Оның себебі неде?
Қызылағаш ауылындағы орын алған жағдайды жазу тұрмақ, айтуға ауыз бармайды. Айдың күннің аманында бір елді мекенді су шайып, дүние-мүлік, мал-жанмен бірге тұрғындар жақын-туысы мен баласынан, әйелінен айрылып, ет-жүрегі езілуде.
Бақытсыздық әкелген ауылдың шығысындағы биікке орналасқан “Шынар” ЖШС меншігіндегі 42 млн. текше метр су сақтайтын қойманың арнасынан асып, алапат тасқыннан бетон плиталар мен диаметрі 1,5 метр, ұзындығы 10 метрлік тас құбырлар жолындағы тұрғын үй, ағаш, тіпті автомәшинеге дейін ағызып, жермен жексен еткен. Дүлей күштің қаншалықты екендігін жол жиегіндегі тұрғын үйлердің орны лай мен қоқысқа айналғанынан анық аңғарылады.
Жұма күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қызылағашта болып, жағдайды көріп, нақты тапсырма беріп, содан кейін тұрғындар уақытша орналасқан жатақханалардағы жай-күйлерімен танысты. Нақты көмектің көрсетілетінін
жеткізді. Міне, содан бері Қызылағашта, Талдықорған қаласында зардап шеккендерді тіркеу, ақшалай көмек, уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табуда.
Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, облыс әкімі Серік Үмбетов, тағы басқа сала қызметкерлері су тасқынының зардаптарын жою, халыққа әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетуді жалғастыруда. Осы кезге дейін ресми деректер бойынша селден көз жұмған 37 адамның мәйіті табылды. Жапа шеккендердің отбасылары жақындарына министр мен облыс әкімі көңіл айтып, оларды жерлеу рәсімдеріне қатысты. Сонымен бірге жерлеу рәсімдеріне байланысты материалдық жағдайды облыс әкімдігі көтерді.
Апаттан із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру жұмыстары әлі де жалғастырылса, министр В.Божко баспанасыз қалғандарға Қызылағашта жаңадан үй салынатынын жеткізді.
Бұл өңірдегі халықты дүрліктірген алғашқы тасқын емес. Бұған дейін Күрті су қоймасындағы сел қаупінің алдын алу мәселесі тиянақты әрі дер кезінде көтерілгендіктен 6000 халық қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, бірнеше күнге созылған құтқару жұмыстары жүргізілген болатын. Бөгеттегі қабаты қалың мұзды кесіп, техника күшімен шығарылып, күн-түн демей жалғасқан жұмыс нәтиже берген еді. Су қақпасы арқылы жиналған су ағызылып, деңгейі қалпына келтірілген-ді. Осыдан кейін іле-шала облыс әкімдігінде су тасқынының алдын алуға байланысты мәселе арнайы қаралып, онда Күрті су қоймасындағы жағдайдың қайталанбауын қадағалау, өңірдегі жүзден астам су бөгеттерінің бүгінгі жайын тексеру, меншігіне қарамастан кезекшілік ұйымдастыру, бақылау тапсырылған еді. Сол мәжілісте Қызылағаштағы бөгеттің апатты жағдайы да көтерілген болатын.
Айтып ауыз жаппастан алапат су тасқыны тұрғындарды дүрліктіріп, адам өлімі мен халықтың баспанасыз қалуына әкеліп соқты. Тоспа су арқылы пайда табам деген теріс пиғыл жүздеген отбасын ойран етті. Құрылысы 1969 жылы салынған бөгетке содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Оның үстіне өткен аптадағы 3 күн бойы толассыз жауған нөсерден кейін де су деңгейін бақылау ұмыт қалдырылған. Осы сәтте облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген қорытындыда да “су қоймасы топырақ үйіндісімен” салынғаны атап көрсетіліпті. Демек, оның қауіптілігі белгілі болған.
“От пен су тілсіз жау” деген сөздің астарында сақтық шаралары қажеттігі ескертілген. Төтенше жағдай жөніндегі облыстық департамент, селден құтқару саласында қаншама жауапты қызметкерлер бюджеттен қаржыландырылып, осындай апатты аймақтағы жұмысты тексеру мен алдын алу шаралары міндеттелген. Егер олар өз міндеттеріне сергек қарап, тоспа, бөгеттердегі су деңгейін бақылауға алса, дер кезінде сыннан қорытынды шығарса, Қызылағашта қайғылы оқиға орын алмас еді деген ой еріксіз мазалайды.
Дерекке сүйенсек, аталған елді мекендегі 465 отбасында шамамен 2240 тұрғын мекендеген. Тасқыннан халық мезгілсіз ажал құшса, там-тұмдап жылдар бойы жинаған мал-мүлкі суға кеткендер жүздеп саналады. Зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, оқиға болған жерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы Қызылағаштағы тасқыннан жапа шегіп, адам өліміне әкеп соққан апат туралы жедел көңіл айту жолдап, оның себебі мен салдарын жою және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету мақсатында үкіметтік комиссия құрылғанын халық жылы қабылдап, өздерін жұбатуда.
Апат аймағында шатырлар тігіліп, құтқарушылар зардапты жою шараларын қолға алған. Облыс әкімінен бастап, орынбасарлары, денсаулық сақтау, жол-көлік, құқық қорғау, тағы басқа басқармалар жұмылдырылып, халықтың қасынан табылып, қайғы-мұңдарын жеңілдетуде.
Өзіміз де көше-көшені аралап, талай жайға қанықтық. Әрине, көше деп айту артық. Кей жерде үй орнында үйінді, лай-балшық қалса, қабырғасы құлап, төбесі ортасына түскені қаншама. Жолдың оң қапталындағы дөңестегі 4-5 үй аман.
Өзін Мәден Әубәкір деп таныстырған жігіт атамекеніне көршілес Қытайдан оралған екен.
– Аллаға шүкір, әйтеуір отбасым аман. Соңғы күндері жұрт бөгеттің апатты жағдайда екенін бір-біріне айтып, ауыл дүрлікті. Бірақ, жергілікті атқарушы билік “Мұндай қауесетті кім таратып жүр. Жағдай жақсы, алаңдауға негіз жоқ”, деп тыныштандырды. Сонда да тоспаның су жіберетін қақпасы тесілген, арнасынан асып, апатты жағдайда екенінен хабарланғандар буынып-түйініп, жақын ауылдардағы ағайын-туыстарын жағалап, кете бастады. Біз де қамсыз қалмадық. Бас аман. Бірақ, елушақты ұсақ малым мен екі сиырым бар еді, бәрі суға кетті, – деді. Мәденнің жанындағы Тоқтархан Ілияс баспанасыз қалғанымен, олардың да бала-шағасы аман. Алайда су қоймасының апатты жағдайды біле тұра жауырды жаба тоқығандарға деген өкпелері қара қазандай.
Өзін мал дәрігері Төрехан Қожағапанұлы деп таныстырған азаматтың түтіккен, қайғыдан қамыққан жүзі қабырға қайыстырды.
– Түнгі сағат 12-лер шамасында тасқын аяқ астынан ауылды басып қалды. Бәрі көзді ашып-жұмғанша өтіп, тасқын судың биіктігі 2,5-3 метрдей болды-ау деймін. Үйім осы, тұруға жарамайды. Балам мен өзім аман қалдық. Есімізді жиғаннан кейін туыс-туғандарымның көмегімен үйден лай ішіндегі әйелімнің, қызым мен немеремнің мәйітін қазып алдық. Не айтайын, менің жағдайымды түсінесіңдер ғой. Бөгеттің деңгейін көріп, бақылап, судың артығын ағызып тұрса, мұндай апатқа, қайғыға ұшырамас едік. Оның үстіне мемлекеттік мәні бар бөгеттің жеке адамға беріліп, жекешелендірілгені де жөнсіз, – дейді.
Кіммен пікірлессең де “Шынар” серіктестігіне қарасты су қоймасының апатты жағдайын біле тұра жауапсыздық танытқандарға, алдын алу шараларын жүргізбегендерге деген ашу-ызасын алға тартады. Осы сөзімізді облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген анықтама да нақтылайды. Онда Ақсу ауданындағы аталған саланың басшысы майор К.Байұзақовқа күннің күрт жылынуы мен ылғалдың мол түсуіне байланысты бөгеттегі су мөлшері апатты екендігі ескертіліпті. Сонда аталған саланың басшылары соншама немқұрайдылыққа, көзжұмбайлыққа барғаны ғой. Бұдан басқа шешімге келе алмайсыз. Бір-біріне сілтеумен, анықтама жазумен шектелген жұмыстың аяғы осы.
“Ақ жүргенге жала жоқ, айтқан жерде бәле жоқ”, деген сөз еске түсті. Таудағы жылғамен 1,6 шақырым жылдамдықпен ауылға әп-сәтте жеткен сел тасқыны, қалай екені белгісіз, жолындағы бейіттерді айналып өтіпті. Қабірлер зардап шекпеген. Ауылдағы имандылықтың отауы – Алланың үйі де дін аман. Мектептің бірінші қабаты болмаса, қалған құрылысы қалпында. Керісінше, ұзындығы біршама жақтаулары темір бетонмен мықтап бекітілген көпірдің қабырғаларын су ағызып, тұғырын да қалдырмапты. Осы күні тасқыннан ауылдың аяғындағы Егінсу, Көлтабан, Алажиде елді мекендерінде адам шығыны болмағанымен, тұрғын үйлер зақымданған. Халық қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, оларға да жағдай жасалуда.
Жойқын тасқын осылайша бірнеше ауылды жайпап өтіп, халықтың есінде көпке дейін сақталатын алапатымен есте қалды. Қызылағаштағы баспанасыз қалғандар мен бауыр еті баласы мен жарынан, әкесінен, анасынан айрылғандардың жан жарасын емдеу мүмкін емес. Десек те, қылмыстық іс қозғалумен қатар мемлекеттік комиссия апат салдарын анықтап, өзгелерге сабақ болатындай шешім қабылдайтынына жұрт сенімді. Тас түскен жеріне ауырлық әкелсе, облыста дүйсенбі қайғылы күн ретінде жарияланып, Жетісу жұртшылығы жерлестеріне қолұшын беруге дайын екенін білдіруде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қызылағаштықтар баспанамен және қажетті жағдайлармен қамтылатыны комиссия отырысында жан-жақты айтылып, халыққа түсіндірілуде. Жексенбі күні тасқыннан аман қалған үйлерге жарық беріліп, кейбір отбасылары қоныстарына қайтты. Әлі де апат болған жердегі іздестіру, қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылуда. Дүйсенбіде Алматы-Өскемен күре жолындағы бұзылған көпірдің маңайындағы айналма жол іске қосылып, жолаушы қатынасы қалпына келді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.