Бейсенбі, 7 маусым 2012 7:09
ДҮБІР
Олимпиадаға 50 күн қалды
Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтуде.
1 маусым күні басталған ел чемпионаты бүгін аяқталады. Бұл бәсекенің ерекшелігі, онда Қазақстан чемпионы деген атақ үшін күш сынасудан басқа биылғы Олимпия ойындарына қатысатын зілтеміршілердің есімдері анықталады.
Бейсенбі, 7 маусым 2012 7:09
ДҮБІР
Олимпиадаға 50 күн қалды
Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтуде.
1 маусым күні басталған ел чемпионаты бүгін аяқталады. Бұл бәсекенің ерекшелігі, онда Қазақстан чемпионы деген атақ үшін күш сынасудан басқа биылғы Олимпия ойындарына қатысатын зілтеміршілердің есімдері анықталады.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни осы чемпионатқа лицензия алған қыз-жігіттерден басқа тағы бірнеше болашағынан үміт күттіретін спортшыларды қосып отыр.
– Қазіргі кезде Лондонға 16 ауыр атлеттің баруға мүмкіндігі бар. Олар бірнеше айдан бері бас қосып, өздерінің соңғы дайындықтарын пысықтауда. Олардың барлығы да Талдықорғанда өнер көрсетуде. Ел чемпионаты 1 маусым күні басталғанымен, Ауыр атлетика федерациясы басшыларының шешімі бойынша, чемпионаттың жүлделері үшін таласатындар бір бөлек және Олимпиада жолдамаларын сарапқа салатындар бір бөлек жарысатын болып шешілді.
Олимпиада жолдамалары үшін таласатындар арасында Азия ойындары мен Азия біріншілігінің жүлдегері Кирилл Павлов (77 кг), әлем чемпионатының қола жүлдегері Владимир Кузнецов (85 кг ), Олимпия ойындарының чемпионы, әлемнің үш дүркін чемпионы Илья Ильин, әлем чемпионы Владимир Седов, Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алмас Өтешев, Арли Чонтей, Фархад Харки, жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Александр Зайчиков (94 кг) және Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері Сергей Истомин (105 кг) болса, әйелдер арасында әлемнің екі дүркін чемпиондары Зүлфия Чиншанло (53 кг) мен Майя Манеза (63 кг), Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Ирина Некрасова (69 кг), әлемнің екі дүркін чемпионы Светлана Подобедова мен жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Анна Нұрмұхамедова (75 кг) және Олимпия ойындарының қола жүлдегері Мария Грабовецкая мен жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионы Надежда Ногай (+75 кг) күш сынасады.
Міне, осылардың ішінен қайсысының Лондонға жолдама алатыны өздерінің көрсеткен нәтижелеріне байланысты болады. Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсір үміткерлердің ел чемпионатындағы нәтижелері әлемдік рейтингтің көш басында тұрған зілтеміршілердің көрсеткіштерімен салыстырылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, чемпионатта кімнің нәтижесі жақсы болады, сол Олимпиада жолдамасына иелік етеді. Талдықорғандағы чемпионатта лицензия үшін тартысты болатынын бас бапкер Алексей Нидің сөзінен де аңғаруға болады.
Біз сол кезде ешкімнің атақ-даңқына қарамауға тиіспіз. Жаңылыспай, тек мықтылардың мықтысын ғана Олимпиадаға таңдап алуымыз керек. Өйткені, спорттың бұл түріне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде, – дейді ол.
Қазақстан чемпионаты аяқталғаннан кейін ұлттық құрама мүшелері Талдықорғанның іргесіндегі Текелі қаласына жиналып, оқу-жаттығу жиынын жалғастыратын болады.
Бет қатталып жатқанда Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатында мына спортшылар үздік нәтиже көрсетіп, Олимпиада жолдамасына ие болды. Ерлер арасында Илья Ильин, Алмас Өтешев, Арли Чонтей, Фархад Харки, қыздар арасында Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова мен Анна Нұрмұхамедова енді ұлттық құрама сапында Лондон төрінде өнер көрсетеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
––––––––––
Суреттерде: Илья Ильин, Алмас Өтешев, Зүлфия Чиншанло.
________________________________________
ҚОЛДА – 95 ЖОЛДАМА!
Кеше Лондон Олимпиадасына жолдама алған тағы 3 спортшының есімі белгілі болды. Соның екеуі жеңіл атлеттер болса, біреуі бессайысшы.
Жеңіл атлеттерімізден жолдамаға сырықпен секіруші (прыжки с шестом) Никита Филиппов пен 3 000 метрге жүгіруге қатысатын Артем Косинов ие болды. Алдыңғысы Алматы қаласының тумасы. 1991 жылы туған. Спорттың осы түрімен айналысқанына бірнеше жыл болған. Әзірше ол халықаралық жарыстарда айтарлықтай жетістіктерге жетпесе де елішілік жарыстарда өзіне сырықпен секіруші бәсекелестерді шақ келтірмей жүр. Ал Артем Косинов болса, 1986 жылы Талдықорған қаласында туған. Олимпиадаға жолдаманы ол Ресей ашық чемпионатында 3 000 метрге жүгіру жарысында 8 минөт 31,06 секөнт нәтиже көрсетіп жеңіп алды.
Үшінші жолдаманы алған спортшымыздың есімі – Павел Ильященко. Қазіргі бессайыста сынға түсетін отандасымыз былтыр Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Ильященко – Астана қаласының тумасы. 1990 жылы туған.
Сөйтіп, жеңіл атлеттеріміз осы күнге дейін ең көп лицензия алған спортшыларымыз болды. Олар 16 жолдамаға ие. Одан кейін командамен 13 лицензия алған су добынан ерлер құрамасы мен 9 жолдаманы жеңіп алған боксшылар бар. Ал кеше Талдықорғанда аяқталған ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында 8 жолдаманың иегерлері анықталды.
Бұған дейін 92 жолдаманы қыздар арасындағы бокстан Саида Хасенованың жеңіп алғаны белгілі. Оның лицензиясы қазақ спорт тарихына жазылатыны сөзсіз. Өйткені, ол қыздар боксында тұңғыш рет жолдамаға ие болып отыр.
_________________________________________
Ұлттық олимпия комитеті Лондон Олимпиадасының алдындажанкүйерлердің атрибуттар мен жанкүйерлер әнұранын ұсынды.
Жоғарыда сол киімдер мен жалаушалар көрсетілген. Ал әнұрандыЕскендір мен Біржан Хасанғалиевтар жазған.
___________________________________________
Арғы жақтан жаңалық
Ресей үкіметі Лондон Олимпиадасына баратын делегацияның алкогольді ішімдік тұтынуына тыйым салды.
Мұндай шешімді Ресейдің Спорт және туризм министрлігі Жазғы не Қысқы Олимпиадада болсын қалталы демеушілердің ресейлік спортшыларды ойын-сауық кештеріне қатысуға мәжбүрлейтіндеріне байланысты жасағанын айтты.
* * *
Біріккен Араб Әмірліктерінің зілтемірші қыздарына Лондон Олимпиадасында хиджабпен қатысуға рұқсат етілді.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) мұсылман қыздардың талап-тілектерін ескеріп осындай шешім шығарды.
БАӘ-нің ауыр атлетика федерациясының президенті шейх Сұлтан бин Минжирин осы мәселеге байланысты мынадай пікірін білдірді. «Бұл Ислам елдері үшін жақсы жаңалық. Әр адамның құқы ескерілген жағдайда халықтар арасында өзара сыйластық қалыптасады. Енді бұдан былай мұсылмандарды діни көзқарасына байланысты алалаушылық болмайды деп сенемін», деді ол.