақ­гвар­дияшы орыс полковнигі ілестіріп алып кеткен жеті жасар жетімекті Құлжадан барған Ахмет Егемберді деген ақын ар­қы­лы ту-ту Австралия аборигендерінің ара­сынан тауып, туыстарымен табыстырдық. Сөйтіп, газетіміздің бағы ашылды, беделі өсті.

– Айтқандай, газеттің атын «Шал­қар» деп не себептен өзгерттіңіздер?

– Себебі, газет Қытайға тарамайтын. Ондағы қазақтар анда-санда барып қалған газет болса, бірінен бірі аттай қалап, жасырып оқитын. «Біздің Отанның» бір нө­мі­рін бір серкешке сатып алып оқыған кез­дері болған. Ресми Қытай бізге: «Біздің қа­зақтар өз Отанында отыр. Сендер неге газеттеріңізді «Біздің Отан» деп, оларды басқа Отанға шақырасыңдар?» деген нара­зылық білдірді. Олармен тәжікелесіп жатуды артық санадық та, шаңырағымызды «Шалқар» деп атап, ыңғайына жығылдық. Бұдан біз ұттық. Газет Қытайға енді еркін тарайтын болды. 32 елдегі таралым 44 мың­ға жетті. Бетін алты бет етіп молайт­тық. Бұрын төте жазумен ғана шықсақ, енді кириллицамен де беретін болдық, керек кезінде латыншамен де жіберіп тұр­дық. «Шалқарымыз» сөйтіп шарықтады. Ақпараттық ауқымнан шығып, ұлттық-әлеуметтік, еларалық деңгейге көтерілді. Біздің газетіміз арқылы Австриядан Авс­тралияға дейінгі 32 мемлекетте қазақтар­дың бар екені тайға таңба басқандай білінетін. 1990 жылдан қазақшаға аударып Құран Кәрімді бере бастадық.

– Құрметті Уақап аға, сіздің Қазақ­­стан топырағында тұңғыш рет және тә­уел­сіздікпен тұспа-тұс Құран Кәрімнің осынау түсіндірмелі-мағыналық тәржі­ма­сын жүрегіңіз дауалап жасауыңыз руха­ни ерлікпен барабар сауапты іске балануы заңды. Хақ мұсылман қазағы­ңызға:

«Аллаға сыйын, Аллаға сүйен!

Жарылқайтын да, жазалайтын да,

Жан дүниеңді тазалайтын да –

Ол сенің иең!» – деген имани кәли­ма­мен бастап, Раббының сөзін жеткі­зуі­ңіздің жай-жапсарын білсек деп едік?

– Бұл игі ісімді ең алдымен Жарат­қан­ның жарылқауы деп білемін. Көп уақыт дінімізді тосырқап келдік қой. Содан 1988 жылы Түркиядан Халифа Алтай аударған Құран келгенде керемет қуандым. Соны оқығаннан кейін іштегі иман нұры оянып, қайта серпілгендей болдық. Халифа аға­мен хат жазысып, білісіп те жүрдім. Оның аудармасын редакциялап, толықтырып, жақсартуды да ниет қылған едім.

Ал енді Құран Кәрімді өзім аударып шығуға тәуекел етуге қозғау салған адам – Өзбекәлі Жәнібеков. «Хақтың сөзін өзіміз неге аударып шығармаймыз?» деп ақыры: «Кім аударады?» дегенде маған тоқтапты. Ол кезде Жазушылар одағында көркем аударма кеңесі бар. Бастығы – Мұрат Әуе­зов. Солар менімен кәдімгідей шарт жасасып, кеңесшілікке Болат Көмеков деген ғалымды тағайындаған. Сонымен, алғаш­қы аударма тұп-тура бір жылда жасалды да, іле-шала теріліп, беттеліп жатты. Сол жылы «Шалқар» газетіне шағын алғысөз­бен түгел жарияланды. «Жазушы» баспасы 1991 жылы дәл Тәуелсіздігімізді жариялар қарсаңында 200 мың таралыммен шығар­ды. Сол күндерде төбем көкке жетіп, өмірдегі ең үлкен қуанышыма кенелдім. Сүйінші данасы Елбасымызға берілді. Екінші данасын көп ұзамай Түркияға тұңғыш сапарында ел Президентіне ілесіп барғанда Халифа Алтайға тарту еттім. Сонда асыл ағаның: «Иншалла! Иман жолына жасаған ұлы еңбегіңнің сауабы Алладан қайтсын!» деп маңдайымнан сүйгені ұмытылмайды.

Одан кейінгі он жыл бойы аудармада кеткен ақауларды ауық-ауық қарап, салыс­тырып, саралап, жөндей бердім. Ал 2002 жылы осы «Құран Кәрімнің» қазақша ма­ғынасы мен түсінігінің жетілдірілген жаңа нұсқасы мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа сыйы ретінде қайта басылып, тегін таратылды.

Менің қанағат сезіммен айтатын үш дүнием бар. Біріншісі, ес білгеннен қо­лы­ма қалам алып, бүкіл өмірімді қазақ бас­па­сөзіне арнадым. Екіншісі, тағы да қала­мым­мен жер жүзі қазақтарына қызмет ет­тім. Үшіншісі, Тәуелсіздікпен бір күні, бір таңда Хақтың сөзін қазағыма аударып жет­кізгеніме мың мәрте шүкіршілік қыламын.

Алланың рахымы, патшаның парасаты, халықтың бақыты арта бергей! Әмин!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».