• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2019

«Алматы марафонына» әлемнің 53 елінен 17 мың спортшы қатысты

515 рет
көрсетілді

Биыл «Алматы марафоны» өзге елдерден келген қатысушылардың саны бойынша рекорд орнатты. Шараға Ресей, Өзбекстан, Қытай, Канада, Швеция мен Кения елдерінен келген спортшылар қатысты.

Дәстүрге сай бірінші болып балалар қашықтығының қатысушылары жүгірді. Сағат 7:30-да 10-14 жастағы 1000-ға жуық жас атлет ең жүйрік атағына таласты. Ұлдар арасынан Доминик Боловинцев, ал қыздар арасынан Рима Гранкина жеңімпаз атанды.

Сағат 8:10-да Республика алаңында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен «Алматы марафонының» негізін қалаушы және Ғалымжан Есенов марафон (42 км) және жартылай марафон (21 км), сонымен бірге командалық Экиден эстафетасын ашты. Мұндай командалардың саны биыл 113-ке жетті, бұл да бір рекорд болып отыр.

Спортшылардың саны ең көп 10 км қашықтық жарысына қатысушылар 8.25-те жүгіре бастап, оларға скандинавиялық жүріс әуесқойлары ілесті.

Негізгі (42 км) қашықтыққа Ташкент қаласынан келген Зикрилло Маматкулов 2:28:34 нәтижесімен абсолютті жеңімпаз атанды. Ал, қыздар арасынан _Мәскеу қаласынан келген Александра Каланова ең үздік нәтиже көрсетті (2:42:44). Биыл жалпы жүлде қоры 2 940 000 теңге құрап, оны 42 және 21 км қашықтықтарға жүгірген ерлер мен әйелдер арасынан көшбасшылар үштігі бөліп алды.

«Биыл біз сегізінші «Алматы марафонын» өткіздік. Жыл сайын әуесқойлардың саны артып, әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар Алматыға әдейі осы шара үшін келіп жатыр. Бұл жолы сөреге шыққандардың саны былтырға қарағанда 3 мың адамға артық болды. Шара нағыз спорттық мерекеге айнала бастады. Жол қашықтығында жүгірушілерді жанкүйерлер қолдап, ал біз қатысушыларды сергіту үшін музыкалық пункттерді аштық, оларда барабаншылар, сырнайшылар, оркестр, тіптен футбол жанкүйерлері өнер көрсетті.  Led-экрандарда жанкүйерлердің қолдау сөздері жазылған бейнероликтер мен фотосуреттер көрсетілді. Жыл сайын қалада марафонның ауқымы артып келеді», -деді «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.

«Алматы марафоны» бірінші жылдан бастап алдына қайырымдылық мақсаттарын қойып келеді. Биыл сөрелік жарнадан түскен қаражаттың бір бөлігі балаларға арналған үш мекемеде спорттық алаңдарды тұрғызуға жұмсалмақ.