• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Сәуір, 2019

Атамыз атқа мінбеген бе?..

1294 рет
көрсетілді

Ауылдан інім келген. Жыл­қышы. Жиырма жылдан бері шоқ жұлдыздай шағын ауылдың алты үйір жылқысын бағады. Келген себебі, кәсібіне қажетті ер тоқым, қамшы, жүген-ноқта іздеп жүр екен. Қара шаңырақта отырған кенже баланың қажетіне жарау парыз. Екеуміз базар ара­ладық. Мұнда не жоқ дейсіз, құстың сүтінен басқасының бәрі табылатын сыңайлы. Бі­рақ, біз іздеген ат әбзелдері көзге ша­лынбады. Сатушы қауым­нан да, жол-жөнекей кез­дес­кен көзтаныстардан да бұйым­тайы­мызды айтып, жөн сұра­ғанбыз. Бәрі уәделесіп қой­ған­дай, иықтарын қиқаң еткізіп, алақандарын жайғаннан аспады. 

Бар екен. Бір қуанып, бір өкіндік. Қуанғанымыз, жоқ іздеген жолаушының ділгір бол­ған затына кезіккені, ал, өкі­ніш қасқалдақтың қанындай тапшы болып кеткен әлгі зат­тың өзгенің сөресінде жатқан­дығында. Күн қаққан қоңырқай өңді, айыр қалпақты қырғыз ағайын ер тоқымның неше ата­­сын көрсетті. Ат арқасына құйып қойғандай болып жататын жалпағы, сәнге, салтанатқа мі­нетін үйрекбасты, жазылған алақандайы да бар екен. Қолға қондырған қауырсындай жеп-жеңіл, бәйгеге қосқан жүйрік атқа салатыны да жатыр. Алатаудың арғы жағында ер шабуға лайық­ты ағаш аз ба, құранды ердің сүйегін бір­неше бөліктен қиюлас­тырып, желімдеп жасаған екен. Қайың­ның безі болса керек, құйылған қорғасындай біртұтас болып жатыр. Осынысы жақсы, қайың безі өте берік, күн астында күй­генімен, қаңсымайды. Ер сүйегін шабарда ағашты тұзды суға са­­лып пісіру керек. Сонда еш уа­қытта жарылмайды. 

Қырғыз ағайынның кәсібіне қызыққанымыз-ай, қамшының да неше түрі бар. Қызғылт реңді сарыала қамшы. Үш өрім дейсіз бе, алты өрім дейсіз бе, түр-тү­рімен. Киізден сырылып, айнала жиегін шұғамен көмкерген то­қым да, қыз жасауына жарайтын әдемі, берік ноқта да бар екен. 

Жылқышы бала кімнің жа­сағанында жұмысы қанша, кісі құнын сұраса да кідірейін деп тұрған жоқ. Қалтасының қау­қары жеткенше кенеліп-ақ қалды. Базардан шыға бере қолы епсекті қазақ кәсіпкерлеріне өтімді тауардың қайсы екендігін айтқым келгені. Алатаудың арғы бетінен келген ағайын сатып тұрған төл бұйымымызды шынымен өзіміз жасай алмаймыз ба, әлде біздің атамыз атқа мінбеп пе еді?!