Жиында сөз алған Қазақстан Президенті Оңтүстік Корея Қазақстанның сауда және инвестициялық маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, Мун Чжэ Ин мырзаның сапары екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, экономикалық салалардың дамуына тың серпін беретінін жеткізді.
− Қазақстан мен Корея арасында ерекше достық қатынас орнады. Екіжақты сауда-экономикалық әріптестік жоғары қарқынмен сипатталып отыр. Қазақстан мен Корея арасында инвестицияны қорғау туралы келісімге 1996 жылы қол қойылған еді. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 7 млрд АҚШ долларына тарта инвестиция құйды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда Президент Корея Республикасы Азия өңірінде Қазақстанның ең ірі сауда әріптестерінің бірі саналатынын атап өтті.
− 2017 жылмен салыстырсақ, тек 2018 жылы тауар айналымының көлемі 2 еседен астам деңгейде өсіп, 4 млрд долларға жуықтады. Біздің елдер бірлескен жобаларды экономиканың түрлі секторларында жүзеге асырып жатыр. Бұл тұрғыда құрылыс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, машина жасау, қаржы, денсаулық сақтау және басқа да салалар қамтылды, – деді Мемлекет басшысы.
Екі ел арасындағы әріптестіктің тың серпінмен дамуына «Самал жел» атты экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы негіз болмақ. Бұл туралы Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин кеңінен тоқтала келіп, Қазақстан бүгінде Еуразия құрлығындағы хаб ретінде әлемге танылып отырғанын жеткізді.
− Қазақстанға келгенде Корея еліне деген ерекше ықыласты сезінеміз. Оған негіз де жоқ емес. Біз дәстүрі мен танымы, тарихы мен тағылымы ұқсас елдерміз. Содан да болар, кезінде сіздердің елдеріңізге қоныс аударылған корей ұлтының өкілдерін қазақстандықтар ерекше ықыласпен қарсы алып, бауырына басты. Мәдени-рухани байланыспен қатар экономиканы дамытуға бағытталған барлық салаларда да өзара әріптестік орнаған. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр рекордтық көрсеткіш орнатса, Корея тарапынан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 4 млрд долларды құрайды. Қазақстан Үкіметі жүзеге асырып отырған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, оның ішінде инновациялық индустрияландыру, көліктік-транзиттік бағыттарды дамыту бастамасы бізде қолға алынған «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясымен үндесіп отыр. Осы ретте төрт бағыт бойынша екі ел үшін аса тиімді бастаманы бірлесіп атқаруды ұсынамын. Негізінен бұған дейін екі ел арасындағы байланыс энергетика, ресурс, инфрақұрылым бағыттары бойынша жүргізілсе, болашақта денсаулық сақтау, технология, қаржы, мәдениет салалары бойынша да байланысты тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Менің бұл жолғы сапарымда Қазақстан мен Корея арасындағы ұзақмерзімді экономикалық жобаларға қол қойылды, – деді Корея Президенті.
Айта кетерлігі, соңғы 10 жылда шетелдік инвестицияның Қазақстанға жыл сайынғы тартылуының деңгейі 10 есеге өсті. Егер де 2005 жылы Корей инвестициясының Қазақстанға бағытталған көлемі 50 млн доллар болса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 500 млн долларға жеткен.
Қазақ-корей бизнес форумында сөз алған Премьер-Министр Асқар Мамин екі ел арасындағы экономикалық көрсеткіштер жайында баяндады. Оның айтуынша, елімізде шетелдіктердің қатысумен 24 мың компания жұмыс істейді. Оның 500-ден астамы Оңтүстік Корея елінің кәсіпорындары. Олардың басым бөлігі экономиканың машина жасау, құрылыс, логистика, медицина, тамақ өнеркәсібі, металлургия сынды салаларында өз өнімдерін ұсынады.
− Кореялық «Хай Вилл» компаниясы Нұр-Сұлтан, Шымкент және Түркістан сынды қалалардың құрылысын жүргізуге белсенді қатысуда. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғаш рет қолға алынған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарындағы ірі инфрақұрылымдық жоба − Korean express way компаниясымен бірлесіп жасалған Алматы айналма автомобиль жолын салу және пайдалану бойынша ірі жоба іске асырылуда. Сонымен қатар әріптестік экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысы аясында Алматыда қуаты жылына 45 мың автомобиль болатын HYUNDAI зауытын салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Соның аясында 2023 жылға дейін жылына 30 мың автокөлік, ал 2025 жылға дейін жыл сайын 45 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар біздің елдеріміз арасында тікелей әуе рейстері жолға қойылып, визасыз режім енгізілді, – деді Үкімет басшысы А.Мамин.
Екі ел арасындағы сауда және инвестициялар, энергетика, өнеркәсіп, логистика, жаңа инновациялық өндірістер құру, құрылыс, ауыл шаруашылығы, мәдениет және білім сияқты бағыттар бойынша елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету жөніндегі бірқатар шараларды қамтитын «Самал жел» экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Форум аясында 32 келісімге қол қойылды, соның ішінде құны 3,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 келісім қаржылық негізде жүзеге асатын болып бекітілді.