Мәжіліс үйіне Интеллектуалдық меншік құқығы бүкіләлемдік ұйымының (Швейцария Конфедерациясы) делегациясы келді. Делегация құрамында Еуропа және Азия елдерімен әріптестік бойынша департамент директоры Михэл Свантнер (Словакия азаматы) және интеллектуалдық меншік құқығы бойынша еуропалық тәуелсіз сарапшы Рональд Джон Марчант (Ұлыбритания азаматы) бар.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова, осы салалық комитеттің мүшелері Жақып Асанов, Ирак Елекеев, Николай Турецкий және Серік Темірболатов меймандармен жүздесіп, өзара пікір алмасты. Айта кету керек, Интеллектуалдық меншік құқығының бүкіләлемдік ұйымы (ИМҚБҰ) Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы арнайы құрылым. ИМҚБҰ 1967 жылы құрылған. Оның қызметі интеллектуалдық меншік құқығының халықаралық жүйесін дамытуға және оған қолжетімді жасауға бағытталған. ИМҚБҰ-ның штаб-пәтері Женева қаласында орналасқан.
Светлана Бычкова Қазақстанда интеллектуалдық меншік құқығының қорғалуы, қабылданған заңдар туралы түсінік беріп өтті. “Биыл аталған салаға қатысты бірқатар қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізілетіні жоспарланып отыр. Соның ішінде тауар белгілеріне қатысты және патент заңнамаларына толықтырулар қарастырылған.
Меймандар Қазақстанның интеллектуалдық меншік құқығын қорғауға бағытталған көптеген конвенцияларды бекіткенін және осы саладағы бірқатар заңдарды қабылдағанын жақсы білетіндерін айта келіп, алдағы уақытта да заңдарды жетілдіру жолында оң ізденістер тіледі.
Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.