• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Сәуір, 2019

Цифрландыру – толайым табыс көзі

662 рет
көрсетілді

Агроөнеркәсіп кешеніне «ақылды технологияларды» енгізу– бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Озық елдердің тәжірибелері цифрландыру ұлттық факторға айнала бастағанын айқын байқатады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей бастамасымен Оқушылар сарайында іскер ойындар форматы үлгісінде  өткен семинарда агралық секторды экономиканың жаңа  драйверіне айналдыру, ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілер қатарына қосылу, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығару сатысына көтерілу, мұндай өзекті мәселелердің  оңтайлы шешім табуы, айналып келгенде,  озық әдіс-тәсілдерді жеделділікпен меңгеруге, өндіріске енгізуге тікелей байланысты екені атап көрсетілді. Аталмыш ведомоствоға қарасты мемлекеттік қызметті дамыту және цифрландыру департаменті директорының орынбасары Бернат Алпысбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Ерболат Бекшенов, «Нұркен-Агро» ЖШС-нің жетекшісі  Қанат Сыздықов,  «Атамекен-Агро-Шұқыркөл» агрофирмасының басшысы Арман Абайділдин, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ауыл шаруашылық кафедрасының меңгерушісі, профессор Күлбарам Баязитова, тағы басқа шешендер өз сөздеріне жергілікті жерлерде қалыптасқан оң үрдістерді, орныққан  тәжірибелерді арқау ете отырып, өз ойларын нақты мысалдармен сабақтады. АӨК саласында  жүзден астам қызметтің  цифрлық форматқа көшірілуі  арқасында  өтінімдерді қарау мерзімі  2,5 есеге дейін қысқарған.  Жаңашылдықтардың біріне электрондық тауарлық және  қаржылық қолхаттардың, «блокчейн» технологиясын, онлайн-тапсырыс беруді, онлайн-трейдинг жүйелерін жатқызуға болады. АӨК өнімдерін қадағалаудың  «егістіктен үстелге дейін» жүйесін, электрондық сауданы  толық форматта енгізу жоспарланған.

Жиында  «ақылды фермалар», «дәлме-дәл егіншілік» жүйелері  аз шығын жұмсап, мол өнім алудың тиімді тәсілі болатыны алға тарта отырып, ауыл шаруашылық жерлерін талапқа сай игерудің жолдарын ортаға салды.  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің ғалымдары  «Петерфельд-Агро», «Шағала-Агро» серіктестіктерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, қуантарлық нәтижеге қол жеткізіп келеді. Бұл шаруашылықтарда электронды топырақ карталары, агрохимиялық картограммалар кеңінен қолданылады. Егіншілік мәдениетін жетілдіру, ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтау нәтижесінде жанармай, минералдық тыңайтқыштар шығыны әлдеқайда кеміген.

«SMART»  фермалар арқылы адам күшін барынша азайтып, сауылған сүт мөлшерін анықтау,  дәрі-дәрмекпен қамту, жемдеу, электронды чип тағу секілді  нақты мал шаруашылығы элементтері енгізілген.  «Қазэкспортастық» холдингіне қарасты шаруашылықтардың бірі «Атамекенде»  табыс 6,4 миллиард теңгеден  20 миллиард теңгеге дейін артқан. Аққайың ауданында  «Иван Зенченко» ЖШС-і құны 700 миллион болатын  632 басқа арналған  «ақылды»  сүт  фермасын іске қосқан.

Семинарға қатысушылар цифрландыру жемқорлықты еңсеруге,  субсидиялауды жеңілдетуге, автоматтандырылған жүйелерді кеңінен енгізуге, табиғи ресрурстарды тиімді пайдалануға да қолайлы мүмкіндікткр беретінін жан-жақты сарапқа салды.

 Солтүстік Қазақстан облысы