Сәрсенбі, 13 маусым 2012 7:17
Польша мен Украинада өтіп жатқан Еуропа чемпионатының алғашқы айналымы дүйсенбі күні аяқталды.
Осы күні 1 турдың соңғы ойындары Киев пен Донецк қалаларында D тобындағы Франция мен Англия, Украина мен Швеция құрамаларының арасында өтті. Бұл ойындарда алаң иелері шведтерді 2:1 есебімен жеңсе, алғашқы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Сәрсенбі, 13 маусым 2012 7:17
Польша мен Украинада өтіп жатқан Еуропа чемпионатының алғашқы айналымы дүйсенбі күні аяқталды.
Осы күні 1 турдың соңғы ойындары Киев пен Донецк қалаларында D тобындағы Франция мен Англия, Украина мен Швеция құрамаларының арасында өтті. Бұл ойындарда алаң иелері шведтерді 2:1 есебімен жеңсе, алғашқы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Жалпы, осы құрамаларды бұрыннан бір-бірімен ежелгі қарсылас болып алған командалар дей алмаймыз. Франция мен Англия осыған дейін 30 рет кездессе, Еуро турнирі сияқты жауапты сындарда көп кездесе қоймаған. Сол сияқты Украина мен Швеция құрамалары да осы кезге дейін 3 рет қана кездесу өткізсе, соның біреуінде Украина, екіншісінде шведтер жеңсе, үшінші кездесуде қарсыластар тең есеппен тарқасқан екен. Солай десек те осы елдің құрамалары Еуро-2012 турниріндегі алғашқы кездесулерінде бір-бірін бұрыннан білетін командалар сияқты ойнады. Мұны әуелі, командалардың қарсыластарын жақсы зерттеп, Еуро турнирі сияқты жауапты сындарға тыңғылықты дайындықпен келгендерімен байланыстыруға болады.
Франция-Англия құрамаларының кездесуінде Франция жағынан Франк Рибери, Самир Насри, Карим Бензема, ағылшындардан Джон Терри, Стивен Джерард жақсы ойын өрнегін көрсетті. Франция құрамасын ауыз екі тілмен «үш жолақтылар» деп атайды. Осы «үш жолақтылар» бір рет 1998 жылы әлем чемпионы болса, 1984 және 2000 жылдары екі рет Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған команда. Кезінде Жюст Фонтен, Раймон Копа, Мишель Платини, Зинеддин Зидан, Тьерри Анри, Дидье Дешамп сынды жасыл алаңда жасындай жарқылдаған аяқдоп шеберлерінің жолын қазір Еуро турнирінде Франк Рибери, Карим Бензема, Самир Насрилер жалғастыруда. Бір қызығы, осы үшеуі 2000 жылы Еуропа чемпионы болған Зинеддин Зидан, Николя Анелька сияқты Ислам дінін қабылдаған ойыншылар. Франция құрамасы осы үш «ноянның» көмегімен биылғы чемпионатта жүлделі орындар үшін таласуға бар күшін салуда. Ал Англия құрамасы биылғы бәсекеге Премьер-лигада ойнайтын біраз ойыншыларын әкеле алмады. Мысалы, Франк Лэмпард жарақатына байланысты келе алмаса, «Челсидің» тағы бір ойыншысы Гарри Кэйхилл, «Манчестер юнайтедтің» қорғаушысы Рио Фердинанд, Джек Уилшер жарысқа қатыспайтын болды. Солай десек те, олар да келесі айналымға шығып, кезінде Англияның атын әлемге шығарған Чарльтон, Мур, Шилтон, Линекер, Уоддл сияқты ойыншылардың жолын қайталауға үміттеніп отыр.
D тобындағы Украина мен Швеция құрамалары да келесі кезеңге өтуден үмітті. Златан Ибрагимовичтің соққан добынан кейін 1:0 есебімен жеңіліп жатқан украиналықтардың қарсыластар қақпасына екі бірдей доп соғатынын ешкім ойламаған еді. Бұл Украинаның спорт шежіресінде өз алаңында намысқа тырысып, ең жақсы ойын көрсеткен, мінез көрсеткен ойыны болды.
Кеше кешке А тобындағы кезекті ойындар өтті. Әуелі Грекия мен Чехия құрамалары кездессе, одан кейін Варшаваның Ұлттық стадионының алаңына Польша мен Ресей командалары шықты. Алғашқы ойында 2:1 есебімен чехтар қарсыластарын жеңді. Ал поляктар мен ресейліктер арасындағы кездесу Астана уақытымен кеш біткендіктен, оның нәтижесін келесі жолы хабарлауды жөн көріп отырмыз.
Бұл кездесулердің тартысты өтетіні қазірден белгілі болып отыр. Ресей А тобында 3 ұпаймен бірінші орында тұрса, Польшаның алаң иелері ретінде қалай болса да осы ойында жеңіске жетіп, келесі айналымға шығуға амал-әрекет жасайтыны сөзсіз. Оның үстіне Еуро турнирі басталмай жатып, «Орыстар, алға!» деп ұрандатқан бір топ ресейліктердің Польша ұшақтарының стюардтарын тепкіге алғаны бар. Осы сорақы қылық интернетте жарияланып, бүкіл әлемге тарап кетті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».