• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2012

Ізашар

925 рет
көрсетілді

Ізашар

Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:12

Қазаққа Әбунасыр әл-Фарабиді ашқан ғұлама ғалым Ақжан Машани ұлт даналығының керегесін 10 ғасырға кеңейткен болатын

Осы жылдың 23 қарашасында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде ғұлама ғалым Ақжан Машанидің 105 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілгелі жатыр. Абыз академиктің ұлт өркениетін өрге сүйреудегі айтулы еңбегі, әсіресе, әлемге мәшһүр әл-Фараби бабамыздың есімімен байланысты екендігі белгілі.

 

Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:12

 

Қазаққа Әбунасыр әл-Фарабиді ашқан ғұлама ғалым Ақжан Машани ұлт даналығының керегесін 10 ғасырға кеңейткен болатын

 

Осы жылдың 23 қарашасында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде ғұлама ғалым Ақжан Машанидің 105 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілгелі жатыр. Абыз академиктің ұлт өркениетін өрге сүйреудегі айтулы еңбегі, әсіресе, әлемге мәшһүр әл-Фараби бабамыздың есімімен байланысты екендігі белгілі. Осыған орай біз өзі де 75 деген мерейлі жасқа келген машанитанушы ғалым, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, «Әл-Машани» халықаралық қоғамдық қорының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, техника ғылымдарының кандидаты, көрнекті қаламгер, профессор Шәмшиден Әбдіраманға жолығып әңгімелескен едік.

– 2007 жылы ұлтымыздың біртуар ұлы, ғұлама Ақжан Машанидің 100 жылдық ме­рейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күнтіз­бе­сіне енгізілуіне байланысты халықара­лық деңгейде өткізілді, – деп бастады әң­гімесін Шәмшиден Әбдіраманұлы. – Осы­ған орай сол кезде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да өткен халықаралық конференция тақырыбы «Шығыс ғұламаларының ғылыми-техни­калық, руханияттық құн­ды­лықтары және Ақжан Машани» деп аталған-ды.

Басқасын айтпағанда, сол конферен­цияға ЮНЕСКО-ның өкілі бар 13 алыс шетел ғалымдары қатысқан еді. Осынау халықаралық форумның ҚазҰТУ-да бас қосуының басты себепкері өткен ғасыр­дың ортасында ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидің қазақ тумасы екендігін алғаш дәлелдеп, ұрпағымен қауыштырған уни­вер­ситеттің тұңғыш түлегінің бірі, Жер ғылымының жаңа саласы – геомехани­ка­ның іргетасын ХХ ғасырдың 40-шы жыл­дары қалаған геология саласының жас маманы Ақжан Жақсыбекұлы Машани болатын. Тек бұл ғана емес, А.Машани сол кезде өзі бітірген осы университетте алдынан мың­д­а­ған инженерлер түлеткен ұла­ғат­ты ұстаз да еді. 1997 жылы 91 жасқа қараған­да фә­ниден өткен ғұлама бүкіл саналы ғұмырын өзі бітірген білім ордасында кә­сіби мамандар даярлай жүріп, әл-Фараби бабасының мұраларын 40 жылдай үзіліссіз зерделеуден жазбаған-ды.

– Қазір Фараби бабамыздың мұра­сын пайымдай зерттеп жүргенғалым­дар, құдайға шүкір, баршылық. Олар да фарабитанушы санатындақұрмет­те­леді. Бірақ фарабитанудағы Машани­дың орны бәрібір бөлек,оқшау тұра­ды. Осының себебі неде?

– Орта ғасыр ғұламалары ғылымның бір ғана саласымен айналысып қоймаған. Дәлірек айтсақ, әл-Фараби де, одан бұ­рынғы ғұламалар да бүгінде сала-сала болып өз алдына отау тігіп кеткен ғылым­дар­ды бір-бірімен сабақтастыра, тұтас қа­рас­тырып отырған. Оған мысал келтірсек, әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, ибн Сина, ат-Туси, Ұлықбек сияқты Тұран ой­шылда­рының энциклопедиялық ұлан-ға­йыр бі­лім­нің заңғары атануы осыдан. Демек, бү­гінгі қазақ ғалымдарының арасында ұлы бабасының философиясы мен ло­гикалық, математикалық, физикалық, астро­номия­лық және музыкалық трактаттарын ғы­лым­ның әрбір саласына қарай бейімдей зерделеу барысында фарабитанушы атануы табиғи құбылыс…

Ал Ақжан Машани ғаламаты сонда, ол кісінің өзінде ұлы бабасының болмыстық табиғатын елестететіндей энциклопедия­лық кенен білім болды. Ақаңды фара­би­та­нудың абызы атандырған басты себеп осы деп білемін.

– Олай болса, Ақжан хазіреттің әл-Фараби бабаға бару жолынан аз-кемхабардар етіп, әңгімелеп берсеңіз?

– Кешегі екінші дүниежүзілік соғыс өрті Батыс Еуропадан басталып, шығысқа қарай өршіген жоқ па. Сол кезде КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі Ленинград, Киев, Мәскеу сияқты ірі қалаларындағы ға­лымдар Кіндік Азияға қоныс аударды. Бір тобы Қазақстанға келіп, Қаныш Сәт­ба­евтың маңына топталды. Олардың арасында Батыс Еуропа ғалымдары да бар-тын.

Қазақстанда Ғылым академиясын ұй­ым­дастыруды жоспарлап жүрген Қаныш Сәтбаев өз маңына топтасқан атышулы ға­лымдармен ғылыми кеңестерді жиі ұйым­дас­тыратын. Осындай кеңестің бірінде Чехословакиядан келген Кольман деген математика тарихының білгірі баяндама жасайды. Баяндаманың негізгі мазмұны Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының орта ғасырлардағы ғылымға қосқан үлесі туралы еді. 1943 жылдың бас кезінде болған осы кеңеске Алтайдағы кеніштің біріндегі іссапарынан оралған Ақжан Машани да қатысады.

Шығыс мәдениетіне құлағы түрік жас маман А.Машани Кіндік Азиядан шыққан ғалымдардың әлемдік ғылымға қосқан үлесін жан-жақты талдаған шешенді зор ынтамен тыңдай отырып, әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Жаухари, әл-Бируни, ибн-Си­на, Абул-Вафми, әл-Ферғани, Омар Хайям, ат-Туси, Ұлықбек, әл-Хазни тәрізді Тұран ғұламаларының есімдерін көкейіне ерекше мақтанышпен ұялатады. Еуропа елінің ғылыми өрлеуіне шарапаты молынан әсер еткен осы адамдар екендігі де құлағына сон­шалықты жағымды естіледі. Осы­лар­дың арасында Ақжанға тек әл-Фараби есімінен басқалары таныс болатын… Әл-Фараби кім сонда… қай елдің тумасы?

Міне, Ақжан Машани ағамыз саналы ғалымдық, қайраткерлік һәм азаматтық ғұ­мырының қырық жылдай уақытын осы сұрақтың жауабын іздеуге, іздеп қана қоймай, соны жеріне жеткізе ізерлеуге арнады. Сол қажырлы, қайтпас ізерлеу ар­қы­лы ол әлем әлеуметіне 10 ғасыр бойы Шы­ғыстың Аристотелі, Екінші ұстаз намымен мәшһүр болып келген ғұламаның Фараб-Отырар жерінде кіндік қаны тамған қып­шақ-қазақ перзенті екендігін дәлелдеп, әл-Фарабидің бүгінгі сан-салалы ғылымдар­дың бастауында тұрған ұлы ойшыл екен­дігін айғақтай келіп, фарабитанудың абызы атанған болатын.

Әрине, соғыс уақытының қысылтаяңы Ақаңа әл-Фарабидің кім екендігін бірден анықтауға мұрша бермеген. Қазақстандағы анықтама әдебиеттерде ондай есім кез­деспейді. Тұран ойшылдарына ие болудан алдына жан салмайтын өзбек ағайындар да әл-Фараби жайынан хабарсыз болды. Оқта-текте Мәскеу, Ленинградқа барып жүріп алғашында «әл-Фараби араб ғалы­мы» деген ақпаратқа жолыққанда тоқта­лып қалмай, ізденісін талмай да мойымай жалғастыра береді. Содан не керек, зер­т­теушінің қолына әл-Фарабидің туған жылы 870 жыл, өлген жылы ресми түрде 950 жыл деген мәлімет түседі. Ерте замандағы дәстүр бойынша кісі есімімен бірге тегі ретінде тіркелетін туған жер атауы – Фараб қаласы сол кезде екі елде болды. Бірі Әмудария бойында, тәжік жерінде. Сол үрдіс бойынша ұзақ жылдар бойы әл-Фараби ирандық нәсілден деген жаңсақ пікір қалыптасады. Тағы бір деректерге жүгінсек, ұлы бабамызды осыған қарап өздеріне икемдеген ирандықтар парсы тілінде әл-Фарабиге арналған 4 бірдей энциклопедия шығарған көрінеді. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы-ау десек те, қазір Шығыс Аристотелінің отаны Иран деген қате пікірді қолдаушылар жоқ.

Шын мәнінде әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб (Отырар) екенін дәлелдеп жазып, картаға түсірген атақты ғалым-географ ибн-Хаукал болатын. Ол өзінің «Китаб Масалик уа мамалик» аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағын сипаттап, картаға тү­сі­реді. «Бұл жер атақты ғұлама дәрежесіне жеткен философ әл-Фарабидің туған жері» деп жазды. ибн-Хаукал жасы кіші бол­ға­ны­мен, бәрібір әл-Фарабиге замандас саналады. Олар Дамаскінің әмірі Сайф-ад-Дауланың сарайында бір-бірімен мәжі­лі­с­тес болып жиі кездесіп тұрған.

Міне, жігерін жанып, қайрат берген осы кітап қолына түскен соң А.Машанидей марғасқа ғалым әл-Фарабидің бүгінгі қазақ ұрпағының бабасы екенін дәлел­деу­ге білек сыбана кірісіп еді.

– Сонда әлем таныған әл-Фараби есі­мі, өзінің атажұртында, тарихиОта­нын­да бұған дейін мүлде беймағлұм болып келген бе?

– Олай деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Мысалы, Қазақ хандығының бастауында тұрған әз-Жәнібек кезінде шипагер­лігімен танылған Өтейбойдық Тілеуқабыл­ұлының «Шипагерлік баяны» («Жалын», 1996) кітабында оның Әбунасыр әл-Фа­раби шығармаларымен біршама танысты­ғы байқалады.

Ал Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» поэмасындағы:

«Түріктің кім білмейді музыкасын,

Фараби тоғыз шекті домбырасын» – деген жолдар кейінгі заманда да қазақ қа­уы­мына ұлы баба есімінің таныс болған­ды­ғына тамаша дәлел. Бірақ қасаң комму­нис­тік идеология, әсіресе, біздей бодан ұлтқа басқа жаққа көп мойын бұрғыза бермесе керек. Тіптен 1960 жылдары мынау сен­дердің ұлы бабаларың деп дәлелді дәйек айтқан А.Машаниға ғалымдар арасынан: «Әй, Ақжан, сен дәл ғылымның өкілісің, мына сәлде киген молдаң кім өзі?» деп келемеждегендерді көзім көрді. Бір қы­зы­ғы, мәселенің беті айқындалған соң солар­дың дені фарабитанушы болып шыға келді.

– Әл-Фараби бабаны атажұртына қайтару орайында А.Машани қандайқиындық-кедергілерге кездесті?

– 1968 жылы Шахмардан Есеновтің қолдауымен әл-Фараби мұраларын зерттеу жөнінде арнайы бөлім құрылғанға шейін бабаның есімі Қазақстанның Ғылым академиясында үш рет аталды. Бірі Кольман­ның аузынан шықты. Екіншісі – А.Ма­ша­ни­дің өз қолына түсірген әл-Фараби мұра­ла­рын дәлел етіп 1960 жылы Қ.Сәтбаевқа жазған хаты (Қаныштың қазасына байланысты іс тоқтап қалды) және үшіншісі – А.Маша­ни­дің 1961 жылы «Академия ха­бар­­шы­­сы­ның» №5 санында шыққан «әл-Фараби мұ­ралары туралы» деген мақала­сы. Ал 1962 жылы «Білім және еңбек» жур­на­лы­ның №1 санында ғылым үйрену үшін не қажеттігі туралы 9 трактаты жа­рияланған әл-Фараби бабамыз тұңғыш рет қазақша, туған халқының тілінде сөйледі. Ол трак­таттарға алғысөз бен арнайы мақа­ла­ны А.Машани жазған еді. Бірақ сол кез­дегі ком­мунистік партия басшылары оны елемей­тін­дей сыңай танытқан-ды. Тіптен ЮНЕСКО шешіміне орай КСРО үкіметі әл-Фа­рабидің 1100 жылдық мерейтойы аясын­да 1975 жылдың 5-10 қыркүйегінде әуелі Мәскеуде басталған конференцияны Алматыда жалғастыруға мәжбүр бола тұрып, сол жиында қабылданған шешім­дер­дің бірде-бірін орындамай, баба мұра­сын қитұр­қы­лықпен Өзбекстанға қарай ысыру саясатын ұстанған-ды.

Осынау мәртебелі халықаралық конференция қарсаңында А.Машанидің 1973 жылы жазылған «әл-Фараби және бүгінгі ғылым» атты пайымдық іргелі моногра­­­фия­сы да шығарылмады. Оған зерттеуде әл-Фарабидің құдайға сенетіндігі айтылған деген айып тағылды. Ұлы бабамыздың ғы­лы­ми өмірбаяны іспеттес осы зерттеу ара­ға 30 жыл салып барып баспа жүзін көрді. Бұл кезде Қазақстанның тәуелсіздік алға­ны­на он үш жылдан асып еді. Бұл да «Бұ­рынғы жабайы қазақ мәдениеті Қазан төң­керісінен кейін дамыды» делінетін астамшыл идеологияның ықпалынан әлі де құ­тыла алмай келе жатқандығымыздан емес пе екен деген дүдәмал ой келеді. Әйтпесе, әл-Фарабиді әзелден-ақ «Шығыстың Арис­то­телі» деп атаған мәдениетті елдердің сө­зін бұрмалап, «Екінші Аристотель» деуге бейім тұратындығымыз да ұнамды жағдай емес, санамыздан кетіп болмаған баяғы құл­дық психологияның салқыны болса керек.

– Ғафу етіңіз, ал енді әл-Фараби бабамызды «Мұғалім ас-сани» – «Екіншіұстаз» деп те жатамыз ғой. Осының мәнісі қалай?

– Кезінде Аристотель, Платон және Пто­ломей мұраларында болмаған жайларды артығымен жетілдіріп, араб тіліне жа­ңа­лық дәрежесіне жеткізе аударған ұлы бабамызды алғашында «Ұлы түсіндіруші» (Великой комментатор) дей келіп, Шы­ғыс­тың Аристотелі атауы өз алдына. Ал араб елдерінде «әл-мұғалім әл-сани» – екінші ұстаз деуі әл-Фарабидің жаңа заманда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан кейінгі ғалым-ұстаз деген мағынада айтылуын А.Машани мұраларынан жиі ұшыратуға болады. Мен осы пікірді 2010 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі пәтер үйінде өткізілген кезекті 25-ші конференциясы кезінде Қазақстан елшілігі ұйымдастырған «әл-Фараби және Еуропаның өркендеуі» дөңгелек үстеліне арнайы бар­ған жолы жасаған «әл-Фараби – жаңа дә­уірдің бас ұстазы» атты баяндамамда айттым да. Шынтуайтына келсек, Орта ғасыр­да әл-Фарабидің түсіндірмесінсіз Аристо­тель­ді ұғатын Еуропа ғалымы болмаған еді.

Осыған байланыстыра айтсам, өз кез­е­гінде Ақжан хазіреттің байыпты зерттеу­ле­рінсіз бүгінгі ұрпақтың әл-Фараби мұра­сына етене бойлап бара алмайтындығына көзім жетті. Яғни 2005-2011 жылдар арасында Ақжан Машани мұраларын жинақ­тап, 16 томдық шығармаларын баспаға даяр­лау ба­рысында осындай пікірге келдім. Тұ­жы­рымдай қайырсам, Ақжан Машани фараб­и­танудың кілтін беріп қана қойған жоқ, қазақ даналығының керегесін 10 ға­сыр­ға кеңейткен әрі абайтанудың ренес­санс­тық бағытын айқындаған «әл-Фараби және Абай» зерттеуін (1994) кейінгі ұрпақ­қа өлмес мұра етіп қалдырды.

– Абыз ғалым А.Машанидің 105 жыл­дығына арналған республикалықғы­лы­ми-практикалық конференция «Фарабитанушы Ақжан Машанимұралары және студенттерде интеллектік құнды­лық­тар қалыптастырумәселелері» деп аталған екен. Олай болса, осының өзі ЕлбасыНұрсұлтан Назарбаевтың «Ин­тел­лектуалды ұлт-2020» жобасын іс­кеасыру орайындағы, тәуелсіз еліміздің адам капиталын мәйектендірудегіфара­би­танудың мән-маңызы зор екендігін білдірмей ме?

– Осы сұрағыңызға кеңірек жауап бе­рейін. Дамыған елдердің ұлттық байлығы экономикалық әлеуетімен ғана өлшенбей­ті­нін, соған қоса халқының биік интеллек­туалдық деңгейімен дараланатынын ескерсек, бұл – аса көкейкесті мәселе.

Бақуатты елде ұлттық байлықтың 75 пайызын интеллект құрауы керек. Демек, бұл менің ұғымымда Тұңғыш Прези­ден­ті­міздің 2008 жылы «Болашақ» бағдарла­ма­сымен білім алып жатқан жастармен кездесу кезінде алғаш айтылған «Интеллек­туал­ды ұлт-2020» жобасының, енді жас­тармен қанаттастыра бүкіл халықты қам­ти­тын Қазақстанның Әлеуметтік жаңғыр­тылуына апаратын Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрудың нысандық негізін ай­қындайтын бағыт. Елбасының айтқанын­дай, «бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа апаратын түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартуға» тірелуі тегін емес. Осы ретте жастарға отаншылдық тәр­бие беретін инновациялық курстардың жоқтығына, жеке тұлғаның әлеуметте­нуі­нің әдістемесінде «Акмеология» тәрізді пән­дердің өте сирек қолданылатын­дығы­на, жас өрендердің «рухани-парасаттық тәрбиесінің күн тәртібіндегі өткір тұрған мәселе» екендігіне ерекше көңіл бөлінуі де өте орынды. Демек, Президентіміз айт­қандай, «бүгінгі әбден ескірген әдістемеге негізделген оқу-тәрбие үдерістері» қандай бағытта дамытылуы керектігін Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ұжымы кеңі­нен ойласып, ортаға салғаны жөн-ақ.

Кезінде «Көшпенділер» романының авторымен болған кездесулер және профессор Ақжан Машанидің фарабитанудағы зерттеулері болашақ инженерлер бойында ерекше қызығушылық туғызатынын көр­дік. Кейін университетте А.Ж.Машани атын­дағы Танымдық-тәрбие орталығы құ­рыл­ды. 2005-2011 жылдары осы орталық­та әзірленіп шығарылған А.Машанидің қазақ фарабитануының шыңы іспеттес 16 томдық шығармалары «Акмеология» пә­нінің негізіне айналған-ды. Тұран ойшылдары мен Қазақстан ғалымдарының ғылы­ми-техникалық және руханияттық мұрала­рын танымдық-тәрбие ісіне қолданудың мүмкіншілігі осылайша зерделенді.

Бұл игілікті іс Елбасының «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасын жүзеге асыру ауқымында атқарылатын практикалық қам-қарекеттерге мұрындық болды. Шын мәнінде, дәлдік ғылымдардың бастауында тұрған: әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Биру­ни, ибн Сина, ат-Туси, Ұлықбек сынды Тұран ойшылдары қағидаттарының жалпы инженерлік пәндердегі мәнін ашу болашақ техникалық кәсіби мамандардың бойында ерекше мақтаныш тудырып, отаншылдық жауапкершілігін арттырары күмәнсіз. Се­бе­бі, бүгінгі ұрпаққа сондай ұлы ойшыл­дардың ұрпағы екендігін сезіндіру және кәсіби біліктілікті қалыптастыруда тәрбие компоненттерін енгізу әрбір маманның отаншылдық жауапкершілігін арттыруға негіз болатындығын біз іс жүзінде дәлел­дедік дей аламыз.

Игі талпыныстар «Акмеология» сияқ­ты пәндердің жеке тұлғаны әлеуметтен­ді­рудегі әдістемесін жасауға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде, А.Ж.Машани орталы­ғын­­да атқарылған танымдық-тәрбиелік жұ­­мыс­тар қорытындыланып, Тұңғыш Прези­дентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасының қолда­ныс аясына арналған «Интеллектік ғиб­рат» оқу-тәрбие іс-шараларының кешендік бағдар­ла­масы өмірге жолдама алды. Бұл өз ке­зегінде техникалық оқу орындарында, кәсі­би білім беру үдерісінде оқу-тәрбие ісін жүйелі танымдық негізге көшіру орайында қолданылған алғашқы қадам болып отыр. Осыған орайластыра ҚазҰТУ-да жа­салған «Интеллектуалдық ғибрат» кешені кәсіби-техникалық білімге патриоттық тәр­биені сабақтастырумен ғана шектел­мей­тіндігін, яғни мұның әдістемелік методологиясын білім берудің барлық саласында, тіптен мектепке дейінгі бүлдіршіндер тәрбиесінде де қолдану мүмкіндігінің мол екендігін айтуды өзімнің азаматтық парызым санаймын.

Ұлы ұстаз әл-Фараби мұралары, сол мұраны туған халқының игілігіне айналдыру жолында шешуші қайрат-жігер жұм­­саған Ақжан Машани еңбегі бүгінгі тәуел­сіз елінің қызметінде екендігі осы жайдан-ақ аңғарылса керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.