• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2019

Жетісай – табиғаты әсем жер

4375 рет
көрсетілді

«Туған жердің түтіні де тәтті» дейді халқымыз. Анық-қанық әрі дәл ай­тыл­­ған сөз. Турасын айтсақ әділ ба­ға. Мұны айтып отырғанымыз мы­нада: Мырзашөл деп аталатын кең байтақ жердің бір пұшпағы осы Жетісай ауданы. Мыр­зашөлдің етегі соноу Нұрата тау­ла­рына дейін жайылып жатыр. Сон­дықтан Мырзашөлдей тарихи атауы бар, Сырдариядай өзені, Шар­дарадай айдыны бар, климаты жылы, бау-бақшаға қолайлы жер Жетісай жер жәннаты емей немене?

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, осынау жердің рахатын біздің жерлестер көріп отыр ма? Меніңше, жоқ. Себебі Сыр ананың жағалауына демалыс орындары немесе балық аулау, суына шомылу үшін арнайы жер бөлініп, керек-жарақты құрал-саймандармен, қорғаныс заттармен жабдықталуы тиіс. Балаларымыздың демалуы үшін бюджеттен көрші аудандарға ақша аударылады. Бұл қаржы өзімізде қалса, көптеген кәсіпкерлер жұмыс­сыз жүрген қаншама адамға жұмыс тауып берер еді.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы мәсе­ленің мәнісін таяуда «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Ғ.Елшібайдың «Жа­ғажай бар, жағдай да жасалады» атты мақаласынан үзінді келтірейік: «Түркістан облысындағы Шардара ауданы жағажай туризмін дамытуға қолайлы аймақ. Бұл мақсатта орман қоры жерінен елді мекен санатына ауыстырылған 255 гектар жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылымдар құрылысына жобалық-сметалық құжат­­­тама әзірлеп, құрылыс жұмыстарын 2019 жылы бастау көзделіп отыр.

«Жағажайдың туристік әлеуетін, жолаушылар легін зерттеп-есептеп жатқан инвесторлар Шардараға келетіндер саны көбейсе, әуежайды іске қосары анық. Жоба жүзеге асырылған соң алғашқы жы­лы келушілер саны 30 мыңнан асады деп болжанып отыр. Сондай-ақ жағажайдағы нысандардың жыл бойы жұмыс істеуі де жобада қаралған. Балық аулау, катерлермен серуендеу секілді қызметтерден туристік бағыттар дайындалуда. Кең көлемде әрі алғаш рет өткізілген «Safari Shardara» туристік фестивалі жағажайдың мүмкіндігі мен әлеуеті мол екенін аңғартты», дейді аудан әкімі Болатбек Қыстауов».

Енді Шардараның біздің аумақ­тағы жағалауына келейік. Көбіміз таяуда теледидардан «Шабдалы» атты теле­фильмді көрдік қой. Шардара те­ңізінің біз­дің тұстағы жағалауында түсірілген осы фильмді тамшалап отырып, қарайған тауы жоқ, сарқыраған өзені жоқ, кең жай­­­лау көкмайсалы жай­лауы жоқ, бұл көп нәр­седен ғаріп не деген жер дегендерге өте дәлелді жауап­ еді деп қатты қуанғаным бар. Осы фильм­ді түсірген режиссерге рақ­ме­тім­­ді айтып отырдым.

Фильмде су жағалауы әдемі көрсе­тілген. Жағалауда тіршілік ке­шу­ші адам­дардың бау-бақшасы да көк­орайлы әсем екен. Дәл осы жерлерден бала­ларымызға арналған демалыс лагерін салуға болмас па? Тіпті ішкі туризмді дамыту үшін ар­­­­найы жоба жасап, Үкіметке ұсы­нып, де­малыс үйлерін де салуға, демалысты қы­зықты ұйымдастыруға да болады ғой. Ол үшін алғашқы қадам Шар­дара ауда­ны­ның әкімдігімен келісіп, су жолын ашу­ға мүм­кіндік жасау. Яғни, Жетісай-Шар­дара су жолымен екі аудан тұрғын­дары келіс-барысты орнықтырады. Су жолы іске асқан соң өзара сауда-саттық, мә­дени-әде­би, спорттық, іскерлік байланыс та рет-ретімен тіршілікке енеді. Ал Шардарада әуе жолы қалыпқа түссе, біз­дің адамдар да Шардараға ұшақпен жетіп, су жолымен үйіне ертерек келер еді.

Қазақстан қазір іскерлер мекені. Қан­­шама жобалар қолға алынып жатыр. Бәрі халық үшін. Соның бірі біз­дің аумақтағы Шар­дара мен Сыр ананың жаға­лауында болашақта орнығатын демалыс аймақтары болуы тиіс.

Бұл айтылғандар бірден іске аса қой­мас. Дегенмен, өз жерімізді өзіміз түлет­песек, өз ұсынысымызды өзіміз жоғарыға өт­кізе алмасақ, онда туған жерге деген құр­мет әдірем қалмай ма? Со­­­­ңымызда аза­­маттыққа тән бір із қал­дырмасақ, онда осы елдің азаматымын деп қалай ғана айта ала­мыз?

 

Өсімхан ПІСТЕБЕК,

журналист

Түркістан облысы,

Жетісай ауданы