• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2012

Дүбірлі дода: Олимпиадаға 27 күн қалды

591 рет
көрсетілді

Дүбірлі дода: Олимпиадаға 27 күн қалды

Сенбі, 30 маусым 2012 7:30

БАЛУАНДАРЫМЫЗ БАПТЫ, КӨҢІЛІМІЗ КҮПТІ…

Қазақтың аты аңызға айнал­ған балуандарының бірі Аманжол Бұғыбаев: «Осы спортқа 50 жыл өмірімді бердім. Еркін күрес құрамасын 4 Олимпиада ойындарына бастап бардым. Жетісті­гі­міз – 1996 жылғы Атланта Олим­пиа­дасындағы Мәулен Мамыров бауырымыздың қола медалі. Өзге елден келген балуандар арасында алтыннан олжа салғандар бар бол­ғанымен, ол көңілге демеу емес.

Сенбі, 30 маусым 2012 7:30

БАЛУАНДАРЫМЫЗ БАПТЫ, КӨҢІЛІМІЗ КҮПТІ…

Қазақтың аты аңызға айнал­ған балуандарының бірі Аманжол Бұғыбаев: «Осы спортқа 50 жыл өмірімді бердім. Еркін күрес құрамасын 4 Олимпиада ойындарына бастап бардым. Жетісті­гі­міз – 1996 жылғы Атланта Олим­пиа­дасындағы Мәулен Мамыров бауырымыздың қола медалі. Өзге елден келген балуандар арасында алтыннан олжа салғандар бар бол­ғанымен, ол көңілге демеу емес. Бір қазақтың баласы Олимп биігіне шықса, үлкен спорттағы бір арманымыз орындалар еді. Жақсылық, Шәмілдің Мәскеу Олимпиадасындағы қос алтынынан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Бір бауырымыздың жасындай жарқ етіп шығатын уақыты жетті. Сондықтан, Лондоннан күтерім көп», деген.

Сол тарихи оқиғаны бәріміз күтіп жүрміз. Лондонда алтынға таласады деп отырған саңлақта­ры­мыз да бар. Құдай кесірінен сақтасын деңіз.

Мемлекетіміз тәуелсіздік ал­ға­лы бері 4 олимпиадалық ойын­дарға қазақ байрағын көтеріп бар­дық. Осы уақыттар аралығын­да не ұттық, не ұтылдық? Өсу, өркендеу бар ма, әлде кері кеттік пе? Осы төрт Олимпиаданы негіз­ге алып, сараптама жасауға талпынып көрейікші.

1996 жылы Атланта Олимпиадасына еркін күрестен алты, грек-рим күресінен бес балуан апардық. Еркін күрес құрамасын­дағы жалғыз қазағымыз Мәулен Мамыров (52 кг) қола медальды жеңіп алды. Ал Елмади Жаб­ра­йы­лов (85 кг) алтыншы орынмен қорытындылады.

Грек-рим күресі алтынға қол жеткізді. Дәулет Тұрлыханов Қыр­ғыз елінен тай кезінен танып, елге әкелген Юрий Мельниченко (57 кг) Олимп биігіне шықты. 82 килода сынға түскен даңқты Дәу­лет Тұрлыханов қола медальға сынық сүйем жетпей тоқтады.

2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына еркін күрестен алты балуан, грек-римнен бес балуан апардық. Ислам Байрамуков (97 кг) қана фи­налға өтті. Күміске қанағаттанды. Геннадий Лалиев төртінші, Мәу­лен Мамыров алтылыққа кірді. Ал грек-рим балуандарының биі­гі Сергей Матвиенконың (97 кг) алтыншы орында қалды.

2004 жылы Афинада өткен Олимпиадаға 12 балуан апарып, үш медаль алып қайттық. Геннадий Лалиев (74 кг) финалда жұ­мыр жерге даңқы шыққан Бувайсар Сайтиевтан ғана тізгін тартты.

Ал грек-римші Георгий Цурцумия ақтық айқаста, терезесі тең күрестің соңғы секундтарында Ха­сан Бароевқа ұпай беріп қойды. Қолда тұрған алтыннан қапияда айырылып қалдық. Мхитар Манукян (66 кг) қола медаль үшін тартыста мүлт кеткен жоқ.

2008 жылға келейік. Қытай­дың Бейжің Олимпиадасында қа­з­ақ күресі өсу үстінде екендігін танытты. Қыздар күресін қосқан­да 16 балуан апардық. Еркін кү­рес – алты, грек-рим – алты, қыз­дар күресі – 4 балуан.

Еркін күресте Теймураз Тегиев (96 кг) финалда ғана сүрінді. Марид Муталимов (120 кг) үшін­ші орынға шықты. Ал грек-рим­шілер Әсет Мәмбетов (96 кг) пен Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг) қола медальдан салым салды. Еркін күрестегі үшінші қола медальды Елена Шалыгина (63 кг) әперді. Бұл қызда мінез, жауынгерлік рух дегеніңіз жетеді. Алғашқы жек­пе-жегінде ресейлік О.Карташевадан ұтылған Елена басқа кезде­сулерінде көңілде титтей күмән қалдырмай тамаша жеңген.

Бүгінге дейінгі жағдайымыз осы. Екі күрестен 15 балуан апара жатырмыз. Бұл жағынан өткен Олимпиададағы жолдамалардан ұтылған жоқпыз. Жаңалық та бар. Атлантада еркін күресте Мәу­лен Мамыровтан басқа қазақ болмаса, бүгінгі құрамада екеуі­нен басқасы – өз қандастарымыз. Грек-римдік Алмат Кебісбаевты әлемдік сарапшылар алтынға та­ла­сатындардың санатынан кө­ре­ді. Оған Лондонда қазақ бай­ра­ғын көтеріп шығатын Балуан Шо­лақтың немересі Нұрмахан Тінәлиевті қосыңыз. Еркін күрес балуандары да жүлдесіз қайтпай­мыз деседі. Бұрынғы Олимпиа­да­лық ойындарға қарағанда, өсу үстіндеміз. Бұл көңілдегі көрікті ой. Төреші – Лондон.

АЛМАТЫ.

__________________________________

ДЫЧКО ӘНҰРАНДЫ КЕРЕМЕТ АЙТАДЫ

Ал Шәпиевке ойлану керек

Штаттағы ұлттық командалар дирек­ция­­сының баспасөз хатшысы Ардақ То­ғы­мовпен тау баурайындағы оқу-жаттығу жиы­нының соңғы күндерін өткізіп жатқан еркін күрес және бокс құрамаларына бар­­дық. Ардақтың көздеген мақсаты – спорт­шыларымыздың Әнұранды қалай орындайтынын байқау, дұрысы – тексеру. Ди­рек­цияның мұнысы түсінікті. Өйткені, ха­лық­аралық жарыстарды былай қойған­да, елішілік жарыстарда да Қазақ мем­леке­ті­нің Әнұранын орындауда жаңсақ­тық­қа жол бе­рілген, қазақ байрағымен күл-қоқыс та­­­сыл­ған телесюжет те есте. Бұл – мемлекеттік рәмізді қорлау ғана емес, өзіңді де сыйлай алмайтындығыңның үлгі­сі, үлкен жауап­сыз­­­­­дық. Отаның – Қазақ­стан, арқа сүйерің Қазақ елі болғаннан кейін мемлекеттік атрибуттарды көздің қарашығындай сақ­­­­тап, ұлы махаббатпен сүюің керек. Бұл – мін­деттеу, күштеу емес, абзал борышың.

Әуелі «Тау самалы» демалыс үйіндегі еркін күрес балуандарына бардық. Көңіл-күйлері жаман емес. Бұрын Қап тауының жігіттеріне негізделетін құрама орнын өз жігіттеріміз басқан. Әнұранды айтты. Бі­ле­ді екен. Ал Абдулхаким Шәпиев білмей­ді. Ол Олимпиадаға қатысуға мүмкіндікті Қазақстаннан іздесе, онда осы мемле­­­кет­тің рәміздерін аялауы қажет. Бейжің Олим­пиадасының күміс жүлдегері Тимураз Тегиев оқу-жаттығу жиынын өзінің Осетиясында өткізіп жатыр. Лондонда құ­­­рамаға қосылады. Осы жігітте бұла күш­­пен қоса тентектік де жетеді. Бейжің­­де гру­­зин балуанының қабағын жарып жі­берді, Гуанчжоуда иран балуанын баспен кеудеден соқты. Өзінде жетпегенін көкі­­­рек­ке салатын бұл жігіттің де Әнұра­ны­мызды білетініне күдігіміз бар. Өйткені, Бейжіңде финалдан соң иығына Мүсілім Оңдағанов құстай ұшып барып жапқан қа­­зақ байрағын кейін серпіп тастап, кө­­­ңі­лі­мізді суық тарттырған. Қазақ­­стан­­­ның әр­кім кірем десе есігі ашық қора еместігін ол түсінуі керек. Түсінбесе қатал түсіндірілсін.

Ал біздің боксшыларымыз шетінен алтын ғой. Қазақ спорты Олимпиада бағдар­ламасында сырттан спортшы қажетсін­бе­се, ол – бокс. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов айтқандай, құрамадағы бірінші боксшыларды кез келген жағдайда ауыстыра алатын екінші, үшінші құрам бар. Ол үшін Қазақ­стан бокс федерациясының прези­ден­ті Тимур Құлыбаев бастаған азаматта­рымызға халық атынан мың алғыс! Осы жігіттер Әнұранды жай айтқан жоқ, жүрегімен айтты. Кіл қазақтың ортасында өзіміздің орыс Иван Дычко бар. Құдайдың құдіреті, осы Иван Әнұранды жеке айтқанда бір мүдірген жоқ. Сөзін де, әнін де бұзбады.

Менің елім, менің елім

Туған жерім менің – Қазақстаным! – деп шырқағанда күндей күркірейді.

Еркін күрестегі құрамамыздың бас бапкері Алтай Танабаев бізге: «Боксшыларды жақсы көресіңдер, бізді елей бермейсіңдер», деп базына айтқан. Құдай-ау, боксшыларды қайдан жақсы көрмейсің. Әрқайсысынан қазақ ауылының жусан иісі бұрқырап тұр ғой. Бәрі бір үйдің баласындай тату. Бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін. Салмақ қуам деп жанығып жүрген ешкім жоқ. Қайта Әділбек Ниязымбетов салма­ғын толтыра алмай жүр. Бәрі жараулы аттай бәйгеге дайын.

Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер жаттығуда қатал, демалыс сағат­та­рын­­да қамқор аға. Капитан Серік Сәпиев­тің жейдесінен саулаған тер балағынан тамшылайды. Құрамадағы ең жас боксшы, әлем­дік жарыстарда әлі бастықпаған Ілияс Сү­лейменов түйдектете ұрғанда бапкер­лері­нің қолындағы лапаның ортасын тесіп жібере жаздайды. Қарсыластары жай оғын­дай жыл­дам, бұлт етіп күтпеген жеріңнен шыға келетін әбжілдігіне орай «Шайтан» деп ла­қап ат қойған Ғани Жайлауов қандай керім.

Сүмектеген термен жаттығу жасап жү­ріп, ара-арасындағы демалыста сұхбат бе­­ріп қояды. Әзілқой. Мырзғали Айтжан­ов­қа: «Аға-ау, интервью беруге әмбебап бо­лып алдық. Таңертең ұйқыдан тұрғанда газет тілшісін шақыр, камера әкел, әйтпесе жат­­­тығуды бастамаймын дейтін шығар­­­­мыз», деп күледі, Мырзағалидың да жауабы дайын.

– Лондоннан олжалы орал. Сосын мен сені интервью беруден әртіс қылып жібе­ремін, – дейді күліп.

Әрқайсының өз жаттықтырушысы бар. Әр жаттығу өткен сайын тамыр соғыс­­­тарын тыңдайды. Боксшы зорығып кетпеуі керек. Тауға өрмелеу, тас лақтыру, футбол ойнау, мәдени демалыс… Жаттығу осылай жалғасып жатыр.

…Туған Қазақстанының намысы үшін осы жігіттердің ешқайсының аянары жоқ.

АЛМАТЫ.

Суретте: Иван Дычко.

______________________________

ҚАЗАҚ БАЙРАҒЫ ЖЕЛБІРЕП БАРЫП, ЖЕЛКІЛДЕП ҚАЙТСЫН

Спорт ардагерлері осындай ақтілеу айтты

Қарағай, шыршалары тік шан­­шылған асқақ Алатаудың қола­тындағы жұмақ жерге орна­лас­қан “Ақбұлақ” спорт-сауықтыру кешеніне ағаларымыздың бастауымен тағы келдік. Ол – Мү­сі­лім Дайырбеков. Қазақстан бокс ардагерлері ұйымының төраға­сы, меценат. Біздің білгеніміз­дей, Мүсілім аға байлығы асып-төгіліп жатқан жан емес. Тап­қан-таянғанын тақымының ас­ты­на басып, тақыстанып отыр­ған көп шал-шауқанға және сорпасы қосылмайды. Елдің үмітін арқалап бара жатқан шойын жұдырық батырларымызға ақтілеу айтып, бапкер, массажшы, дәрігеріне дейін бас-басына ақшалай сыйлық бермекші.

Екіншісі – Серік Әбденә­ли­ев. Қазақстан тәуелсіздігін ал­ғанда ұлт боксының бас бапкері болған, кейін өзінің ұйғары­мы­мен даңқты боксшы Әбдісалан Нұрмахановқа өткізген, табаны күректей 16 жыл қазақ боксы­ның мемлекеттік жаттықтыру­шысы болған жақсы ағамды кейінгі жылдары жоғалтып алып жүргем. Ақтау асып кетіпті.

Серік Әбденәлиев – Қазақ­станға бокс қолғабын арқалап келген Шоқыр Бөлтекұлының қол астында тәлім алған, ең алғашқы спорт шебері. Төрт әлем чемпионатында төреші, Сид­нейде әлемдегі үздік 50 тө­решінің қатарына кірген, Бекзат, Болат, Ермахан мен Мұқ­тар­хан­дар Сидней шаршы алаңының төрт бұрышында сүркіл салған­да қазақ батырларының жеңісі ұрланбауына еңбек сіңірген аза­матыңыздың бірі осы. Серік Әбденәлиевтен бокс әліпбиін үйреніп, қалалық талай жарыс­тарда топ жарған, ұлтжанды азаматтарымыздың бірі Қырым­бек Көшербаев Маңғыстау об­лы­сының әкімі болып тұрғанда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт ізбасарларын дайындайтын мектеп ашып, басшылыққа ұстазын шақырған екен. Лондонда анық медаль күтіп отыр­ған үш боксшымыз болса, со­ның бірі – Әділбек Ниязымбетов. Бакуде өткен әлем чем­пио­на­ты­ның финалисі Шоқыр Бөл­тек­­ұлы атындағы спорт мекте­бінің түлегі.

Үшінші ағамыз “Ақбұлақ­тан” қосылды. Мәдихан Сауданбеков 12 жыл Алматы облысы бокс федерациясының прези­ден­ті болған спорт ардагері. Кейінгі кезде денсаулығына байланысты басшылықты өткізіп, өзі вице-президенті қызметінде қалған. “Мәдихан” атты шаруа қожалығы бар. “Ақбұлақтың” етегінде алма бауы, көкөніс жері өнімге малынып тұр. Жыл­қы­сын сойып, бау-бақша өнімдерін көтеріп, қымыз-қымыранын ар­қа­лап жүретін ағамызды бүгін­гінің Атымтай Жомарты десең жарасады. Спорт кешенінің мейрамханасында Қазақстан бокс құрамасы, оларға дайындалуға көмектесуге келген екінші құ­рама, аға буынмен бірге жатты­ғу жасап жүрген жасөспірімдер құ­рамасы және қос құраманың бап­керлері қатысуымен ас бері­ліп, құран оқылды. Бата жасалды.

– Мен дүние жүзінің көпте­ген мемлекеттерінде болдым, – деді Мүсілім Дайырбеков. – Өзге батырларымен қоса спорт­тағы жампоздарына ескерткіш қойғандарын көрдім. Біздің бү­гінгі батырларымыз сендерсің­дер. Ешқайсыңды бөлектей алмаймыз. Мемлекеттің атын дү­ние жүзіне мәшһүр етуге, елдің мерейін асқақтатуға әрқайсың-ақ лайықтысыңдар. Жүйкелерің темірдей мықты болсын, қар­сыластарыңның атақ-даңқынан сескенбеңдер. Қазір әлем қазақ боксымен санасады. Қорықса, сендерден қорықсын. Олимпиа­дадағы әрбір жекпе-жектеріңді фи­налдық жекпе-жек деп ұғыңдар.

– Ваня, сен айтшы. Ешкім­нен қорықпаймын. Мемлекетім­нің жеңісі үшін кез келген қар­сыласымды ұрып жығамын деп айтшы?

– Ұрамын! – деп күндей күр­кірейді Иван Дычко.

Біздің ең ауыр салмақтағы бокс­шымыз, Қытайдың бетке ұс­та­ған бас боксшысы, Бейжің Олим­пиа­дасының күміс жүлде­гері Жан Желейді жолдама үшін жолынан сырып тастаған біздің осы Иван.

Серік Әбденәлив те аталы сөздер айтты.

– Біздің заманымызда бокс­шы­ларда дәл сендердегідей жағ­дай болған жоқ. Оқу-жаттығу жиындарында бір бөлмеде 6-10 боксшы жатқан күндер болды. Ал, сендерге Үкімет үлкен көңіл бөліп отыр. Қазақстан бокс федерациясы бар жағдайды туғы­зу­да. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан боксы бір Олимпиададан алтынсыз қайтқан жоқ. Қатарларыңда сырттан шақы­рыл­ған боксшы және жоқ, бәрі өзіміздің түлектер. Сендер­дің де алтынмен оралатында­ры­ңа сен­гім келеді. Соңына дейін айқас салу керек. Төрешілер шабуыл жасаушыға артықшылық береді. Сиднейде Ермахан үшін­ші раундта екі ұпайға ұтылып жатты. Соңғы раундтың бітуіне 30 секунд қалғанда алапат айқас салды. Қашқақтаған Марин Симонның екі аяғын бір етікке тығып, толассыз ауыр соққылар­дың астына алды. Қолынан шы­ғып бара жатқан жеңісті осылайша жұлып алды.

Осындай ағаларыңның өне­гесі сендерге сабақ болсын деп айтып отырмын. Бапкерлерің айқас кезінде бәрін көріп отырады. Кеңесін орындауға тыры­сың­дар. Жеңіспен оралыңдар­шы, бауырларым.

Ал Мәдихан аға бата берді. Біз де білге­ні­міз­ді айттық. Мемлекет тарапынан Лондонға үш журналист, бір фотокорреспондент кетіп бара жатса, соның бірі – ел газеті “Еге­меннің” тіл­шісі. Құс қанатымен жететін хабарымыздың сүйін­ші­сі көп болғай деп тіледік.

Қазақстан бокс құрамасының капитаны, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев әдеттегі ор­­­ысша жорғалатқанын қойып, өз ана тілінде сөйледі. Біздің Серік қанық сөйлейді екен. “Мойн­ы­мыз­­дағы жауапкершілік жүгін қатты сезінеміз. Ел артқан үмітті ақтау­ға барымызды саламыз”, де­ді нар­кескендей қыл­пып, ұлы ай­қас­қа дайын тұрған аламанымыз.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов құрама атынан ақсақал­дар­ға рахмет айтты.

– Мәселе бер­ген және алған­да емес. Ең бастысы – көңіл. Біз жігіттері­міздің иығында кәтепті қара нар көтерердей жүк арт­тық. Үкімет көмектесіп жатыр. Федерация жағдайларын жасайды деп сырт­тай берсек, мемлекет намысын қорғауға бара жат­қан батырлар жан жылуын, ел­дің махаббатын, аялы алақан­ның ыс­тық табын қайдан алады?.. Мі­не, жі­гіт­тер! Көпті көр­ген ағала­рымыз жөнімен келді. Құран оқылды. Бата берілді. Ақжарыл­қап тілек­терін айтты. Елдің аманатын жет­кізді. Рахмет айтайық.

Боксшыларымыз да арқала­нып қалды. Дүниежүзінің шо­йын жұдырық жігіттеріне қарсы тұ­руға әрқашан дайын екендік­терін айтты. «Қазақ! Қазақ­­стан!» деп ұран тастаса, жүрегі мыңнан тайсалмайтын Алаш асылдарының байламы осы. Аға­лар тілегі қабыл болғай.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.