Жұма, 29 маусым 2012 6:50
ДҮБІР
ОЛИМПИАДАҒА 28 КҮН ҚАЛДЫ
Асылы, Американың емес, Алланың айтқаны болады. Әйтсе де, америкалық басылымның сарапшыларына «Аузыңа май, астыңа тай» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Жұма, 29 маусым 2012 6:50
ДҮБІР
ОЛИМПИАДАҒА 28 КҮН ҚАЛДЫ
Асылы, Американың емес, Алланың айтқаны болады. Әйтсе де, америкалық басылымның сарапшыларына «Аузыңа май, астыңа тай» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Жақында атақты америкалық басылым «USA Today» таяуда жазда ағылшын жерінде өткелі отырған Бүкіләлемдік Жазғы Олимпия ойындарында Қазақстан командасы қанша алтын алатынына болжам жасады. Үнемі Олимпиада сынды халықаралық додалар алдында өз пікірлерін білдіріп, болжам жасайтын басылым бұл жолы да қазақ жанкүйерлеріне жұбаныш сыйлайтындай жағымды жаңалығымен бөлісті. Аталмыш басылымның айтуынша, Лондон Олимпиадасынан Қазақстан командасы алты алтынмен қайтатын көрінеді. Мұндайда тек «жақсы сөз – жарым ырыс» деген ескі тәмсілге сүйенеміз. Олимпиада алауы тұтанып қойғалы қашан. Олимп астанасы Грекия төрінен жалындап шыққан алау бүгінде Ұлыбританияның барлық қалаларын жіпке тізіп жүр. Жарыс шілденің 27-сінде шымылдығын түріп, тамыз айының 12-сіне дейін жалғасады. Лондон осымен үшінші мәрте мәртебелі жарысты өткізуші шаһар ретінде өзге қалалардан оқ бойы озық тұр. Естеріңізге сала кетсек, осы уақыт аралығына дейін 1908, 1948 жылдары ағылшын жерінде жаһандық көлемдегі жазғы ойындар өткен болатын.
Биылғы Олимпиадаға тоқталғанда, өткен жетістіктерімізді жіктеп, таңдаулыларымызды тіземіз. Әр додаға аттанар алдында бұрынғыдан биік дәрежеде өнер көрсетуді мақсат етеміз. Мәселен, 2008 жылы Бейжіңде өткен соңғы Жазғы Олимпия ойындарында Қазақстан командасы бас-аяғы 13 медаль еншіледі. Нақтырақ айтсақ, ауыр атлетші Илья Ильин мен былғары қолғап шебері Бақыт Сәрсекбаев алтыннан алқа тағынды. Одан бөлек 4 күміс және 7 қола медальды қоржынға салдық. Осындай нәтижелерден кейін біз жалпыкомандалық бейресми есепте 29-орыннан табылдық. Бұл осының алдында өткен Олимпия ойындарына қарағанда анағұрлым тәуір көрсеткіш болатын. Себебі, біз Афинада өткен Ойындарда 40-орынға тұрақтағанбыз.
Әзірге Қазақстан құрама командасының Олимпиадаға алған жолдамалар саны 109-ға жетті. Дегенмен, қалған 3 лицензиялық турнирлерде спортшыларымыз жолдамалар санын одан сайын арттырады деп үміттенеміз. Өйткені, жолдама саны көбейген сайын, мүмкіндік те жоғарылайды. Негізі, қазақ спортшылары үшін Олимпиада бағдарламасына кіретін барлық спорт түрлерінен жақсы өнер көрсетіп қайтқаны да олжа. Ол қазақ спортының әлемдік рейтингтегі орнын өсіреді.
Жоғарыда «USA Today» басылымының қазақ спортшыларына оң баға бергендігін айттық. Олар кімді меңзеп отыр? Америка басылымы айтқан алты спортшы кім? Сол тізімді қайта алдарыңызға жайып, талдап, таразылап пәтуа беретін америкалық басылымның назарына іліккен Алаштың алты спортшыларына тоқтала кетейік. Олар: ауыр атлетикадағы қос бұрымдымыз Майя Манеза мен Светлана Подобедова, бокстан Серік Сәпиев, дзюдодан Максим Раков пен грек-рим күресінен Алмат Кебісбаев, сондай-ақ үш қарғып секіру жаттығуынан Ольга Рыпакова.
Егер аты аталған алты спортшының барлығы тұғырдан көрініп жатса, алтын алатын қазақ спортшыларының саны алтаудан да артық шығуы мүмкін. Біздің ең олжалы қайтқан Сидней Олимпиадасында 3 алтын еншілегенбіз. Америкалық басылым Қазақстан командасы алты алтын олжалаған күнде бейресми есепте 24-орынға табан тірейді-міс депті. Дәл осы сатыға біз 1996 жылы Атланта төрінде өткен Олимпиадада қол жеткіздік. АҚШ-та жеткен жетістігімізден тек Австралияда өткен Олимпиадада ғана артық шыққан едік.
Ең бастысы, осы жетістікті еселей түсуде. Бұрын-соңды Олимпиада алты алтын алып көрмеген Қазақстан үшін бұл болжам аспандағы айға қол созғанмен бірдей болып тұр. Еуропаның Сербия сынды елдері әлі күнге шейін алтын еншілеп көрмеген екен. Сондықтан алты алтын деуіміз асылық айтқандық емес, алдын ала тілекші сөз десек те болады.
Дегенмен, спорт саласындағы әрбір жарыстың нәтижесін саралап отырған мамандардың бұл сәуегейлігіне тек қолдау білдірген дұрыс секілді. Спортшыларымызға да дәл осындай табысты тілей отырып, оларға жарыс алдына 6 алтын алу деген мақсат қойсақ та артық болмас. Бірақ, «арық айтып, семіз шығатын» бапкерлер мен спорт басшылары мұндай мақсат қойса, спортшылар үшін психологиялық қысым болуы тиіс екендігін де біледі.
Америка өз таңдауын жасады делік. Бірақ, «Аттың сыры иесіне мәлім дегендей», қазақ спортшыларының ішінде қай спортшының алтын алуға қаухары бар екендігін біз де жақсы білеміз. Мәселен, америка басылымы қазақтың ең басты үміті Илья Ильинді есепке алмай отыр. Сол секілді Светлана мен Майяның қатарында Зүльфияны да ұмыт қалдырыпты. Жақында «Спорт экспресс» басылымына сұхбат берген орыстың әйгілі зілтеміршісі Александр Иванов: «Ильиннің Лондонда жеңіске жететініне үлкен күдікпен қараймын. Әрине, мен жеңіске жетемін деп отырғаным жоқ. Бірақ оны жеңетін бір атлеттің шығатынына сенем. Ал өз басым, Ильинді мықты спортшы деп санамаймын. Ол спортшы ретінде өте дөрекі. Техникалық дайындығы да нашар. Есесіне украиналық Артем Ивановтың көтергендері әдемі», – депті. Спортшылар арасында мұндай қызғаныш сезімдердің қылаң беріп тұратыны түсінікті. Әйтпесе, Париж төрінде Александр Иванов пен Артем Ивановтан да Илья үздік шығып еді ғой. Алайда, қазақтың ең үздік зілтеміршісін бағаламау Илья үшін қамшы болып тиюі мүмкін.
Қазақ байрағын сеніп тапсырып отырған Нұрмұхан Тыналиевтен тек алтын күтеміз. Балуанның берген уағдасы да бар. Сол секілді, Бейжіңде әділетсіздіктің құрбаны болған Дархан Баяхметовтің да бос қайтпайтынын жақсы білеміз. Америка басылымы үміт артқан Кебісбаев та кері қимылдамауы керек деп ойлаймыз. Ал, әлемді бағындырған Максим Раков, Асхат Житкеев жете алмаған биікке қол созады. Дәл қазіргі уақыттағы қазақтың ең үздік боксшысы Серік Сәпиев те Лондон – Олимпиададағы ғұмырының соңғы аялдамасы екендігін жақсы біледі. Ал, үш қарғып секіру жаттығуынан өнер көрсететін Ольга Рыпакова алтын еншілеп жатса, Сиднейдегі Ольга Шишигинаның ерлігін қайталар ма еді?!
P.S. Бұл айтқандарымыздың барлығы болжам ғана. Елдің үмітін жақсыға жору. Қалғанын бап пен бақ шешеді.
Жандос БАЙДІЛДА,
журналист.
АЛМАТЫ.