Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:22
Қостанай қаласында жазғы кезеңде 18 аула клубы жұмыс істейді, оларда түрлі 46 үйірме ұйымдастырылған. Соның ішінде жұмысы мемлекеттік тілде жүргізілетін үйірмелер, спорт жөніндегі тәжірибелі нұсқаушылар жүргізетін 75 спорттық секция бар. Жаз басталғалы бүгінге дейін облыста 10 мыңнан астам бала спорттық іс-шараларға, туристік сапарларға тартылды.
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:22
Қостанай қаласында жазғы кезеңде 18 аула клубы жұмыс істейді, оларда түрлі 46 үйірме ұйымдастырылған. Соның ішінде жұмысы мемлекеттік тілде жүргізілетін үйірмелер, спорт жөніндегі тәжірибелі нұсқаушылар жүргізетін 75 спорттық секция бар. Жаз басталғалы бүгінге дейін облыста 10 мыңнан астам бала спорттық іс-шараларға, туристік сапарларға тартылды. Туристер слеттері өтті. Қалада өсіп жатқан балалар үшін жаз айларында таза ауада жүрудің, серуендеудің маңызы өте үлкен екенін айтып жатудың өзі артық болар. «Саяхат» аула клубының жұмысы туған өлкенің қызықты жерлеріне экскурсия жасауға бағытталған. Оның мүшелері жаз айларында табиғат аясына шығады, палаталық лагерь ұйымдастырады. Биыл да ол осы жұмысын белсенді жүргізіп отыр. Далада палата тігіп, костер жағып, таза ауада тамақ пісіру, түрлі кедергілерден өтуге талпыну қалада ақсаусақ болып өсіп жатқан ұлдар мен қыздарды өмірге икемділікке де үйретеді.
«Әскер» әскери-патриоттық аула клубы 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда 13-18 жастағы алпыстан астам жасөспірімдер мен қыздар бос уақытын өткізеді. Жаз қызығын пайдалы іспен ұштастыру басты мақсатқа айналған. Олар ойынмен жүріп өрт сөндіру ісіне дайындалады, әскери-тактикалық және арнайы дайындықты зерделейді. Спорттың бірнеше түрінен секциялар жұмыс істейді. Сонымен қоса, балалар әскери топография ісін және қысылшаң жағдайда қалай тығырықтан шыға білу керектігін де аула клубтарының саяхатында үйренеді. Мұндай саяхаттардың балаларды адамгершілікке, достыққа тәрбиелеуде де маңызы зор.Қай кезде де түрлі жарыстар демалыстың қызығын арттыра түседі. Аула клубтары да өз жұмысымен тұйықталмай, жаз бойына республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып тұрады. Мысалы, «Әскер» клубының түрлі жарыстардан алған кубоктары мен медальдерінің саны қырықтан асады! Ол көрші Ресейдің Магнитогор, Челябі қалаларындағы аула клубтарымен тығыз байланыс орнатқан. Жақында әскерліктер спорттың жұдырықтасу түрі бойынша облыстық фестивальде екінші орынды, ал «Алау» әскери-патриоттық ойындарында үшінші орынды иеленді. «Әскер» аула клубында қол күресінің облысқа, одан қалды республикаға танымал Бауыржан Темірханов, Еркебұлан Әбішев, Темірлан Мұңайтпасов, Владислав Малык, Максим Унрау сияқты майталмандары тәрбиеленіп шықты.«Тайпалар слеті», «Болашақ сарбаз» әскери-патриоттық ойындары балаларды нағыз ептілікке тәрбиелейді. Оның қызығы да бір төбе. Үндістердің киімін киіп алған балалар нағыз тапқырлық пен ептілікті көрсету үшін таласады. Ал әскери-патриоттық ойындарда автомат жинау, граната лақтыру, қауіпті жерлерді минадан тазарту сияқты түрлі сыннан өтеді. Аула клубтары үшін жаз қызығы оқу басталғанға дейін таусылмайды. Тамыз айында «Жеңіске қарай алға!» атты спартакиада аула клубтарының басын қосады.Епті, күшті, шыныққан, ержүрек жас өз Отанының патриоты да бола алады. Өйткені, ол қандай қиындыққа да қарсы тұра алады. Өзіне сенімді адамның көзқарасы, пікірі де тұрақты. Ол өзге жастарға да жақсы үлгі болады. Осындай жастардың қатары толысып жатса, аула клубтарының да мақсатқа жеткені деп білеміз.Владимир РУСОВ, «Әскер» аула клубының жетекшісі.
Қостанай.