• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2012

Ту ұстаушы Нұрмахан – аты аңызға айналған Балуан Шолақтың тікелей ұрпағы

481 рет
көрсетілді

Ту ұстаушы Нұрмахан – аты аңызға айналған Балуан Шолақтың тікелей ұрпағы

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:14

ДҮБІР

Олимпиадаға 43 күн қалды

Балуан Шолақ (шын аты-жөні Нұрмағамбет Бай­мырзаұлы) сонау 1864 жылы Мойынқұмдағы Хан­тауы­ның іргесіндегі Дала­қай­нар ауылында дүниеге келіпті. Бірақ әкесі Бай­мырзаның Көкшетау өңірі­не қоныс аударуына байланысты, бала Нұрмағам­бет Сарыарқаның шұрай­лы аймақтарының бірі –Көкшетауда ержетіп, балуан, ақын, әнші, композитор және желмен жарыс­қан қылқұйрықтың құла­ғын­да ойнайтын әмбебап жігіт болып өседі.

 

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:14

ДҮБІР

Олимпиадаға 43 күн қалды

Балуан Шолақ (шын аты-жөні Нұрмағамбет Бай­мырзаұлы) сонау 1864 жылы Мойынқұмдағы Хан­тауы­ның іргесіндегі Дала­қай­нар ауылында дүниеге келіпті. Бірақ әкесі Бай­мырзаның Көкшетау өңірі­не қоныс аударуына байланысты, бала Нұрмағам­бет Сарыарқаның шұрай­лы аймақтарының бірі –Көкшетауда ержетіп, балуан, ақын, әнші, композитор және желмен жарыс­қан қылқұйрықтың құла­ғын­да ойнайтын әмбебап жігіт болып өседі.

Бүгінде Шу ауданының орталығы Төле би ауылы­ның орталығында Балуан Шолақ атанған Нұрмағам­бет Баймырзаұлының алып ескерткіші тұр. Ол әсем аллеямен көмкерілген әде­мі алаңға орналасқан. Балуан ескерткішінің қасын­да салмағы 1050 килограм болатын, ел-жұрты «Балуан Шолақ осында келгенде көтеріп, қалың қауымды қара күшіне тәнті еткен қара тас» атап кеткен үл­кен тас қойылған. Өйткені, тепсе темір үзетін Нұрма­ғам­бет алғашқы мүше­лінен бастап-ақ қара күш иелерінің атағынан именбей күреске шығып, жиын-той думанына жиналған жұрт­ты жеңісімен желпін­діре бастайды. Сондай-ақ дала мәдениеті мен салт-дәстүріне өзіндік үлесін қосып, еуропалық цирк өнерін қыр қазақ­тарының сәйгүлік үстіндегі сайып­қы­рандығымен жетілдіре түседі. Ал домбыра шер­тіп, ән айтудағы өнері өз алдына бір төбе болған ол 1913 жылы кіндік қаны тамған атаме­кеніне ат басын бұрып, осы сапарында аймағын ән-жырына бөле­ген қазақ бұлбұлдарының бірі Кенен Әзірбаевқа ақ батасын береді.

Айтайық дегеніміз, мі­не, осы атақты Балуан Шо­лақтың тікелей ұрпақ­та­рының бірі, грек-рим күресі­нен әлем чемпиона­тының екі дүркін қола жүл­дегері, Азия ойында­рының жеңімпазы Нұрма­хан Тінәлиев жуырда кін­дік қаны тамған Жамбыл облысына, оның ішінде Шу ауданы жұртшылы­ғы­на тағзым ете келді. Нұр­маханның әкесі марқұм Анарбек те кезінде қазақ­ша күреске түсіп, Шу өңі­ріндегі «түйе балуан» атанған алыптардың бірі болған. Спорттың күрес және бокс сияқты жанкеш­тілікті талап ететін қиын түрлерінің жанкүйері бол­ған Анарбек 2002 жылы, Нұрмахан 14 жасқа тол­ған­да Алматы қаласын­дағы «Дәулет» спорт мек­тебіне беріпті.

Содан бері арада сынаптай сырғып, міне, он жыл да өте шықты. «Дәу­лет» күрес мектебінің кіле­міне белдесуге шық­қан кезде небары 54 кг салмақтағы бала, бүгінде алты алаш ардақтылары үміт артқан алып азамат атанып, ел намысын 120 кг салмақта ең үлкен жарыстарда қорғап жүр. Бір кездері «шіркін, мен де осы балуан сияқты болсам екен» деп армандаған Георгий Цурцумия мен Марат Тұрлыханов жеке бап­кер­лері болып, қасынан табылды. Әсіресе, Марат ағасының қамқорлы­ғы шек­сіз. Жарақатын емдетті, Ресей құрамасымен бірге жаттығуына жағдай жасап, Мәскеудің төрінен пәтер жалдап тұруына көмектесті.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақса­қал сәлем береді» деген. Шу ауданының әкімі Ілияс Тортаев есімі ел аузында жүрген балуан мен оның анасы, аудандағы ұлағатты ұстаздардың бірі Жұмагүл Рәтжан­қызына ата жолымен ізет жасап, құрмет көрсетті. Балуан Шо­лақ атан­ған кешегі ға­сыр­лардағы Нұрма­ғам­бет пен Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері атанған бүгінгі Нұрмахан­ның атажұрты – Далақай­нар ауылы. Осы ауылдың ақсақалы Ж.Балтабаев пен аудандық ардагерлер ұйы­мының төрағасы С.Зәуір­беков Лондон Олимпиадасына төскейде малы, тө­сек­те басы қосылған Алматы облысының атынан аттанғалы отырған оғлан­дарына ақ жол тілеп, «Ме­нікі, сенікі дейтін ештеңе жоқ. Қуаныш ортақ, жеңіс ортақ, жеңімпаз ортақ. Ту­ған еліңе тек қана жеңіс­пен орал, ботам», деп баталарын берді.

– Мен Алматы қала­сын­дағы спорт мектебіне оқуға барған алғаш­қы жыл­дары ауылды сағынып, қайтқым келіп тұратын. Бірақ әке сенімін ақтау үшін және Қажымұ­қан, Ба­луан Шолақ аталарым жа­нына жалау еткен ба­луан­дық өнерде жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ел намысын дүниежүзілік ареналарда қор­ғасам деген арман жігерімді жанып, Алматыда біржола тұрақ­тап қалдым. Мен үшін ендігі үлкен мақсат – ту­ған елім Қазақстан жан­күйерлерінің үмітін ақтап, Лондон Олимпиадасынан жүлдемен оралу, – деген еді ол Шу өңіріндегі кездесу кезінде.

P.S. Қазақ балуаны Нұрмахан Тінәлиев, құ­дай қаласа, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың қо­лы­нан Мемлекеттік туымызды алып, оны 27 шілде мен 12 тамыз ара­лығында Лондонда өте­тін ХХХ жазғы Олимпия ойындарының ашылу сал­­танатында дүние жү­зі­нен жиналған көпшілік алдына ұстап шығатын болады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.