• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Сәуір, 2019

Өзін өзі басқарудың өзекті мәселелері

930 рет
көрсетілді

Сенатта «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігімен және «Өңір» депутаттық тобымен бірлесе отырып, орталық атқарушы және жергілікті өкілді органдардың басшыларымен кездесу өткізді.

Сенат Төрағасы отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде жергілікті билік – мемлекет­тік басқарудың негізгі буыны екенін атап өтті. Әкімшілік реформа жергілікті билікке елеулі өкілеттіктер берді, мәслихаттар ауыл, ауылдық округ, аудан­дық маңызы бар қала деңгейін­дегі бюджетті дербес қалыптас­тыра алады. Коммуналдық мен­шікті дербес басқару; жер ресурстарын басқару сала­­сын бақылау; лицензиялаудың, атестаттаудың, басқа да бақы­лаулардың түрлері бар. Алайда, өңірлердің бірінші кезектегі міндеттері тиісті деңгейде шешілмей отыр.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева, сондай-ақ жедел шешуді талап ететін аймақтық дамудың бірқатар мәселелеріне, атап айтқанда өңірлердің әлсіз инфрақұрылымына назар аударды. «Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне тәуелсіздік жылдары 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонда да көпте­г­ен елді мекендерге әлі күнге де­йін ауыз су неге жетпеген? Бұл бағдарлама Бермуд үштағаны сияқты, қаражат жұмбақ жағ­дайда жоғалып кетеді», деді Д.Назарбаева.

Сенат Халықаралық қа­ты­­настар, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің хатшы­сы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев өзінің баяндамасында мәслихат депутаттығы­на кандидаттарды іріктеу талаптарын өзгерту, оларды мемлекеттік басқару академиясында оқытуды, мәслихат хатшыларының мәртебесін арттыруды, тексеру комиссия­ларының жұмысын жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, Қостанай облыстық мәслиха­тының хатшысы Сайлаубек Ещанов баяндама жасады.

Д. Назарбаева жергілік­ті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қызметіне қарқын беруге шақырды.

«Кеңес жергілікті өзін өзі басқарудың қалыптасуы мен өңірлік дамудың өзек­ті мәсе­лелері талқыланатын, туындаған мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстар жасалатын тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналуы тиіс», деді Сенат басшысы.

Кездесу қорытындысы бо­йынша ұсыныстар әзірленетін болады. Олар мерзімі мен жауапкершілігі көрсетілетін нақты сипатқа ие болуы тиіс, ал сенаторлар олардың іске асуы барысына тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс, деп тапсырды Сенат Төрағасы.

Кездесу соңында Парла­мент Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес пен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» респуб­ликалық қоғамдық бір­лестігінің Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды.